Ердің атын елі шығарады,
жердің атын ері шығарады.
Бауыржан Момышұлы.
Осы жақында қимастарымды, туып, өскен өңірді еске алып, өз-өзімнен қарадай сағынышты күй кештім. Есіме түсіп, көз алдыма келгені – мына Сарысу өзенінің бойындағы мал жайылымы. Иә, мен сол өзен бойындағы «Кіндік» деген жерде туып, балалық шағым сол жайылымда өткен малшының баласымын. Сосын да өзеннің Қызылорда облысына қарасты бөлігінің жер, су аттарын, ой-шұқырын жатқа білемін. Өзеннің екі бетіндегі кең жазықта таймен шауып, қозы бақтым, өзеннің ащы суына шомылып, жасыл шалғында аунап өстім. Сөйтіп, малшы қауымның, әсіресе, қойшы қауымның бейнетінің небір ғажап көріністерінің куәсі болдым. Жайылым табиғатының тылсым сырларын сезіндім. Малшыларға қажет бірсыпыра кәсіпті игердім, тіл сындырып, қазақтың шаруа ауылдағы әдет-ғұрыптарына қанықтым. Жазғы каникулымды осында өткізіп, ата-анама көмектесем. Мен келісімен әкем «демалысқа» шығып, отарды маған өткізетін. Өріске шығарда атдорбамды сусын мен далада оқитын ертегі, қисса-дастан, тарихи көркем әдеби кітаптарға толтырып шығатынмын. Отар шұрайлы жайылымда қаптай жайылады да ішіне «ел қонып» болғасын үйді іздей бастайды. Сол кезде тайымды арқандаймын да көлеңкеге барып кітап оқуға кірісемін. Әдемі тарихи танымдарды шолып, сосын өлең-жырға ойысам. Күніне 100 беттік шығарма оқимын. Келесі класта оқылуға тиісті тарихи, әдеби шығармаларды қой бағып жүріп оқып алам. Оқығандарымды, әсіресе, өлең-жырларды кешке ата-анама, көршілеріме айтып берем.
Кейін 1950 жылдан бастап колхоздар іріленді де жайылым да, малды ауылдар да ірге қосып, төрт түлік өсіп, жайылым тарыла бастады. Әр колхоздың фермасына жайылым бекітіліп, сол шеңберден аспайсың деген тәртіп берілді. Біздің сол кезде «Коммунизм» деп аталатын ауыл фермасына «Тезек» деп аталатын жерден «Кіндік» төбеге дейінгі Сарысудың оң жақ жағалауындағы жайылым бұйырды. Аталған жерде фермадағы 14 отар қой мен аздаған түйе, жылқы малдары жайланды да өзен суы тартыла бастасымен тастағы жайылымға шығып, құдық сағалайды.
Суы тартылып, өзен бойы «құсымен» біздің ауылдың бұрынғы ізіндегі ферманың шопандары (6-7 отар) «Иір» деп аталатын өзекшенің бойындағы өздерінің әуелдегі жайылымына қисая салатын.
«Иір» – Сарысу бойындағы басын «Тезек» жазығындағы, «Бескемпір» нұрасы басындағы қар суынан алатын 40-50 шақырымдық жерге созылып, өзенге қайта құятын шағын жылға. Табанында су көп жатпайтын «алдамшы» арна. Бірақ қыры жақын, құнарлы қара шөп бітік өсетін жайылымы от болатын, шөбі құнарлы, рахаты мол жайлау. Олай дейтініміз, өзекше табанының суы жақын, 1,5-2 метрден су шығады. Су аса тұщы әрі мол еді. Сарысу бойындағы ең тұщы су тек осы өзекше астында болатын. «Иірдің» бұл шапағаты осы өңір халқына ежелден белгілі болатын. Сарысудың өн бойын жайлаған ел бұрыннан тұщы суды осы өзекше астындағы құдықтардан тасып ішетін болған. Жас кезімізде мұндай көріністің біз де талай куәсі болғанымыз бар.
Жә, енді осы айтылған тұщы су жөніндегі аңызға бергісіз әңгімені тірілтетін бір болған оқиғаны баяндай отырайын... 1960 жылы мына көршілес Өзбекстан аймағынан бір қауым ағайын ашаршылық жылдары амалсыз қоныс аударған. Сыр бойындағы атажұртқа көшіп келді. Ішінде бір атадан тараған бауырларымыз да бар екен. Соның бірі – Базарбай Дүйсенбайұлы. Үлкендер түбімізді таратып, тегіміз бір екенін айтқан соң жарасым тауып, бауырласып кеттік. Әсіресе, әлгі Базекең жас болса да, аңқылдаған ақжарқын мінез, ойнақы қылығымен, тәтті әзілімен «ішімізге» тез сіңіп, отырықшы ағайынның жайдары «базарына» айналды. Өзі мал маманы екен. Қызметке де тез орналасты. Жергілікті басшылар жігіттің іс-қимылын, білім-білігін жіті сыннан өткізген соң «Комсомол» совхозының қой фермасына меңгеруші етіп тағайындады. Базекең бөтен орта, бөгде жер-су, бейтаныс жандар деп тосырқамай жайылым мен қора-қонысты, ауа райы ерекшеліктерін зерттеп алған соң жаңа жұмысқа шын ынтамен кірісіп кетті. 18 мың қойы бар ферма алғашқы қыстан мал басын аман алып шықты. Сөйтіп ол осы ферманы екі жыл басқарған кезде ұжымда бір бас мал шығыны болған жоқ. Екі жыл қатарынан әр 100 саулықтан 137-140-тан төл алып, облыстық жарыстың көшін бастады.
