АРЫЗДЫҢ АҚЫРЫ

Бірде әлдебір шаруамен алдын ала телефон соғып, шет тілдер институтының ректоры Нұрымбек Жанділдинге бардым. Ол жылы қарсы алып, «таза ауаға барайық» деген соң, тысқа шығып, іргедегі Весновка өзені бойымен жоғары өрлей жүріп әңгімелестік. Оған себеп, екеуміздің о бастан сөзіміз жарасып, тату болғанымыз еді. Көп нәрсе қозғалды. Солардың ішінен мына бір айтқаны әлі күнге есімде.
«Өзің білесің, 1964 жылы қара күзде бұрынғы бірінші босап, орнына Қонаев сайланды, – деді Нұрекең. – Бұл – енді жаңа басшы бәрін болмаса да, «бұрынғылардың» біразын босатып, айналасын жаңартады деген сөз. Олардың ішінде менің де болатыным анық. Тағы да біреулер. Сондықтан, уақыт оздырмай, орнынан «заңсыз» босағанына опынған бұрынғы біріншінің азғыруымен Қонаевтың үстінен бірнеше пақыр арыз жаздық. Мәскеуге. ЦК КПСС-ке. Түк өнбесін білсек те (солай болды да). Айтқандай-ақ, ұзамай Қонаев біраз адамды босатып, басқалар келді. Менің орныма идеология жөніндегі секретарь болып Целиноградтан шақырған Имашев қонжиды. Ол сонда өлкелік партия комитетінің идеология жөніндегі секретары еді. Біз жазған арызда айтылғандар қаперге алынған жоқ. Күніміз не болады деп айран-асырмыз. Әсіресе, менде зәре жоқ. Жай қызметке де алмайтын шығар деймін. Жоқ! Бәрі басқаша болды. Бірде қабылдауына шақырған Қонаев жағдайымды сұрап: «Ал не ойың бар, қандай қызмет істегің келеді?» – десін. Жердің тесігі болса, кіріп кетуге дайын отырған мен не дейін. «Ғылыми қызмет жарар» деп, күбір етуден аспадым. Өң-түсінде реніш жоқ Қонаев жайсаң қалпымен: «О не дегенің, Нұрымбек? Сен ғалымсың, доктор, профессорсың. Сондықтан, әзірше бір институтқа ректор бол. Кейінгіні көреміз. Келісесің бе?». «Астапыралла» дедім ішімнен. Күні кеше мен үстінен арыз жазған адам бүгін маған ректор бол дейді. Сенейін бе, сенбейін бе? Қайтейін, мақұл деуін десем де, жердің үстімен барып, астымен қайттым. Жанымды қоярға жер таппай, өзегім өртенді. Қазаққа Қонаевты Құдай жеткізген адам екеніне сол жолы имандай иландым. Қателігімді ұқтым. Сенімін ақтауға ниет еттім. Міне, солай. Қалай дейсің?». Маған осы әңгімені айтқан Нұрекең «сен қалай дер едің?» дегендей, бетіме қарады. «Сол жолы өзіңіз не айттыңыз оған?» – дедім. «Не айтайын, «рахмет», – дедім де қойдым». Жанділдин кесіп сөйлейтін қызуқанды, өткір адам еді ғой, әлгідей деген соң тағы да: «Біз итпіз ғой, итпіз, адам емеспіз», – деп кіжінді. «Сол ісіме әлі өкінемін, бәлкім, өмір бақи өкініп өтетін шығармын», – деп те нығарлады. «Қонаев – қазақтың бағына туған адам» деп кейін де талай айтып жүрді. 
Ж.ЫНТЫҚБАЙ. «Алматы ақшамы»
Тарих 08 қыркүйек 2017 г. 1 154 0