« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Ел тарихындағы ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс – Алаш қозғалысы деп аталды.
Деректерге сүйенсек, осы кезеңде қазақ даласында патшалық Ресейдің пәрмені күшейе түскені байқалады. Мәселен, Ресейден көшіп келіп, қазақ жеріне қоныстанушылардың күрт арта түсуі де отаршыл биліктің түпкі мақсатын танытқандай еді. Себебі, нақ осы тұста қазақтардың негізгі күнкөрісі – төрт түлігі тең жайылған құнарлы жерлерден ығыстырылуы белең алды. Бір сөзбен айтқанда, тұрғылықты халықтың өрісі тарылды.
Ен даланы еркін жайлап, ата қонысында алаңсыз күн кешіп жатқан халықтың ендігі жерде өзін-өзі сақтап қалуы және де ұлт ретінде аса маңызды моральдық құқықтары мен материалдық құндылықтарын қорғау үшін саяси тұрғыда күресу мәселесі туындады. Бұл орайда ұлт мүддесі үшін ұйыса білген қазақ зиялыларының бастамасы өз деңгейінде нәтижесін берді.
Тарихи деректерге зер салсақ, Бірінші жалпықазақ съезі 1917 жылдың 21-26 шілдесі аралығында Орынбор қаласында өтті. Оған Ақмола, Семей, Торғай, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан 20-дан астам адам қатысқан. Халел Досмұхамедұлының төрағалығымен өткен осы съезде сол кезеңдегі елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысты 14 мәселе қаралды. Олардың қатарында: мемлекеттік құрылыс, Қазақ автономиясы, жер мәселесі, халық милициясы, оқу, сот, дін мәселелері бар. Сондай-ақ, Бүкілресейлік құрылтай жиналысы, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі, Қазақ саяси партиясын құру төңірегіндегі мәселелер қаралып, нақты тұжырымдар айқындалды.
Осынау тарихи оқиғаның бел ортасында жүріп, ұлттық мүддені көздеген маңызды міндеттерді жүзеге асыруда алдыңғы саптан табылған жерлесіміз Серқұл Алдабергенов жайлы жалпы көпшіліктің біле бермейтіні рас. Елбасының тапсырмасымен дәл қазіргі таңда іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туған өлкеміздің тарихын танып, сол тарихтың түзілуіне себепкер болған тұлғалар жайын тереңірек білуді міндеттейді.
«Арыс» баспасынан Ғ.Әнес, С.Смағұлованың құрастыруымен 2009 жылы шыққан «Алаш. Алашорда» энциклопедиясында С.Алдабергеновтің өмірбаянының толық нұсқасы жазылған.
Алаш қозғалысының қайраткері Алдабергенов Серқұл 1883 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төменарық ауылдық округінде дүниеге келген. Жөлекті орыс-бұратана мектебінде, одан әрі 1893 жылы Ташкенттегі ер балаларға арналған сегізжылдық гимназияда білім алады. Мұнда оқи жүріп, «Суды пайдалану және жерді игеру» мамандығын игеріп шыққан ол туған жері Төменарыққа келіп, ел ісіне араласады. 1904-1912 жылдары Перовскіде уезд бастығының орынбасары, 1912 жылы Төменарық болысының басқарушысы болып сайланып, сол елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге белсене үлес қосады. Ташкентте М.Шоқай арқылы «Кеңес» үйірмесінің жұмысына қатысып, С.Өтегенов, Қ.Қожықов, С.Ақаев, А.Оразаев, С.Қожанов, т.б. ұлт зиялыларымен бірге саяси жұмыстарға араласады.
С.Алдабергенов 1917 жылдың 21-26 шілдесі күндері Орынборда өткен Бірінші Жалпықазақ съезіне Сырдария облысының атынан қатысқан болса, осы жылы 8-11 қазанда Түркістанда өткен Сырдария облысы мұсылмандар съезінде Құрылтай жиналысына баратын өкіл ретінде сайланған. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен Екінші Жалпықазақ съезіне Сырдария облысынан қатысқан. Одан кейін, 1918 жылы 5-9 қаңтарда Ташкентте өткен Сырдария облысы қазақтарының съезіне қатысып, территориялық тұтастыққа қол жеткізу идеясын көтерушілер арасында болды.
Кеңес Үкіметі орнағаннан кейін Перовск уездік атқару комитетіне мүше болып, жер бөлімін басқарады. 1930 жылдың басында ұлт зиялыларын террорлық жолмен қуғын-сүргінге ұшыратқан кезде Ташкент ерлер гимназиясында бірге оқыған Перовск уездік милиция бастығы Ж.Есеновтің көмегімен ату жазасынан аман қалып, ағайын-туыстарымен Қызылқұмға, одан әрі Өзбекстанға көшіп кеткен. Ал 1935 жылы 25 наурызда ЧЧХК-нің айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Одан кейінгі тағдыры белгісіз.
Жоғарыда айтылған деректерді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсынның «Алаш қозғалысының қайраткері» мақаласы толықтыра түседі. Онда былай дейді: «Тарихи әдебиеттерде Алаш партиясына мүше немесе оған тілектестікте болған 500-ден астам жеке тұлғалардың есімі белгілі. Бұл сан алдағы уақытта одан да ұлғаюы әбден мүмкін. Осы аталған әрбір тұлғаның өмірбаяны қалпына келтірілсе, Отан тарихының мазмұны бұрынғыдан да толыға түсер еді. Әзірге Алаш қайраткерлерінің басым бөлігінің тарихи өмірбаяны қалпына келтіріле қойған жоқ. Тарихшылардың назары ауа қоймаған сондай алашшыл тұлғалардың бірі – жерлесіміз Серқұл Алдабергенов. Түркістан уезінде туып-өсіп, Түркістан өлкесіндегі Алаш қозғалысына белсене араласқан Серқұлдың өмірі мен қызметінің өнегесін тірілту бүгінгі күнгі рухани жаңғыруға қызмет етеді.
Архив қорларынан қолға іліккен тапшы деректердің өзі Серқұлдың Алаш қозғалысының белсенді өкілі болғандығын айғақтайды. Оның қоғамдық-саяси қызметін ғылыми тұрғыда қалпына келтіруге септігі тиетін тарихи құжаттар Өзбекстан Республикасының архивтерінде және Қауіпсіздік комитетінің архивтерінде сақтаулы».
Иә, ұлт тарихынан ойып тұрып орын алатын Алаш қозғалысы көтерген ұлттық мүдде, елдік ұстаным мәселелері қай уақыт тұрғысынан қарасаңыз да мемлекет үшін маңызды болып қала бермек.
« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |