Алаштың асыл перзенті

 ХІХ ғасырдың соңында Қаратаудың теріскейіндегі алыс ауыл Ақсүмбеде (Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы) өмірге келген Сұлтанбектің тіршілік ғұмыры ХХ ғасырдың басында Түркістан өлкесіндегі аласапыран оқиғалардың қақ ортасында өтті. Бар саналы ғұмырын туған халқына адал қызмет етуге арнаған Сұлтанбектің тағдыры да елімен еншілес болды. Халқымен бірге оның жарқын болашағы үшін күресті. Осы жолда бақытын да көрді, халқы нәубетке ұшырағанда осы жолда жүріп құрбандық болып кете барды. Сол себепті де ұлттық дамудың тарихи тегершігі кері айналған тұста, Сұлтанбек Қожанов та «ұлтшылдықпен» айыпталып, халық жауы атанды, ұзақ жылдар бойы есімі жұртқа «жабық» болып келді. Сұлтанбектің есімі Кеңес үкіметі жылдарында ақталғанымен де оның шын мәніндегі халқымен қауышуы еліміз тәуелсіздік алған жылдарда болды. Қазір тәуелсіз Қазақстанның рухани көгінде Сұлтанбек Қожановтың жұлдызы жарқырай түсуде.

Әңгіме желісіндегі Сұлтанбек Қожанов деген кім? Ол кісінің өмір жолы, қызметі, әлеуметтік-саяси қызметі не болған? Қазақстан халқы үшін қандай қызметтер атқарған?

Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов 10 қыркүйек 1894 жылы Түркістан облысы Созақ ауданы Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. Алғырлығының арқасында алғаш рет Түркістандағы 4 сыныптық орыс-түзем бастауыш мектебін, одан соң 3 сыныптық қала­лық мектепті, 1910-1913 жылдарда Ташкент қаласындағы мұғалімдер семинариясын оқып бітірген. Ал 1925-27 жылдары Мәскеу қаласындағы БК (б)П ОК Марксизм-ленинизм оқуын бітірген.

С.Қожанов саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған “Кеңес” атты астыртын жас­тар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге “Бірлік туы” газетін шығарды.

Түркістан (Қоқан) автономиясы­на қызу қолдаушылық танытып, оны Кеңес өкіметінің әскер күшімен құ­латуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқасты етушілік деп бағалады.

«Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Аштық­пен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылғы қарашадан бастап  Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1919-1920 жылы Сырдария уезі төрағасының орынбасары, Түркістан уездік-қалалық атқару комитетінің, Сырдария облыстық революциялық кенттің төрағасы болды.

1920 жылдың соңына қарай Түркістан республикасының Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Ол осы қызметтерді атқару барысында БОАК пен РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Түр­кістан ісі бойынша құрған комиссиясы – Түріккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті ха­лықтар тілінде жүргізу мәселесін кө­теріп, оны жүзеге асыруды талап етті.

Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсе­туде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеу­лі үлес қосты. “Ақ жол” газетін шы­ғаруды ұйымдастырып, оның ал­ғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды.

1922-1924 жылы Түркістан КП комитетінің хатшысы, атқару кенті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. Мемлекеттік қайраткер ретінде Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу кезінде (1924) айрықша танылды. 1924 жылы қарашада РК(б)П Қазақ обкомының (1925 жылы ақпаннан – Қазақ өлкекомының) екінші хатшысы қызметіне жіберілді. Кеңестердің І съезінде қазақ халқының тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан “киргиз” деген атты төл атауын “қазаққа” түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті.

