Сығанақ

Ежелгі Сыр бойын жағалай орналасқан ірі қалалардың бірі – Сығанақ қаласының 2000 жылдық тарихы бар. Біздің за­манымызға дейінгі VIII-IХ ға­сырларда Сыр бойында сақ деп аталған тайпалар өмір сүрді. Қаратау өңірінде қоныстанған, Сақ тайпалары біздің жыл са­науымызға дейінгі VII ғасырдан бастап біздің дәуіріміздің ІІ ға­сырына дейін өмір сүрген. Кейіннен басқа тайпалармен араласып, соларға сіңісіп кетеді. Саяси іргесі мықты ғұн мемлекеті болды. Билік күшті ру-тайпа басшыларының қолына тапсырылды. Олар жайылымдық жерлерді де өз қолында ұстады. Мұндай басқару жүйесімен ғұн империясы ұзақ уақыт өмір сүрді.


Ғұндар Қазақстан тарихында өшпес із қалдырды. Олар үйсін, қаң­лы, алаңдармен араласып кет­ті. Оғыз, қыпшақ, қарлық тай­паларының құрамына енді. Ғұн­дарды түрік халықтары қа­лып­тасуының мәйегі деп бекер айт­паған. Еділден бастаған қалың ғұн қолының Дунайға дейін жетіп, та­рихта үлкен із қалдырғаны мәлім.

VI ғасырдан бері қарай қазақ жерінде үлкен өзгерістер бола бастады. Орта Азия мен Қазақстан аумағында көптеген түркі тілдес ру-тайпаларын қамтитын Түркі қағанаты құрылды. Түркі қағанаты Батыс және Шығыс болып екіге бөлінген кезде, қазақ жерінің оңтүстік бөлігі Батыс түрік қағанатына қарағаны сөзсіз. Түріктер аз арада бүкіл азиялық ұлы даланы қамтып жат­қан күшті мемлекетке айналды. Оны көршілері Қытай, Византия, Иран мемлекеттері мойындап, өздерінің елшілерін жібереді. Түріктер тек саяси ғана емес, экономикалық үстемдікке де ие болды. Батыс пен Шығысты жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолы түріктердің қолына тиеді.

Орта Азия мен оңтүстік және оңтүстік шығыс аудандары Батыс түрік қағандығының қарамағында болды. VI-VII ғасырларда бұл қаға­наттың құрамына кірген қар­лұқтар Жоңғар Алатауынан Сырдарияның орта және төменгі ағысына дейінгі аймақты қоныстанды. Қарлұқтардың көп­теген тайпалары Испиджаб (Сайрам), Шаш (Ташкент), Фараб (Отырар) және басқа Сырдария қалаларының төңірегіне шоғырланған болатын.

Қарлұқ қағандығының үстінен өтетін ежелгі Ұлы Жібек жолы Испиджабтан шығып, Шауғар, Иассы (Түркістан), Сауран, Сығанақ қалалары арқылы Иассыны (Сырдарияны) бойлап Жанкент қаласына дейін баратын.  Ислам дін уағыздаушы арабтар қарлұқ қағандығы 775-875 жылдарда ислам дінін қабылдап, оның билеуші ақсүйектері арасында мұсылманшылық терең тамыр жая бастады. Қарлұқ қағандығына қарасты қалалар ислам дінінің енуіне байланысты түркі жазуы және соғды жазуы ығыстырылып, араб әліппесі негізінде жаңа түркі жазуы қалыптасты. Қалаларда мешіт медреселер ашылды. Бұл кезеңде араб үстемдігі тек Сыр өңірінде ғана жүрді. Арабтардың келуі түркі тайпаларының, қарлұқ­тардың, оғыздардың, қимақ­тардың топталуына әсерін тигізді. Араб үстемдігі кезінде Испиджап, Шаш, Отырар, Иассы, Сығанақ және басқа қалалар ислам дінінің ірі орталықтарына айналды. Бұларда әл-Хорезми, әл-Фарабп, әл-Бируни, Әбу Әли ибин Сина және басқа көптеген ғалымдар тұрып еңбек етті. Ислам дінін қабылдаған халықтарға ортақ араб-мұсылман мәдениеті қалыптасты. Мұсылмандар жергілікті жердегі басқа діндердің шіркеуін жауып, оларды мешітке айналдырды, атақты адамдарына кесене тұрғыза бастады.

Сырдарияның орта және төменгі ағысын, Қаратаудың өңі­рін оғыздар жайлап, феодал­дық Оғыз мемлекет (ІХ-ХІ ғ.ғ.) пайда болды. Оғыз мемлекеті бірнеше тайпалардан тұрды. Қаратау баурайы мен Сыр бойын мекендеген оғыздар жартылай көшпелі және отырықшы мал шаруашылығымен айналыс­ты. Сыр оғыздарының басты қа­лалары – Отырар, Сауран, Иассы, Сығанақ, Үзкент, Жент, Бар­шынкент, Құмкент, Жанкент болды. ХІ ғасырдың екінші жартысынан күшейе бастаған қыпшақтар оғыздарды Сыр бойынан ығыстыра бастады. Қып­шақтардың қысымына шы­дамаған оғыздардың бір бөлігі Еуропаға, екінші бөлігі Азияны өрлеп жылжыса, қалғаны қыпшақтарға сіңісіп кетті.

