Қос соғыстың қаһарманы

Қарша бораған оқ. Тұтқиылдан дүрс-дүрс атқылаған зеңбірек даусынан құлақ тұнады. Қала көк түтінге оранған. Мұндай ұрыс даласынан аман шығу-шықпауың бір Аллаға аян. «Туған жерден бір уыс топырақ бұйырмай, жат мекенде қаламын ба?» деген суық ой жаныңды түршіктіреді. Кейіпкеріміз, сұрапыл соғыс жылдарында бірнеше қаланы жаудан азат етуге, сонау Берлин түбіндегі алапат соғысқа дейін қатысып келген Жұбатыр Тоқбосыновтың көңіл түкпіріндегі ауыр естелік еді бұл...

Жұбатыр – Арал ауданына қарасты Құмбазар елді мекенінің тумасы. Ата-анасынан ерте айы­рылып, жетімдіктің зардабын тартқан ол жалағаштық жігітке тұрмысқа шыққан апасы Шарипаның қолында тәрбиеленіп, осы жердің бір баласындай болып өсті. Өмір оны ерте есейтті. Еңбекке де ертерек араласты. Қысқы отын-су, жазғы егін-терімде жүріп, шаруашылыққа әбден шыңдалды. Сөйтіп жүргенде, 1938 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанды.

1939  жыл, күздің қара суық кезі. Кеңес Одағының Финляндияға қарсы соғысы басталды. Әскерде жүрген Жұбатыр Тоқбосынов өзі сынды өрімдей жастармен бірге фин соғысына кете барды. Зұлмат соғыс ешкімді аямады. Бұл шайқаста КСРО басқыншы ретінде танылды әрі шағын Финляндиямен үш ай арпалысу алпауыт одаққа сын болған еді. Кейін фашистік Германиямен соғыста финдіктердің олармен одақтас болуына әсер етті. Сонымен соғыс аяқталып, Жұбатыр Тоқбосынов елге қайтуға беттеген сәт еді. Алайда Сталинград түбіне келгенде екінші дүниежүзілік соғыс өртінің тұтанып, Жалағаштан шақырылған 3 мың сарбаздың қатарында қайтадан соғысқа аттанды. Әскердегі бір жыл, одан кейін алты жыл соғыс оны әбден шыңдап, өмір мектебінің мықты шәкірті етіп тәрбиеледі.

Батырдың ұлы Қасымқожа әке жолын қуып, құзырлы орындарда қызметте болды. Ол әке естелігінен былайша ой бөлісті.

«Фин соғысында барлаушы болдым, үнемі шұғыл тапсырмалармен жүреміз. Ізімізді білдірмей барып, жау бекінісінен «тіл» алып келеміз.

Барлаушының жұмысы жауапты әрі қиын, ептілік, қырағылық әрі шыдамдылық қажет. Осыларды өзіңнің бойыңда ұстауың керек. Әдепкіде қиындау болғанымен, кейін етіміз үйренді» дейтін әкем.

Майдангер арнайы операцияларды орындауда ерекше көзге түсті. 1943 жылдың қысында немістің бірнеше унтер офицерін әкелгені үшін ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Кейін сұрастыра келсе, оның фашистердің біраз маңызды мәліметтерінің ашылуына септігі тиген болып шықты. Одан кейін де бірнеше мәрте жауапты тапсырмаларды мүлтіксіз орындаған ол бір жыл өткенде екінші «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болды. Азаматтың абыройын асырған қос орден бұл күнде Жалағаш аудандық музейінің төрінде тұр.

Германия, Венгрия, Польша, Сталинград және Берлинде бірнеше рет майданға енген ардагер 1944 жылдың күзінде өзіндей үш барлаушы жігітпен жау тылының жоспарын білуде тағы бір маңызды тапсырманы орындайды. Бірақ осы сапардан қайтып келе жатқанда жаудың шабуылына тап болып, Жұбатыр жараланады. Госпитальда бір-ақ есін жиған майдангерге кейін екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені беріледі. Бұдан соң ол алған жарақатына байланысты маңызды шабуылдардан босатылады

1945 жылдың 27 мамыры. Отанына оралған сарбаздардың ішінен халық мойнын соза қарайлап өз жақынын тосып тұр. Соғыстың жеңіспен аяқталуына елде жүріп, еселі еңбегімен үлесін қосқан қарттар мен әйелдер, бұғанасы қатпаған бала-шаға. Жылап-сықтағандардың арасынан өз жақынын іздеген Жұбатыр да өскен жері Жалағаш топырағына табан тигізді. Елдегі тұралаған тірлікті түзеуге білек сыбана кірісіп кетті. Осы жердің қызы Рәзия Тоғызбайқызымен отасты. Шаңыраққа шаттық сыйлап, 4 ұл, бір қыз өмірге келді.

Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде құрылысшы, құрылыс бригадирі болып еңбек етті. Төрт рет аудандық кеңестің депутаты, бес мәрте пленум мүшесі болды. «Октябрь революциясы» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Омырауға тағылған ордендер, кеудесінде жарқыраған медальдар да тарихи жәдігерлер қатарында сақталған.

– Біз осындай жәдігерлер арқылы және оның тарихын кейінгі буынға жеткізуде ерлікті, елдікті, отансүйгіштікті өскелең ұрпақтың бойында жаңғыртамыз. Сондықтан мұндай жұмыс толастамауы керек. Әкемнің киген костюмі тағылған орден-медальдарымен бірге кезінде өзі салған аудандық музейде тұр, – дейді бізбен әңгімесінде Қасымқожа Жұбатырұлы.

Расында, соғыстан оралған сарбаздардың алдында ел ішін соғыстың салған зардабынан тазартып, қираған құрылыстарды қалыпқа келтіру, ауыл шаруашылығы мен өндіріс орындарын оңалту  мақсаты тұрды. Сұрапыл соғысты басынан өткерген жауынгерге бейбіт күннің бейнетті жұмысы бақыттың өзіндей болатын. Қазіргі Жалағаш аудандық музейі (бұрынғы кинотеатр), №123 орта мектеп,  «Наркескен» спорт клубы тәрізді әлі күнге елге қызмет етіп келе жатқан нысандардың әрбір кірпішінде Жұбатыр Тоқбосыновтың қолтаңбасы сайрап тұр.

Дәулет ҚЫРДАН.
Тарих 10 ақпан 2020 г. 1 777 0