1925 жылы қарашада БК(б)П орта­лық комитетіне шақырылып, ұлт рес­публикалары бойынша жауап­ты нұсқаушы лауазымымен Кавказ­ға, 1928 жылы Ташкентке, Орта Азия Бюросына қызметке жіберіл­ді. Мұнда ол үгіт-насихат бөлімі меңге­рушісінің орынбасары, хатшы болды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды. 1929 жылы Орта Азия мақта-иррига­циялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929-1931 жылы Орта Азия мақта кентінің директоры қызметін атқарды. 1931-1932 жылы БК(б)П ОК аппаратында істеді. Қожанов негізгі міндеттерін қоғам­дық, ғылыми-шығармашылық жұ­мыс­тармен ұштастырып отырды.

Мектепке арналған “Есептану құра­лы” атты оқулығы (1924), “Түр­кістанның Кеңестік Автономия­сы­­ның он жылдығына” атты орыс тілін­дегі зерттеуі (1928) жеке кітап бо­лып шыққан. РК(б)П ОК ұлт қызмет­керлерімен өткізген төртінші ке­ңесінде (1923), РКФСР ХКК төраға­сының орынбасары Т.Рысқұловтың басқаруымен өткен жеке кеңесте (1926) сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ И.Сталинге 1927 жылы жазған екі хатында Қожановтың саяси көз­қарастары мейлінше айқын тұжырым­далған. Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды.

Сұлтанбектің сақа тартуына септескен мынадай жағдайлар болды: біріншіден, ол Сыр бойындағы ағартушылық мектептің Қалжан Қо­ңыратбайұлы, Қоңырқұлжа Қожық­ұлы, Ахмет ишан Оразайұлы, Ералы Қасымұлы, Садық Өтегенұлы, Серікбай Ақайұлы секілді белді өкілдерінен ақыл-кеңес тыңдап, оң-солын танитын халге жетті. Екіншіден, 1912 жылы тағдырдың тәлкегімен Түркістан қаласына сапар шеккен Міржақып Дулатұлымен ойда-жоқта жолығып, соңынан әлденеше дүркін дидарласуы саяси таным-түсінігіне талай жаңалық бойлатты. Үшіншіден, жергілікті жұрттың ортасында сыртқы түр-әлпетіне қарай “Ұзынсақал” атанып кеткен орыс тілінің оқытушысы, ойы оқшау ұстаз Иван Михайлович Яковлев ішкі Ресейдегі қоғамдық-әлеуметтік ахуалдан жан-жақты хабардар етіп, сауатын саралады.

«Сол Ұзынсақал-Яковлев сүйікті шәкірті Сұлтанбекті Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын семинарияға қабылдату үшін көп жәрдем жасайды. Әйтпесе, айла-шарғыға жүйрік түркістандық миссионер П.Остроумовтың қарамағындағы бұл оқу орнының табалдырығын отар өлкенің талапкер жастары оңайлықпен аттай алмайтын. Содан да шығар, Ташкент мұғалімдер семинариясын 25 жыл ішінде жергілікті жұрттардың арасынан небәрі 65 адам ғана бітірген. Нақты айтқанда, олардың 11-і өзбек, түркімен және татар ұлттарының өкілдері болса, 54-і қазақ пен қырғыздың ортасынан шыққан. Қысқасы, сол аз топтың ішінде Сұлтанбек те бар. Ол 1913 жылы сынақ пен сұрыптаудан сүрінбей өтіп, студент қатарына ілігеді.

Бостандық идеясының буына бой алдырған Сұлтанбектің алдында тың соқпақ, соны өріс жатқандай көрінеді. Уақытша үкімет заманында ол Түркістан аймағындағы саяси қозғалыстардың қайнаған шебінде жүреді. Ұлт азаттығының тағдыры талқыға салынған тұста жергілікті халықтың жолбасшылары түрлі-түрлі топқа, тарапқа, тармаққа бөлініп кеткен еді.