XІ ғасыр 2-ширегінде қыпшақ­тардың әскери-тайпалық шонжарлары Сырдарияның төменгі және орта аңғарынан, Арал өңірі мен Каспий төңірегі далаларынан оғыз жабғуларын ығыстыра бастады. Аймақтағы этникалық-саяси ахуалдың өзгеруіне сәйкес «Оғыздар даласының» Дешті Қыпшақ аты пайда болды. Қыпшақ хандығы көне түрік дәстүрлерін сақтап, екі қанатқа бөлінді. Оң қанат қосыны Жайық өзені бойында, Сарайшық қаласының орнында, сол қанат — қосынымен Сығанақ қаласында тұрған. Қыпшақ қоғамында негізгі байлық жылқы болған.

ХІ-ХІІ ғасырларда Қыпшақ мем­лекеті дәуірлей бастады. Қып­шақтар Орал тауының қырат­тарынан Арал теңізіне дейін, Орталық және Шығыс Қазақстан, Жетісу өңірлеріндегі ұлан-ғайыр алқапты алып жатты. Шығыс Қыпшақ мемлекетінің астанасы Сығанақ қаласы болды. Сыр бойындағы қалалар мен елді мекендердің өсіп-өркен­деуіне, мәдениетінің дамуына ежелгі дәуір мен орта ғасырларда Шығыс пен Батысты байланыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының маңызы айрықша еді.

«Орта ғасырдағы Сығанақтың саяси тіршілігін, мәдениетін, ұлан-байтақ базарын, қала құрылысын, үйлерін, толығырақ жазған ғалымдар Шараффуддин Иазди, Фазулулла Ибн Рузбихан, – деп жазады академик Әлкей Марғұлан. – Бұлардың баяндауынша, Сығанақ қыр даланың іргесінде әдемілеп салынған шаһар. Ескі дәуірлерде ол өте гүлденіп тұрған үлкен қаланың бірі болған. Бұл өлкенің жер байлығы елінің әдеп, мәдениеті көзге ерекше түскен. Сәулетті салынған шаһардың халқы да көп болған. Қаланың базарында күн сайын 500 түйеге артылған тауар сатылып отырған. Оның маңайы толған егіндік, бақша, арық, тоған еді. Бұл қалаға Арқадан (Дешті Қыпшақ), Хажы – Тархан (Астрахань) жағынан қаншама бай дүние келетін, олардың ішінде мыңдаған қой, топталған жылқы, түйе, қымбат ішіктер, тондар, қару-жарақ, қайыңның безінен жасалған жебелер, жібек маталар болатын.

ХІІІ ғасырдың басында Шыңғыс­хан бастаған моңғолдардың дү­лей шабуылы басталды. Шың­ғысханның Орта Азияға бара­тын жолында жатқан Сырдария бойындағы қалалары мен халықтары бұл шабуылдың алғашқы құрбаны болды. Моңғол әскерлері отпен өртеп, қылышпен қырып, өзіне жол ашып отырды. Араб және парсы деректемелері түрлі елдердің халқын моңғолдар түгелдей дерлік қырып тастаған отызға тарта қалаларының атын келтіреді. Солардың ішінде Отырар, Сауран, Сығанақ, Баршынкент, Ашнас, Жент, Жанкент қалалары айтылады.

1219 жылы Отырар маңынан шыққан Жо­шы­ның қолы Сығанақ шаһарына келіп, оны қоршайды. Өзінің қол астындағы мұсылман саудагері Хасан қожаны жібе­ріп, қала тұрғындарынан қарсы­лық­сыз берілуді талап етеді. Сығанақтықтар Жошының өкілін моңғолдарға сатылғаны үшін жаза­лап өлтіріп, олар қаланы қор­ғауға кірісті. Шайқас бір апта күні-түні үздіксіз жүрді. Жошы қаланы әскер күшінің басымдылығын пайдаланып, басып алды. Он мың қала тұрғынын қойша қырып, Хасан қожаның баласын әкім етіп тағайындайды. Сөйтіп Сыр бойындағы тағы бір ірі қорған-қала моңғолдар қолына көшті.

ХІІІ ғасырдың ортасына қарай тіршілік қайта жанданды. Сырдария бойы мен Арал өңірі Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының үлесіне тиді. Бұл өңірдің бұдан былайғы тарихы осы Жошы ұрпақтарымен байланысты болды. Жошы хан қайтыс болғанан кейін оның орнына Батый хан отырды. Батый хан әкесінен қалған мұраны кеңейту мақсатында қалың қолды бастап Жайық өзенінен өтіп, Шығыс Еуропаны жаулап алып, Еділ жағасына қайта оралды. Орта Азия түріктері және Шығыс Еуропадағы славян халықтарынан құралған Еуразиялық тұңғыш бірлестік – Алтын Орда мемлекеті дүниеге келеді.

