« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр.
Жаңақорған тарихы киелі Қаратау өңірінің сонау көне замандардан бастап, Ұлы Далаға кең тараған көшпелілер өркениетінің ошағы болғандығын көрсетеді. Көнеден жеткен ескерткіштердің құндылығына сай баға беріп, «Қаратау – адамзаттың тас бесігі» деген тұжырым тарих ғылымында нық орныққан. Оған таудағы петроглифтер дәлел. Бүгінде әртүрлі тәсілдермен салынған жануар мен адамдар бейнесіндегі таңбаларды Қаратаудан көптеп табуға болады.
Бұл далада Орта Азия мен Қазақстанды қоныс еткен сақтардың мәдениеті қалған. Жаңақорған кентінің оңтүстік-шығысындағы көне Сақ дәуіріне жататын қорымдар соны айғақтайды. Кент аумағындағы 18 сақ обасы 45 жыл бұрын космостан түсірілген сурет арқылы белгілі болды. ХХ ғасырдың 80 жылдардың басында аудан басшылығы арнайы қорғау аймағы ретінде белгіледі. Қорымдарға зерттеу жұмыстарын жүргізген Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің жанынан ашылған «Archeo-service» ЖШС оның мерзімін б.з.д. 1-мыңжылдықтың орта шеніне жатқызыпты.
Одан кейінгі дәуірлерде де тіршілік үзілмей, өркениеттің өзегіне айналды. Сыр бойын қара шаңырақ деуі де содан. Ғұндар мен қаңлылар, оғыздар мен қыпшақтар құрған мемлекеттің құтты қонысына айналды.
Жаңақорған тоғыз жолдың торабына орналасқандықтан да ру-тайпалардың көші-қон үдерістері мен елдік жолындағы шиеліністі оқиғалар өрбіді. Содан болса керек-ті, Дешті-Қыпшақ пен Ақ Орданың, Қазақ хандығы кезеңіндегі аңыз-әңгімелер мен жырлар, жер-су атаулары атадан балаға беріліп келді.
Ынтымақ пен ырыс, береке мен бірлік дәуірлеген замандарда ондаған гүлденген қалалар болды. Бүгінде Сыр бойында сыры ашылмай, құмға көмілген қалалар мен қорғандар содан хабар беретіндей. Көнекөз қариялардың айтуынша, Сайраннан шыққан лақ үйлердің шатырынан-шатырына секіріп Сығанақтан түседі екен. Расында, Сыр бойындағы Өзгент, Ордакент, Аққорған, Келінтөбе, Балапантөбе, Мейрамтөбе, Тақиятөбе, Аркөк, Асанас, Баршынкент, Құмиян және т.б аты белгілі ескі орындар осы ойға еріксіз жетелейді.
Өңірде қазақ халқының басын құраған Ақ Орданың астанасы Сығанақпен мақтанамыз. Онда Орыс, Тоқтамыс, Әбілқайыр, Қасым хан билік құрды. Жаңақорған даласы – Қазақ хандығының құрылуы және қалыптасу кезеңіндегі тағдыршешті тарихи оқиғаларға да куә болды.
Жалпы, қазақ даласына ислам өркениетін әкелген Әбді-Жәлил баптың жамбасы тиді. Хусамиддин Сығанақи, Қылышты ата мен Төлегетай, Қылауыз, Айқожа ишан мәңгілік мекен тапты.
Оразкүл Жүсіпова.
Жаңақорған ауданы.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |