Сығанақ - ғасырлар шежіресі

         Алты алаштың анасы болған Сыр өңірі – төрт астананы бойына сіңірген қасиетті мекен.

       Еліміздің тарихындағы алғашқы егіншілік мәдениеттің ірі ошағы болып табылатын , қала мәдениеті мен қорғаныс жүйесі дамыған, өзіндік жерлеу құрылыстары мен тұрыптары арқылы ерекшеленетін шірікрабат мәдениетінің жайлаған аймағы – Сырдың көне арнасы Жаңадарияның бойы. Соңғы археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде осы мәдениеттің төрт бекіністі елді мекенді (Шірік-рабат, Бәбіш мола, Баланды және Сеңгір там) және көп бөлігі жасанды суландыру құрылыстарымен байланысып жатқан 200-ге жуық бекініссіз ауылдардың орны анықталды. Сонымен қатар, бірнеше ондаған кесенелер, обалар мен қорымдар шірікрабат мәдениетінің куәлары болып табылады.

      Бұл өркениет б.з.д. IV-II ғасырларда қанатын жайып, Шірік-рабат қаласы Арал маңы сақтарының “дах” деп аталатын тайпасының астанасы болған. Шірік-рабат қала жұрты алғашында тайпа көсемдері, әскери қолбасшылары өмір сүріп және осында жерленетін бекініс қызметін атқарып, кейіннен тұрақты үлкен мекенге айналған.

       Шірікрабат мәдениетінің ескерткіштер кешеніне мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында 2004 жылдан бастап Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қызметкерлері т.ғ.к., археолог-ғалым Ж.Құрманқұловтың басшылығымен Шірік-рабат археологиялық экспедициясы құрамында кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

   Ортағасырлық Жанкент қаласы - IX-XI ғасырларда Сырдың төменгі ағысында өмір сүрген Оғыз мемлекетінің астанасы. Ол- республикалық санаттағы ірі архелогиялық ескерткіштердің бірі.

     Ортағасырлық араб деректерінде Жанкент қаласы Карьят ал-Хадисма, ал-Мадина ал-Джадида деп аталса, парсы деректерінде Дих-и-Нау, түркі тілінде жазылған еңбектерде Янгикент атауларымен кездеседі. Қазақша аудармасында барлық атаулар “жаңа қала”,“жаңа қоныс” мағынасын береді.

      Жанкент мәліметтер IX-Xғғ. Өмір сүрген Ибн Русте(Xғ.), әл-Масуди (Xғ.), Ибн Хаукал (X ғ.), әл-Идриси (XI ғ.) сынды ортағасырлық тарихшылардың шығармаларында кездеседі. Бұл еңбектерде Жанкент қаласы оғыз мемлекетінің орталығы ретінде суреттеледі. Сонымен қатар, Жанкент тұрғындарының су жолы арқылы Хорезм жерімен сауда байланыстарын жасағандығы жайлы да айтылады. Парсы тарихшысы Гардизидің жазбаларында Ертіс өзенінің бойын жайлаған қимақтарға апаратын сауда жолының Жанкент арқылы өткендігі жайлы дерек сақталған. XIV ғ. тарихшылары Рашид ад-Дин мен Жувейни  өз еңбектерінде Жанкент қаласын “Шехркент” деп атаса, Махмуд Қашқари мен араб географы Абульфеданың шығармаларында Жанкент қаласы Янгикент атауымен кездеседі.

       Жанкент қала жұртында 2005 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемекеттік университетінің Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен және Н.Н.Михлуко-Маклай атындағы этнология және антропология институты ғалымдарымен бірлескен Жанкент археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

               1925 жылы еліміздің астанасы Орынбор қаласынан Сыр бойына Ақмешіт қаласына көшірілді. Осы жылдың сәуір айында қазақтың көне қаласы Ақмешіт-Перовскіде Кеңестердің бесінші Бүкілқырғыздық (Бүкілқазақтық) съезі ашылды. Сұлтанбек Қожанов басшылық жасаған бұл жұмыс өз нәтижесін беріп, Қазақстан астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы КирЦИК қаулысы бекітілді.

     Осылайша, 1925 жылдың көктемінде Ақмешіт қазақ елінің астанасы болып бекітілді.

         Тарихта Сығанақ қаласы қазақтың алғашқы мемлекеті – Ақ Орданың астанасы болған. Қала 982 жылы салынған деген дерек «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты  еңбекте «Сунақ» атауымен алғаш белгілі болды.  «Сығанақ» атауы ежелгі түрікше «Қамал, қорған» деген мағынаны білдіреді. Хорезм шах  (1127-1154жж.) және Ала ад-Дин Мухаммед дінсіздерді (Мұсылман деректерінде Сығанақ ХІІ ғ. соңы ХІІІ ғ. басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, Тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хандығының шығыс астанасы болатын) бағындару үшін Сығанаққа бірнеше дүркін жойқын жорықтар жасап, ақыры Сығанақ билеушісімен бейбіт келісімге келді. Нәтижесінде Сығанақ Шығыс қыпшақ даласындағы гүлденген қалалардың біріне айналды. «Худуд-аль-Аламда» Сығанақ диірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таратылатыны туралы жазылған.
       Сығанақтың ең бір дәуірлеген кезеңі – Жошы ханның төртінші ұрпағы Сасы-Бұқаның билік құрған уақытында (1309-1315) болды.  Ерзен ханның тұсында Сығанақта Ақ Орда хандарының атында күмістен ақша құю ісі жолға қойылды. Ол кезде хандарының атында ақша соғу деген биліктің дербестігін көрсететін. 25 жыл билік құрған Ерзен хан 1345 жылы дүние салып Сығанақта жерленгеннен бастап Сығанақ Жошы хан – Орда ежен әулетінен тараған ақордалық ақсүйектерін жерлейтін ата қорыққа айналды.
       XIV ғ. екінші жартысында Ақ Орда мемлекетін «Орыс хан ұлысы» деп те атаған. Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырды. Қазақтың алғашқы қарулы қолы «Алаш мыңдығын» жасақтап, ақ - қарала ту алып жауға шапты. Орыс ханның атында ақша соғылды. Сығанақ жұрты тарихи әдебиетте «Алаш елі» атанды. Сондықтан, Алаштың астанасы Сығанақты – қазақтың астанасы деп тануға толық негіз бар.
       XIV ғ. соңына қарай Сығанақ үшін күрес күшейді. 1375-1376 жылдардан бастап бұл күреске Мауеренахр билеушісі Темір араласа бастады. Ол өз ордасына бас сауға іздеп келген Тоқтамысқа Сығанақты сыйға тартуы Орыс хан бастаған Ақордалықтардың қарсылығын тудырды. Қалыптасқан жағдайға байланысты Орыс хан 1375 жылы үлкен Сарайдан Сығанаққа қайтып оралды.
1376 жылдың күзінде Сығанақ үшін бір жағынан Темір-Тоқтамыс қолы, екінші жағынан Орыс ханның ұлы Темір Мәлік қолы арасында ұлы шайқас болып Темір Мәлік қолы жеңіліс тапты. Сөйтіп Сығанақ Тоқтамыстың қолына өтті. Орыс ханның немересі Барақ хан 1423 жылы Сығанақты қайтарып алды.  Сығанақты1446 жылы шайбанилік Әбілқайыр басып алғанмен  Орыс ханның ұрпақтары Әбілқайыр билігін мойындамады. 1456 жылы Әбілқайыр мен қалмақ Енге төре арасында Сығанақ үшін болған ұлы шайқаста Әбілқайыр жеңіліс тапты. Орыс ханның шөбелері Жәнібек пен Керей бастаған Ақ Орда хан ұрпақтары Әбілқайырдың әлсірегенін пайдаланып стратегиялық шегініс жасап ел ордасын Шу бойындағы Қозыбасына әкеліп тігуі Сығанақтың саяси маңызын әлсіретті.

       Орта ғасырларда Сығанақ талай қияметті басынан кешірді. Ақ Орда хандары мен Темір әулеті арасында, кейінірек қазақ хандары мен (Мұрындық, Қасым хан) Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында Сығанақ үшін талай кескілескен ұрыстар болды. XVII–XVIII ғасырларда жоңғар шапқыншылығына бірнеше рет ұшырады. Үздіксіз жүргізілген соғыстардың салдарынан қала әлденеше рет шабуылға ұшырап, қирап, сынып, ақыры XVIII ғасырдың ішінде бір кездері салтанаты асып тұрған қала үлкен үйіндіге, төбешікке айналып жер астында қалды.