ХІІІ-ХІV ғасырларда Алтын Орда мемлекеті күшейіп, оның беделі көрші елдер мен жер жүзіне белгілі болды. Алтын Орда мемлекеті енді қалаларды қиратушы емес, қайта оларды қалпына келтіруші, гүл­ден­діруші болды. Сығанақ қала­сы­ның шаруашылығы мен мә­дениеті шарықтап дами бастады. Орта Азиядағы ірі қалалар ара­сындағы керуен жолында орналасқандықтан, оларда сауда-саттық өрістеді. Алтын Ор­даның билеушілері көшпелілер мен отырықшы халықтың эко­но­микалық байланыстарын қал­пына келтіруге ұмтылып, Сығанақ қаласын өзінің астанасы етті.

Жошы ханнан тараған ұрпақтары, Эрзен хан тұсында Сығанақта Алтын Орда хандарының атында күмістен ақша құю жолға қойылды. Эрзен ханның ұлы Мүбәрәк Қожаның есімі көрсетілген (1320-1344), хиджра бойынша 768 жылы Сығанақтан соғылған 5 тиын Петербургтағы Эрмитажда сақтаулы. Ол кезде хандарының атынан ақша соғу  биліктің дербестігін көрсетеді. Сығанақта көптеген құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Қала гүлденеді. Сыр бойындағы қалалармен байланыс жасады. Эрзен хан 25 жыл билік құрып 1344-1345 жылы дүние салып Сығанақта жерленді. Осыдан бастап Сығанақ Жошы хан – Орда Эрзен әулетінен тараған Алтын Ордалық ақсүйектерін жерлейтін ата қорыққа айналды.

XIII-XVI ғасырлардағы Сыға­нақ қаласы ірі сауда орталығы ретінде халықаралық және жергілікті маңызы зор болды. Қалаға Мауереннахрдан, Қаш­қардан, Түркістан, тағы сол сияқты қалалардан сауда керуендері келіп тұрғандықтан, мұнда тұрмыс қажеттіліктеріне керекті заттар әкелінді. XIV-XVI ғасырларда Сығанақ қаласы Түркістан қала­лары ішінде саяси-әкімшілік, сауда айырбас орталықтары ретінде ең ірі қалалардың бірі болып саналды.

Сонымен қатар, Сығанақ мал шаруашылығы өнімдерін өткізуге, өз кезегінде өздерінің де қолөнер мен егіншілік өнім­деріне деген сұранумен қана­ғат­тандыруға ұмтылуы мал шаруа­шылық аудандарының оты­рық­шы-егіншілікті аудандар­мен экономикалық байланыстарын берік орнықтырып, қала мәдениеті мен егіншіліктің жандануына алып келді. Алтын Орда билеушілері Эрзен хан, Мүбәрәк хан, Орыс хан (1361-1378), Барақ хандар мемлекеттің оңтүстігінде егіншілік шаруашылығының ошақ­тары мен қалаларды қал­пына келтіруге тырысты, сауда керуен­дерін ұйымдастырып, қала­ларды Темір ұрпақтары мен шағатайлықтардан тәуелсіз етуге күш салды. Әсіресе, Орыс ханның тұсында қайта тұрғызылғаннан кейін Сығанақ ХІV-ХV ғасырларда бекіністі қалаға, ірі сауда мен қолөнер орталығына айналып, Шығыс Дешті Қыпшақтың аума­ғында мемлекеттің мәдени-эко­номикалық және саяси өмірінде өз маңызын қалпына келтірді. ХVІ ғасырдың басында Сығанаққа жолы түсіп, қаланы өз көзімен көрген Фазлалақ ибн Рузбилхан Исфаханидің айтуына қарағанда, «ертеде бұл тұрғындары көп, көрікті қала болыпты… қалада тыныштық орнап, барлық қажетті игіліктер өндірілген». Қала мен оның төңірегіндегі қыстақтардың халқы суармалы егіншілікпен айналысты; жақын маңайдағы суармалы және телімді жерлер одан алысырақ орналастырылды. Фазлалақ ибн Рузбилхан Исфахани: «Өңірдегі егістікті суландыратын қалалардың… бәрі Сейхун өзенінен таралатын еді», -деп жазды. Солардың бірі – ежелден келе жатқан негізгі канал Төменарық каналы сумен жабдықтап қана қоймай, төңіректегі аумағы едәуір жерді суландырып отырды. Бозғылұзақ деген басқа канал да болды, ол Сырдария тасыған кезде жайылған сумен толатын өзі аттас көлден бас алып, қалаға су әкелетін еді. Хижыраның 803/1400-01 жылы Әмір Темірдің жазған сый грамотасында әлгі екі каналдың аты аталады. Каналдар қала төңірегіне келгенде өңделген жер учаскелерін суландыратын сансыз көп ұсақ арықтарға тарамданып кететін еді. Қаланың солтүстік-батысы мен солтүстігінде жатқан жер Қаратаудан ағып шығып, реттеліп отыратын шағын тау өзендерінен бас алатын арықтармен суландырылатыны белгілі. Сол кездегі вақф грамоталарында тіпті ХІV ғасырға жататын су көздерінің аттары кездеседі.

