« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
1219 – 20 ж. Сығанақты Жошы әскері басып алып, өзіне қатты қарсылық көрсеткендерді қырғынға ұшыратты. Осы кезден бастап қала Жошы ұлысына қарады. Сығанақ кейін Ақ Орданың, көшпенді қазақ-өзбек Шайбанид Әбілқайыр ханның және Қазақ хандығының астанасы болған.
Қарақұм құрылтайы – 1710 ж.
1710 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданында үш жүз өкiлдерiнiң жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыру үшiн құрылған жиын.Ол Арал теңiзiнiң солтүстiгiндегi Қарақұм алқабында өттi.Бұл бас қосуға ықпал жасаған Тәуке хан болды.Ол қазақ жасақтары мен қазақ руларын басқаруды құрылымдық тұрғыдан қайта ұйымдастырудың жоспарын ұсынды.Қазақтардың қорғаныс қабiлетiн нығайту үшiн сұлтандар билiгiн шектеп,үш жүздi жауапты билер арқылы басқаруға ұмтылды.Жиынға қатысушылардың пiкiрлерi ортақ болған жоқ.Олардың бiр бөлiгi жоңғарларға бодан болуды жөн көрсе ,кейбiреулерi аңысын аңду пиғылын ұстанды.Табын Бөкенбай батыр халықты жоңғарларға қарсы шабуыл жасауға көндiрдi.Бұл басқосуда хандар арасынан жоғарғы қолбасшы сайлау туралы мәселе көтерiлдi.Оған үмiткерлер Қайып сұлтан мен Әбiлқайыр болды.Жасақтарға табын Бөкенбай жетекшi болып сайланса,хан билiгi Әбiлқайырға берiлдi. Қазіргі уақытта осы жерге белгі қойса жақсы болар еді.
Жауғаш шайқасы – 1725 ж.
Бұл XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысындағы қазақтардың ең алғашқы рет жеңіске жетуі еді. Сыр бойы батырларының үлкен ерлігі 1725 жылы Сыр өңіріндегі Қармақшы ауданындағы Жауғаш деген жерде болған. Әйгілі Аңырақай шайқасы кейін болған. Бұл дерек бізге айтылған тарих болып атадан балаға жетіп отыр. Біз Жауғаш шайқасымен мақтанамыз, бірақ өкініштісі кітаптарға енгізілмей жүр.
Ақиректегі шайқас – 1836 ж.
Хиуа хандығы Аллақұл ханның тұсында 1835 жылы Қуандарияның батысындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200 әскер ұстайды. Хиуа ханы Аллақұл Сыр бойының батыры Жанқожаға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін түрікмен Аймұхамед палуанды жасақтарымен жібереді. 1836 жылы Ақирек деген жерде Сыр бойы батыры Жанқожа әскерлерімен Хиуа әскері шайқасады. Осы шайқаста Аймұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырды. Оның бұл жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырады.
Ақмешіт түбіндегі шайқас – 1853 ж.
Патша үкіметі Орынбор генерал-губернаторы В.Перовскийге Ақмешітті қалайда басып алу туралы тапсырма береді. Перовский 1853 жылы 22 сәуірде 3 мыңнан аса әскерді бастап жорыққа шығады. Перовский бұл әскери іс-шараға жоғары деңгейде дайындалғаны соншалықты, оған сол уақыттағы орыс әскерінің барлық түрлері: жаяу әскер, атты әскер, зеңбірек батареялары, инженерлік топ, саперлік бөлім, казактар және әскери флотилияны кіргізеді. Ақмешітке жеткен Перовский бастаған патша әскерлері бекініске тіке шабуылға шығуға бата алмай, қоршауға алып, батареяларды орналастыру үшін оның жан-жағынан траншеялар қазады. Бекіністі қорғаушыларға сырттан көмекке әскердің келмеу амалын қарастырған Перовский Жаңадариядағы тоспаны бұзып жібереді. Орыстарға көмекке Сыр бойында хандық құрға, Әбілқайыр ханның шөпшегі Елікей хан Қасымұлы әскерімен қосылады. Ақмешіттің түбінде қазақтар мен қоқандықтардың шайқасы кезінде жекпе-жек болады. Жаппас Құрақ батыр, жаппас Табан батыр, мерген жекпе-жекке шығып орасан ерлік көрсетеді.1853 жылы 8 шілдеде барлық батареялардан бекініске қарай оқ жаудыруға бұйрық береді.
Бекіністі қорғаушылар жау күшіне төтеп беріп, қарсы шабуыл жасады. Олардың ерлігіне Перовскийдің өзі де таңғалып, Булгаков деген досына жазған хатында "бекіністегі 300 адамды өз еркімен берілуге мәжбүр ете алар емеспін” деп мойындайды. Қорғанға бірінші болып Сыр бойының қазақтары кіреді.Осылайша Ақмешіт бекінісін қорғаушылар өз күштерінің әлсіздігіне қарамастан, орыс әскерімен үш аптадан аса аянбай соғысып, ақыры оқ-дәрісі таусылған соң амалсыздан беріледі.
Ал Ақмешітті қорғаушылар болса дерлік қазақтардан тұрғандықтан, олар ұзақ уақыт бойы өздерінің туған қаласы үшін шайқасты. Сонымен қатар, Ақмешітті қорғаушылардың қазақтардан тұрғанын мұрағат құжаттары дәлелдей түседі. Перовскийдің жоғары жаққа жасаған мәліметінде Ақмешітті қорғау кезінде өлгендердің бәрін қоқандықтар деп атаған. "Тұтқынға түскен 74 қорғаушының біреуі ғана бұхарлық саудагер, ал қалғандарының бәрі де сол жердің қазақтары” дейді.