Сұлтанбек Қожанұлы мен Санжар Аспандияров бастаған топ болса, зайырлы жолды тұтынып, 1917 жылдың маусымында өлкедегі орыс жұмысшыларының одағымен терезе теңестіру ниетінде мұсылман жұмыс­шы­ларының мекемесін аяқтандырды. Олар өз ұйымының мақсат-мұраты туралы “Келешекте орыстар мен мұсылмандардың арасында жаңаша қарым-қатынастар қалыптастыра ала­мыз ба деген үміттеміз, өйткені, тек демократиялық ұйымдар ғана ортақ мәмілеге келмекші және жергілікті жұрттың орыстарға сенімсіз­дігін жоймақшы. Түркістан мұсылман­дарының ішіндегі жұмысшы қозғалы­сының ізашарлары бола отырып, біз өз халқымыздың болашақта бостандық пен теңдікке жететініне зор сеніммен қарап, күрделі міндетімізге кірісеміз”, деп жазды.

Жұртшылық мүддесін жоқтаған Сұлтанбек Қожанұлы 1917 жылдың шілде айында Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ съезіне делегат болып қатысты. Соның артынша, тамыздың басында өткізілген Түркістан аймағы қырғыз-қазақтарының жалпы жиылысында хатшылық жасап, Тұрар Рысқұлов, Ибраһим Қасымов, Ғалимұхамед Көтібаров, Иса Тоқтыбаев, Садық Өтегенов секілді азаматтармен бір­ге Сырдария облыстық қырғыз-қазақ комитетіне мүшелікке және Бүкіл­ресейлік құрылтай жиналысына өкіл­дікке сайланды. Мұнан арғы қайрат­керлік іс-қимылына тоқталсақ, Хасен Оралтайдың “Алаш” атты еңбегінде жазылғандай, Сұлтанбек Қожанұлы “Қоқан автономиясы” үкі­метінің негізін қалаушылардың бірі болды.

Осы саяси құрылымның жаршысына айналған “Бірлік туы” газетінің жауапты шығарушысы міндетін 1917 жылғы желтоқсанның 16-нан бастап басылым жабылғанға дейін, яғни 1918 жылғы сәуірдің ортасына дейін атқарды. Газет жұмысына М.Дулат­ұлы, Х.Болғанбайұлы, А.Мәметұлы, Ш.Са­рыбайұлы, Қ.Құлетұлы, Н.Құл­жан­ұлы, И.Тоқтыбайұлы белсене атсалысты. Мұстафа Шоқай бастаған өзінің саяси серіктері секілді, Сұл­танбек Қожанұлы да Қазан төң­керісін қуана қарсы алған жоқ. Бұған “Бірлік туы” газетінде жарық көрген “Түркістанда орыс сиездері”, “Өзіміз­дің большевиксінгендерге”, т.б. ма­қалалары айғақ. Ол сол сәтте “Қай­тейін?” атты торығыс пен түңіліске толы өлең жазып:

– Қу заман, ит тіршілік қорладың

ғой, 

Көрсем де қанша икемдеп,

болмадың ғой. 

Жете алмай дегенімнің жалғызына, 

Талап көп, талайсыз боп сорладым

ғой... 

Келемін әурелікпен өткізіп жас, 

Іс етпей, құр талаппен қатырып

бас. 

Табиғат, тағдыр, заман тізе қосып, 

Болғандай маған қарсы ынтымақ­тас, –  деп, сары уайымға да салынады (Бірлік туы, 1917 жыл, 25 қараша). 

Қоқан автономиясы қан-жоса  бо­лып таратылған соң, Сұлтанбек Қо­жан­ұлы аз ғана уақыт саясаттан сырттаңқырап, қажыр-қуатын ағар­тушылық жұмыс­қа арнайды. Мұға­лімдік мамандығы­на кірісіп, Түркіс­тандағы халыққа білім беру бөлімінің инспекторы болып істейді. Сөйте жүріп, аштыққа ұшыраған қазақтарға жәрдем беру комитетін басқарады. Ташкентке барып, педа­гогикалық училище мен педагогикалық курстарда сабақ береді.

Ұстаздық қызметіне ұйымдасты­рушылық қабілетін ұштастырып, Қа­зақ-қырғыз институтының қабырғасын қаласады. 1919 жылы қайтадан Түр­кістан қаласына ауыстырылып, уездік-қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне бекітіледі. Ал 1920 жылдың наурызында Алашорда қайраткерлеріне кешірім жарияланған шақта коммунистік партияның қатарына өтіп, көп ұзамай Сырдария облыстық революциялық комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалады. Сөйтіп, Сұлтанбек Қожанұлын ірі саяси-қоғамдық тұлға ретінде қалыптастырған 1920-1924 жылдардың аралығын қамтитын Түр­кістан автономиялық кеңестік со­циалистік республикасындағы қайрат­керлік кезеңі басталды.

Ол 1920 жылдың қыркүйек айында қазақтар С.Аспандияров, О.Жан­досов, Н.Төреқұлов, түркімен Қ.Атабаев, өзбектер С.Қасымқожаев, А.Баба­жанов, Т.Оразбаев, тәжік А.Рахым­баевпен бірге Түркістан коммунистік партиясы орталық комитетінің толық мүшелігіне енгізіліп, өлкедегі ықпалды партия және кеңес қызмет­керлерінің қатарына қосылды. Бұдан кейінгі мерзім ішінде Түркістан ком­мунистік партиясы V-VІІІ съездерінің, Түркістан республикасы кеңестері ІХ-ХІІІ съездерінің, Кеңес одағы коммунистік партиясы Х, ХІІІ, ХІV съездерінің делегаты болып сайланды.

Мұрағат құжаттарына жүгінсек, Сұлтанбек Қожанұлының жергілікті жерлерде Кеңес өкіметі қойған мін­деттерді халық тұрмысына лайық­тап шешуге баса мән берді. Респуб­ликалық бюджетті орталық ұйымдардың алдында тиесілі дәрежеде қорғау, комиссариаттардың басы артық әкімшілік құрылымдарын қысқарту, ауыл шаруашылығы кооперацияларын тиімді ұйымдастыру мәселелерін көтерді. Оқу-ағарту мекемелерін есепке алу және қаржылық-материалдық жағдайын ойластыру, мұғалімдер даярлау сапасына көңіл бөлу, билер мен қазылар сотын қаржыландыруды ұмытпау, аймақтық баспа­сөздің дамуына ықпал етуді назардан тыс қалдырмады. Көшпелі және жартылай көшпелі елдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуын бағдарлау, Түркімен облысына, оның ішінде, әсіресе, жәуміттерге қатысты мәсе­лелерді, сондай-ақ Ферғанадағы жер-су проб­лемаларын уақытылы тал­қыға салу, салық саясатын жүзеге асыру, бағаны реттеу, т.б. қыруар ша­руамен қатар айналысқандығын көреміз. Ол кеңседе көп отырғанды қаламайтын, ел ішін аралап, жағдайды өз көзімен көргенді ұнататын басшы болды. Тапсырылған қай істі де абыроймен атқарып, білгірлігі мен тындырымдылығының арқасында әріп­тестері мен қалың жұртшылықтың ал­дында зор бедел жинады.

«Сәбит Мұқанов өзінің “Есею жылдарында”: “Обкомдағы кабинетіне барған мені Сұлтанбек жылы шыраймен қарсы алып, шүйіркелесе, теңдесе сөйлесті. Оның да өлең жазатынын сонда ғана білдім. Ташкентте қазақ тілінде шығатын “Ақ жол” газеті мен “Шолпан” журналындағы “Тоқпақ” және “Торпаң” – соның псевдонимі екен. Ол жалпы әдебиетті, оның ішінде қазақ баспасөзін көп оқитын адам екен”, деп суреткерлікпен айналысқаны туралы сыр тарқатқан. Әуелбек Қоңыратбаев “Керуен” атты естеліктер кітабында: “Ол – өткір тілді, тапқыр, кең тұлғалы кісі-тін. Қызыл тілге келгенде, мен ондай шешен адамды көрген емеспін. Ашуы жоқ, мінезі дарқан, сөздерін тастай етіп айтатын арыстан туған кемеңгер адам еді”, деп ауыз сөзге ақпалығын да айтады. 

Сұлтанбекті көзімен көріп, сөзін тыңдаған өзге де Ғалым Ахмедов, Дүйсеқұл Сарқұлов, Шафик Шокин, Айтжан Бутин секілді қадірменді азаматтардың естелік жаз­баларындағы пікірлер де осы төңі­ректе тоғысады. Сұлтанбектің публи­цистикалық және әдеби мақалалары, өлеңдері, аудармалары сол кездегі мерзімді басылымдардың беттерінде көбіне “Тоқпақ” және “Тарпаң” деген бүркеншек аттармен жарияланып тұрған. Оның көсемсөздік шығармаларында дәуірдің тынысы, қоғамның мұқтажы, елдің тілегі қапысыз бедерленсе, поэзиясына әлеуметтік әуезділік, азаматтық және адамгершілік ауан, пәлсапалық пайым тән. Ол орыстың А.Крайский, П.Арский, А.Безымянский, Д.Бедный секілді пролетариат ақындарымен қоса, орыс символизмінің көрнекті өкілдерінің бірі К.Бальмонттың өлеңін де қазақшалаған.

Сұлтанбек Қожанов Ахмет Байтұрсынұлына “тіл тазартуға тынбай еңбек қылып келе жатқан, амал мәселесін іс жүзінде шешіп, тіл құралдарын жазып, қазақтың ұлт мектебіне негіз қалап, ұлт мәдениетінің түп қазығын мықтап қағуына еңбегімен себеп болған, қазақ ұлт мәдениетінің бірінші қайраткері” деп жоғары баға берген («Ақ жол», 1924 жыл, 3 сәуір). Ал Мағжанның кітабына жазған алғысөзінде: “М.Жұмабайұлының өлеңдері қазақ әдебиетінде үлкен орын алған деп санап, басып отырмыз...

М.Жұмабайұлының өлеңдері әде­биет тарихындағы соңғы 10-15 жыл­дағы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады деп ойлаймыз... М.Жұмабайұлы өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиеттану жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз... Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін марксизм дүние тануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына, суреттеу жағына көбірек көз салуы керек, тарихи мәні­сіне жете түсінуі керек”, – дейді.

Олай болса, С.Мұқановтың Сұл­танбек туралы: “Совет өкіметіне қарсы өлең-жыр жазудан тынбай келе жатқан алашордашыл ақын – Мағжан Жұмабаевтың Қазақстанда бастыра алмаған өлең, поэмаларын 1923 жылы Ташкент қаласында бастырды да, өзі кіріспе сөз жазып, Мағжанды аспанға шығара мақтады. “Алаш” лидері Ахмет Байтұрсыновтың 1923 жылдың күзінде 50 жылдық юбилейін Ташкентте өткізіп, Түркістан респуб­ликасының басқарушы газеті – “Ақ жолда” Байтұрсыновты мақтаған ма­қалалар бастырды, портретін жариялады...”, – деп жазуында талай сырдың жатқаны белгілі.

«Сонымен қатар, Сұлтанбек Қожанұлы қызмет бабында жүргенде Қазақстанның, Өзбекстанның жалпы Орта Азия жастарының оқып білім алуына үлкен жол ашты. Олардың көпшілігін Орынбор, Троицк, Қазан, Мәскеу және Ленинград қалаларындағы оқу орындарына жолдама алып берді. Сонымен бірге, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының құрамында өлкедегі жергілікті ұлт зиялыларымен тығыз бірлікте жұмыс жасағандықтан Алаш қозғалысы Оңтүстік қанаты қызметінің мазмұнында аймақтық, конфессиялық және идеялық сипаттағы ерекшеліктері болды. 

Түркістандағы жергілікті халық­тардың арасында отаршылыққа қарсы күрестегі мұсылмандық, түркілік бірлік идеялары Алаш қозғалысының өкілдері М.Тынышпаев, С.Лапин, М.Шоқай, Қ.Қожықов, С.Өтегенов, т.б. қайраткерлердің саяси қызметінде жаңа қырынан танылып, қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың мазмұнын байытты. М.Тынышпаев, С.Лапин, М.Шоқайдың өлкедегі сая­си қозғалыстың және Түркістан мұхта­риятының басшылығында болуы, олардың Алашорда үкіметімен байланыс жасауына мүмкіндік беріп, қазақ мемлекетінің тұтастығы мәселесін алғаш рет ұлттық идея ретінде күн тәртібіне қойды. Осы мәселе 1918 жылдың 4-9 қаңтарында Түркістан қаласында өткен Сырдария облысы қазақтарының съезінде арнайы қарастырылды.

Алаш Орда үкіметінің басшылары Б.Құлманов, Т.Құнанбаев, М.Ду­ла­товтар арнайы қатысқан съезд шын мәнінде Алаш қозғалысы ұйымдас­тырған ірі саяси шаралардың біріне айналды. Түркістан қазағын Алашқа қосу мәселесін талқылаған съезд жөнінде «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Алаш һәм Түркістан» мақаласында «Съезде Алашқа қосылмаймыз деген ешкім болған жоқ, кәрі-жас, қарасы-төресі, байы-кедейі бірауыз болды» деп ұлттық идеяның қолдау тапқандығы жазылды. 

Өздерінің тарихи миссиясы бой­ынша ерекше маңызға ие болған бұл категорияның арасынан советтік қоғамда көрнекті қайраткер­лерге ай­нал­ған ұлттық элитаның мықты өкілдері өсіп шықты. Олардың қата­рында М.Тынышпаев, С.Асфен­дияров, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, А.Серғазиев, Қ.Ибрагимов, И.Тоқты­баев, Б.Аралбаев, Қ.Сармолдаев, С.Ес­қараев, О.Жандосов, Т.Жүргенов, Н.Рүстемов, Ә.Палмұхамедов, Ә.Құда­баев, Н.Сатығұлов, Қ.Болғанбаев, Қ.Қо­жықов, Қ.Күлетов және т. б. көп­теген тұлғаны атауға болады. Аталған тұлғалар  Түркістан республикасының жоғар­ғы билік құрылымдарында бас­шы­лық қызметтер атқарып, жаңа қоғамда ұлттық құндылықтарды қа­лып­тасты­руға елеулі ықпал жасаған еді. 

Олардың қызметіне ғылыми талдау жасағанда саяси көзқарастары мен өмірлік ұстанымдарының әр­қи­лылығы басты назарда болуы керек. Бірі таптық, бірі ұлттық идея­ға қызмет жасағанымен олар өз зама­нының перзенттері. Бүгінгі көз­қараспен кемшілік деп тануға болатын кейбір әрекет­терінің сырын қоғамдық қайшылық­тардан іздеу мәселеге сыңаржақ сипат берген болар еді. Тұлғалардың көзқарасындағы қайшылықтар олар­дың қоғамдық әрекеттерінен көрініс табатындықтан да мәселеге қарама-қарсылықтың күресі және бірлігі заңдылығы қағидаларымен баға беру тарихи ақиқатқа жақындата түсері дау­сыз. 

Елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерді жіті қадағалап отырған М.Шоқай большевиктер партиясы қатарына енгенімен өздерінің шынайы ұлттық элитаға тән азаматтық, отаншылдық биіктен төмендемеген қандастары туралы ризалық сезімін білдіреді: «Смағұл Сәдуақас, Қожанұлы Сұл­тан­бек және Меңдешұлы совет дәуірі орнаған кезде совет үкіметін бірден жақтап шыққан адамдар болатын. Бірақ олар, өткен тәжірбиелері көрсетіп отырғандай, Совет үкіметіне тек қара басының қамы үшін қызмет етпегенін біз жақсы білетінбіз. Сұлтанбек Қожанұлы қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, еңіреп туған азамат еді. Ол бұдан былай да осы қасиеттерінен айырылмайды деп сенеміз.

Смағұл Сәдуақас та сондай тұлға. Ал Меңдешұлын өз басым білмейді екенмін. Бірақ оның да Сұлтанбек пен Смағұл тәрізді қайраткер екеніне шүбә келтірмеймін». М.Шоқайдың саяси тұлғалар қызметін бағалауда олардың ұлтжандылық әрекетіне баса мән берген бұл пікірін әдістемелік негіз етіп алатын танымдық қағида деп қабылдауға болатындай.

Көрнекті мемлекет, қоғам қай­раткерінің өмірі дегеніміз белгілі бір адамгершілік және әлеуметтік бағ­дарлар жүйесіндегі оның нақты ойлары мен әрекеттері ғана емес, ол сонымен бірге тұлғаның өзі саясат сахнасынан кеткеннен кейінгі де қоғамдық үдерістерге жасайтын ықпалы екенін ескерсек, аталған тұлғалар алдағы уақытта да ғылыми ойдың нысаны болып қала бермек. Осыған байланысты большевиктер көсемі В.И.Лениннің өзіне тән кате­гориялықпен «Пролетариатқа саяси қайраткерлердің тірісі және өлісі туралы да шындық керек, өйткені саяси қайраткер атына шын мәнінде лайық болғандардың тәні бақилық болса да олар саясат үшін өлмейді» деген тұжырымын қуаттауға болады. Демек, С.Қожановтың тұлғасы саясат үшін де, тарих үшін де қызмет жасайды. Ұлт барда ұлттық мүдде бар. Ұлттық мүдде бар жерде оған қызмет етудің өлшеміне айналған С.Қожановтың тұлғасы менмұндалайды. 

«Сұлтанбек  Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Оның өзінің сан-салалы қызметінде топтық, аймақтық тіпті таптық мүдделердің деңгейінде қалып қоймай ұлттық, мемлекеттік биліктен табылды. С. Қожанов сияқты ұлтжандылығы мемлекетшілікпен ұласқан, мемлекетшілігі ұлтының рухына қызмет етуге жұмылдырылған қайраткер халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық.  

Осыған байланысты тәуелсіздік алған жылдардан бері Алматы, Шым­кент, Түркістан, Қызылорда қалаларында Сұлтанбек Қожановқа көше аттары беріліп, ескерткіштері ашыла бастады. Олардың орнатылуына мемлекет тарапынан және қалталы зиялы қауым өкілдері де үлес қосуда. Мысалы, Қызылорда қаласы С.Ысқақов атындағы Қызылорда «Құрылыс және бизнес» колледжі ауласында бабамыз Сұлтанбек Қожан­ұлына арналған ескерткіш тұрғы­зылған.

Оның туған күні қарсаңында колледж студенттері мен ұстаздары және тұрғындар жиналып тағзым ету, гүл шоқтарын қою дәстүрге айналған. Өткен жылы ғана осы колледжде «Сұлтанбек Қожанов Алаштың арда өкілі», «Болашағын болжай білген» тақырыбында студенттердің ғылы­ми-практикалық конференциялары өт­кізілді. Біздің естіп-білуімізше осын­дай мемлекет және қоғам қайрат­керлерін насихаттау басқа облыс орта­лықтарында да өткізіліп жатқан көрінеді. Бұл қуа­нарлық іс. Тарих ешқашанда ұмы­тылмауы тиіс. С.Қожановтай қайраткерлердің атқарған қызметтері, халық үшін жасаған жақсылықтары ешқашан ұмытылмақ емес.

Сексенәлі РАХАНОВ,

Қызылорда облысының Құрметті қайраткері.

 ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Тарих 10 қыркүйек 2019 г. 1 983 0