Кеше мен бүгінгінің айшықты тұстарын жаңғыртып, олардан белгі болып қалған жəдігерлердің иесі іспеттес музейдің өзіндік тарихы бар. Себебі, ол – əр дəуірдегі мəдениетті сақтаушы, насихаттаушы рухани орда.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде көпшіліктің назарын бірден көз аударатын қос жәдігер бар. Ол не екен дейсіз ғой?! Біріншісі, жоңғарлар дулығасы, екіншісі шиті мылтық.
Сан ғасырдың сырын сақтайтын, дәуірлердің үнін дәріптейтін рухани орда қорындағы жәдігерлердің ең көнесі һәм көрер көзге көркемі – жоңғар дулығасы.
Құнды жәдігер музей қорына 1968 жылы өткізілген. Алайда бұл экспонатты кімнің және қайдан алып келгендігі белгісіз. Зерттеушілер бұл жәдігердің ХVІІІ ғасырға жататындығын, сондай-ақ оның жоңғарларға тән дүние екенін айтады.
Бірнеше ғасырлық тарихы бар жоңғар дулығасы Қазақстандағы басқа бірде-бір музейде жоқ. Сондықтан жоңғар хандығының батырларына тиесілі болған осы бір бас киім ғалымдардың да қызығушылығын туғызып отыр екен.
– Ерекше əдіспен жасалған дулыға қалың матадан тігілген бас киім – күлəпара тəрізді. Дулығаның жалпы пішіні төртке бөлініп, алдыңғы екі жағына айдаһар, артқы екі бөлігіне феникс құсының бейнесі бедерленген. Маңдайында өсімдік тəрізді диадемамен бедерленген тілшесі бар, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Беккулиева.
Музей қорындағы аса құнды экспонаттардың бірі – шиті мылтық. Өз кезеңінде құны өте қымбатқа бағаланған экспонат музейге 1958 жылы өткізілген. Құндағы ағаштан жасалып, шығыс елдеріне тəн оқшантайдың ішкі жағы алты қырлы етіп темірден соғылған. Қарудың ұзындығы 150 см құрайды. Ортаазиялық мылтықтың бір түрі болып саналатын қарудың қалай əкелінгені, өкінішке орай əлі беймəлім. Дегенмен, кейбір деректерде бұл мылтықтың Бұқара қаласында соғылғандығы, ал қаруды Сыр өңірінің қазақтары пайдаланғандығы туралы азғантай мəлімет айтылады. Оны тарихшылар «Қоқан мылтығы» деп те болжайды.
Күйкі тіршіліктің күйбеңімен мәдени һәм рухани орындарды аралай бермейміз. Әйтсе де, музейге санаулы сағатқа ғана бас сұққан адамның елінің өткен тағылымды тарихтан кенде емес екеніне көзі жетеді. Тұрмыстық бұйымдар, ұлттық қолөнеріміздің озық үлгілері өте көп екендігін аңғартады. Музей қашанда халық үшін қызмет етуі тиіс екенін ескерсек, əлі талай жерде көміліп жатқан тарихын тірілтіп, оны сақтап, ел арасына насихаттау аталған мəдени орынның басты мақсаттарының бірі болмақ. Ал, сан мыңжылдық тарихты бір арнаға тоғыстырған музей есігі келем деушілерге əрдайым айқара ашық.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».