№ 227 бұйрық

Тарих адамзат баласының өмір сүріп келе жатқан кезеңінен осы уақытқа дейін үлкенді-кішілі бірнеше жүздеген соғыс кесірін тартты. Алайда, оның ешқайсысы да кешегі екінші дүниежүзілік соғыс әкелген қасыретпен теңесе алмайды.
Соғыс барысы көрсеткендей алғашында Гитлер үшін барлығы да сәтті болды. Немістің «Орталық» әскерлер тобы тез арада-ақ шекараны бұзып,  жүздеген шақырымға дейін еніп, жойқын шабуылды үдете түсті. Кеңес әскерлерінің құрамаларын құрсауға алып, шығысқа қарай шегінуге мәжбүр етті. Қызыл Армия Күштері көптеген қалалар мен елді мекендерді жау қолына тастап кетумен болды.
Соғыстың алғашқы сәтсіздіктерінің себебі неде?Бұл сұраққа тарихшылардың бірнеше ұрпақтары жауаптарын іздеп келеді. Әлі де іздей беретін болар. Соғыстың болмай қоймайтынын болжап білгендер бұны ашық айта алмады. Тіпті, Сталин әйгілі барлаушылардың деректеріне де мән бермеді.
Соғыстың алғашқы жылдарындағы сәтсіздіктен Кеңес әскерлерінің жеңіліске ұшырауының басты себебі Германия мен Кеңестер Одағының бір-біріне қарсы соғыс ашпау келісіміне құдайдай сенген «барлық ұлттардың әкесінің» салқынқандық танытып, мән бермеуінде болса, отызыншы жылдардың соңында халқымыз басынан кешірген жаппай қуғын-сүргінге ұшырағандардың қатарында ел тарихының қаһарлы жылдарында от- жалынмен шыңдалған жоғарғы құрамдағы әскери қолбасшылар талапты жас командирлерінің, әскер қатарынан түрлі себептермен жазаланып, «тазаланудың» әсерінен болған еді.
Соғыс алдында бес маршалдың үшеуі, І рангалы бес армия командирінің үшеуі, ІІ рангалы он армия командирінің барлығы, елу жеті корпус командирлерінің елуі, 186 дивизия командирінің бір жүз елу төрті, 16 армия комиссарының біреуі, 28 корпус комиссарының жиырма бесі, 64 дивизия комиссарының елу сегізі, 456 полковниктің төрт жүз бірі атылған. 1938 жылдың қараша айында өткен қорғаныс халық комиссариятының мәжілісінде Қызыл Армияның қатары 40 мың адамға «тазартылып» командирлер мен саяси қызметкерлер құрамы 45 процент қуғын-сүргінге ұшырап, заңсыз түрде әскер қатарынан шығарылғандығы айтылған.
Геббельс өз күнделігінде «Сталин өз генералдарын өзі атып жатыр, бізге енді оны істеуге болмайды» деп жазған болатын. Батыс майдандағы Кеңес әскерлерінің орасан сәтсіздіктерін бас қолбасшы жоғарғы аға және орта дәрежедегі құрамалардың командирлерінің кінәсінен деп, шегінген, амалсыздан жау қолына түскен тұтқындарды «Отанын сатқан опасыздар» деп айыптады. Оларды қатаң жазаға тартудың тарихта Сталиннің « 227-ші бұйрығы» өмірге келді. Олар майданның ауыр да қиын шебінде қандарын төгіп, өмірлерін қиып, өз кінәсін Отан алдында ақтаулары керек болды.
Шын мәнінде бұл бұйрық солай орындалды да. Осы қаһарлы бұйрықтың жалыны шарпыған менің әкелерім мен ағаларымның бастарынан кешірген жағдайларын баяндауды жөн көрдім. Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші 1942-1943 жылдары адам күшінің титықтаған шарықтау кезі еді. Бас қолбасшының соғыс уақытында әскери міндеттілерді жаппай әскерге шақырудың «құпия» бұйрығы шығып, онда европалық азаматтарды елуге, азиялықтарды қырық беске дейін тарту науқаны жүзеге асырыла бастады. Әкесі мен баласы майданға бірге аттанған кез болды.
1900 жылы шаруа отбасында дүниеге келген әкем басынан өткен өмір кезеңдерін былайша әңгімелеген еді:
– Ел қатарлы аздаған малымызбен жазда Қарақұмға, күзде Сырға құлап күн көріп жүрген болатынбыз. Бір жылдары Қараөзек бойын қыстап қалыппыз. Ол кезде қазіргідей там үйлер жоқ, киіз үйде қыстап шығамыз, қыс бойы үйдің жер ошағынан от айырмайды екен.
Көпбалалы отбасы болғандықтан шешеміз «апыл-тапыл» жүрген біздерді керегеге байлап, үй тіршілігін жасайтын болған. Осындай кездері менің байлауым үзіліп кетіп, еңбектеген бойда жер ошақтағы жанып жатқан отқа түсіппін. Содан бетімнің бір жағы, оң көзімнің алдындағы бұлшық еттері күйіп, тартылып, оң қолымның саусақтары мәңгілік жазылмайтын мүгедек халге жетіппін.
1942 жылдың маусым айында жасы қырықтан асқан бір топ жігіттер әскерге шақырылып, Қармақшыдағы әскери комиссариатқа келдік. Комиссияда барлығы да жарамды болып, майданға аттанатын болды. Мені комиссияға шақырмай бір өзім қалдым. Басыма небір ойлар келді, менің көзімнің нашарлығы мен қолымның мүгедектігінен шақырмады-ау деп бойымды намыс оты биледі.
Жаным басқалардан артық па? Мен де солармен бірге Отанымды қорғауға аттануым керек деген оймен комиссия жүріп жатқан бөлмеге кірдім. Төрдегі орындықтардың ортасында ірі денелі, келісімі келген, омырауы орден-медальдарға толған, жирен мұртты, орта жастағы орыс жігіті алдындағы қағаздарға шұқшия қарап отыр екен.
Оң жағында ауылдас қарындасым, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Айымкүл  Ізтілеуова, сол жағында екі әскери орыс және жай киінген қазақ жігіті орналасыпты. Есік жақтағы босағаға ауылдық кеңестің хатшысы Жакудаев Жағыпар, тілмаш-аудармашы болып келген ауылдағы бастауыш мектептің мұғалімі, інім, бала кезінен мүгедек Искаков Әбсан отыр екен.
Мен кірген бойда Айымкүл мен Әбсен: – Аға, сіздің денсаулығыңыз, көзіңіз бен қолыңыздың кемістігін дәрігерлер әскер қатарында қызмет атқаруға жарамсыз деп шешті. Ауылға қайта беріңіз, – деді.
Мен не айтарымды білмей сәл тұрдым да, сыртқа шықтым. Ойым әр саққа жүгірді. Неге мені кемсітеді, колхозда алдыңғы қатарлы колхозшымын, «ударник» деген атым бар. Жоқ, менің жаным басқалардан артық емес, не болса да, жерлес жігіттермен бірге боламын деп комиссия мәжілісіне қайта кірдім. Айымкүл қарындасым: «Аға, ауылдағы қарт әке-шешеңіз бен бала-шағаңыздың қасына барыңыз. Сіз әскер қатарына жарамсызсыз» деп дауыс көтере бастады. Мұғалім Әбсан інім де «Ауылға қайтыңыз» деп жалынуда. Сөздің мән-жайын аңғарған қазақ жігіті сөзге араласты.
– Отағасы, сіздің денсаулығыңызды, оның ішінде әскерге қажетті мүшеңіз – көзіңіз бен қолыңыздың жарамсыздығын сізді комиссияға кіргізбей-ақ дәрігерлер айтты, комиссия дәрігерлердің шешіміне келісті. Ауылыңызға қайтыңыз, егер денсаулығыңыз жарамды болса, әңгіме бұлай болмас еді. Мына кісілердің сөзін тыңдаңыз, колхоз жұмысына да өзіңіз сияқты азаматтар керек, – деп біраз ақылын айтты.