«Орыс хан Ақ Орданы түбегейлі дербес мемлекетке айналдырды». Орыс хан Сығанақта хансарайын салдырды, ханның атында ақша соғылды. Қазақтың алғашқы қарулы қолы «Алаш мыңдығын» жасақтап, ақ қара ала ту алып жауға шапты. Ақ Орданың астанасы ретінде Сығанақтың нағыз шарықтап өскен кезеңі Орыс ханның тұсы. Орыс ханның атында ақша соғылды. Орыс ханның елі тарихи әдебиетте «Алаш елі» атанды. Ш.Уәлиханов және А.И.Левшиндер Орыс ханды «Алаш хан» деп атап, оны қазақ хандарының атасы деп тануы тегіннен тегін емес. Қазақ түсінігінде «Алаш» ұғымы «қазақ» атауының баламасы болып табылады.

Сығанақ жайлы аса құнды дерек қалдырған авторлардың бірі – Мұхаммед Шайбани ханның жылнамашысы Фазлалах ибн-Рузбихан Исфахани. Ол өзінің «Михман-наме Бұқар» («Бұқара қонағының жазбалары») атты еңбегінде «Дешті Қыпшақты жер жұмағы» деп атап, Сығанақтың орналасу жайы аса қолайлы, ол Дешті Қыпшақтың шекарасы, Түркістанның орталық шебі, онда «күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып кешке қарай одан түйір де қалмайтын» деп жазған еді. Дештінің атақты хандарының мәйіті міндетті түрде Сығанаққа жерленіп қабірінің үстіне кесене (мавзолей) тұрғызылатыны туралы деректі жазып қалдырған да осы Рузбихан.

Хорезм тағына Ақсақ Темір отырған кезі еді. Ол Дешті Қыпшақ жерін өз қарамағына алуды армандады. Осы ойда жүргенде Орыс ханның қаһарынан қаймығып, Хорезмге Тоқтамыс қашып келген болатын. Ақсақ Темір енді өз ойын іске асыру үшін Тоқтамысты пайдаланбақ болады. Сөйтіп, оған көп әскер жинап беріп, Орыс ханға айдап салады. Бірақ Тоқтамыс Орыс ханнан екі рет оңбай жеңіледі. Үшінші жорықты Ақсақ Темірдің өзі бастайды. Осы кезде Орыс хан қайтыс болады. Ақсақ Темір Сығанақты алып, Тоқтамысты хан етіп отырғызады. Тоқтамыс енді Ақсақ Темірдің қарамағынан құтылғысы келіп, соның әскеріне қарсы жорыққа шығады. Бірақ Тоқтамыс үш жорықта да (1389, 1391 және 1395 ж.) Ақсақ Темірден тас-талқан жеңіліп, ең соңында Тоқтамыс Сібірге қашады. Бірақ Сібір ханы Шәдібек Тоқтамыстың Алтын Орданы билеп тұрған кезінде оған қайта-қайта шабуылдап көрсеткен қорлығы үшін Тоқтамыстың соңына шырақ алып түседі. Тоқтамыс енді өзінің қасына ерген қырық нөкерімен өзі кезінде хандық құрған Сығанақты айналып, Қаратауға қарай қашады. Осы жердегі бір жайлауда паналап жатқан жерінде бір түнде соңына түскен қуғыншылар Тоқтамыстың басын кесіп алып Шәдібекке алып барады. Тоқтамыстың бассыз қалған денесін және өлтірілген қырық нөкерін жергілікті халық жерлейді. Бұл 1406 жыл еді. Бұл жер содан бастап Тоқтамыс деп атап кетеді. Тоқтамыстың денесі жатқан мола және оны айналдыра көмген қырық нөкерінің төмпешіктерінің орны әліге дейін белгілі болып жатыр. Сөйтіп, Ақсақ Темірдің қанды жортуылдары Сығанақ қаласының шаңырағын шайқалтып, Ақ Орданы қиратып кетеді. Ақсақ Темір 1405 жылы қайтыс болғаннан кейін, әлсіреп қалған Ақ Орда қайтадан бой көтереді.

ХV ғасырдың басына дейін Ұлықбек Сығанақты уақытша иеленді. Орыс ханның ұрпағы Барақ хан мен Әмір Темірдің ұрпағы Ұлықбек арасындағы талас-тартыстың көзі болған. Барақ хан өзінің Ұлықбекке жолдаған хатында «Менің атам Орыс хан Сығанақта тұрып, онда құрылыс орындарын салғандықтан, Сығанақ жайылымдары заң бойынша да, әдеттік бойынша да маған тиісті» деп оны қайтаруға барынша тырысты. Орыс ханның немересі Барақ хан 1423-1428 жылдары Ақ Орданы қалпына келтіре бастайды. Бірақ ол көп ұзамай қайтыс болады. Ақ Орданың билігі енді Жошы ханның бесінші ұлы Шайбанның ұрпағы Әбілхайыр хан Сығанақты 1446 жылы басып алады. Іс жүзінде Ақ Орда өмір сүруін тоқтатып, оның орнына Әбілхайыр хандығы немесе Көшпелі өзбек мемлекеті пайда болады. Сөйтіп, ол астананы үшінші рет, бұл жолы «Дешті Қыпшақ айлағы» саналатын Ақ Орданың бұрынғы астанасы Сығанақ қаласына көшіреді. Әбілхайыр хан мемлекетінің құрамына өз кезінде бұрынғы қағанаттар мен хандықтардың құрамында болған, кейіннен қазақ және өзбек халықтарын құраған көптеген тайпалар енеді.

1449 жылы Әбілхайыр хан Самарқанд қаласын басып алғаннан кейін, Ақсақ Темірдің немересі, атақты ғалым – Самарқандты билеген Ұлықбектің Жошы тұқымынан алған Шаһарбек атты бәйбішесінен туған он бес жасар қызы Рабиу-Сұлтан-Бегімді өзінің төртінші әйелі етіп алып қайтады. Бұл жеті жасынан медреседе оқып, парсы, араб, түрік тілін білген сұлу қызды Самарқанд бекзадалары тарту-таралғымен ақ пілді бас етіп, асыл қазына жасаумен қырық құл, қырық күнді қосып беріп ырғалтып-жырғалтып Сығанақ қаласына шығарып салады. Бұл кезде Әбілхайыр хан 40 жаста еді.

Бірақ Орыс ханның ұрпақтары Әбілқайыр билігін мойындамады. 1456 жылы Әбілқайыр мен қалмақ Енге – төре арасында Сығанақ үшін болған ұлы шайқаста Әбілқайыр жеңіліс тапты. Әбілхайыр ханның озбыр саясатына налыған Барақ ханның ұрпақтары, ағайынды Керей мен Жәнібек бастаған көшпелі өзбек мемлекетінен бөлініп шығып, Моғолстан ханы Есен Бұға мемлекетінің батыс шекараларындағы Шу мен Талас өзендерінің арасындағы Қозыбас жерінде Қазақ хандығының негізін салады. Халықтың үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465 – 1466) билей бастады…». Бұл оқиғаны «Қазақстан аумағындағы ежелгі замандардан бері үздіксіз жалғасып келе жатқан этникалық, саяси, экономикалық, мәдени, рухани, мемлекеттілік дамулардың заңды қорытындысы және ХV ғасырдың бірінші жартысында Қазақстан мен оған іргелес орналасқан аумақтардағы мемлекеттердің ішкі, сыртқы саяси дамулардың заңды нәтижесі» деп түсіндіруге болады.

Бұлардың Әбілхайыр ханмен арасындағы жауластығы күшейе түседі. Әбілхайыр хан Моғолстанды алам деп аттанып кеткенде, Жәнібек хан Шиелі жақтан келіп Сығанақты басып алады. Әбілхайыр хан дүние салады да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалады. Ірі-ірі шиленістер басталады. Жәнібек хан Ордасын Сығанаққа көшіріп, билікті Бұрындыққа береді. Сөйтіп, қазақ хандығының тұңғыш астанасы Сығанақ қаласы (1468 ж.) болады. Бірақ көп ұзамай хан Ордасын Жайық бойындағы Сарай-Берекеге көшіреді де, Сығанақ қаласы Бұрындыққа, Сауран қаласын үлкен ұлы Жиреншеге қалдырып кетеді.

Алайда Сырдария жағасын­да­ғы қалалар үшін Әбілхайырдың не­мересі Мұхаммед Шайбани хан­мен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылады. Сонымен қатар, бұл қалаларды Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әуле­тінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс те қолдарына түсіруге дәмелі болды.

Сыр бойы қалалары үшін Қазақ хандары өте қажырлы қайрат жұмсады. Ең алғаш Қазақ хандығының құрамына қосылған Сырдария жағасындағы – Сығанақ, Сауран және Созақ қалалары болды. ХV ғасырдың ақырында Отырар, Яссы, Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады да, Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі қазақ хандығының иелігінде қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы үшін «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман туды. Ол Қазақ хандығының астанасы етіп экономикалық маңызы жоғары Сығанақ қаласын сайлайды (одан кейін Есім ханның тұсында Түркістанға көшірілді).

Оның Дешті Қыпшақ территориясында сауда орыны ретіндегі маңызын Рузбихан былай суреттейді: «Дешті Қыпшақтың Еділ өзені шегіне дейінгі иеліктері мен жергілікті көпестері… Сығанақ қаласын өздерінің жиналатын орны істеді және сауда тауарларын әкелді. Түркістан, Мәуреннахр аймақтарының және Шығыстан Қашқар, Хотан шегіне дейінгі жерлердің көпестері Сығанаққа осы елдердің тауарларын әкеліп, сауда мәмілелерімен айырбас жасайды. Бұл сауда мәмілелері Сығанақта жасалатын болғандықтан, бұл иелік әрқашанда елдерден көпестер келіп тұратын орын болып табылады және онда барлық елдердің байлығы мен тауарлары мол» оларға: «бұлғын мен тиын терісінен тігілген тондар, мықты садақтар мен ақ қайыңнан жасалған жебелер, жібек маталар мен басқа да қымбат бағалы бұйымдар».

Қазақ жүздері Қасым (1511-1518) ханның тұсында өзінің территориялық иелігін айтарлықтай кеңейткеннен кейін, Хақназар хандық құрған (1538-1580 ж.ж.) кезеңінде Қазақ хандығы нығаяды. Хиуа, Ташкент, тағы басқа қалаларды бағындырады, Сығанақ өркендейді. Сол кезеңде осы Сығанақ өңірінде өмір сүрген Қожаберді батыр Бұхараны аларда өзінің ерлігімен Хақназар ханның көзіне түседі. Хақназар хан ересен ерлігі үшін Қожаберді батырға өзінің болат семсерін сыйға тартқан. Бұл өңірде елін, жерін қорғаған ерлер аз болмаған.

Сыр өңірі және оның бойындағы қалалар Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі алғашқы екі ғасырға жуық уақытта гүлденіп, көркейе түседі. Бұл үрдісті тек 1635 жылы Батыс Моңғолияда ойрат тайпаларынан құралған Жоңғар хандығы бәсеңдетті. Осыған дейін Қазақ хандығын мазаламаған моңғолдың шорос, хошоут, дурвэд, хойттар тайпаларының бірлескен қолы Есім (1598-1628) ханның билігінің тұсында шабуылын күшейтеді. Ал Жәңгір хан (1628-1652) болса, халқын солардан азат ету жолында өмірін құрбан етеді. Қазақ хандығының бұдан кейінгі билеушілерінің жүргізген саясаты ойраттардың шабуылынан құтылуға бағытталды. Алайда ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында қазақтар «ақтабан шұбырынды» қасіретіне ұшырайды. Қазақ халқы аштықтан қаңғып, босып кетеді. Жоңғар шапқыншылығы өңірдің қала мәдениетіне зор зиянын тигізеді. Археологиялық қазба жұмыстарының мәліметтері бойынша дәл осы уақытта Сығанақ сияқты атақты қалалар қирап, өмір сүруін тоқтатады.

Ғұлама ғалым Жамал Қараши кезінде «Шайқы баба Сығанақимен кездесіп, ол жайлы: «Шайқылардың шайқысы, хұқық ілімі бойынша кемеңгер ғалым, әуелде Әл-Хорезми, соңынан Сығанақи атанған, түркілер елінде Шайқы баба деген атпен де белгілі болған кісіні таптым. Онымен сұхбаттастым. Оның ерік-жігерінің мығымдылығы мені таңқалдырды» деп жазады. Сондай-ақ Сығанақ қаласынан шыққан Һисамиддин Сығанақи, Дәруіш Әли ас-Сығанақи, Хусам ад-Дин ас-Сығанақи, Молла имам ас-Сығанақи, Камал ад-Дин ас-Сығанақи, Шайдай шайқы Сығанақи сияқты біртуар ұлдар кезінде Сыр бойының мақтанышына айналды.

ХІV ғасырда түркі тілінде жазылған «Хұсрау уа Шырын» («Хұсрау мен Шырын») дастанының  авторы Құтба деп есептеледі. Құтба Низамидің парсы тілінде жазылған осы аттас шығармасын өзінше қайта жырлап, жаңа нұсқасын жасаған. Әзербайжанның ұлы ақыны Низами «Хұсрау уа Шырын» Арыстан шахты мақтаса, ал Құтба бұл шығармада Алтын Орда ханы Өзбек ханның (1312-1342) баласы Тыныбек пен оның әйелі Мәликені мақтайды. Ал Тыныбектің бұл кезде Ақ Орданың ханы болып, Сыр бойындағы Сығанақ қаласында билік құрып тұрған кезі екен. Дастанның негізгі сюжеті Шырын мен Хұсраудың адал махаббатын үлгі ете отырып, Құтба өзінше Тыныбек пен Мәликенің арасындағы оқиғаларды қосып, олардың да махаббаттарын мақтайды. Демек, Құтбаның «Хұсырау уа Шырын» дастаны Сығанақта жазылған шығарма екендігінде дау жоқ. Бұл дастанның қыпшақ Берке Факих көшірген жалғыз ғана қолжазбасы Париждің кітапханасында сақтаулы екен. Оны поляк ғалымы А.З.Чуковский Варшавада бастырады. Кейін 1958-1969 ж.ж. Қазанда, 1946 жылы Ташкентте, 1974 жылы Алматыда басылып, зерттеулер жүргізіле бастайды.

Академик В.В.Бартольд 1902 жылы Орта Азияға келген ғылыми сапарында Ташкенттегі архив материалдарынан Сығанақ қаласына байланысты 4 хан жарлығын (грамота) тауып алады. Бұл табылған бірінші, екінші және төртінші құжаттар – түрік тілінде, ал үшінші құжат парсы тілінде жазылған. Бұл құжаттардың орыс тіліндегі аудармасы 1969 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы шығарған «Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVІІІ веков» деген томдыққа (313-319 беттер) енгізілген. Грамотаны – нышан деп алатын болсақ, ал бұл Нышан – хан жарлығы болып табылады. Бұл нышанның ең көнесі – бірінші нышан – 803 Хижра жылы (1400-1401 ж.ж.) жазылған Әмір Темірдің жарлығы. Мұнда шариаттың білгірі Саражиддинді Сығанақ уәлаятына шәйх әл-ислам етіп тағайындау және оған Ордакент, Қызылтал, Тұман, Бұзғыл-өзек арықтары бойынан бір-бір учас­ке жер бөліп, оны алым-салықтан біржола босату туралы айтылған.

Екінші нышан Хижыраның 950 жылы (1543-1544 ж.ж.) Абуар-Рахим хан атынан жазыл­ған. Мұнда Сиратшәйх – накибты қазы етіп тағайын­дап, оның хұқықтарын белгілеп, оған Қызылтал арығы бойынан бір учаске жер беріліп және оны алым-салықтан босату туралы жазылған.

Үшінші нышан Хижыраның 1006 жылы (1598 ж) Абдолла ханның атынан жазылған. Мұнда шариатты терең білуімен айрықша көзге түскен Мәулен Камал ал-дин шәйхтың өзіне қарасты арықтарға көшпенділердің зиян келтіріп жатқандығы жайлы шағым түсіргендігін айтады. Осыған байланысты хан жарлығында Тоқтамыс, Қанаш бұлақтары, Келте-Шалғая, Қызылтал, Арыстанды, Жөлек, Мыңбұлақ арықтары Сығанақ тұрғындарының мүлкі деп есептеледі. Ал Хисарғұқ бұлағы ғұлама Абу-л-Хасан зийа ад-Дин шәйх Сығанақи мазарының мүлкі деп танылады. Осыларға ешкім нұқсан келтірмесін деп жарлық берілген.

Төртінші нышан Хижыраның 1044 жылы ашур айында (1634 жылғы маусым-шілде айлары) жазылған Убайдулла ханның жарлығы. Мұнда Хисарғұқ бұлағын Хазіреті ғұлама Абу-л-Хасан Зийа ад-Дин шәйх Сахиб-и «Ниһая» Сығанақи мазарының мүлкі екендігі және оның ұрпақтарына, олардың аталған мүлкіне ешкімнің тиіспеуі куәландырылған. Бұл табылған хан жарлықтарының Сығанақ тарихын тереңірек тани түсуде маңызы зор.

Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік кітапханасында сақталған Ремезовтың картасы. Онда: Суна(к) және Сығанақ қалаларының қатар орналасқаны көрсетілген. 1701 жыл.

Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің туризмдегі рөлі зор және олардың тарихи туристік-экскурсиялық сапарлардағы орны ерекше. Археологиялық ескерт­кіштердің кез келген нысандары туристік экскурсия жұмыстарында маңызды орын алады. Соның ішінде Сыр бойындағы Отырар, Сауран, Өзгент, Ордакент, Жент, Сығанақ, Түркістан, т.б. көне қалалар орнына туристердің қызығушылығы мол. Археологиялық-тарихи ескерткіштердің қазірге дейін жеткен нысандарының ішінде қорғандар мен мазарлардың маңызы зор.

Бұдан біз Сығанақ қаласы ХV-ХVІІ ғасырлар арасында да атақты қалалардың бірі болғанын байқай аламыз. Оны археологиялық зерттеулер де дәлелдеп отыр. «1867 жылы орыс археологиялық комиссияның тапсырмасы бойынша археолог П.И.Лерх Түркістан аймағындағы ортағасырлық қалаларды қарап шығуға жіберілді. Ғалым қалада болып, оның қай жерде орналасқаны туралы ақпарат берген. 1899 жылы Түркістан өлкетану бөлімінің меңгерушісі В.А.Каллаур қалаға барлау жұмысын жүргізіп, оның топографиясын сипаттап және қаланың шығыс жағындағы қақпасының алдындағы 100 м жердегі мешіттің жобасын қағазға түсірді. 1906 жылы қаланы археолог И. А. Кастанье қарап шығады. «1927 жылы Ресей ғылым академиясының жанындағы материалдық мәдени институтының тапсырмасы бойынша Сығанақ қаласын А. Ю. Якубовский біршама тыңғылықты қарап шығады. Ол қаланың топографиялық жағынан көңіл бөліп, жанындағы кейбір керегелері сақтаулы тұрған ғимараттардың суретін түсіріп алған. Қала туралы үлкен ғылыми мақала жазған». Акдемик В. В. Бартольд Стамбулға барған сапарында оның кітапханасынан «Миһман – нама-ий Бұхара» («Бұхаралық қонақтың жазбалары») атты еңбекті кездестіреді.

Осы қолжазбадан сығанақтық бір ақынның:

«Көрген кісі пейіш екен дер еді,

Құтты білік ұя салған жер еді.

«Нихайаны» жазды мұнда бір бауыр,

«Хидеяны» ұқтырды ері өрелі.

Шыққан мұнда ғұлама да, дана көп,

Айтады жұрт қасиетті қала деп.

Қайта туу нәсіп болса, дүние-ай,

Қайтып осы Сығанақты қалар ек», – деп жазған өлеңін көшіріп алады. Оны сол кезде Сығанақты зерттеп жүрген А. Ю. Якубовскийге әкеліп береді.

1947 жылы ОҚАЭ-ның жетекшісі А.А.Бернш­там келіп қаланың топографиялық жобасын түсірсе, 50-жылдары ОҚАЭ-ның жетекшісі Е.И.Агеева мен Г.И.Пацевичтер археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген.

ХХ ғ. 70-жылдары қалаға ОҚАЭ-ның Отырар археологиялық экспедициясының меңгерушісі К.А.Ақышев пен К.М.Байпақовтар қаланың то­по­графиялық жағын зерттеп, «бұл қала орта­ға­сырлық қалалардың ішінде Отырар қаласынан кейін­гі атақты екінші қала» деген анықтама берген.

