АҚСҰҢҚАР ҚҰСТЫҢ ТҮЛЕГІ

  Атамыз қазақ қай заманда болмасын сұңқарды қыран тектес құстардың ішінде айрықша бағалаған. Құсбегілердің ішіндегі ерекше болмыстағы кәнігілерінің өзі қия жартастардың биік шыңдарынан осындай тектілерін ғана ептілікпен ала білген. Бір таңғаларлығы, осындай тектен шыққан қырандар адамға қанша бауыр басқанымен, еркіндікке шыққан кезінде өзінің ұя басқан мекеніне, тамыр тартқан топырағына бір соқпай кетпейді екен. Бұл құдірет табиғи тартылыс күші тәрізді туған жердің ерекше қасиеті мен киесінде жатса керек.

Адам баласының да жараты­лысы, болмыс-бітімі осыған ұқсас. Мүмкін тағдырдың сан тарау соқпағымен айналып жүргенде кіндік кескен ыстық топырағына оралудың сәті түспес. Дегенмен, тағдыр-тарих олардың есімінің болса да елге оралуының сәті мен мүмкіндігін, уақытын бәрібір келтірмей қоймайды. Бұл – тарлан тарихтың бұлжымас заңдылығы, айнымас қағидасы.

Қолға қалам алып, зерттей жүріп, ізіне түскен тарихымыздың тағдырлы кейіпкері, Кеңес Одағының Батыры Балмағанбетов Мақаштың өміржолы осыған куә. Ол (азан шақырып қойған есімі – Мұхаммедкәрім, құран  аяттарына негізделіп қойылған) кім, қайдан шыққан қаһарман?

Батыр туралы мәлімет өте көп емес. Сонда да ара-тұра ақпарат құрал­дарында, кейінгі жылдары шыққан тарихқа қатысты кітаптарда жарық көріп жүр. Алайда бұған селт етіп, назар аударған адам аз. Арнайы іздеп, сұрау салғанымызда облыстық мемлекеттік архив директоры Н.Қуанышова «Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары» кітабының 95-парағында жазылған мәліметті ғана жолдады. Соған сәйкес М.Балмағанбетов 1914 жылы Қазалы ауданының №17 ауылында туған. Архивте бұдан басқа мәлімет жоқ болып шықты. «Сыр елі: Қызылорда» энциклопедиясының 156-бетінде де осылай көрсетілген.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник М.Дәулетбақовтың қолы қойылған деректік хатта қазалылық ақын Ж.Мәкенәлиевтің 2015 жылы жарық көрген «Отан үшін от кешкендер» кітабындағы мәліметті жолдаған. Автор онда батырдың бір дерек көздері бойынша қазіргі Арал ауданының Аманөткел ауылдық кеңесіне қарасты Қарадөң деген жерде туғанын келтіріпті. Ал, екінші нұсқа Қазалы уезінің №17 ауылы дегенді алға тартады. Үшінші біреулердің айтуынша, батыр Қазалының Арықбалық ауылында тұрыпты.

Осылардың ішінде Жетіскен ағамыздың айтқаны тарихи шындыққа біршама жақын келетіндей. Себебі, 1914 жылғы Ресейдің патшалық билігі тұсындағы әкімшілік-территориялық бөлінісі бойынша Қазалы ауданы деген құрылым мүлдем болмаған. Дұрысы Қазалы уезі болып жазылуы керек. Уезд орталығы болған Қазалыға осы күнгі Арал және Қармақшы аудандарының территориялары қарады. Ендеше, батырдың туған жері ретінде Қазалы уезінің Райым болысындағы №17 ауыл деп жазылуы ақиқатқа бастар еді.

Өткен ғасырлардағы тарихта белгілі адамдардың өміріне қатысты дерек көздерінің барлығында №17 ауылдың Аманөткел екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал, Қарадөң – Аманөткелге іргелес жатқан қоныс. «Жақсыға талас көп» деген қазақы пәлсафамен әу баста айтылып кеткен қате немесе басқа көзқарастар соңғы жылдардағы жазбаларға қосылып кеткенін мойындауымыз қажет.

Осы мәселе жөніндегі кезекті бір пікірлесу үстінде өзім әрдайым ақылдасып, ой-бөлісіп отыратын ауданның құрметті азаматы Садықбаев Әбілбай ағамыздың айтқаны әлі есімде. Көтеріп отырған тақырыбың өте орынды. Мақаштай батырымыздың аралдық екенін біз де естіп-біліп жүрміз. Алайда, ол кісі өмірде жоқ. Сондықтан саған қолдау, көмек керек. Тірі болғанда Жетіскен ағаң сені сөзсіз қолдап шығар еді. Өйткені, ол ешуақытта өтірік  айтып, жалған  сөйлемейтін», – деп ағынан  жарылып еді.

1932-1938 жылдар аралығында Арал ауданы Ақтөбе облысының құрамында болды. Сондықтан осы облысқа да сұраныс жасағанбыз. 1938 жылы 4 ақпанда Қазақ КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Арал ауданы Ақтөбе облысының құрамынан шығарылып, Қызылорда облысына берілгендіктен ауданға қатысты барлық құжат өзіміздің облыстық архив мекемелеріне жіберілген. Бірақ облыстық архивтен керегімізді таппадық. Оның үстіне, даулы мәселеге мекеме басшылары да мән бермеген сияқты. Себебі, 1914 жылы Қазалы ауданы деген кеңестік құрылым, территориялық бірліктің жоқ екенін қарапайым адамдар білмегенімен, құжаттарға жауапты мемлекеттік мекеме білуі және бағасын беруі тиіс деп есептеймін.

Балмағанбетов Мақаш өзі қал­дырған деректе Кіші Жүздегі Әлімнің Айдарбек аталығының Күлі­гінен тарайтынын келтіреді. Бұған қосарымыз – ол Күліктің Жа­манкөз тайпасынан. Анасы Құн­дыздың Алтынбай Аязбай деген кісінің қызы екенін, өздерінің Аманөткел жанындағы Қарадөң деген жерде тұрғанын жазады. Қамбаш-Аманөткел-Бөген автомобиль жолының бойындағы Аманөткелге 3 шақырым қалғандағы сол жақ беттегі көл жағалауында Қарадөң деген жер атауы сақталған. Сол жерде Айдарбек аталығынан тараған ағайындарымыздың қорымы мен қоныстарының ізі әлі бар. Батыр сол жерде дүниеге келіп, ашаршылық жылдары 17 жасында қарақалпақ жеріне ауып кеткен. Егер Мақаштың 1914 жылы дүниеге келгенін ескерсек, бұл тарихтың 1931 жылына сәйкес келеді.

Бұл туралы батырдың қара­шаңыра­ғының иесі, Алматы облысы Еңбек­ші­қазақ ауданының Алмалы ауылында тұратын, 1962 жылы туылған Балмағанбетов Рүстем ініміздің пікірі қарама-қайшы көзқарастарға нүкте қойған орнықты ой-орамы болды. «Әкем көп сөйлемейтін, кез келген жан қасына барып пікірлесе алмайтын сұсты адам еді. Менің өзіме оңаша бір сәттерінде ғана шешіліп әңгімесін айтатын. Оңаша отырыстың осындай қолайлы бір сәтінде өзінің Аманөткел деген жерде дүниеге келгенін есіме салатын. Бұл ойларын басқа ешкімге айтпағанын кейінірек білдім. Маған ғана ашқан сырларының мәнін кейін ойласам, мені шаңырақтың өзінен кейінгі иесі деп санаған болуы керек», – дейді батырдың ұлы. Осы бір тарихи сәттің куәсі ретінде қасымда Алматы қаласында тұратын інім Сембиев Ғабит болатын және  бұл 2018 жылдың 7 сәуірі күнгі есте қалатын айтулы оқиғаға айналды.

Мақаштың өз әкесінің де, туған нағашысының да есім­дері – Балмағанбет. Сол нағашы­сы Балмағанбеттің баласы Қайыр­құл а­ғамыз ұзақ жыл бойы Приарал кеңшарына қарасты №2 ферманың орталығы Аққұлақ елді мекенінде тұрып, ел байлығын еселеуге үлес қосты. Қызмет бабына байланысты бір ауылда тұрып, дәмдес те болдық. Артық ауыз сөзі жоқ ағамызбен бірнеше жылдан кейін Мақаштай батырымыздың жүрген жолына байланысты 2017 жылдың 24 қарашасы күні кездесуімізге тура келді. Ұлды ұяға, қыздарын құтты жеріне қондырған ол өмірлік қосағы Сарқыт апамыздың денсаулық жағдайымен Арал қаласы Матай Үмбет би көшесіндегі №8 үйге көшіп келіпті. Туған жиені туралы сұрағанымызда бірден-ақ тарихи дерек қалтасының сөз тиегі ағытылып сала берді.