Арықбалық шайқасы - 1857.
Қазалы бекінісі түбінде орыс патшасының озбырлығына қарсы Жанқожа батыр (1774-1860) бастаған көтеріліске 7 мыңдай адам қатысқан. Ақтық шайқас 1857 жылы 9 қаңтарда Фитингоф бастаған жазалаушы әскермен Арықбалық жерінде өткен. Қазақ сарбаздары орасан ерлік көрсетеді. Дегенмен Жанқожа батыр бастаған көтеріліс жеңіліс табады. Орыс әскерінін зеңбіректері жеңісті генерал Фитингофтқа алып береді.
Көжебай сайындағы шайқас -1930
Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, орташаларды, кейде тіпте кедейлерді де кулактар қатарына жатқызу, жұртты мал-мүліктерінен айырып және дінге тыйым салғандықтан, Сыр бойы халқы да Кеңестік жүйеге қарсы көтеріліске шықты. 1930 жылы Қармақшы және Тереңөзек аудандарының жерінде молда Жұмағазы хан Бәйімбетұлы мен батыр Қожбан хан Жұбанұлы басқарған көтеріліс болды.. Ел ауызында бұл көтерілісті «Алтын көтерілісі» деген. Өйткені көпшілігі Кіші жүздің Алтын руынан болған. Көтерілісшілер мен Кеңес үкіметі әскерлерімен болған шешуші шайқас 1930 жылы 8 желтоқсанда Көжебай сайында болды. Көтерілісшілер күші тең емес ұрыста талқандалды. Қанды қырғын болған.
Қарақ маңындағы шайқас - 1930
Кеңес үкіметіне қарсы шыққан көтеріліс. Басшысы Ақмырза Төсұлы. Қол астына топтасқан үш мыңдай адамды Ақмырза екіге бөліп: «Қарақ» тобын өзі, ал «Кеңтүп» тобын інісі Таймырза (1905 жылы туған) басқарады. Көтерілісті басуға ОГПУ органдары Қазалы мен Қызылордадан 2 әскери отряд шығарады. Отрядтарға өз қандастарымыз жол көрсетіп жүреді. Жазалаушылар Ақмырза қолын батысы мен шығысынан қоршайды. Алғашқы соғыс 14-наурызда Қарақ елді мекеніне жақын Ақмырза мешітінің маңында болып, онда көтерілісшілер 170-тей адамынан айрылады. Зеңбірек, пулеметпен қаруланған қызылдардың шығыны тоғыз солдат қана. Архив құжаттары осылай дейді. Аталған шайқас кезіндегі Абат және Төлеген Жекебатыровтар, Әжікерей сынды мергендердің жанқиярлық ерліктері ел жадынан әлі өшкен жоқ.
Күші мен қаруы басым жазалаушылармен (басшылары: Жалудь, Цуканов, Ж.Альшанский) бірнеше мәрте шайқасып, титықтаған көтерісшілерге Ақмырза: «...Жеңілетініме менің зейінім жетеді. Ұлттық мүддені қорғау жолында өлсем арманым жоқ! Аман-сау тұрғанда бас сауғалаңдар!» – деп рұқсат береді. Жанында қалған аз ғана жасақтарымен бірге Қызылқұмда 1930 жылғы 26 наурызда болған соңғы шайқаста көтерілісшілердің 107-сі қаза тауып, 150-дейі жараланады, ал 200-ге жуығы құтылып кетеді. Қызылдар мен олардың жергілікті жандайшаптары Ақмырзаны өлтіріп, онымен қоймай медреседегі барлық кітаптарды, басқа да заттарды үстіне үйіп өртеп, мешіттің төбесін ортасына түсіреді. Ақмырзаның өліміне қатысты ел аузында басқа да әңгімелер кездеседі. Барлығына ортақ ақиқат біреу-ол Ақмырзаның өртелгені.
Әлсейіт өткелі жанындағы шайқас -1930
Кеңес үкіметіне қарсы шыққан көтерілісшілердің басым бөлігі Кіші жүздің Әлім тайпасының Асан руынан шыққан. Сол себепті көтеріліс Асан көтерілісі деп аталған. Тамыздың соңғы күндерінің бірінде ОГПУ қызметкерлері астық салығын төлеуден бас тартқан 22-ауылдың бас көтерер азаматтары Д.Асанов, Ж. Тілеубаев, А.Қалдыбаев және Б.Тілеулиевті тұтқынға алған. Оларды ауыл адамдары ертеңінде күшпен босатқан. 22-ауыл көтерілісшілеріне 19, 20, 21, 23, 24, 25-ауылдардың және көршілес Арал ауданының кейбір ауылдарының тұрғындары қосылып, толқуға қатысқан адамдар қатары 1000-ға жуықтаған. Көтерілісшілердің басшысы болып 22-ауыл тұрғыны Имам Мақсым сайланған. 1930 жылы 4 қыркүйекте қазақтар жасағы көтерілісті басуға жіберілген 80 адамдық ОГПУ әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасады. 6 қыркүйекте олар Алматыдан келген қазақ атты әскер дивизионымен шайқасып, 40 адамынан айрылды. Имам Мақсым осы ұрыста қаза тапты. Кейін Сырдария өзенінің Әлсейіт өткелі жанында ескерткіш орнатылған.
Бақытжан Ахметбек,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |