ШІРКЕЙЛІ ҚОСАСАРЫ

Шаған ауылынан Шіркейлі ауылына «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізімен беттесеңіз, осы екі аралықта Қос асар ІІ қалашығы көрініп тұр. Үлкен күрежолдың оңтүстік беткейіндегі қос төбе 2015 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы қазба жұмыстарын жүргізіп, ежелгі қаланың орнын анықтаған.
Өңірде Қос асар қалашықтары Сырдария және Қармақшы ауданында орналасқан. Қармақшыда Үлкен және Кіші Қос асар қалашықтары болса, Сырдарияда Қос асар І, Қос асар ІІ қалашықтары бар. Осылардың ішіндегі Шіркейлі ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 6 шақырымда орналасқан Қос асар ІІ қалашығын археологтар б.з. Ү-ІХ ғасырларды қамтиды деп мерзімдеген. Жетіасар мәдениетінің жұрнағы саналатын қалашықты зерттеушілер үш мәрте бұзылып, қайта тұрғызылған деп пайымдайды.
Негізінен, Қос асар ІІ қазіргі уақытта тұрғын үйлер мен құрылыс орындары ғана сақталған шағын қала орны болып табылады. Қос төбенің шығыс асары цитаделінің диаметрі 50 метр, оның сақталған биіктігі 8 метр. Ал батыс асар цитадель мен алаңы бар дұрыс дөңгелек формалы. Цитадельдің сақталған биіктігі 10 метрге жетеді. Осы батыс асарға жүргізілген қазба жұмыстары барысында үлкен және кіші екі бекініс орны табылған. Сондай-ақ, бірнеше бөлмеден тұратын үй-жай анықталған.
Қазба жұмыстарының кезінде қолға түскен негізгі археологиялық материал – керамика. Оған қоса, қалашықтан сүйектен (бұғы мүйізі) жасалған бұйымдар, белдік доғасы, шыны бұйымдар, қола қазан тұтқасы, кішкене қола қоңырау, қайрақ тастар және мыс тиындар табылған. Бұл жерден көмір де шығыпты. Табылған қыш ыдыстар ортағасырлық Жанкент, Сортөбе және Сауран қалашықтарының ІХ-ХІІ ғасырлардағы керамикаларымен сәйкес келетінін көрсетеді. Мұнда Оғыз мемлекеті өмір сүрген кезеңмен сәйкес келетін ошақтың орны да белгілі болған. Оны тазалау барысында қасқыр тісі мен қой сүйегінен жасалған тұмар мен ғұрыптық мақсатта қолданатын бүтін қыш ыдыс табылыпты.

Ердос Беркінбаев.
Сырдария ауданы.
Тарих 29 қараша 2017 г. 1 150 0