Халқы қадірлеген Қалжан ахун

Сырдария және Жалағаш аудандарының шектесетін тұсында Қалжан ахун медресесі бар. ХІХ ғасырдың бас жағында күйдірілген кірпіштерден және жоғары сапалы тікбұршты қам кесектерден тұрғызылған көне нысанның құрылысы асқан ыждаһаттылықпен салынған. Қапсырмалы биік қақпадан кіргеннен кейін оң жақта діни ғибадат шараларын атқаруға арналған бөлме бар. Төргі жағы құбылаға қарата салынған, төбесі биік бөлменің қабырғалары әлі мықты. 

Қақпаның сол жағындағы бөлме бәлкім, медресенің басқарушылық және шаруашылық бөлмелерінің бірі болар деп топшылаймыз. Кейбір деректерде бұл бөлмені тамақтану бөлмесі деп көрсетеді. Ал осы екі ғимаратпен жалғаса жапсарласып, айналдыра салынған шағын бірнеше құрылыс нысандары бала оқытуға арналған орындар екені айдан анық. Өйткені олардың әрқайсысының маңдайшаларынан кесектің өзіне бедерленіп түскен төртбұрышты белгілер көрінеді. Бұл сірә, әрбір сынып бөлмелерінің атауын жазып қою үшін қалдырылған болса керек. Байқап отырғаныңыздай, мұнда тек бас қақпа арқылы ғана кіре аласыз, басқа ешбір жол жоқ. Яғни, бұл жерде  оқу орнының қауіпсіздігі де терең ойластырылғанын көңілге түйдік

Сол XVIII – XIX ғасырларда  Қазақ елі Ресейдің отарына айналған еді. Осы кезеңде патша үкіметі елімізге христиан дінін таратуды көздеді. Неге? Өйткені біздің халқымыздың діні берік болатын. Елдегі татулық пен тұрақтылықтың негізі осында жатқаны жасырын емес. "Дінсіз, діннен безген" деген ұғымдар өте ауыр айыптаулар еді ол кезде. Сондықтан отаршыл орыс патшалығы бірлігімізді бұзудың бір жолын осы дінімізден іздеген сияқты. Бірақ олардың христиан дінін тарату саясаты нәтижесін бермейді. Керісінше, елімізде ислам діні кең тарала бастайды. Енді  патша үкіметі дінге бақылауды күшейте түседі. Оның арты "сталиндік репресияға" ұшыратқаны да белгілі...

Иә, осы кезеңде Орта Азиядағы оқу орындарынан арнайы білім алып келген діни тұлғаларымыздың басты мақсаты  халықтың рухани тұтастығын қалыптастыра отырып, сол тұрақтылықты, дәлірек айтқанда, рухани азаттықты сақтап қалу болатын. Осы жолда аянбай қызмет еткен аяулы тұлғаларымыздың бірі Қалжан ахун.

Қалжан ахун Бөлекбайұлы Сыр бойында өмір сүрген діни қайраткер, Ислам ілімін жан-жақты меңгерген  меңгерген ғұлама ұстаздығымен аты қалған тұлға. Ол 1862  жылы Хиуа хандығының тұсында дүниеге келген. Хиуа мен Бұқараның рухани оқу орындарында білім алған. Ақтөбе өңірінің Табын руынан шыққан. Әкесі Бөлекбай жігіт кезінде Қарақалпақстан еліндегі туыстарына келіп, сол жерде үйленіп, қалып қояды. Кейін осы елдегі қазақ жұртына басшылық жасайды. Хиуа хандығының бегі болады. Бөлекбай бек әділетті, ұстамды, ізгілікке жаны жақын, хан алдында аса беделді адамдардың бірі болған деседі. Қалжан ахун Бөлекбай батырдың 77 жасында көрген баласы екен. Негізі, Қалжан бабамыздың шын есімі Қалмұхаммед, ата - анасы еркелетіп Қалжан атап кеткен дейді. Сол заманның үрдісі бойынша Бөлекбай батыр Қалжанды жеті жасынан бастап медресеге беріп, зейінді де зерек баласының болашағына зор үміт артады. Бөлекбай бек 1875 жылы 90 жасында дүниеден қайтқан екен.

Қалжанның шариғат шартымен кәмелетке қараған, яғни  он үш жастағы кезі еді. Әкесі Бөлекбай бек дүниеден өтерінде, артында қалған жақындарына Қалжанның бойындағы білімін одан әрі жалғастырып, ілім жолындағы қарым қабілетін арттыра түссе дегендей өсиетін айтып кетеді. Әкесі өмірден өткеннен кейін оның өсиетін құп алған анасы Қалжанның оқуын жалғастыруына бар қамқорлығын жасайды. Қайда барып оқыса да қолдап, демеп, соңында жүреді. Осылайша Қалжан ахун Хиуа, Бұқарадағы діни медреселерде білімін шыңдап он жеті жасында әйгілі  Көкілташ медресесіне оқуға қабылданады.

Көкілташ медресесінде он жыл, яғни жиырма жеті жасына дейін тапжылмастан білім алған зерек шәкірт Қалжан шариғат және заң саласын толығымен тәмәмдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, жетік білген. Оған қоса шаруашылық басқару ісін де игеріп шығады. Араб, парсы, шағатай тілдерін еркін меңгеріп, "Ахун" атағын алып шығады. Бұл діни лауазым - баулушы ұстаз деген мағына береді екен.

Қалжан Көкілташта оқып жүргенінде Сыр аймағының келіп дәріс алып жүрген Ораз ахун Бекетайұлымен жақын дос болады. Қалжан ахунның білімдарлығын танып-білген Ораз ахун оған қызы Зәйтекті қосып, 1890 жылы оны шыққан тегі, табындардың ортасына, Жалағаш жеріне алып келеді. Бұл жердегі ағайын Қалжан ахунды құшағын айқара ашып, қарсы алады. Сыртынан жақсы атына қанық елдегі жұрт, оған баламызды оқытсақ деп қуанған еді. Бойындағы ілім-білімнің, таным, тәрбиенің сабақтастығын үзбей, одан әрі дамыту үшін арнайы оқу орны қажет екені белгілі. Осыны ойға алған Қалжан ахун сол 1902 жылдары Сыр бойына мешіт-медресе салу ісін қолға алады. Ахунның бұл бастамасын жергілікті халық қызу қолдайды.

Сол жылдары  өңірімізде Орынбор-Ташкент темір жолының салынып жатқан кезі болатын. Ахун құрылысшылардан кірпіш зауытын сатып алып, қыш кірпіштер құйдырады. Осы уақытта іргетасы  қаланған медресе құрылысы 1916 жылдары аяқталады. Медресе құрылысы аяқталғанша Қалжан ахун өз бетінше келіп білім алуға талпынған шәкірттерге дәріс оқи береді. Кейбір деректерде Сырдың атақты шайыры Тұрмағанбет Ізтілеуұлы Қалжан ахуннан дәріс алғаны туралы кездеседі. Біз әңгімелескен өлкетанушы, Қалжан ахун жайлы көп жылдан бері өз бетінше зерттеп жүрген  Жәнібек Махамбет ағамыз да солай дейді. Халқы қадірлеген Қалжан ахунды өз заманында Балқы Базар, Тұрмағанбет, Шоңбай ақындар жырға қосқан.

    Асқан білімдарлығымен, қайраткерлігімен елге атақ, даңқы жайыла бастаған Қалжан ахун да отаршыл саясаттың құрығына ілініп, қуғынға ұшырайды. Түрмеге жабылады. Сөйтіп жүріп, 1916 жылы өмірден өтеді. Ал, оның салдырған медресе құрылысы осы жылдары толық аяқталады.

