Дерек пен дәйек

Көне  тарихқа, даланың  шыншыл  шежіресіне  көз  жүгіртсек,  Сыр  бойы  береке-бірлігі  бұзылмаған  жұрттың   Ұлы  ордасы  болғанын  көреміз.  Қиын-қыстау  күндерде  ұлтқа  пана, өзегі  талған  өзгеге  сая  болған өркенді  өңір  жа­йлы Елбасымыз Нұрсұлтан  Назар­баев­тың  «Сыр – Алаштың  анасы»  деген  қа­натты  сөзінің  түп-төркіні  осында  жатса  керек.  
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ­стан Республикасының Жоғары Кеңе­сі­нің «Қазақстан Республикасының мем­­­­лекеттік тәуелсіздігі туралы»  Конс­ти­­туциялық заңы қабылданды. Нәти­же­сінде еліміз өз дамуында жаңа жолды таң­дады. Бұл тарихи дата – әрбір қа­зақ­стандықтардың өміріндегі айтулы оқиға.
Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бастап Сыр   өңірі    дамудың  жарқын  жолына  түсті.   Облыс, аудан  орта­лық­та­рында, елді  мекендерде  әсем де  сәулетті  тұрғын  үйлер, әлеуметтік-мәдени  ғимараттар  бой  түзеді. Жерінің асты  мен  үсті   қазына-байлыққа  толы  өлкеміз  бүгінде  индустриялық-аграрлық  облыс  болуға бетбұрыс  жасады. Тәуелсіздік  жылдарында  аймақта  әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани  салалар, яғни білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша дамыды. Осы кезеңдегі өңір тарихына қатысты архив құжаттарына тоқталсақ.
1991 жылы 11 қыркүйекте «Қазақ КСР космостық зерттеулер агенттігін құру туралы» Президент Жарлығы шықты.  Осы жылы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға болды. Ұшқыш-сынақшы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, сондай-ақ, «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағын алды. Қаламыздағы орталық көшелердің біріне оның есімі берілді.    
1994 жылы тәуелсіз мемлекетіміз үшін тағы бір қуанышты жағдай болды. «Союз ТМ-19» ғарыш кемесімен Талғат Мұсабаев әуе кеңістігін бағындырды. Ал, 2015 жылы 2 қыркүйекте Айдын  Айымбетов ғарышқа самғады.
Арал өңірі тұрғындарының әлеу­мет­тік мүддесіне бағытталған шара­лардың барлығы маңызды. Десек те, мұндай шаралар тәуелсіздік жылдарында құла­шын кең жайды. Халық алаңдаған теңіз тағдыры мен экологиялық ауырт­палықты жеңілдетуге нақты шаралар қолға алына бастады.
1993 жылы 26-27 наурызда Кін­дік Азия мемлекеттері Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түр­кі­мен­стан мен Ресей Федерациясы бас­шыларының  қатысуымен өткен Арал проблемасы  туралы халықаралық Қы­­зыл­орда конференциясы Аралды құтқарудың мемлекетаралық дәрежедегі жаңа қадамы болды. Конференцияның ең басты жетістігі – Арал өңірінің пробле­маларын шешу, Арал аймағын экологиялық сауықтыру мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жасау жайлы келісімге қол қойылды. Мем­­ле­кетаралық Арал проблемасы бір аймақтың шеңберінен шығып, халықаралық сипат алды.
2001 жылы 11 тамызда Елбасы тапсырмасымен Қызылорда қаласында «Арал өңірінің экологиялық проблема­лары» тақырыбымен  халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік конференция өтті. Арал аймағының проблемалары мен даму перспективалары, алда  атқары­латын жұмыстар кеңінен тар­қатылды.  Халықаралық кеңес Арал проблема­ларын шешудің жаңа бағыттарын айқындады.  
Қызылорда облысы – еліміздегі этносаяси ахуалы тұрақты аймақтың бірі. Облыс халқының басым көпшілігін, яғни 96 процентін қазақтар құрағанымен, мұнда орыс, кәріс, татар, өзбек, ук­раин, шешен, сондай-ақ, түрік-месхет, неміс, белорусь, грек, башқұрт, молдаван, әзербайжан, марий, ұйғыр, чуваш, еврей, мордва, қырғыз, армян, тәжік, удмурт, поляк, қытай, қарақалпақ және тағы басқа да ұлт өкілдері өмір сүреді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары-ақ облысымызда ұлттық-мәдени орта­лықтар құрылып, жұмыс жасай бастады. Облыстық архив қорында сақталған құжаттардан осы ұлттық-мәде­ни орталықтардың алғашқы қа­дам­дары жайлы мәлімет аламыз. Ал­ғаш­қылардың бірі болып облыстық татар қоғамдық орталығы (КОТОЦ) 1991 жылы 21 нау­рызда Қызылорда қалалық атқару комитетінде тіркеуден өтті.
1998 жылы 5 ұлттық-мәдени орталық тіркеуде тұрған. Олар – облыстық татар ҰМО, облыстық өзбек ҰМО,  «Вайнах» облыстық шешен ҰМО, «Коре Сарам» облыстық корей ҰМО, «Славяне» ҰМО. Ал қазіргі уақытта облыстағы ұлттық-мәдени орталықтар саны 11-ге жетті. Жоғарыда аталғандардан басқа, немістің «Видергебурт» және түрік, грек, еврей ұлттық-мәдени орталықтары жұмыс жүргізуде.
1995 жылы әлемдегі ерекше инс­титут – Қазақстан халықтары Ассамблеясы ҚР Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған болатын. Сондай-ақ, 1995 жылдың 14 ақпанында облыс әкімінің Қазақстан халықтарының Қызылорда облыстық Кіші Ассам­блея­сын құру туралы қаулысы қабыл­данды. Бұл Кіші Ассамблея  облысымызда ұлттық-мәдени орталықтар жұмысын үйлестіре отырып, ұлтаралық қатынастарды қалпында ұстауға өзіндік үлес қосып келеді.
Халықтың денсаулығын сақтау – ол мемлекет міндеті. 1992 жылы жел­тоқсанда Қызылорда облысында жаңа техникамен жабдықталған кон­сультативтік-диагностикалық орталық ашылып, 22 дәрігер жұмыс істеді. 1993 жылы 20 қаңтарда диагностикалық орталық толығымен пайдалануға берілді. Осы жылы 9 мыңнан астам адамға қабылдау жүргізіліп, кеңес беріліп, диагноз қойылды. Лабораториялық бөлімде гематологиялық, биохимиялық, имму­но­логиялық зерттеулер жасалды. Орталық қазіргі таңда ел игілігіне қызмет етіп келеді.
Сондай-ақ, 90-жылдардың ортасында, сол кезде Қазақстан бойынша ешбір теңдесі жоқ еуропалық стандартпен салынған облыстық медицина орталығының типтік ғимараты пайдалануға беріліп, қазір жылына 25 мыңдай адамға қызмет көрсетеді.
 2009 жылы Ел Президентінің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес, облыста  жалпы 44 объект іске қосылды. Соны­мен қатар, ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы қарсаңында облыс орталы­ғында 200 төсектік перинаталдық орта­лық және бір ауысымда 500 келушіні қабылдай алатын қалалық емхана құ­рылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Білім жүйесінің өткеніне көз жүгіртсек, талай өзгерістер мен жаңалықтардың куәсі боламыз. 90-жылдардың басынан бастап орта мектептерде халқымыздың ұлттық ерекшеліктеріне қарай оқу-тәрбие ісін жүргізу мәселелері қаралды. Қазақ халқының тарихын, әдебиетін, өнерін, географиясы мен экологиясын, музыкасын, халық психологиясы мен этикасын тереңдетіп оқыту қарастырылды.
1992-1993 оқу жылынан бастап білім қызметкерлері  нарықтық экономика кезеңіндегі өзін-өзі қаржыландыру мәселесін шешуге тырысып көрді. 2007 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыста 7 мектеп, 2009 жылы Шиелі ауданындағы 640 орындық мектеп, ал 2010-2014 жаңа оқу жылы қарсаңында Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарында және Қызылорда қаласында  жаңа мектептер пайдалануға берілді.
1999 жылдың  28 желтоқсанында «2000 жылды Мәдениетті қолдау жылы деп жариялау туралы» Жарлық шықты. Жыраулық өнер – біздің дархан даламызға, қазақ халқына ғана тән сирек, ғаламат өнер. Сыр елінің рухани құжаты – жыр дәстүрі. 2001 жылы тамызда  Қызылорда қаласында  республикалық «Ғасырлар үні» атты жыраулар конкурсы өткізілді. 2002 жылы  12 сәуірде халық шығармашылығының «Сырдария – жыр дария» атты облыстық  өнер фестивалі  ашылды.
ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген «Мәдени мұра» бағдар­ламасының бірінші кезеңінде, яғни 2004-2006 жылдары облысымызда  мәдени мұраның сақталуын және тиімді пайдалануын қамтамасыз ету,  тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қайта жаңғырту, мәдени мұраны  зерделеудің тұтастай жүйесін жасау бағытында біршама жұмыстар жүргізілді.
2004 жылы «Абай және Пушкин әлемі»  атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция және  осы жылдың қыркүйек айында  Түркітілдес елдердің   халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы»  атты фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өтті. 2008 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыруда Нұр-Сұлтан қаласында Тұңғыш Президент музейінде «Сыр бойы – тұнған шежіре» атты Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің коллекциясынан көрме ұйымдастырылды.
2009 жылы желтоқсан айында   Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғы­лыми-әмбебап кітапханасы 400 мың кі­тап сақтау орны бар жаңа ғимаратқа көшірілді. Қызылорда облысында дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға,  балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін басым дамытуға, халықаралық спорт аренасында жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу арқылы халықтың қызығушылығын арттыруға көңіл бөлінді. Тоқсаныншы жылдардың басында облысымыздың спорттық базасын нығайту мақсатында спорттық ғимараттар құрылысы жүрді, 1992-1993 жылдары  спорттық-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. 2001 жылы қабылданған Қызылорда облысында дене шынықтыруды және спортты дамыту бағдарламасы арқылы облыс спортының жаңа өрлеу кезеңі басталды. Сол жылы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашылды, интернатта спорттың 7 түрінен 200 бала оқыды. Сондай-ақ, 1963 жылы негізі қаланған облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің көп жылғы еңбегі бағаланып, олимпиадалық резерв мектебі статусын алды. Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион қайта жаңғыртудан өткізілді, «Дельфин» жүзу бассейні, боулинг орталығы 40х60  метрлік спорт  залымен қайта жөнделіп, «Евразия» спорттық-сауықтыру кешені болып пайдалануға берілді. 2004 жылдың ақпан айында 30 спортшыға арналған Олимпиадалық даяр­лау орталығы, 1 қыркүйектен бастап Қы­зылорда қаласында арнайы жеңіл атлетикадан  мектептер ашылды.
2011 жылы Қызылорда қаласында теннис орталығының құрылысы аяқ­талып, пайдалануға берілді және спорт шеберлігі мектебі ашылды. Сондай-ақ, ойын және күрес залдарынан тұратын спорт кешені мен 3000 орынға арналған ипподром пайдалануға берілді. Ғ.Мұратбаев атындағы стадион маңайында спорт шеберлігін арттыру паркі құрылды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ел тарихында алғаш рет қоғам игілігі үшін 1998 жылы 22 желтоқсанда Қазақ­стан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңы қабылданды. Бұл заң еліміздің архи­вистері үшін үлкен жетістік еді. Елдің өркениетті даму деңгейі оның мәдени және тарихи ескерткіштерімен, құнды жазбаларымен өлшенеді. Осыдан 15 жыл уақыт бұрын Елбасы Жолдауының негізінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, шартарап­қа шашылған мәдени, рухани құнды­лықтарымызды түгендеу, жоғалға­ны­­­мызды тауып, қалпына келтіру тап­­сыр­­масы берілген болатын. Осыған орай, шетел архивтерінен еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды құ­­жаттар іздестіріліп, көшірмелері алын­ды.
2017 жылы желтоқсан айында сыйымдылығы 600 мың құжатты қам­титын жаңа типтегі 5 қабатты облыстық мемлекеттік архиві ғимара­тының құры­лысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі облыс тарихы туралы архив қоры құжаттары осылай сыр шертеді.

Жанат  АЛТЫНБАЕВА,
облыстық мемлекеттік
архивінің бөлім басшысы.
Тарих 16 желтоксан 2019 г. 1 959 0