ТАСҚА ҚАШАЛҒАН ЖАЗУЛАР Ерте дәуірдің шежіресі

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сыр-Алты Алаштың Анасы» деп текке айтпағандығын тарихтың көне қатпары дәлелдей түседі. Соңғы жылдары сыр өңірінен ел шежіресі туралы тың хабарлар жиі-жиі шығып жатады. Мәселен, Қарт Қаратудың сілемдері облысымыздың Шиелі ауданының територриясынан аяқталады. Тау бөктеріндегі Еңбекші аулынан шыққан жол дарбаза арқылы Теріскейге беттейді. Тау ішіне кіріңкіреген соң, алдыңызда Сауысқандық шатқалы созыла түсіп жатады. Міне, осы жерде көптеген құндылықтарға кезігесіз.
Ондағы жер асты байлықтарын сөз ету өзге мақаланың өзегі, ал біздің бүгінгі айтарымыз, Қаратаудың қатпар тастары мен шатқалдарын араласаңыз, жартастар беттеріне қашалып жазылған түрлі иірімді жазуларға, ойып салынған адамдар мен жануарлар тұрпатты суреттерді көресіз. Көресіз де қайран қаласыз, мұнда бір ғана ғасырдың ғана емес, жүздеген жылдардың ізі, таңбасы жатқанын сезгендей боласыз. Тасқа қашалған бедерлерді ғалымдар;  петроглифтер деп атайтын көрінеді. «Осыдан  үш, төрт мың жыл бұрынғы өрнектер», дейді, осы саланы ұйқысыз зертеп жүрген азаматтар сенімді түрде. «Аталмыш орынның петроглифтерінің барлығы әртүрлі сюжеттермен композицияларға біріккен, сан алуан тұрмыстық діни таным, мифологиялық ой-өрістермен тікелей байланысты. Қаратау петроглифтерінің мерзімдік ерекшеліктері ежелгі қола дәуірінен бастап, ортағасырлық  қазіргі этнографиялық кезеңдерге дейін созылып жатыр. Демек, қола дәуірі – Еуразия  кеңістігін қоныстаған сан  алуан халықтардың бейнелеу шығармашылығындағы, әсіресе,  жартасқа сурет салу өнерінің шарықтау шегіне жеткен кезеңі болып табылады», деген олардың байламы әлі де талай зерттеу мен зерделеуді қажет етері түсінікті.
Олай болса, осыншама құндылыққа көз жұма қарап, байлық іздеп, тас қашап, тау қопарғандарға, неге қоя тұрыңдар демейміз. Мұның бәрі
«Мәдени мұра» емес пе? Ғалымдарымыздың зертеп, жүйелеп жұмыс істеуіне неге қамқорлық танытылмайды?  Осы мақсаттың орындалу барысын жүйелеу, «Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер» ескерткіштер кешенін ЮНЕСКО-ның халықаралық тарихи-мәдени мұралар тізіміне ендіру үшін, ескерткіштің маңыздылығын айқындау мақсатында кезінде ағымдық жұмыстар да жүргізілді. Шамалы жерге арнайы белгі қойылып, мемлекеттік қорғауға алынды. Алайда, сырт кісілерден естиміз, әлгі тасқа қашалып жазылған жазулар мен өрнектерді қуатты құралдар арқылы тастың бетінен қиып алып, тасып кетушілердің бар екендігін. Бұл не? Сол қашалған тастарды басы бүтін құртып жібермесе де, мұражайларға немесе таудың басқа қойнауларына апарып қоятын болса, бұл тарих үшін үлкен жаңсақтық, қиянат болып шығары анық. Ондайларға «тәйт» дейтін ешкімнің болмағаны ма? Біз осы мәселеге алаңдаймыз.
Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы Қаратау сілемдеріндегі ою-өрнектерден бастау алса, үлкен Қаратау жотасы бір жағынан Бетпақдала мен Мойынқұм сияқты жазықтығымен ал онтүстік, оңтүстік-батысында Сырдария өзенінің жазықтық алқабымен жалғасып жатыр. Петроглифтер негізінен Үлкен Сауысқандық тауының солтүстік-шығыс етегінде яғни, Бала Сауысқандық өзенінің сол жағалауын бойлай, Бала Сауысқандық тауының, оңтүстік, оңтүстік-батыс беткейінде, шағын Күркіреуік сарқырамасының солтүстік-шығысындағы адырларында орналасқан. «Демек, кемінде осы маңдағы бес жүз гектар жер қорыққа айналуы тиіс» деп болжам жасаған сала мамандарының шындыққа саяды.
Нұрмахан Елтай,
Шиелі ауданы
Тарих 08 тамыз 2017 г. 3 335 0