"Сырдың дүлдүл діндары Қалжан ахун" кітабында жазушы Сәбит Салқынұлы: "Қалжан ахун 1916 жылы дүние салған соң, жаңадан салынған медреседе ахунның үздік шәкірттері тереңөзектік Мұхаметрахым Алшынбайұлы мен жалағаштық Әбдірашит Бердаулетұлы ұзтаздық еткендігін айтады. Сондай-ақ, халқының игілігіне қызмет еткен ахунның шәкірттері қатарында Сейіткерей Үсебайұлы, Әбсаттар Нұралұлы, Сыздық Қазанбайұлы, Тұрсынкүл Ахметқызы, Шекер Ермағанбетова секілді азаматтардың есімін атап өткен екен. Әрине, бұл есімдер бізге етене таныс. Осы аталған азаматтардың бірі, ахунның сүйікті шәкірті болған Сыздық Қазанбайұлы атамыз туралы әңгімені сабақтаудың реті келіп тұр. Айта кетейік, бұл деректерді жерлесіміз, аймағымыздың мәдениет саласына еңбегі сіңген, марқұм Жарасбай Әбжанов ағамыздың жазбасынан жолықтырдық.

Ол жазбадан ойымызға түйгеніміз, Қалжан ахундай ғұламадан тағылым алған Сыздық ата ел халқының игілігі мен мәртебесіне қалтқысыз қызмет ете білген абыройлы шәкірт болған. Ол туралы ахунның немере қызы Шәмсия Уамыққызы "Қалжан ахун" кітабында Сыздық Қазанбайұлының Қалжан ахунның сенімді шәкірті болғанын айтады.  Ахун басқа шәкірттерінің ішінде оны өзіне жақын тартып, өзі ішіп-жейтін тағамдарын қалай дайындау керектігін Сыздыққа жастайынан үйреткен дейді. Сондықтан оны жұрт Қалжан ахунның "аспазы" атап кеткен.

Қалжан ахунның шәкірті - Сыздық Қазанбайұлы 1881 жылы дүниеге келген. Руы Алтын, он екі ата Байұлы. Сыздық ата 12 жасқа келгенде бір топ Алтын әулеті 1893 жылы Қызылтамнан Қалжан ахунның «Қасқаның бөгеті» атты ел қонысына көшіп барады. Сол жылдан бастап ахунға шәкірт атанып, дәріс алды. Ол 1938-1958 жылдары "Тобыр", "Жас қайрат" елді мекендерінде, 1958 жылдан Ақсу ауылында имандылықтың насихатшысы болған, елге сыйлы діндар адам дейді. Тағы бір дерек, Сыздық атамыздың анасы кеңес үкіметінің қуғын-сүргінінің құрбаны болған Әбдірашит Бердәулетұлының Зылиха есімді қарындасы екен. Сыздық Қазанбайұлы 1965 жылы 84 жасында өмірден өтіп, ұстазы Қалжан ахун мазаратының маңына жерленеді. Өмірден өткенше, ұстазының ізін жалғастырып, насихаттай жүрген. Әрине, ол уақытта діни ілім үйренуге біржола тыйым салынған. Тіпті кешегі кеңес өкіметі Қалжан ахунның салдырған медресесін бұзып тастауға да әрекет еткен көрінеді...

Жарасбай Әбжановтың жазбасында, осы Сыздық атамыз қолына мылтық алып, ғимаратты бұзуға қарсы шыққаны жайлы айтылады. Ол кезде Қалжан ахунның әулеті медресе жанындағы ахунның өзі салған үйде тұратын еді. Сол оқиғаны Қалжан ахунның немере қызы Шәмсия апамыздың естелігінен оқып, білдік. Бертін келе Сыздық атамыз Қалжан ахунның үшінші ұлы Әкбармен құда-жекжат болғандығын біліп отырмыз. Ұстаз немересі Әлімжан мен Сыздық ата қызы Әкима көп балалы, үлгілі де тәрбиелі отбасы болды. Ал, Сыздық атаның ұлы Бағыпар Сыздықов кешегі жылдарға дейін Жалағаш ауданында тұрған, өсіп-өнген әулет.

"Сүйегі мықты" кешенді құрылысты бұзудан гөрі басқа  мақсатқа пайдалануды жөн көрген кеңес билігі кейіннен медресені астық қоймасы, тіпті бір жылдары мал фермасы, шошқа базасына айналдырады. Ал, осы шошқа баққан кезінде сол ерлі-зайыпты орыстарды жылан шағып өлтірген дейді бір деректерде. Расында, киелі орындар жайлы әңгімелерде көбіне, сол аумақты жылан қорып жататыны айтылады. Күні бүгінге дейін кейде көзге шалынып қалады екен.

  Өлкетанушы Жәнібек Махамбет ағамыздың айтуынша, кешегі 1920–1930 жылдары медресененің ішінде кітаптар мен құнды деректер сақталған сандық  болған екен. Бірақ, бірі өкініштісі, мектеп-интернат болып тұрған кезінде сол деректер бей -берекет  шашылып, жоғалып кеткен.  Осы жерде тағы да Шәмсия апамыздың жазып қалдырған естелігін келтірсек: "Атамның кітаптары мен қолжазбаларын түйіншектедік. Түн біздің бақытымызға қарай жарық болды да, оттың қажеті болмады. Бастырманың ағаштарынан жәшік жасадық та, бұл жәшікті Мазараттың ішіне әкем мен Сыздық ата екеулеп апарды. Барлық кітаптарды және атамның қолжазбаларын сол жәшікке апарып салдық. Бұл кітаптар дін және фәлсафа жөніндегі ғылыми трактаттар, медицина мен астрология және жарық дүние туралы сирек кездесетін басылымдар еді". Бұл әрине, Қалжан ахунның қуғынға ұшыраған кезіндегі оқиға екенін түсініп отырмыз. Бірақ, сол дүниелердің кейіннен қайда кеткені жайлы нақты дерек жоқ. Сондықтан, әлгі ағамыз айтқандай, бей-берекет шашылып, жоғалған деген тұжырымға тоқтаймыз.

Елдің есінде қалып, ауыздан-ауызға көшіп айтылып жүрген осындай деректердің бірі – қажылыққа бара жатқан Құнанбайың Қалжан ахунннан бата сұрап келетіні. Ол былай болған екен:

Шыңғыстаудағы халқының алдынан өтіп, батасын алып Меккеге келе жатқан сапарында Жібек жолының бойын жағалап Сыр еліне келген Құнанбайға қасындағылар бұл елде бірнеше ғылымды меңгерген Қалжан есімді атақты жігіт бар екенін айтады. Оны естіген Құнанбай ат басын бұрады. Сонда Құнанбай Қалжан ахунға: "Менің сүйегім Меккеде қалса, Пайғамбар жатқан жерде өліп кетсем де арманым жоқ! Осыған бата бер"- деп сұраған екен. Біреуге өлім тілеу оңай ма? Сондықтан болар, бұған дейін ешбір жауаптан қысылмаған ахун амалсыз іркіліп қалған көрінеді. Қасында тұрған ағасы Бозжан: – Батаны мен берейін: "Ер тілегі болса қалсын, ел тілегі болса келсін!"- деп бата берген екен. Содан ел тілегі қабыл болып, Құнанбай екінші рет қажылықтан аман-есен оралған екен дейді.

