ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Сыр өңірі тарихында өткен ғасырдың елеулі тұлғаларының бірі ретінде қарашада 95 жылдығы атап өтілетін Қонысбек Қазантаевтың есімі ерекше аталады.

Облыстың қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің жеке тектік құжаттары қатарында «Аудандық партия комитетінің хатшылары» атты арнайы қор сақтаулы тұр. Оның №1 тізімдемесімен Қонысбек ағаның жеке тектік құжаттары қабылданды. Мектепте оқыған кезеңіндегі мақтау грамоталары, табелдері сақталғаны өз алдына, түрлі съездерде, конференцияларда, пленум актив  жиналыстарында шығып сөйлеген сөздері де бөлек-бөлек жинақталған. Өз қолымен жазған өмірбаяндары, мөлдірете жазылған жазу мәнері (почеркі) де ерекше. Адамдардың жазу мәнері арқылы қасиеттерін бағалап жатады. Ол кісінің жазуын көргендер аса бір талант иесі немесе көркем өнерге қатысы бар жан деп қалар еді.

Архив қорында сақтаулы тұрған жеке тектік құжаттарын қарап отырсақ, латын алфавитімен толтырылған кластан-класқа көшу куәліктері, 1941-1942 жылдардағы Қазалы педучилещесінің білімі туралы куәліктері мен мақтау қағаздары – дүрбелеңі көп қиын кезеңдегі баланың алдыңғы сапта, озаттар қатарында болғанының дәлелі.

Қармақшы аудандық атқару комитетінің жалпы меңгерушісі қызметінде аз ғана уақыт қызмет істеген 19 жастағы жігіт 1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Солтүстік батыс, Калинин, 2-ші Балтық жағалауы майдандарында болып, қатардағы қызыл жауынгерден бөлімше командиріне дейін шыңдалып, 1945 жылдың желтоқсанында елге оралады.

Өмір мен өлім беттескен сұрапыл майдан мектебінен өткен жауапкершілігі жоғары солдат өмірге де қызу араласты. 1946-1948 жылдары Қармақшы аудандық атқару комитетінің хатшысы, 1948-1950 жылдары республиканың жоғары партия мектебінде оқып, өмірінің соңына дейін осы салада қызмет етіп, облыстың Қармақшы, Шиелі, Сырдария,  Тереңөзек, Жалағаш аудандарында партия, кеңес органдарында басшылық қызмет атқарып, ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігінің арқасында абырой мен құрметке бөлене отырып, сол аудандардың қоғамдық-саяси, мәдени, шаруашылық салаларының өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірді.

Қор коллекциясында сақталған әрбір құжат, мейлі ол куәлік, мандат, өмірбаян, сурет болсын, облыс тарихындағы елеулі оқиғалардан сыр шерткендей, сол кезеңнің қарбалас та қызу сәттерін еске түсіреді. Тарихи құжаттармен қатар эпистолярлық жанрдағы мына хаттар да тұлғаның республикаға танымал ғылым және өнер қайраткерлерімен тығыз байланыста болғанын көрсетеді. Қазақстанның халық ақыны Әбділда Тәжібаев пен ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтар да ел ағасы әрі ниеттес, парасатты інілеріне тілектестіктерін білдірген хаттарын жолдаған. Әдебиет пен өнер қайраткерлерін ел иесі ретінде күтіп, бірге түскен суреттер де жетерлік. Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Сырдың ерке қызы Роза Бағылановалармен бірге түскен суреттерінен өзге, «Жалағаш ауданындағы күрішшінің бір күні» атты фотоальбом, еңбек адамдарын құрметтеуге, марапаттауға арналған суреттер бірлігі мен татулығы жарасқан, еңбек пен өнер құрметтелген күндерден сыр шертеді.

Ғибратты ғұмыр кешкен аяулы жанның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы марапаттарынан өзге 1958 жылы «Құрмет белгісі»,орденімен 3 рет «Ленин орденімен» (1966, 1973,1976), 1971 жылы «Еңбек Қызыл Ту» , 1981 жылы Октябрь революциясы ордендерімен марапатталған.

2002 жылы 6 желтоқсанда Қызылорда қаласы әкімінің №2740 шешімімен бұрынғы Алтын Орда көшесіне Қ.Қазантаевтың есімі берілді.

Мәңгілік өлмеудің жалғыз жолы халыққа қызмет ету екенін дәлелдеген қайраткер тұлғаның ғибратты ғұмыры ұрпаққа үлгі бола бермек.


А.ҰЗАҚБАЕВА,

облыстың қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің қызметкері 

Тарих 23 қараша 2018 г. 5 511 0