Өткен ғасырдың күзгі мол өнімнің қуанышына орай Целиноград қаласында Одақтық ұлықтау жиналысы болды. Сол басқосуда КПСС Орталық комитетінің Бас хатшысы Л.И.Брежнев «Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізуге мүмкіндік бар» деп республикамызға үлкен міндет жүктеді. Иә, айтса айтқандай, ежелден түлік түлетіп, бақ-берекеге мал өсіру арқылы кенелген қазақ елі бұл шақыруды қуана қарсы алып, шаруаға шабытпен бас қойды. Сыр өңірі жұртшылығы да бастаманы игіліктің киелі кілтіне айналдыру жорығына жігерлене жұмылды. Жайылым, су көздері, ішкі мүмкіндіктер, маман кадрлар жедел есепке алынып, мал басын өсірудің шұғыл шаралары қарастырылды. Осы тұста нақты мысалға жүгініп, сөз өрбітейік.
Ол кезде Сырдария ауданындағы «1 май» мал совхозы облыс бойынша оза шауып, жыл сайын желі оңынан тұрып жүрген ауыл болатын. Аталған бастаманы Сыр бойында бірінші болып «қой санын 100 мыңға жеткіземіз» деп үндеу көтеріп, оны біріншімайлықтар жар сала қолдады. Бастама іле қолдау тапты, сөйтіп үндеушісі майда малды ауылдардың жазғы, қысқы қонысымен қоса төрт түлігін өзіне қосып алды. Сол дүмпумен Базарбай Дүйсенбаев жетекшілік ететін ферма да үлкен үйге қосылды.
Ақыры талап оңғарылып, «1 майдың» жұлдызы жана түсті. Екі жыл қатарынан одақтық жарыстың жеңімпазы атанды. Алғашқы жылдан бастап көктемгі төлімен қоса есептегенде облыс бойынша екі шаруашылық – Арал ауданындағы «Арал» осы ауыл «жүзмыңдықтар» көшін бастап, табыстың жаңа арнасына жол салып берді. Осы жорықтағы іскерлігі мен белсенділігі жоғары бағаланып, «1 май» совхозының директоры Орынбасар Бәйімбетовке Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атақ беріліп, артынша лауазымы да өсті.
Осылай Еңбек Ері шыққан ауылдың етек-жеңі кеңейіп, өрісі де, түлік басы да өсе түсті. Бұрынғы «Комсомолда» жүргенде шағын ферма тірлігін дөңгелетіп көзге түскен Базекең, мал басы қомақты, (50 мыңдап қой, т.б. түлігі бар) жайылымы мол №1 фермаға жетекшілікке ауысты. Жаңа ауыл, бейтаныс жандар Базарбайды жатырқамай қарсы алды. Жасынан мал шаруашылығында ысылған ол мал азығын дайындау, әсіресе, қой ұрықтандыру, қора жөндеу, жүн қырқу, елтірі дайындау шараларын тыңғылықты жүргізіп, әр маусымды зоотехникалық ережеге сай, табиғат ерекшелігіне үйлестіріп жүргізе білді. Әсіресе, әр малшымен, маманымен тіл табысқан ұтымды іс-қимылы совхоздың жаңа директоры, іскер басшы, кәнігі мал маманы Құлмырза Тілеуовтің көңілінен шығып, жанын жай таптырып отырды. Сөйтіп жаңа орында да жұлдызы жанған Базекең 50 мыңдай қойы бар ферманы да екі жыл қатарынан жарыс озаты атандырып, әр 100 саулықтан 132-140-тан төл өргізді, ауылы «Қызыл Туды» да қолдан шығармады.
Ұмытпасам, 1973 жылғы май айының соңғы күндерінің бірі болар, онда облыстық радиокомитетте бас редактор едім. Ертемен кабинетіме жүргізушіміз Ким Сергей кіріп келді де:
– Түнде Сұлутөбеден Базарбай досым телефон соқты, – деп аса көңілді кейіппен жаңалығын жеткізді.