         Сығанақтың жайнаған, құлпырған кезін көрген Фазлах ибн-Рузбихан «Шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды. …Сығанақтың айналасы көкорай дала, тоғай болып келеді. Осы арада жабайы ешкi, жабайы қой және басқа да жануарлар өpiп жүpeдi. Қала тұрғындары оларды жаз мезгілінде аулап, қысқа азық даярлайды. Құc eтi бұл арада өте арзан» деп жазады. Қаланың атақты болуындағы екі себеп: біріншіден, қала өзінің 2000 жылға жуық тарихында қаңлылардың, қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғ.), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғғ.), Әбілхайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.) астанасы болса, екіншіден, қандай шапқыншылық болса да, өмірі қайта жанданып отырғандығы. Әрине, оның Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы да үлкен даңққа бөлеген.

       Әбілғазы Бахадүр ханның жазбаларында: “Қала қақпалы, қуатты дуалдармен қоршалып, ішінде сауда үйлері, керуен сарайлары және басқа да қоғамдық құрылыстары бар қала үйлері орналасқан. Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі тұрақ еді» - деп қаланың келбетін, ал Сығанақта тұруды армандаған ғұлама ғалым һысамиддин әл-Сығанақидың  (XII-XIII ғғ.) “Болса тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар ем қиналмай” – деген жыр жолдары ел тарихында аса үлкен роль атқарған қаланың өз дәуірінде қаншалықты құрметке ие болғандығын көрсетсе керек.

             Ұлы Жібек жолының маңызды бір тармағының бойында орналасқан Сығанақ қаласы Шығыс пен Батыстың көптеген ірі  қалаларымен сауда, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарда маңызды роль атқарды.



       Тарих тұңған бұл қаланы тыңғылықты зерттеу жұмыстары тек 2003 жылы «Мəдени мұра» бағдарламасының арқасында ғана қолға алынып, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сығанақ археологиялық экспедициясы археолог-ғалым С.Жолдасбаевтың жетекшілігімен  қаланың қираған үйіндісін асқан ыждағаттылықпен зерттеп, қаланы қоршап тұрған қорған қабырғаны, үйлерді жəне мешіт-медресені қалпына келтіру жұмыстарын қарқынды жүргізе бастады. Жобаның басты мақсаты – орта ғасырлық Сығанақ қаласының орнын ашық аспан астындағы музейге айналдырып, еліміз бен өңірдегі тарихи əрі рухани жерлердің қатарын көбейту болғанмен, алайда қаржы мәселесіндегі қиындықтардың салдарынан қазба жұмыстарын тек 2014 жылы қайта жалғастыруға мүмкіндік туды. 2016 жылдың 5 тамызында «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы «Сығанақ  қаласы туристік орталыққа айналмақ» атты айдармен «Бүгінде Сығанақ қаласындағы қазба жұмыстарының нәтижесінде ғалымдар құнды деректерге қол жеткізуде. Мәселен мұнда қаланың солтүстік-шығыс қақпасын аршу жұмыстары жүруде. Ескі шаһардың орталық бөлігінде мешіт болғандығы анықталып отыр. Сондай-ақ, тиындар мен керамика заттар, өзге де тұрмыстық бұйымдар табылуда.» - деп халықты бір серпілтіп тастағанда, Ұлы жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы – «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік жолынан мен мұндалап Сығанақ қаласының қақпасы көрінгендей болды. Кешенді шаралармен іске асыруды аса қажет ететін қақпаның айналасындағы қолөнер орталықтары, кітапхана, мұражайлар мен сауда көздерінде тіршілігі қайнаған ықылым замандағы бұл қасиетті қала, жанашырына да, жолаушысына да бауырына бүккен  құпияларын аша тарих тұңғиығынан тіл қатары анық.


Бахытхан Абдикаримов, 

 Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры


Тарих 14 наурыз 2018 г. 1 476 0