ЖЕТІМАСАР ҚАЛАШЫҒЫ

Шіркейлі ауылының төңірегінде Жетімасар қалашығы бар. Бұл елді мекеннің оңтүстік-шығыс жағында 5-6 шақырымда орналасқан. Бұл жалғыз болған соң «Жетім асар» деп аталған болуы керек. Жоспарында дөңгелек формалы, қалашықтың сақталған ең жоғарғы биіктігі – 7 метр. Ескерткіш тақтада қалашықтың уақыты белгісіз делінген.
Төбенің үстінде шіркейлілік ақсақал Біләл Махашұлы мұнда 4-5 метр биікті құрайтын белгі беретін ағаш болғанын айтты. Одан соң қария бұл қалашықтың маңында батырдың жерленгенін жеткізді.
Қалашықтың маңайында қорым бар. Сол қорымда Дөнен батыр жерленген екен. Дөнен батыр – осы Сыр өңірінде қару ұстап, ел қорғаны болған батырлардың бірі. Жоқшылықтың кермек дәмін татқан батыр өз ағайынының жетім балаларына қамқор болған.
«Не жасасам да осы жетім балалар үшін жасадым» дейтін көрінеді. Бұл жер Қарақалпаққа дейін жалғасып жатқан үлкен күрежолдың бойы болған. Яғни «Шымбай жолы» деп аталып, керуендер жүрген, ат дүбірі толастамаған. Сол кезеңдерде өмір сүрген Дөнен батыр «Мен өмірден өткенде осы күрежолдың бойына жерлеңдер. Ат дүбірін естіп жатайын» деген екен.
Міне, сол бойынша батырдың мүрдесі осы Жетімасар қалашығының маңына жерленіпті.
Тарих 04 желтоксан 2017 г. 1 120 0