– Иә, не деді?
– Алдағы айдың бірінші сенбісінде Сарысуда шопандар слеті болады екен, соған шақырды. Барамыз ба? – деп жауабымды күтті. Мен алдымдағы қағаздарымды бір шолып өттім де:
– Барамыз. Машинаңды дайындай бер, – дедім.
Бұл жөнінде осыдан екі-үш күн бұрын ауданнан ресми шақыру алғанбыз. Слеттің өтетін жерінен, «1 майдың» Базекеңнің фермасының көрсеткішінен хабардар едім. Слетке барып, арнаулы хабар дайындауды, жақсылықтың шырайын шығаруды ойластырып қойғанмын.
Әлгінде келген шоферға сыр ашпай жаңа естіген адамша қала бердім. Өйткені ұлты корей шоферім Ким Сергей Базекеңмен мен арқылы танысып, екеуінің арасынан қыл өтпейтін достар болатын.
Әңгіме басында Базекең екеуміз бір атадан тараған өте жақын адамдар екенімізді айттым ғой. Әйтсе де Базекең екі-үш жас үлкендігін бетке тұтып, маған дәйімі үстемдікпен сөйлеп, әзіл-қалжың төпелеумен өтті дүниеден. Жарықтық мені үнемі «күйеу бала» деумен кетті. Кейде түсінбегендерге «Бұл біздің көшенің қызын алған нағыз күйеу» деп әзілдің шоғын үрлей түсуші еді марқұм.
...Содан межелі күні Сарысу бойындағы шопандар слеті өтетін «Бала моласы» жайлауында болдық. Түске дейін аудан малшыларының жылдық тірлігі сарапталып, озаттық еңбегіне қарай сый-сияпат алды. Базарбай Дүйсенбайұлы басқарған ферма төл алудан облыс бойынша бірінші орынға шыққаны хабарланып, оған кезектен тыс бас жүлде – «Жигули» автокөлігі сыйға тартылды.
Абыр-сабыр саябырсыған соң көлеңке саялап оңаша жерде жазбаларымды сараптап отыр едім, ентіге екпіндеп қасыма шоферім Ким Сергей келді де:
– Бұл жердің суы кермек екен. Қаладан әкелінген тұщы судың бәрін мына жұрт ішіп қойыпты. Кешке сыйлық машина алған Базарбай қонақтарына дәм берейін десе, тұщы су жоқ, енді не істейміз? – деп қипақтап тұр.
Ойланып қалдым. Қысылғанда осыдан 25 шақырымдай жердегі «Иірдегі» тұщы суы бар құдықтар ойыма келе қалды.
– Кеттік онда. Тұщы су табамын. Тез ыдыс дайындаңдар, – дедім. Артынша 8 орындық машинаны әртүрлі ыдысқа толтырып жолға шықтық. Рульде корей жігіті. Мен алдағы өзекшеде «Ербосын», «Қаратай», «Шахан», «Құрмаш» деген суы өзен бойындағы ең тұщы құдықтар бар. Қазір соның бәріне түйекеш Құрмаш ағай иелік етіп отыр деп әңгімелеп келемін. Байқаймын, Базекең де, шофер да сеніп келе жатқан жоқ секілді. Әне-міне дегенше беттеген жерге жетіп, әуелі аталған құдықтарды бір-бірлеп көрсетіп шықтым да, бұрылыс иіндегі «Құрмаш» құдығының басына келіп алдымен өзіміз шөлімізді қандырдық.
Қасымдағылар қайта-қайта ішіп, «Керемет, тұщы екен» деп жатыр. Ортамыздағы жалғыз басқа ұлт өкілі «тамаша, мынау жай құдық емес, бұлақ қой» деп мақтай жөнелді.
– Иә, бұлақтан кем емес, – дедім мен.
– Значить бұл Базарбай бұлағы, – деп Ким Сергей тағы бір құты суды талмай ішті.
Бесін кезінде үлкен-кіші ыдыстарымызды суға толтырып, тойханаға қайттық. Келсек, қазан-ошақ басында Базекеңнің жұбайы Гүлсара марқұм бізді күтіп тағаты таусылып жүр екен. Дереу бір ожау су ұсынып едік, ол суды тауыса ішті де «Тамаша ғой мынау, қайдан әкелдіңдер мұны» деп әдетінше кеңкілдей күлді. Базекең «күйеу бала тапты» деп мені нұсқап еді, Ким Сергей тағы да бұл «Базарбай бұлағының суы» деп бас бармағын көрсетті...
Бұл оқиға өткелі де ойлап отырсам, 40 жылдан астам уақыт болыпты. Өкінішті. Өйткені корей ұлтының өкілі берген бұлақ атауын қазақтар әлі әспеттей алмай жүрміз...
Өтеген ЖАППАРХАН.
Шиелі, Сырдария аудандары.