Әңгіменің не мәселе екенін болып жатқанын білгісі келген үлкен бастық темекісін бұрқыратып, бізге көңіл бөле бастады. Сөзді қазақ жігіті орысшалап, түсіндіріп бергендей болды. Ол басын шайқап бетіне күлкі ұялап, маған байыппен тесіле қарап отырды да: « Дәрігерлердің шешіміне біз де келісеміз. Түсіндіріп айтыңыздар, тылға да сіз сияқты азаматтар да керек» деп  алдындағы қағазына үңіле бастады.
Мен де «шешінген судан тайынбас» дегендей, Әбсанға бұрылып, «Мынаған айтыңыз, мен ауылдастарыммен соғысқа барамын, олардан менің жаным артық емес, Отанды  жаудан қорғау – әрбір ер азаматтың міндеті, тілегімді орындасын», – дедім.
Бастық жазып отырған қағазын жинап қойып, маған тесіле қарап, басын шайқап рақаттана күліп: «Бұл азаматтың қолынан не келеді екен?» деп сұрады. Мен 1937 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесінен сыйға алған қосауыз мылтығым бар екендігін, аңшы екендігімді, қыза-қыза аңшының мылтық кезену сәттерін қимылмен көрсетіп, ойымды жеткізгендей болдым. Бағанадан бері біресе күліп, біресе басын шайқап отырған бастық «Жарайды, майданға барасың, тілегің қабыл болады» деді. Мен ауылдас жігіттермен бірге соғысқа аттанып кеттім.
 Сол соғыстағы жорық жолын былайша баяндайтын:
– Біз, Каспий теңізі арқылы шілде айында кемемен Астраханьға түстік. Еділ жағалауы көкмайса, бұтақтары тырбиған тал-бұта орман болып келеді екен. Еліміздің шығыстан жасақталған әскерлер мен соғыс техникаларын жаудан тасалатып жылжытуға қолайлы шептің ұшы-қиыры жоқ, түнде жүріп, күндіз бұталы орман арасында жасырынып, артта келе жатқан әскерлерге талдан жай салып, естен танғанша әскери ойынның оқу-жаттығуларын жүргізіп, Сталинградқа бет алып, жылжып отырдық. Жорықта ең қиыны ұйқы екен, қатарласып келе жатқан жігіттер қолтықтасып алып, ұйықтап, көздің шырымын алатын, сонда біраз сергіп, демалып қалатынбыз. Мардымсыз паек жүрек жалғау үшін берілетін, «ұрысқа кірмей, аштан өлесің» деген ұғым сол кездерде солдаттардың аузынан жиі естілетін. Паек біздерді таза аштыққа ұшыратты. Әскердің соғыс кезіндегі темірдей тәртібіне қарамастан, ұрланып жол бойындағы деревняларға барып, ауқат алуды солдаттар әдетке айналдыра бастады. Егер бұл жағдайды командирлер біліп қалса, «соғыс жағдайындағы тәртіпсіздік» деп қатты жазалайтын еді.
Елден шыққанда ауылдас болып келе жатқан төрт-бес жігіт, басшымыз колхоздың төрағасы болған Тырықбаев Шайхының жанына топтасып, бірге жүретін едік. Жұрт жасап жатқан тіршілікті біз де жасайық деп ортамыздағы жасы кіші, он сегізге жаңа толған, жас жігітті деревняға жіберіп, орман арасында күтіп отырдық. Көп ұзамай жігітіміз де келді, ұзын қаяз балықты сағалдырығынан кендір жіп өткізіп, мойнына іліп, арқасына жіберіп, шинелін киіп алған екен, балықтың айыр құйрығы етегіне дейін салбырап, шығып келеді. Жігітіміз ортамызға келе бергенде біздің іс-әрекетімізді тығылып  бақылап жүрген, ұрда-жық дөрекі, еңгезердей бөлімше командирі украин жігіті жүгіріп келіп, боқтап-боралап шинелдің етегінен шығып тұрған қаяз балықтың құйрығынан тартып кеп жібергенде, балық ілген мойнындағы кендір жіп өңешін қиып жіберіп, жігітіміз қор етіп жерге шалқалай құлады.
«Өлді» деген ой басымызға келді. Мұндай қорлыққа шыдай алмай, командирді жұдырықтың астына алдық. Төмпештеуден құтылып қашып шыққан командиріміз «сендерге көрсетемін» деп штабқа жүгірді. Содан біздер соғыс кезінде «командирді» жабылып ұрған деген айыппен, бас аяғы жарты сағатта, Сталинградқа жылжып келе жатқан көп  әскер сапқа тұрып, біздерді соғыс трибуналына тартты.
Орыс тілін білмейтін шаласауатты ұлт өкілдерінен жасақталған полктың саяси жұмысының жетекшісі, Семейдің ет комбинатының партия ұйымының хатшысы болған қазақшаға судай татар жігіті:
– Қазақтар, не істедіңдер ? –деп сұрады.
– Әскери Жарғының  соғыс кезіндегі талабына сәйкес, мына мыңдаған жауынгерлерге әскери тәртіптің талабын көрсетеміз деп сендерді дала сотының әскери трибуналы ату жазасына кесуі мүмкін, – деп шашын жұлып, жаны ашып ойбайлады да қалды.
 Біздің погондарымыз бен белбеулерімізді алып, түймелерімізді отап, сүмірейтіп оқшауландырды. Осындай қарбалас сәтті пайдаланып, татар жігіт:
– Қазір сендерден білімдеріңді және орысша білетін-білмейтіндіктеріңді  сұрайды. Сендер сауатсыз екендеріңді және орысша білмейтіндіктеріңді айтыңдар. «Қайда тұрасыңдар, не кәсіппен айналысасыңдар?» десе, «Далада мал бағамыз» деңдер. «Елдерің пойыз жолдан қанша шақырым қашықтықта тұрады, пойыз көрдіңдер ме?» деген сұраққа  «Пойыз жолды көргеніміз жоқ, поездға бұрын мінбегенбіз» деп айтыңдар.  «Соғыстың басталғанын білесіңдер ме?» деген сұраққа. «Әскери комиссариатқа алып келгенде ғана соғыстың басталғанын есіттік, өзіміз сұранып, соғысқа кетіп барамыз» деңдер, «Соңғы тілектеріңді айтыңдар» – дегенде, «Кінәмізді қанымызбен жуамыз, бірден майданның алдыңғы шебіне жіберуді сұраймыз» деп айтыңдар, – деді.
Айтқанындай осы сұрақтар қойылды, біз татар жігіттің жауабын айтумен болдық, ол тілмаш аудармашы ретінде түсінікті жеткізген болар. Бізді атақты 227- бұйрықпен «Майданның алдыңғы шебіндегі соғысқа ешқандай дайындықсыз жіберілсін» деп үкім шығарылды.
Еділ бойын жағалай отырып, Дубовка деген жерге келіп, Сталинград майданына кіруге қайта жасақталдық. Осы кезде жау ұшақтары қарусыз жорықтан арып-ашып жеткен бізді бомбаның астына алды. Көп шығынға ұшырадық. Небір боздақтар қолдарына қару алып, майданға кіре алмай шейіт болды. Аман қалғандар майданның алдыңғы шебіне қарусыз кіруімізге тура келді. Оққа ұшқан жауынгерлердің оғы мен мылтығын алып, соғысқа кірістік», – деп отыратын жарықтық.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» дегендей, бастан ауыр жарақат (контузия) алып, майдан даласында өлімші болып жатқан жерден санитарлар тауып алып, госпитальда ұзақ емделіп, елге оралған екен. Жарымжан болса да, елге келгесін Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында шахтада екі жыл еңбек майданында болып, елдегі бейбіт еңбекке араласып, колхоз құрылысында аянбай еңбек етіп, ауыр тұрмыс пен соғыс салған зардаппен пайғамбар жасқа жетіп, соғыста жүргенде «елге барып, туған жер топырағында өлсем екен» деген арманы орындалды.
Қайран, біздің әкелер-ай ! Сіздер қандай өр тұлғалы, мықты едіңіздер! Жандарың жәнатта болсын!, – деп тілейміз жауынгер солдаттардың ұрпақтары.

Рысбай КӘРІМОВ,
    зейнеткер.
Тарих 26 ақпан 2020 г. 867 0