РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕКТІҢ КЕПІЛІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат.
Облыс көлемінде «рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 651 шара ұйымдастырылған. Бұл бағытта 79 жоба, 100 ірі көлемді шараны қамтитын 4 кіші бағдарлама «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» жүзеге асырылуда.
«Қорқыт ата» мемориалды кешенінде «Этноауыл» жобасы жүзеге асырылып, онда 7 ұлттық киіз үйде қазақтың қолөнер бұйымдары және зергерлік бұйымдар ұсынылды. Этноауылға 37 мемлекеттен және басқа облыстардан 13 мыңнан астам турист пен қонақтар келді.
Биыл облыс бойынша көне тарихи қалаларды зерттеуге зор мән берілді. Соның бірі Сортөбе ортағасырлық қалашығы. Қалашық Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен батысқа қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Яғни, Қорқыт ата кесенесіне жақын маңда. Бұл көне қалаға археолог Әзілхан Тәжекеевтің жетекшілігімен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы қазба жұмыстарын жүргізді. Ескі қалашық Қорқыт ата кесенесіне дейін тура 10 шақырымдай жерде.
Бұл жерден түрлі құмыра сынықтары, нан жабуға арналған тандыр пештер мен мал сүйектері мен мыстан жасалған басқа да заттар табылған.
Аймақ көлемінде 532 тарихи-мәдени мұра мемлекет қорғауына алынған. Оның 21-і республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген. Бұдан бөлек, соңғы жылдары облыс әкімінің тікелей ықпалымен құрылған облыстық тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің шешімімен аталмыш салада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде 9 тарихи нысан ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілді. Отыздан аса ескерткіштің қорғау аймағы белгіленді.
Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, жастар бойында патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдылық берудің қажеттілігі алға қойылып отыр. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек.
«Мәңгілік Ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, елміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады.
Тарих 16 ақпан 2018 г. 1 798 0