Қалада археологиялық зерттеу жұмысы 2003-жылдан бастап Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің археология, этнология және мұражай кафедрасының ұстаздарының басқаруымен далалық прак­тикалық жұмысы, бүгінгі күнге дейін зерттеу жұмыстарын жалғастырып келеді.

Осы Сығанақ археологиялық экс­педициясы жүр­гізген қазба жұ­мыстарының нәтижесінде қала­ның тарихы барын, Х-ХІІ ға­сырлардан ХV-ХVІІІ ғасырлар арасында қаланың гүлденіп өмір сүр­гендігі анықталды. Оны жазба деректер де дәлелдей түседі, себебі ХІХ ғасырдың басында жазылған «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» еңбегінің авторы А.Лившин Сығанақ қаласын Сырдың сол жа­ға­лауында «жатқан» қала деп атап өтеді, соған қарағанда ол қаланың орнын ғана айтып отырса керек.

Экспедиция нәтижелері бойынша: Қазіргі Сығанақ жұрты екі бөліктен: шахристан және оған үш жағынан жанасып жатқан рабаттан тұрады. Оның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан шахристан кезінде пішімі бесбұрышқа ұқсайтын мықты қамал болған, оның өлшемдері: солтүстігі 275 метр, солтүстік-батысы 175 метр, оңтүстік-батысы 190 метр және оңтүстігі 175 метр, ал оңтүстік-шығысы 320 метр өлшемінде. Биіктігі 1,5 метр. Қала 6-7 метр шығыңқы 15 төбешікке айналған және мұнара іздері сақталған, қасында Сунақ-Ата мешіті бар. «Қаланың шығыс жағындағы қақпасының алдынан 100 м. қашықтықта күйдірілген кірпіштен (25х25х5 см) жасалған алғашқы кезде ХІІІ ғ. аяғында сағана салынып, оның жанына табынатын ғимарат кейінен ХІV ғ. аяғы мен ХV ғасырдың басында мешітке айналдырылған, оған басты дәлел ғимараттың оңтүстік қабырғасын тесіп михраб жасалған. Осы кезден бастап ғимаратты айналдыра кіші бөлмелермен жалғаған. Соған қарағанда, ғимараттың қолданыста болған соңғы уақытында мешіт медресенің де рөлін атқарған тәрізді. Ол шамамен ХХ ғ. 20-жылдарына дейін өмір сүрген» деген қорытынды жасады.

Ұлт тарихын ұлықтау мақса­тын­да 2016 жылы «Сығанақ тарихи мәдени-қорық мұражайы» қоғам­дық бірлестігі құрылды. Бірлестік қазір қыруар жұмыстарды ат­қа­рып келе жатыр. Бүгінгі таңда қазақ халқының өткен тари­хы­нан сыр шертер Сығанақ қалашығына қатысты талай тарихи деректер мен құнды жәдігерлер жинақталды. 2017 жылы 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай, «Сығанақ тарихы» музейінің ашылу салтанаты өткізілді.

Қазіргі таңда Сығанақ көне қаласының инфра­құрылымына жоба жасалынып, алдағы уақытта көгалдандыру, абаттандырылу, асфальтталған жол, ауыз су, кәріз жүйелерін жүргізіп, келген демалушыларға арнап қонақ үй, «Сығанақ тарихы» музейін ашып, автотұрақ салынатын болады. Және де осы туризмді дамыту арқылы шетелдік туристер келіп, елімізді әлемге танытып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Дәл қазіргі уақытта Сығанақ қаласы төмпешік астында сар­ғайған тарихымыздың құпиясын бүгіп жатыр. Бір кездері гүлденіп тұрған Сығанақ қаласы дәл қазіргі уақытта, өзінің бұрынғы мұра­герлеріне жетпей, тек үйінділері ғана қалған.

Елбасының арнайы жарлы­ғымен Түркістан облысы мәрте­бесін беру, күллі қазақ елінің мәртебесін көтергендей жұрттың бәріне ұнап отыр. Түркістан – түркі жұртының рухани орталығы.

Қазақ халқының Ақ Орда, Қазақ хандығының астанасы – Сығанақ қаласы Түркістан қаласының тарихымен ұқсас. Сондықтан осы өңірде туризмді дамытып, туған өңіріміздің тарихын, рухын елге паш етіп, оны кейінгі ұрпаққа насихаттап, тарихтан сыр шертер көне жәдігерлерімізді халық игілігіне ұсынсақ жөн болар еді. Көмулі жатқан тарихымыздың құпиясын ашып, өз ұрпақтарымызға аманат етіп көрсету – бар­шамыздың міндетіміз әрі борышымыз деп білемін.

Астананың бір үлкен көшесін Сығанақ деп атағанымыз игі іс болды. Әрі қарай басқа қалаларда, ауылды мекендерде жалғасын тауып жаңа көшелерге Сығанақ атауы беріліп жатса игіліктің жалғастығы болар еді.


Рысбек АСҚАРҰЛЫ,

«Сығанақ» тарихи-мәдени қорық-мұражайы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Астана қаласы.

Тарих 11 тамыз 2018 г. 2 401 0