«АҚМЕШІТ – ПЕРОВСК – ҚЫЗЫЛОРДА»

Перовск форт болып қалыптасқан соң мұнда 36 ғимарат салынған. Ескі қалада екі кірпіш зауыты, екі жел диірмені, үш монша және төрт шәйхана болды. Қала ХІХ ғасырдағы Орынбордың сәулет үлгісімен, сол жақта пайдаланылған құрылыс материалдарымен салынды. Кейбір деректерге қарағанда, 1904 жылы Перовскте мыңдаған ғимарат тізімделген. Бүгін Қызылорданың екі ғасырлық тарихының куәсі – ескі ғимараттар туралы айтқанды жөн деп таптық. Олар – бір-біріне жақын орналасқан «Айтбай» мешіті, православ шіркеуі, солдаттар казармасы және қалалық училище.
Шіркеу туралы деректерге назар аударсақ, Перовск орыс патшалығының иелігіне өткеннен кейін көп ұзамай-ақ, яғни, 1855 жылы 15 қазанда ашылған. Алғашқы құлшылық орны шатырда орналасып, кейін 1863 жылы  сабан мен кірпіштен, сырты киізбен қапталған шіркеу салынды. Бірақ тасыған дария суы іргетассыз ғимаратты шайып кетті. Сол жылы күйдірілген кірпіштен тағы да шіркеу салынып, оған «Храм Свято-Казанской иконы Божией Матери» деген атау берілді.
Қала халқы тез өсіп, офицерлер мен солдаттар, олардың отбасы  құлшылық орнына сыймайтын жағдайға жетті. Сол себепті қазіргі шіркеудің құрылысы 1890 жылы басталған еді.  Құрылыс 5 жыл бойы, Есаков деген сәулетшінің жобасымен жүргізілді. Күйдірілген сары кірпіш Қазалыдан жеткізілді.  1896 жылдың 6 желтоқсанында жаңа шіркеуде алғашқы рәсім өткен. Құрылысқа 35 мың рубль жұмсалып, оның 5 мыңы келушілерден жиналған.
Шіркеудің биіктігі – 18 метр, мұнда 9 қоңырау болған. Ең үлкенінің салмағы 136 пұт, яғни 2 тоннадан асқан. Қазір 1888 жылы құйылған біреуі ғана сақтаулы.  Басқаларын большевиктер бал­қыту үшін алып кеткен.  Бұл орын қазір республикалық маңызы бар тарих және мәдени ескерткіштер қатарында, еліміздегі осы үлгімен салынған жалғыз құрылыс. Мұндай шіркеу Ташкент пен Астраханьда ғана бар. Еденіне Мәскеу Кремліндегідей шөген плиткалар төселген. Шіркеуде 250-300 адам еркін мінәжат ете алады.
Тарихы өткен ғасырлардың қой­науына жетелейтін ескі ғимараттың бірі – «Айтбай» мешіті. Тарихшылардың айтуынша, мешітті 1878 жылы Айтбай қажының қаржысына Әулиеата шебер­лері – Ысқақ пен Камал салған. Бір жарым ғасырға жуық уақыттан бері Қызылордамен бірге жасасып келе жатқан имандылық үйінің құрылысына сол заманда 40 мың рубль жиналған көрінеді. Биіктігі 14 метрлік, күйдірілген қышпен өрнектелген, төбесі қаңылтырмен жабылған.
Өлкетанушыларды әсіресе, мешіт ішіндегі құдықтың құпиясы  қызық­тырады. Бір деректерде, бұл құдық Қызылорданың жаздағы аптап ыстығынан қорғану үшін салынған делінеді. Расында, күн қанша ыстық болса да, имандылық үйінің ауасы бірқалыпты болып тұрады. Ал енді біреулер құдықтың артында жерасты жолы бар екен дейді. Ол жол шіркеу мен казармаға апарады. Жерасты жолымен бай-көпестер, шенді офицерлер ғана жүрген. Тарихи деректердің тағы бір парасы жерасты жолын генерал-губернатор Перовскийдің есімімен байланыстырады. Өйткені 1850 жылдары Орынборда губернатор болған ол сонда жерасты жолын салдырған екен. Бірақ үш ғимаратты біріктіретін жол жайлы ешқандай құжат сақталмаған.  
Бүгінде мұнда бір мезгілде 500 адам құлшылық ете алады. Республикалық маңызға ие тарихи-мәдени ескерткіш. «Айтбай» мешіті туралы алғашқы жазба шіркеу кітаптарында көрініс тапқан. Шіркеудің бірінші священнигі Филимон әкей екі діни ғимараттың да салынуына куә болғандықтан, мешіттің тез арада салынып біткенін, ал шіркеудің құрылысы созылып кеткенін жазыпты.
Кеңес өкіметі «Айтбай» мешітін кинотеатр, мектеп-интернат, тігін цехы ретінде пайдаланды. Кейінірек облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалына айналдырды.  Ал шіркеу 1930-жылдары депортацияланғандарға арналған жатақхана, кейін музей болған. Тәуелсіздік жылдарында екі ғимарат та  қайта жаңғыртудан өтті.
Қазір көркемсурет галереясы орна­ласқан бұрынғы облыстық әскери комиссариаттың ғимараты ХІХ асырдың аяғында, яғни 1896 жылы Орынбор әскери генерал-губернаторлығының тап­сырысымен әскери казарма ретінде сол дәуірдегі сәулет үлгісінде салынған. Дария жағасындағы мекеннің әскерилер үшін стратегиялық тұрғыда маңызды орын болғаны байқалады.  Ғимараттың ұзындығы – 32 метр, ені – 12,8 метр.  Құрылысты  жобалағандар, жүргізгендер туралы мәлімет жоқ. 2014 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ғимарат толықтай қайта жаңғыртудан өтті. Жұмыс барысында ғимараттың ішкі, сыртқы қабырғалары қалпына келтірілді, төбе жабыны ауыстырылды. Сонымен қатар ғимараттың аумағы қоршалды. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне алынған.
 Қазіргі ескі базар маңындағы «Аль-Асад» сауда үйі 1878 жылы әскерилердің балаларына арналған училище болып салынған. Шіркеу жанындағы барактарда офицерлер мен солдаттардың отбасылары тұрғандықтан, оқу орны жақын жерге, яғни шіркеуге қарама-қарсы орналасты. Базар жанындағы барак типтес үйлердің кешегі 90-жылдарға дейін тұрғанын білеміз. Сауда үйіне кірер есіктің жоғарғы жағында «Городское училище, 1878 года» деген жазу бар. Ескерткіш мемлекет қарауында.
Аталған ғимараттардың бір құрылыс материалынан, яғни күйдірілген қыш­тан салынғаны, бір-біріне жақын орна­ласқаны, салынған уақыты олардың тарихи құндылығын одан әрі айқындай түседі.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».  
Тарих 05 сәуір 2018 г. 1 689 0