2012 жылы Қалжан ахунның 150 жылдығына орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Қорқыттану» ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Қалжан ахунның араб, парсы көне шағатай тілдерінде жазылған қолжазбаларын, өлеңдерін қазақ тіліне аударып, сол мәтіндер бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бұл туралы ҚМУ-дің профессоры Бағдат Кәрбозұлының жазбасынан кездестірдік. Қалжан ахунның өмірбаянына қатысты деректерді толықтыра түсу, оның ұстаздық, діни-ағартушылық қызметіне жан-жақты сараптама жасау, сөйте отырып, Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана, ағартушылық қызмет, мешіт-медреселердің жағдайы, ахундар мен ишандардың оқу мен оқыту үрдісінде қандай бағыт-бағдар ұстанғаны тарих үшін маңызды дереектер. Олардың қандай бағдарламалар мен оқулықтар пайдаланғанын, ел, қоғам өмірінде атқарған қызметінің қыр-сырын жан - жақты зерделеу мақсатында қолға алынған бұл шара белгілі бір дәрежеде өз нәтижесін берді. Қалжан ахун еңбектері мен ол оқыған, пайдаланған кітаптар арқылы ел өміріндегі зиялылардың атқарған қызметіне, дін, діни білім беру жағдайына, саяси-әлеуметтік мәселелерге қатысты біршама маңызды мәселелерді айғақтайды. Яғни, Қалжан ахунның өз заманының зиялы, мәдениетті адамы болғанын, ел-халықты білімге, мәдениетке, отырықшылыққа үндегені, оларды мұсылмандық жолға, шариғат заңымен өмір сүруге үйреткені, мешіт-медреселерде діни оқумен бірге жаратылыстану пәндерінен: математика, химия, биология, асторономия т.б. ғылымдарды үйретуге сабақтар жүргізгенін нақты білеміз. Сол сияқты, ахун бабамыздың өз уақытындағы заман ағымын ел, жұртына түсіндіріп отыруға тырысқаны, шариғат заңдары бойынша елдің тұрмыстық түйткілдерін,  даулы, күрделі мәселелерін шешуде барынша белсенді тұлға болғанын біле түсеміз. Ғалымдардың еңбегінен  Қалжан ахунның дүниетанымдық тұрғыдан сопылық философияны негіздеуші, имам ағзам Әбу Ханифа жолын ұстанған мұсылман, мұсылмандық-түркілік бағытта шәкірт тәрбиелеуші ұстаз, қоғамтанушы ғалым, өз заманының озық ойлы зиялысы, халықты сауаттандыру арқылы болашаққа жетелеуші ойшыл болғанын көруге болады.

Мешіт медресе республикалық маңызы бар мемлекеттік ескерткіштер қатарына жатады. "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2007-2008 жылдары жергілікті маңызы бар, архитектуралық ескерткіш Қалжан ахун медресесіне республикалық бюджет қаржысына қайта қалпына келтіру  жұмыстары жүргізілген. Бүгінде медресенің аумағында осы маңайдағы табын ағайындардың бейіттері орналасқан. Сондай-ақ, Қалжан ахунның өзі тұрған үйінің орны бар. Қалжан ахунның жанұясы осында жерленген. Өлкетанушы Жәнібек ағамыздың айтуынша, Қалжан ахун бабамыз осы жерде қоныстанған уақытында дарияның сағасынан арық қаздырып, үйінің айналасын бау-бақшаға айналдырған. Есігінің алдына шығыс үлгісімен хауыз салдырып, айналасы гүл жайқалып, құстар сайрап жататын керемет орын болған екен. Бұл хауызға халықтың қызығушылығы зор болған сияқты. Содан кейіннен жалпы көпшілікке арнап үлкен хауыз да салдырған дейді.

Қалжан ахунның қорғаны болып, қасында жүрген, ниеттес ағасы әрі серттес досы, Табынның Өмірқұл руынан шыққан әйгілі Қайқы батыр да ахунның қасында жерленген. Қайқы батыр Ұзақұлы 1845 жылы дүниеге келіп, 1918 жылы өмірден өткен. Кейіннен батырдың ұрпақтары аталарының орнын белгілеп, қызыл кірпіштен күмбезді бейіт салдырған.

                                                                                            Ғазиза ӘБІЛДА.

     

 

Тарих 25 қаңтар 2020 г. 892 0