Қазалы бекетінен оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде Сырдарияның оң жағына орналасқан Қазалы қаласы ең алғаш рет 1847 жылы Қазалы форты болып негізін қалады. 1853 жылы №1 форт деп аталатын әскери бекініс құрылды. Патшалық Ресейдің шенеуніктері жергілікті халықтың арасынан шыққан өте беделді, артынан елді ерте алатын, сауатты, оқыған адамдарды осы бекініс-қалалардың құрылысына кеңінен қатыстырған.
Жергілікті оқығандар қала салуға қай жердің ыңғайлы екенін, патша шенеуніктеріне қарағанда жақсы білген. Орыс тілін жақсы білетін, суретші, Зауряд-хорунжий Сердалы Бекшоринді, би Рахмет Айтов, би, әрі хорунжи Үмбет Молдағалиұлы, жақайым руының биі Жетес Қыстаубаевтарды Қазалы қаласының құрылысына пайдаланған. №1 форттың жобасы әскери құрылыс инженері Богдановтың жобасы бойынша жасалып, 1853 жылдың күзінде құрылыс жұмыстары жүргізіле бастайды. Форттағы әскери горнизонды, башқұрт жұмысшыларын, инженерлерді азық-түлікпен қамтамасыз етуді патша үкіметі арнайы реттеп отырған. Қазалы №1 форт болып құрылғаннан кейiн оның алғашқы тұрғындары Райым бекiнiсiнен қоныс аударғандар, Орынбор казактары, Арал флотының матростары, солдаттары болды. Кейiннен мұнда Орал казактары, қырғыздар, өзбектер, татарлар қоныстанды. Ресейдің Бұқара, Ташкент, Хиуа қалаларымен сауда байланысының дамуынан керуен жолы өтедi. Бiрте-бiрте Қазалы 1867 жылы iрi уездік қала болды. Орал казактарының көшiп келуiнен балықшылық пен қолөнер кәсiбi дами бастайды. Қалада 650-дей күйдiрiлген кiрпiштен салынған үй, уездік мекеме, почта-телеграф, қалалық училище, бастауыш мектептер, қоғамдық кiтапхана, монша, шiркеу, мешiт болған. Қала тұрғындары 12 мың адам. Өнеркәсiптiк өндiрiстен iрi сыра дайындайтын зауыт жылына 60 мың кiрiс әкелдi. Қалада жел диiрмен, ұсақ сабын қайнататын зауыт болды. Қала маңына бау-бақша егiлдi. Кейін келе аядай Қазалы үлкейе бастаған. Көптеген әдемі үйлер, мешіттер салынған. Шаһар Сырдарияға өте жақын болғандықтан бау-бақшаға бөленіп, сол төңіректегі көрікті жерлердің біріне айналған. Қаланың шет жағында патша ұлықтарының демалатын орны – жергілікті халықтың айтуынша – Ояз бағы болған көрінеді. Онда діңіне құшақ жетпес қара ағаштар, теректер бой сылаған.
1867 жылы 11 маусымда Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғаннан кейін, №1 форт атауы өзгертіліп, Қазалы қаласы Сырдария облысының құрамына кірді. Қазалы уезінде 1868 жылғы 1сәуірден бастап 6 болыс құрылады. Олар: Қарақұм, Райым, Қостам, Сарытоғай, Қарабастоғай және Заңғар. Қазалы уез басшысы Қаракөл, Қостам, Сарытоғай болыстарында адам санының өскеніне байланысты тағы да 3 болыс құру керектігін, тіпті уездегі 7 болыстан 14 болыс құруға болатынын, оның әрбір болысында 1000-1600-дей үй бар екенін хабарлайды.
Қазалы уезі Сырдария облысының солтүстiк-батыс бөлiгiне орналасты. Солтүстiк-батысында Торғай облысымен, оңтүстiкте – Әмудария бөлiмiмен, оңтүстiк-шығыста – Перовск уезiмен, батыс және солтүстiгiнде – Арал теңiзiнiң жағалауларымен шектестi. Уездің жер көлемi 87020 шаршы шақырымды алды. 1909 жылы 1 қаңтарда 179000 адам қоныстанды. Негiзiнен тұрғындар қазақтар болды. Уездің халқы мал шаруашылығымен, суармалы егiншiлiкпен айналысады. Астық, бақша, техникалық дақылдар егiстiктiң 22000 десятина жерiн алған. Балық аулау шаруашылығы дамыған.
Уездің тұрғындарын негiзiнен Кiшi жүз қазақтарының әлiмұлы тайпасы мен оның шектi, қаракесек, төртқара, шөмекей және қарасақал рулары құрады. Арал теңiзiнiң жағалауында шектiлер, Сырдария жағалауында қалған рулардың қыстақтары орналасты. Қазалы қазақтары жазда көшiп Ырғыз уезiнiң жерлерiне, Егiзқара тауларына, Бұратал, Ашыбұлақ, Үшқамты, Жарбұлақ, Қандай өзендерiне дейiн барған. Шектi руы Мұғаджар таулары мен Ембiге дейiн көшiп қонып жүрген.
1867 жылғы әкімшілік реформадан кейiн Сырдария облысы әскери губернаторы Қазалы уездік басқармасына капитан Соболевке ұйымдастыру комиссиясын құру туралы 1867 жылы 23 желтоқсанда Ташкеннен хат жiбередi. Ұйымдастыру комиссиясының төрағасына – уездің басшысын, құрамына Новокрещенов, титулдық кеңесшi Карловты енгiзiп, тапсырманы нақты орындау керектiгi және ұйымдастыру комиссиясы қай күнi бекiтiлсе, сол күнi жұмысқа кiрiсуi қажет екенiн ескертедi. Комиссия жұмысы кезiнде, Қазалы уезін басқару №1 форт коменданты майор Юнийге тапсырылады. Осыған орай Қазалы уезінің бастығы болыстар мен ауылдар құру жөнінде ұйымдастыру комиссиясының жұмыстар жүргiзiп жатқандығы туралы, Сырдария облысының әскери губернаторына 1868 жылы 2 сәуiрде мәлімдеме жолдайды. Уездік басқарушылар генерал-губернатордың бұйрығымен тағайындалды.
Қазалыға келген уездік басшылардың көпшiлiгi қызметтiк дәрежесiн өсiруге үмiттенген уақытша қонақтар едi. Сондықтан олар уездің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен стратегиялық маңызына еш көңіл бөлген жоқ. Көне көз қариялардың айтуынша, Қазалыдағы уездік басқарушылардың арасында тек Леонид Николаевич Соболев пен Степан Романович Путинцев ғана өз iсiне берiлген, жақсы жақтарымен көрiнген. 1867 жылғы әкімшілік реформадан кейін Қазалы уездік қала болып қалалық басқарма құрылса, ал уезде болыстар құрылды. Уезді басқару мен уезд басшыларының қызметі осы реформаның ережелеріне сай жүргізілді. Уездік қалаға сай ссудный касса, почта арнайы ережемен жұмыс істеді.
Қазалы уезi құрылғаннан кейiн 1898 жылы қалада арнайы базарлар ашылды. 1. Аққыр және Қалымбас болыстарының көшпендiлерi үшiн Мұзбел және Манасбай-Сор жерiнен, 2. Райым болысы үшiн Заузан жерiнен, 3. Қаракөл және Қаратөбе болыстары үшiн Қамышлыбас және Көлқұдық жерiнен, 4. Қалымбас болысы үшiн Қуандарияның жағалауынан базарлар ашылды. Қалған болыстардағы халықтарға базарлар қажет болмады.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның оңтүстігінде Сырдарияның төменгі ағысындағы терең тарихы бар қалалардың бірі Қазалы қаласы. 1928 жылы сәуір пленумының шешіміне сәйкес Қазақстан әкімшілік-аймақтың бөлінісіне байланысты Қызылорда және Қазалы уездері таратылып, бұрынғы екі уездің негізінде Қызылорда округі құрылды. Округтік комитеттің Қазалы және Қызылорда уездерін аудандастыру жөніндегі қаулысы бойынша 1928 жылғы 12 мамырда Республикада алғашқылардың бірі болып Қазалы ауданы құрылды. Алпыс бір жыл бойы уез орталығы болған Қазалы енді аудан болды.
Р.Алдиярқызы,
Ақмешіт музейінің экскурсоводы