Жетпіс жетіге келген Қайырқұл әулет шежіресін бес саусағындай біледі екен. «Бабасы Собақтан туған, Аязбайдан Қожахмет, Нұрмағанбет, Балмағанбет, Әлмағанбет, Жарма­ғанбет және Қалмағанбет есімді алты ұл, Құндыз, Жұлдыз есімді екі қыз тараған. Алты ағайынды аталастардың ішінде Нұрмағанбет пен Балмағанбеттен басқаларында ұрпақ жоқ. Балмағанбеттен Қайыр­құл, Нұрмағанбеттен Құрымбай, Құпия есімді ұлы мен қызы болды. Менің әкем Балмағанбет пен Мақаштың анасы Құндыз – бірге туған бауырлар», – деді ол. Міне, осыдан кейін бұрынғы жазбалардағы әулет шежіресіне байланысты қателіктер мен айырмашылықтар бірден назарға ілінді. Себебі, «Сыр бойы» мен «Азат» газеттерінде Мақаштың нағашылары бес ағайынды деп және есімдері де қате жазылған. Бұл жазған адамдардың кінәсінен емес, бар болғаны дерек көздерінің жетіспеушілігінен.

«Қарақалпақ жеріне қоныстанып, тамыр жайған Құндыз апамыз кейінірек сүйек жаңғыртпақ болып Нұрмағанбеттен туған немере сіңлісі Құпияны Мақашқа қосқан. Мұның бәрі қандас-туыстық байланыс үзілмесін деген ниеттен туғанымен Құпия апамыз балалы бола алмай, дәм-тұздары жараспады. Сосын елге, төркініне қайтып келіп,1985 жылдары Арал қаласында қайтыс болды», – деп еске алды Қайырқұл ағамыз. Әкелері мен апасы Құндыздың отбасылары Аманөткел жанындағы Қарадөңде тұрған. Кейін бұл серіктестік біріктіріліп, 8 март атауымен аталды. Ал өзі 1941 жылы дүниеге келген. 8 март колхозы Аманөткелге қарасты әйгілі шайырлардың отаны Мырзас болатын. Қарадөң, Аманөткел және Мырзас – ара қашықтығы 3-4 шақырымнан аспайтын бір-біріне жақын орналасқан елді мекендер. Осылайша өз өмірінің, кіндік қаны тамған киелі топырақтың Мырзаспен байланысты екенін есімізге салды.

Сонымен қатар Нұрмағанбеттен туған немере ағасы Құрымбай 1928 дүниеге келген. Айтып өтуге тиіспіз, Нұрмағанбетов Құрымбай – Мақаштың туған нағашысы.

«Әкем Балмағанбет, – деп еске алды Қайырқұл, – 1955-1956 жылдары апасы Құндыз бен туған жиендері Мақашты сағынышпен іздеп Нөкіске де барды. Екінші дүниежүзілік соғыс­тың қаһарманы ретінде жиендері жүрген орталарында өте сыйлы бо­лып­ты. Жергілікті үкімет орында­ры айрықша қамқор­лықтарына алып, батырдың үйі­нің алдына құр­метті қарауыл да қо­йыпты. Меке­мелер мен оқу орын­дары кездесулерге, тәрбиелік шараларға жиі шақырып тұрыпты. Мақаштың әйелі Тәңірбергенқызы Пердегүл Нөкістегі әлеуметтік қам­сыздандыру бөлімін басқарған. Сол сапардан оралғасын әкесінің ту­ған жиені Мақашты үнемі мақ­танышпен, қимастықпен еске алып, айтып отырған екен. Ма­қаштың абырой-беделінің арқасында әкесі Бал­мағанбетпен бірге туған Әлма­ғанбеттің қызы Сырға апамыз Қара­қалпақ облыстық партия ко­ми­тетінде жауапты қызметтер атқарыпты.

Батырға құрметінің көрінісі шығар, қарақалпақ ағайын оны өз ұлдарындай көріп, бауырына басты. Тіпті, оны Өзбек КСР Қарақалпақ автономиялы Республикасы Қара­өзек ауданының №6 ауылында (қазіргі Ахунбабаев атындағы колхоз) 1914 жылы туған деп те мәлімет таратты. Қиын-қыстау шақта олардың батырымызды қызғыштай қоруын адамгершілік үлгісі деп бағаламасқа шара жоқ. Осындай құрмет пен қамқорлықтың әсері болар, М.Балмағанбетов Қазақстан үкіметінің шақыруына да елге қайтпапты. «Туған жердің дәм-тұзы тартпады ма, ол арасы бізге белгісіз» деген қызы Бибісараның естелігі бізді де үлкен ойға қалдырды.

Бірақ ол соғысқа 1943 жылы автономиялы республиканың Қара­өзек аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Сол жылдың наурыз айынан бастап 72-ші дивизияның құрамында соғысқа кірісті. Кейінірек бұл әскери құрама Қазақстанда жа­сақталған 73-ші гвардиялық ат­қыштар диви­зиясының қарамағына  берілді. Нағыз қанды шайқастардың бел ортасында жүріп, ерекше ерліктерімен көзге түскен жерлесіміз екі рет қатарынан «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Әсіресе, 1943 жылдың 25 қыркүйегіндегі Днепр өзенінен өту кезеңі нағыз жан алысып-жан беріскен қантөгіс ұрыс алаңына айналды. Бородаевка селосының маңында бір күн ішінде мықты қаруланған жаудың үш мәрте шабуылына тойтарыс беру Мақаш басқарған бөлімшенің ерлік дастанына айналды. 

7 қазан күні гвардия сержанты Балмаған­бетов басқарған әс­кери бөлімше негізгі күштерінен бөлініп қалғанымен селоны жау­ға бермей, алты рет қарсы шабуыл ұйым­дастыра білген жау күш­теріне төтеп берді. Осы жолы сан жағынан аз болғанымен Ма­қаш­­тың жауынгерлері отыздан астам неміс әс­керін жойып жіберді. Ұрпақтарының ай­туын­ша, ешбір жерде тарихқа енбеген, Днепр өзенінің жағалауында түн ішінде қалғып-мүл­гіп отырған күзетшілердің көзін жойып, қару-жарақ қоймасын жарып жіберу арқылы, ұйқыдан шошып оянған 17 неміс солдаты мен офицерін жатқан жерінен айдап шығып тұтқынға алуы аса құнды соғыс олжасына айналды. Таңғаларлығы, осындай көзсіз ерлікке түн ішінде Днепр өзенінен жүзіп өту арқылы барған.

Жерлесіміздің өмір жолын зерттеу барысында қызық дерекке кезіктік. Мақаш атамыз мұсылманша сауатты болып, құран аяттарын жақсы меңгерген екен. «Қардай бораған жау оғына қарсы соғысқа кірісер алдында бісмілләмді айтып, дұғаларымды оқып алатын едім. Содан болса керек, жаңбырдай жауған оқ денеме тимей, қорғасын оқтар алақаныма сауылдап құйыла беретін» деген естелікті ұлының үлкені Құрақбай ақсақал бізге жеткізді. Ақсақалдың әңгімесінен кейін әкелерінің бойында болған бұдан да басқа кейбір құдірет күштерінің бар екеніне көз жеткізгендей болдық. Оған мысал, қан майдандарда батырдың денесіне ешқандай жарақат түспеген. Тек оң қолының білегін ішкі жағынан снаряд жарықшағы жеңіл түрде сызып өткені болмаса.

Осыдан кейін батырдың мұсыл­манша білімді қайдан алғаны туралы сұрақ алдымыздан шықты. Ұрпақтарының айтуынша, қара­қалпақ жерінде діни сауат ашуына мүмкіндік болмаған. Мақаш дүниеге келген Қарадөңде аймаққа аты шыққан Нұралы ахун мешіті болғанын және сол мешітте оқуы мүмкін екенін айтқанымда олар мені бірауыздан қолдады. Осы ретте сөзге қызы Бибісара араласты. «Аққұлақ деген жерде тұратын Смағұл есімді кісі туралы айтып отыратын. Бірақ оның кім екенін біле алмадым», – деді ол. Бұған сол жерде жауабын бердім. Ол – Нұралы ахунның ұстазы, Сыр бойындағы ислам дінінің аса көрнекті өкілдерінің бірі, 1850-1928 жылдары өмір сүрген Смағұл ахун. Сонымен қатар, Смағұл ахун да Мақаштың нағашы жұрты болып келеді. Осы мәселелерді саралай келе Мақаштың діни сауатты болуының негізін де, себебін  де анықтадық.

Қиян-кескі шайқастарда көр­сеткен ерлігі үшін 1944 жылы 22 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының Жарлығымен Бал­­ма­ғанбетов Мақашқа Кеңес Одағы­ның Батыры атағы, №4669 «Алтын  Жұл­дыз» төсбелгісі, «Ленин» ордені тапсырылды. Жалпы, неміс армиясы үшін айрықша стратегиялық маңызды Днепр өзенінен өту кезеңінде 2605 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алған.

1997 жылғы 27 ақпандағы «Егемен Қазақстан» газетінде жария­ланған «Өзге емес, өзім айтам» деген мақаласында бұрынғы партизан отрядының командирі, Қазақстанның халық қаһарманы Қасым Қайсенов сол батырларға іздеу салған екен. «Жарты ғасырдан астам уақыт өткеннен кейін бұл қаһармандарды да түгелдейік. Ерлік жасау үстінде көз жұмғандарына бас иелік. Ал қырық жыл қырғын болса да аман қалып, арамызда жүргендері болса, өздеріне құрмет көрсетіп, ерліктерін ұрпаққа үлгі етейік», – дейді ол. Қасым Қайсенов іздеген батырлардың ішінде Балмағанбетов Мақаш та бар. Онда «Балмағанбетов Мақаш. Степной майданы 7-армия, 25-гвардия корпусы, 73-гвардия атқыштар дивизиясы, сержант, 8-оқу батальонының бөлімше командирі» деп көрсетілген. Қасымнан кейін 21 жыл өткен соң біздің де іздеуімізге тура келді. Мақсат – ерлігін бүгінгі ұрпақтарына үлгі ету, ардақты есімін туып-өскен еліне қайтару.

Қазақстан  үкіметі де   жерле­сіміздің ерлігіне бей-жай қарамады. 1944 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары Ш.Ермағанбетова 3-Украин майданына барған сапары кезінде Балмағанбетов Мақашқа «Құрмет грамотасын» тапсырды. Сонымен қатар М.Балмағанбетов 73-ші гвардиялық дивизиясының ту ұстаушысына айналды. Бұл атақ пен абырой жерлесімізге отыз жасында келгенін айтуға тиіспіз.

1970 жылдары бөгендік ардагерлер Прекешов Дүйсен мен Байтаханов Әбдіраман Нөкістегі ағайындарына сәлемдесуге барғанда Балмағанбетов Мақашпен кездес­кен. Сол кездесуде батыр: «Сыр  бойында Қайырқұл деген туған нағашым бар, сол кісіге менен сәлем айтыңыздар», – деп аманат жолдапты. Туған жеріне, нағашы жұртына деген соңғы аманаты осы болды. Бұдан кейін хабар болмады. Себебі, ғұмыр бойы туған жерге деген сағынышын жүрек түкпірінде сақтаған, өзі ортасында болған ағайынның құрметі мен ықыласынан аттап кете алмаған. Екінші дүниежүзілік со­ғыс қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Бал­мағанбетов Мақаш 1977 жылдың 29 қыркүйегінде өмірден өтті. Осылайша тағы бір арысымыздың сүйегі қияндағы қарақалпақ елінде қалды.

Мақаштың туған інісі Өмірзақ пен қарындасы Мырза Нөкісте қайтыс болған. Алайда батырдың ұрпақтары қазақ жеріне қоныс аударып келген. Үлкен ұлы Құрақбай, келіні Тілектес және немересі, сазгер Оралбай 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданына оралды. Ал, Бибісара, Рүстем, Айсара есімді ұл-қыздары Алматы облысының Талғар және Еңбекші қазақ аудандарына 1996 жылы қоныс аударды. Бүгінгі күні бәрі – ел азаматтары. Қарақалпақ жерінде қалған қыздың үлкені 2018 жылдың наурыз айында өмірден өтті. Ұрпақтарымен болған кездесуден кейін бізбен қимай қоштасқан Бибісара, Айсара және Рүстем әкелерінің туып-өскен еліне, нағашылары Қайырқұлға сәлем жолдады. Ескеретін жайт, бірін-бірі көрмеген жиен-жұрағаттары наға­шыларымен кездесетін, қауышатын сәтті асыға күтіп жүр. Мақсат – бауырларымен қауышып, әкелерінің кіндік қаны тамған топыраққа аунап қайту, әке рухына құран бағыштау.

Осыған дейін Арал ауданынан шыққан Кеңес Одағының Батыры біреу-ақ болып кел­ді, ол – Мин Александр Павлович. Валерий Очиров батыр атағын Ауғанстандағы соғысқа байланысты алған. Ұлты басқа болса да ел­ге еңбегі сіңген, батырлығы қан майданда сы­нал­ған қаһарманымыз Аралға 1938 жылы депор­тацияланып келген. Аумалы-төк­пелі уақытта шет ел асып кеткені болмаса, Ма­қаштай қаһарман ұлды жатырқамауымыз керек.

Балмағанбетов Мақаш туралы ақпарат құралдарында жазылды. Соның бірі – Қазақ­стан Журналис­тер Одағының мүшелері Жұмат­әли Әбдіраман мен Амангелді Суханбер­лиевтің «Қарақалпақстандағы қазақ батыры» деген мақаласы «Сыр бойы» газетінің 2011 жылғы 7 мамырдағы санында жарияланды. Бірақ онда кейіпкердің Қазалы ауданында емес, Арал ауданының Бөген ауылында дүниеге келгені көрсетіліпті. Қазіргі әкімшілік-территориялық бірлікпен есептегенде Арал ауданы екені рас. Бірақ Қазалы уезіне қараған №17 ауыл – Бөген емес, Аманөткел. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің дерегінде салыстырмалы түрде қатар берілген Арал ауданындағы 1934 жылғы және оған дейінгі бұрынғы 19 елді мекеннің 1,2-тізімдерінде Аманөткелдің №17, Бөгеннің №10 ауыл екені нақты көрсетілген (Основаниие. ф. 85. оп. 1. д. 226. л. 7, 45.).

«Сыр бойы» газетінің 2014 жылғы 8 қараша күнгі кезекті санында жерлес ағаларымыз Қуат Үргенішбай мен Толыбай Абылаев «Батырын құрметтеген ел бақытты» деген тақырыппен мақала жариялады. «Иә, шындығына келсек, Кеңес Одағының Батыры Мақаш Балмағанбетов 1914 жылы қазіргі Қызылорда облысы Арал ауданының Аманөткел ауылдық кеңесіне қарасты Қарадөң деген жерде дүниеге келген», – дейді авторлар. Уезд бен ауданның ара жігін ажыратып көрсеткені үшін ағаларымызға рахмет. Әу бас­та Қазалы уезін Қазалы ауданы деп көрсеткендер үшін бұл үлкен сабақ болуы тиіс. Бөгенді № 10 ауыл деп сол кездегі құрылыммен, территориялық бөлініспен дәл көр­сет­кеніне көпшіліктің назарын аударғым келеді. Біршама пікір қайшылығы болғанымен, ор­тақ мәселеде шындық бар. Ол – Балмағанбетов Мақаштың Аралдың айбынды жауынгер ұлы екені. Бұл – талас тудырмайтын жәйт.

Қарақалпақ елі мен Қазалы ауданының орталықтарында Балма­ғанбетов Мақашқа үлкен құрмет жасалған. Мектеп, көше, саябаққа есімі беріліп, суреттері ілулі тұр. Біз батырымызды енді ғана ауызға алып, жасалатын құрмет пен шаруа қолға алынып жатыр.

Сөзіміздің басын құс төресі сұңқар туралы ізгі ойлармен бас­тадық. Ақсұңқар құстың түлегі, киелі топырақтың өр кеуделі ұлы алтын жұлдызы жарқырап туған жерге оралды. Тастүлекті бабына  келтіріп ұстай білу, туған жердің көгінде самғата білу елдігімізге сын болар салмақты дүние.

Тәңірберген ДӘРМЕНОВ.

Арал ауданы.

Тарих 29 сәуір 2018 г. 1 235 0