Арыстан баб зираты, IX-XI ғ.ғ.

Халық арасында таралған аңызда Арыстан баб Қожа Ахмет Яасауидің ұстазы болумен қатар, Мұхаммед с.а.с. Пайғамбарымыздың аманатын тапсырушы. Ол туралы аңыздардың бірінде Қожа Ахметке құрма аманатын тапсырғандығы айтылады. Арыстан Бабтың Қожа Ахметке ұстаздық қызметі айқын байқалады. Яасауидің тәрбие, оқудың кейбір қырларын «Арыстан Бабам ислам дінін баян қылды» (екінші хикмет), «Мың бір зікір үйретіп, мейірбандық жасады» (тоқсаныншы хикмет) деген сөздерінен де танығандай боламыз.
Арыстан баб Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.а.с. ең қадірлі сақабаларының бірі, сонымен қатар, Қожа Ахметтің рухани әкесі де болды. Дж. Тримигэм жазғандай: «Ясауи дәстүрі таза түркілік бағытта болды. Ол түркі шайхы Арыстан Баб дүние салғанша оның қолында тәлім-тәрбие алды».
Арыстан баб адамдардың рухани жетілуіне, кемелденуіне жол сілтеді. Әділдік пен имандылық нұрын септі, ұлы ұстаз әрі әулие болды. Қожа Ахметтің «Хикметтері» бойынша, Арыстан бабтың шығу тегі араб (оның ішінде құрайыш Әбубәкір Сыдық әулетіне барады), Қожа Ахметтің 90-хикметінде «Арабтардың ұлығы кіршіксіз таза затыңыз» деген сөздерінде астарлы мағына жатыр. Олар сопыларға тән ұғым сөздерді пайдаланып отырған.
Арыстан Бабтың қабірі ежелгі Отырар қаласының маңында. Бұл түркі тілдес халықтардың ертеден қастерлеп келе жатқан орындарының бірі. Сонымен қатар, Арыстан баб жөніндегі келесі аңыз бойынша, дүние салған соң, оның денесін жеті ақ бураға артып, жеті жұртқа таратып, түйелерді еркіне жеберіп, соңынан ілесіп отырған. Ақ бура жүре-жүре шөккен жерге Арыстан баб қойылған екен. Солардың бірі – Қызылорда облысы Арал ауданы Ақбай елді мекенінде орналасқан. Кереметі – Арыстан баб әулие жұртқа жол нұсқаушы ұстаздар пірі. «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз бар. Арыстан баб әулиенің көрінісі өте сұлу, жүзінен имандылық төгіліп тұрған, ғажайып кішіпейіл, қолында әдемі аса таяғы бар адам. Кейбіреуге жолбарыс, жылан немесе арыстан болып көрінуі мүмкін. Басына түнеген жандарға түрлі жұмбақ дыбыстар береді деседі.
Арыстан бабтың символикалық зираты қазіргі мұсылмандар қорымы аумағында, оның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Зираты өңделмеген тастан қаланған, сыртынан цемент ерітіндісі құйылған, төрт бұрыш пішінді тас дуал түрінде тұрғызылған. Зират қоршауы қабырғаларының ұзындығы барлық жерде бірдей емес, батыста қабырғаның ұзындығы 5,9 метрді құраса, шығыс қабырғасы 5,4 метр, солтүстік қабырғасы 3 метр, оңтүстігі 2,7 метр. Қабырғаларының биіктігі 1,25-1,35 метр шегінде ауытқиды. Бұрыштарында тікбұрышты тастар көтеріліп тұр. Бұрыштарындағы дуал биіктігі – 1,5 метр.
2005 жылы оңтүстіктегі бұрыш жағынан түсіндірме және алғыс жазуы бар мемориалды мәрмәр тақтасы орнатылды. Жазуы бар құлпытас болмағандықтан символикалық зираттың шын мерзімін анықтау қиындық туғызады. Арал ауданы, Ақбай елді мекенінен оңтүстік-батысқа қарай 5 шақырымда орналасқан.
Тарих 07 шілде 2019 г. 1 610 0