Жаңақорған ауданына жетпей үлкен жолдың бойынан Төменарық ауылына қарай бұрылатын жер бар. Сол тұста Қожамберді елді мекені кезігеді. Осы маңда «Көккесене» деп атап кеткен ортағасырлық архитектуралық ескерткішті кездестіресіз.
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Көккесене – орта ғасырлардан сақ¬талған архитектуралық ескерткішке жатады. Ол Төменарық темір¬жол торабынан солтүстікке қарай – 5, Сығанақтан оңтүстікке қарай 8 ша¬қырымдық қашықтықта орналасқан.
Бірде жол түсіп, Қожамберді ауылына бардық. Жергілікті тұрғындар Көккесенені Алпамыс батырдың жұбайы Гүлбаршынның қабіріне орнатылған деп санайды екен. Мына мәліметті естігенде таңғалдық. Бұрын қалай байқамағанбыз? Ішімнен «Құдай-ау, Төменарық деген мынау тұрған жер ғой. Жаңақорғанға қарағанда Шиеліге жақын сияқты көрінеді. Оның үстіне Қожамберді жолдың үстінде емес пе?» – деп келем.
Энциклопедиялық мәліметтерде оның салжұқтар заманының сәулет өнері үлгісімен биік мұнаралы етіп салынғаны айтылады. Кесене күйдірілген қыштан тұрғызылған. Күмбездің аркасын жебенің үш¬кір басына ұқсатып, екі иығын өрнекті бағаналармен көмкерген. Қабырғаларын Алаша хан күмбезі секілді қыштан кілем өрнегі үлгісіне ұқсатып қалаған. Бір жағынан қарағанда ол Қарахан мазарына ұқсас. Оған жақын маңда Баршын сұлудың әкімшілік құрған астанасы Баршынкенттің қираған орны бар. Міне, қызық! Мынау деген тамаша емес пе?! Қазақ даласында әлі де болса сыры ашылмаған жерлер көп. Бұл ескерткішке қатысты Ж.Басығарин, Е.Қасымов, И.Кастанье, В.Бартольд еңбектерінде тарихи мәліметтер сақталған. Академик Әлкей Марғұлан: «Оғыз елінің атақты бір қаласы – Баршынкент. Баршынкенттің тағы бір қызық тарихы ол қаланы оғыз елін басқарған жеті данышпан қыздың бірі – Баршын сұлуға арнап салынғандығы. Қазақтар ол қаланы бергі кезге дейін «Қыз қала» деп келді» – дейді.
Қожамберді шағын ауыл болғанымен, тамырын тереңнен алып жатыр екен. Иә, біздің туған жеріміз – Сыр топырағында әлі қанша ашылмаған жұмбақ бар екен десеңізші?! Мың археолог қазса да, түбіне жете алмайтын шығар. Осы ауылдың абыз ақсақалы атанған Есболат көкеміз бізді қызықтырған кесене жайлы кеңінен әңгімелеп берді.
– Көккесене – біздің ауылдың жүрегі. Бұл жерде атақты Алпамыс батырдың әйелі Гүлбаршын сұлу жатыр. Бізге дейінгі үлкендер осылай дейтін. Біз де балаларымызға солай айтып жүрміз. Ал, ауыл атқа құйысқансыз мінген Қожамберді батырдың есімімен аталады, – деді ол ағынан жарылып.
Біз болсақ алған мәліметімізді қанағат тұтып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанына қарай бет түзедік.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.