Тәжі палуан

Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ болмасы аян. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің  табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген жолдарды ой жібере оқып, зердемізге тоқып жүрген жайымыз бар.

Әр халықтың, әр аймақтың атын асқақтатқан атақты тұлғалары бұрын да болған, қазір де бар. Солардың бірі – Арал ауданы, Жаңақұрылыс елді мекенінде өмір сүрген, осы төңіректегі Беларық деген жерде 1884 жылы туып, 1944 жылы 60 жасында бұл пәниден өткен Тәжі палуан. Ол жайлы ел арасында аңыз-әңгімелер аз емес. Жиырма жасынан бастап атақты байлардың астарында, аржағы Қа­рақалпақстан, бер жағы Ырғыз, Торғай, Ақтөбе, Сыр бойында өткен халықтық мәдени іс-шараларда боз кілемге шығып отыз бес жылдай жауырыны жер иіскемей дү­ниеден өткен атақты палуан жайлы ел ауызындағы әңгімелердің бір шоғыры төмендегідей:

«Сонау 1930 жылы Арал қала­сындағы бұрынғы аудандық орта­лық дәріхананың орнындағы ашық алаңда ішкі Ресейден келген цирк артистері жергілікті тұрғындарға өз өнерлерін көрсетіп жатады. Олардың ішінде атан жілікті арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, дене тұрқы дәу палуан болыпты. Әлгі орыс палуаны сом темірді солқылдата иіп, автокөлікті қолымен тоқтатып, өз өнерін көрсетіп болған соң таң-тамаша болып тұрған көпшілікке «Бұл жерде менімен күресетін адам бар ма?» деп сауал тастапты. Сонан көпшілік біраз аңтарылып не дерін білмей тұрғанда бұл әңгіме аудан басшыларының құлағына жетеді.

О кезде аудандық атқару комите­тінің төрағасы атақты Төлеген Медетбаев екен. Мән-жайға қаныққан төраға дереу Жаңақұрылыста тұ­рып жатқан Тәжі палуанды ат-көлік жіберіп алдырыпты.

Ертеңіне әлгі жерде орыс палуанымен Тәжінің белдесуі басталады. Біразға дейін екі палуан бірін-бірі ала алмай іштей арбасып, күрестің неше түрін қолданады. Қонақ палуан күрестің айла-амалын жетік білетін әккі болса керек. Алып та, шалып та, белдесіп те шамаларын әбден байқасады. Бір кезде орта бойлы, төртпақ денелі Тәжі қарсыласын бір қолынан шап беріп ұстап алып, басынан көтере боз кілемнің ортасына лақтырып жібереді. Жиналған халық «Жарайсың, Тәжі!» деп ду қол шапалақтап мәз-мейрам қуа­нышқа бөленеді.

Палуан мейлінше қарапайым, көп сөзге жоқ, оның есесіне көпшілік қайда болса, сол жерде өзіне өтініш айтқан, көмек сұрағандардан дереу қол көмегін аямайтын кісі болған екен. Бірде Сырдария өзенінің «Стан» деген қайырында ішінде 40-50 центнер балығы бар каркас қайықты 25 балықшы суға түсіре алмай жатқан үстерінен түседі. Сонан балықшы жігіттердің өтінішімен зілдей қайықты әуелі әр тұсынан көтеріп көріп, бір кезде шапанының етегін беліне қыстырып алып «ауп» деп әлгі каркас қайықты көз ілес­пес шапшаңдықпен суға түсіріп жіберіпті.

Ертеректе мына шеті Ырғыз, Ақтөбе, ана шеті Қармақшы, Қаза­лы­дан жиналған атақты Алданазар болыстың Әлім-Шөмен жиналған Арал маңайындағы үлкен асында палуандар боз кілемге шығып өз өнерлерін көрсетіпті. Кезегі келгенде Тәжі атағы Ырғыз, Торғай төңірегіне кеңінен мәлім Ыдырыс палуанның жауырынын көз ілеспес шапшаңдықпен жерге тигізіпті.

Заманында Әлім-Шөменнің атақты палуаны атанған Тәжі үшін құмға, батпаққа батып шыға алмай жатқан автокөліктерді, құдыққа түсіп кеткен түйе, сиырларды арқан байлап сүйреп шығарып алу түк емес екен. Палуанның қызы Ырсалды анамыз да қарулы болыпты. Қаратерең елді мекенінде құдыққа құлаған өгізді жалғыз өзі шығарып алғанын көргендердің бірі тоқсан жастың төріне шыққан менің әкем болатын.

Бір жолы Қазалы уезіндегі Боташ болыстың баласы Суханберді әкесіне арнап ас өткізіпті. Асқа Тәжі палуан да шақырылады. Өңкей игі жақсылар жиналып, палуандардың белдесуін тамашалауға келіпті. Бір кезде боз кілемге маң-маң басып шыққан Тәжіні көріп палуандар біраз дағдарып, жүрексініп тұрып қалса керек. Сол сәтте жиналған қалың көпшілікті қақ жарып ортаға Дәулетияр Махамбет палуан «мен күресемін» деп шығыпты. Сонда Тәжі «қой, інім, сенің әрі жасың кіші, әрі екеуміз бір ауылдың азаматымыз. Екеуміз  бір-бірімізге қарсы келмей-ақ қояйық» десе, анау көнбеген көрінеді. Тіпті, алған бетінен қайтпайды. Сонда Тәжі­ні ашу буып: «Бала, өз обалың өзіңе. Айтқан тілді алмадың» деп қарсы­ласының беліне байлаған белбеуін бір қолымен орап алып тартып жі­бер­генде әлгінің белі кілт етіп, боз кілемнің шетіне бүктетіліп отыра кетіпті. Сол сәтті пайдаланып басынан көтере жерге тастап жіберіпті.

Бұрынғы көзкөргендердің айтуынша, Тәжі төртпақ денелі, кең жауырынды, жалпақ бетті, өткір көзді аққұба кісі болған екен. Жиырма жасынан бастап күші тасып, өле-өлгенше жауырыны жер иіскемей өмірден өткен палуан туралы ел арасында ауызекі деректер аз емес. Ол кісі өмірі атақ-даңққа масаттанбаған, біреуді кем­­сіту пиғылынан мүлдем аулақ, көп сөйлемейтін томаға-тұйық жан болыпты. Тіпті, назары өткір болған­дықтан, жас сәбилерді «көзі тиеді» деп тасада ұстайды екен.

«Ұлы Отан соғысының алдындағы жылдар болса керек. О кездері жұрт аудан орталығына, теміржол бойына болса аттылы-түйелі, болмаса, екі аяғыма жүрім берсін деп жаяулап-жалпылап қатынайды екен. Болса да автокөлік жоқтың қасы. Автокөлікке мінген адам сирек. Бірақ колхоздарда бірлі-жарым «полуторка» аталатын кеңестік жүк машиналары айында-жылында әрлі-берлі қатынайды екен. Сол уақыттың тәртібі солай ма, жүргізушілердің ішіндегі иманы барлары табанынан тозып келе жатқан жаяу жүргіншіні қорабына мінгізіп ала кетсе, қолы айға жеткендей шәпкісі қоқырайғандары қою шаңына көміп тұсынан заулап өтетін де оқиғалар болыпты. Осындай оқиға Тәжі палуанның басынан да өткен көрінеді.

Ол жайлы ауылдасы Ұлықпан Шағатаев көзінің тірісінде былайша әңгімелеп берген екен: «Бір күні Тәжімен бірге ауылымыз Жаңақұрылыстан жаяулап қалаға шықтым. Ауылдан таң ата шыққан палуан екеуміз жолда Аманөткелден түстеніп алып, әрі қарай тартып кеттік. Бір кезде «Сарыкөлдің» маңайына жеткенде артымыздан «полуторка» көлік қуып жетті. Жалма-жан қол көтеріп едік, әлгі көлік бізді шаңға көміп тұсымыздан заулап өте шықты.

Күн кешкіріп қалған шамада Тәжі палуан екеуміз Сапақ елді мекенінің тұсындағы «Шықыман» деген жерге келгенде мана тоқтамай өтіп кеткен «полуторканың» төрт дөңгелегі төбеге ұрғандай қалың құмға батып жатыр екен. Жүргізушіге қараймыз. Көзімен жер шұқылап төмен қарай бүкшие береді. Құмнан шығудан күдерін әбден үзген сияқты. Анадай жерде папкасын құшақтаған өкіл ме, бастық па, біреу тұр.

Құмға батқан көліктің о жақ, бұ жағына бір қарап алған Тәжі ағам бір кезде жүргізушіден арқан сұрап алды. Мұны қайтеді деп бір шетте мен аң-таң тұрмын. Арқан сұраған палуанға жүргізуші «оны қайтесің» дегендей жақтырмай қарап сұрағанын тауып берді. Палуан болса қолындағы арқанның екі ұшын көліктің алдыңғы буферіне байлап алып, «Иә, пірім» деп жұлқи тартқанда құмға батқан көлік табаны суға тиген қайықтай қайқаңдап тақырлыққа шыға келді.

Палуан екеуміз етек-жеңімізді қағып, қайтадан ілгері тартып кеткенбіз. Артымыздан қуып жеткен көліктен жүргізуші жүгіріп шығып «Аға, сіз Тәжі палуансыз ба? Масқара болған екенмін. Білмеген у ішеді деген. Сізді танымай қалай мені қара басты. Әй, өкіл, көліктің қорабына мін. Кабинаға Тәжі ағам отырады» деп шыр-пыр болған екен.

«Тәжі палуан туралы ел ішінде мұндай деректер аз емес. Отыз жетінші жылғы күзгі жиын-терімнен соң Қармақшы ауданында үлкен сабантой болады. Диқандардың дәстүрлі бұл тойы Қазан төңкерісінің жиырма жылдығында тұспа-тұс тойланып, бұл саяси-мәдени іс-шараға қарт Қаратау мен айдынды Аралдың арасынан келген еңбекшілер делегациясының сапында басқа да спортшылармен бірге елу үш жастағы Тәжі палуан да болады.

Ертеңіне басталған саяси-мә­дени іс-шара палуандар белде­суіне ұласады. Бір кезде Тәжі палуанға кезек келеді. Қарсыласы тұла бойын түк басқан, шынжырмен қол-аяғы шырмалған алып адам екен. Әдеттегісінше, күреске түсерде түйе жүн шекпенін киіп, белін ақ орамалмен қынай буған Тәжі аруаққа сыйынып боз кілемге шығады. Лезде екі палуан көз ілеспес шапшаңдықпен шартпа-шұрт ұстаса кетеді. Әлгіні жұрт түйе палуан деседі екен. Десе, дегендей. Бірақ жасы шау тартып қалғанмен, айла-тәсілі басым, қа­зақша күрестің қаспағын жеп, қа­тығын ішкен Тәжі қарсыласын көп ұзамай оң жамбасқа алып, үй­рен­шікті әдетімен жаурынымен боз кілемнің шетіне дүрс еткізеді.

Соғыстың соңғы жылдары Арал, Бөген өңірінде Балташ деген атақты кісі өтіпті. Заманында Балташ десе, Балташ болыпты. Сол кездері бұл кісіге Арал өңірінде қарсы келетін, жекпе-жек күш сынасатын адам жоқ болса керек.

««Бір күні сол Балташ басынан өткен осы оқиғаны төмендегіше айтып беріпті. «Қыс қаһарына әбден мінген кезі. Күн суық. Қарлы аяз бет қаратпайтын сол күні Арал теміржол стансасындағы буфеттен жүрек жалғап алайын деп сыртқа шықтым. Күн ұясына әлдеқашан батып, қараңғы түсе бастаған шақ. Кәсібім – жолаушылар пойызынан түскен адам болса, қараңғыда оңаша күтіп алып, тұмсықтан бір періп, қалтасын сыпырып алу.

Сөйтіп перронда келе жатқан пойызды аңдып тұрмын. Боранды кеште жағамды көтеріп алып жан-жағыма қарап тұр едім. Қазалы жақтан келген пойыздан түскен жолаушылар үйді-үйлеріне бүрсеңдеп тартып барады. Мен болсам бір қараңғылау бұрышта кезекті тонайтын адамымды күтіп тұрмын. Болса да әйел, бала-шағаға тиіспеймін. Өзіммен күші шамалас адамды торуылдаймын.

Бір кезде ондай адам да көп күттірген жоқ. Басына түлкі тымақ, аяғына саптама етік, үстіндегі шидем күпінің сыртынан шекпен киіп белін қылдан ескен шылбырмен буған бір төртпақ денелі адам тұсымнан өте берді. Қуып жетіп шалғайынан бар күшіммен тартып қалдым. Ойым әлгі кісіні құлатып, шықшыттан бір ұрып түсіру болатын. Бірақ ол міз бақпады. Құдды аяғын жерге шегелеп тастағандай. Кенет бейтаныс адамым білегімнен ұстап қағып жібергенде анадай жерге мұрттай ұшып түстім. Ол болса түк болмағандай өз бағытымен кете барды. Ізінен барып бір шарбаққа кіргенін көзім шалып қалды.

Ертеңіне ауырған білегімді көр­сетуге таныс сынықшыға бардым. Ол ем-домын жасап отырып «Әй, саған кездескен дәу де болса Тәжі палуан болды ғой. Төртпақ денелі болса сол, сол» деп мені шығарып салды.

Мен де түндегі шарбақты сырттай аңдып тұр едім. Кешікпей түндегі адам шығып базарға келді. Мен соңынан еріп келіп «Тәжі аға» деп қос қолымды ұсынып, амандастым. Болған жайды түп-түгел жайып салдым. Ол болса: «Әй, сен Балташ екенсің ғой. Бүркіт қартайса, тышқаншыл болады деуші еді. Мұның жарамады. Онан да адал кәсіп жасап, өз қайратыңды пайдалы іске жұмсағаның артық емес пе? Таста, мұндай адамгершілікке жат қылықты!» деді.

Кейін адал кәсіпке төселіп, теңізде кеме капитаны болдым. Бала-шағамды адал кәсіппен асырадым» деген екен сол Балташ.

Бір заманда Сыр бойы, Арал өңірін Хиуа, Қоқан хандықтары билеп-төстегені тарихтан аян. Сондай тұста сол жақтағы қызыл тарыны малға айырбастап алуды мақсат еткен бір топ жүргінші Хиуа хандығына жол тартады. Олардың ішіндегі Тәжі палуанның жастау кезі болса керек. Апталап жүріп межелі жерге жеткен қазақтар Хиуа ханы Аллақұлдың баласы Әкбардың сүндет тойының дәл үстінен түседі. Тойдың соңына қарай кезек палуандар белдесуіне ұласады.

«Алаңға шыққан Тәжіні көрген Хиуа ханы төрешіден «Бұл қазақ қай жақтан келген. Қане, таныстыр!» дегенде оны «Бұл Кіші жүз қазағы, Сырдарияның Арал теңізіне құяр сағасынан келген Тәжі палуан» деп таныстырады. Іле-шала белдесу басталып та кетеді. Өзбектің палуаны атан түйедей алып екен. «Келсең, кел!» дегендей, ортаға маң-маң басып шыққан екі палуан ұстаса кетеді. Тәжі оның белінен ала жөнеледі. Бірақ анау ұстаса орнынан құдды қара тастай міз бағар емес.

Бір кезде Тәжі «Иә, аруақ, Жанқожа атамның аруағы жар бола гөр» деп жанұшыра айқайлап, қарсыласының қабырғасын қақыра­тып жіберердей күшке мініп, оны жерден қалай көтергенін өзі де сезбей қалады. Сөйтеді де, басынан асыра қалай жерге лақтырып жібергенін кейін еміс-еміс есіне түсіреді. Сол сәтте хан палуанының құлағандағы салмағымен қара жер дүрс ете қалады. Сөйтсе, ортан жілігі сынып кеткен екен. Бұл Тә­жінің оң жамбасқа ала шалатын кезекті палуандық әдісі екен. Сонда хан тұрып «Қазақта «Күш атасын танымас» дейді. Жеңіс қазақ палуанына тиесілі» деп Тәжіге үстіне қалы кілем жапқан, шай, шекер артқан аруананың бұйдасын салтанатты түрде тапсырып, бұған қоса бұлардың жеті түйесіне көтергенінше қап-қап қызыл тары артып, қазақ еліне қарай аттандырып салған екен.

Тәжі палуан Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан 1944 жылы сүзекпен ауырып, төсек тартып жатып қалады. Ақтық сәті таяп, жаны қысылғанда «Мен сындыратындай бір зат әкелші» деп маңайында отырғандарға өтініш айтыпты. Дереу бірі жүгіріп барып келі түйетін жуан келсапты әкеп берсе, оны бұйым құрлы көрмей қақ бөліп тас­тап, «Басқа бір салмақтылау зат бар ма?» депті. Сол кезде тағы бірі сырттан кеспелтек жұмыр ағашты қос қолдап көтеріп әкелсе, тізесіне салып бір ұрып қақ бөліпті де ана дүниеге аттанып жүре беріпті...

Арал-Қазалы өңіріне атақ-даңқы кеңінен жайылған Тәжі палуан туралы аңыз-әңгімелер ел арасында өте көп. Ол қара күштің ғана емес, үлкен ақыл-парасаттың да иесі болған жан екен. Өзінен өрген 3 ұл, 2 қыздың ұрпақтары тәуелсіз Отанымыздың игілігі жолында әр салада еңбек етуде. Осыдан 24 жыл бұрын Арал ауданына белгілі азамат, марқұм Әділ Әбдіхановтың ұйымдастыруымен үлкен ас беріліп, ат жарысы, түрлі спорттық шаралар өткізілгені ел есінде.

Ерін мақтан тұтқан, ұрпағына үлгі еткен елдің болашағы зор. Палуан атында Арал қаласында көше бар. Енді Арал ауданындағы өзі туып-өскен, өмір сүрген Жа­ңақұрылыс елді мекеніндегі №74 орта мектеп есімін еншілесе, нұр үстіне нұр болар еді.

Толыбай АБЫЛАЕВ.

Тарих 01 маусым 2019 г. 2 864 0