«Алашорданың» 100 жылдығы: І жалпықазақ съезінде қандай шешім қабылданды

Тура бір ғасыр бұрын, 1917 жылы 21-28 шілде аралығында өткен тұңғыш жалпықазақ съезінің қазақ тарихы үшін маңызы ерекше. Ел ертеңін ойлаған қазақ зиялылары жиналған съезде келешекте құрылмақ мақсаттағы ұлттық мемлекеттің негізін қалауға бағытталған шешімдер қабылданды. Осы ретте «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі осыдан бір ғасыр бұрынғы тарихқа үңіліп, тұңғыш қазақ съезінде көтерілген мәселелер мен оның шешімі турасында сөз қозғайды. 
І жалпықазақ съезінде 14 мәселе қаралды. Атап айтқанда, жиында мемлекеттік құрылым, Қазақ автономиясы, жер мәселесі, халық милициясы, земство, оқу, дін, сот, әйел құқығы мәселесі, Бүкілресейлік құрылтай жиналысы, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі, Қазақ саяси партиясы, Жетісу оқиғасы, Киевте өтетін Бүкілресейлік федералистер съезіне және Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына Қазақтаннан өкіл жіберу мәселелері талқыланды. 
Жалпықазақ съезінде «Қазақ мемлекетінің әлде Федеративтік Россияның бір автономиялық бөлігі болғаны жөн бе, әлде қазақтар өз бетімен тәуелсіз ел бола ала ма, әлде тәуелсіздікке басқа халықтармен одақтасқан жағдайда жете ме?» деген сұрақтар талқыланды. Бірақ бұл тұрғыда көпшілік нақты пікірге келе алмады. Ал жер мәселесі Құрылтай съезіне қалдырылды. Күн тәртібінде айрықша мәнге ие болған дін, оқу-ағарту, әйел мәселелері және сот жүйесі болды. Бұрынғы ескі сот жүйесі («Халық соты») таратылып, олардың орнына «Қазақ тұрмысына лайық айрықша сот құрылуға» тиіс болды. Келесі мәселе оқу-ағарту саласы: «міндетті бастауыш оқу енгізу», «бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде жүргізілуі» керектігі айтылып, тіл мәселесін айрықша назарға алған және білім берудің тегін болуы талап етілген. Білім алудың орта, арнайы, жоғарғы сатылары да айтылған. 
Съезде қабылданған қаулы бойынша Ресей «демократиялық федеративтік республика болып, қазақ облыстары қоныс, ұлт жігіне қарай облыстық автономия алуға тиіс» болды. Делегаттар жер туралы мәселені аса ұқыптылықпен талқылап, 14 тармақтан тұратын шешім қабылдады. Онда: «Қазақ халқы өзіне қарасты жерге орналасып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін» деп көрсетіліп, бұрын қазақтардың пайдасынан алынып қойған жерлерді кері қайтару талап етілді. 
«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 31 шілде күнгі санында жарияланған съездің қаулысында қазақ халқы өзіне еншілі жерге орналасып болғанша, жер ешкімге берілмесін деді. Және қазақ даласында жарамды жер аз болғандықтан, қазақ пайдасынан алынып кеткен мынандай жерлер тоқтаусыз қайтарылсын: дворяндық, мал өсіру, сауда-өнеркәсіп, курорт, монастыр үшін деп алынған жерлер түгелдей қазақтардың өздеріне қайтарылып берілсін деді», - дейді тарихшы Мәмбет Қойгелді. 
Делегаттар «жер туралы қазақ өз алдына заң жобасын жасасын» деген ұсыныс білдіріп, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының болашақ депутаттарына жиналыста бұл мәселені талқылап, оған депутаттыққа кандидат етіп 81 адамнан тұратын тізімді бекітті. Олардың ішінде Ә.Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Ә. Ермекұлы, Х.Ғаббасұлы, Ж.Ақпаев, А. Тұрлыбаев, А.Сейітов, М.Дулатұлы, А.Бірімжанұлы, С.Қадырбаев, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Ы.Жайнақов, С.Аманжолов, М.Шоқай, Ә.Кенесарин, Қ.Қожықов, Ғ.Оразаев, Б.Құлманов, У.Танашев секілді белгілі қазақ зиялылары болды. Сондай-ақ, депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылғандардың арасында Г.Н. Потанин, В.Чайкин, Т.Нарботабеков, Ә.Диваев сияқты басқа ұлт өкілдері де бар еді. 
Алаштанушы Болат Мүрсәлімнің айтуынша, 1917 жылдың Орынбордағы І жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясы құрылып, Бүкілресейлік Құрылтай мәжілісіне қазақ азаматтары осы партияның атынан ғана сайлауға түсуге шешім шыққан. Ол кезде алты облыста (Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария) қоныстанған қазаққа Құрылтай жиналысынан 43 орын тиюі мүмкін еді. 43 делегат қазақтың мүддесін қорғап, Ресейдің федеративті құрылымын жақтап, қазақ автономиясын алуға күш салуы тиіс болатын. 
«Уақыттың тығыздығына байланысты партия бағдарламасының жобасы ғана жарияланып үлгерді. Соған қарамастан, партияның мақсат-мұратын «Қазақ» және «Сарыарқа» сияқты газеттер жан-жақты түсіндірді. Партияның облыстық және уездік бөлімдері құрылды. Ел ішінде үгіт-насихат жүрді. Мысалы, «Сарыарқа» газетінің жазуынша, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев сияқты ұлтшыл қазақ жастары ел ішінде партияның үгітшісі болған. Бірақ, алты облыстың бәрінде бірдей сайлау өтіп үлгермеді. Сайлауы аяқталған облыстардың түгелінде дерлік «Алаш» партиясы ең көп дауыс жинады», - дейді алаштанушы Болат Мүрсәлім. 
Тарихшы Мәмбет Қойгелді сол кезеңнің өзінде ұлт зиялылары Қазақстанда құрылуы тиіс кез келген саяси партияның түп негізінде ұлттық мүдде мен ұлттық талап-тілек жатуы міндетті екенін білген әрі мұны басы ашық мәселе ретінде қарастырған дейді. 
Сөйтіп, құрылтайға дейін елді басқаруға алған уақытша өкіметтің тұсында бүкіл мемлекеттің формасы федерация болады деген әңгіме гулеп тұрған кезде құрылтайға қазақ халқы өзінің жеке партиясымен қатысып, сол партияның атынан автономия сұрау қажет болды. Осылайша, «Алаш» партиясы құрылды. 
«Алаш» сол кездегі еуропалық үлгідегі ұлттық демократиялық партия болған. Партияның басты құжаты саналатын бағдарламасының өзі сол тұстағы батыстағы кез келген партияның бағдарламасынан кем болмаған», - дейді тарихшы Мәмбет Қойгелді. 
Болат Мүрсәлімнің жазуынша, «Алаш» партиясының жеңісі - жалпықазақтың осы бағытты қолдайтынын білдіргенімен, Ресейдің Құрылтай Мәжілісі күткен уақытта өтпеді. Билікке большевиктер келіп, 1918 жылдың 5 қаңтарында басталған Мәжіліс Лениннің тікелей тапсырмасымен таратылған. Өйткені, Мәжіліске сайланған 707 депутаттың 410-ы эсер партиясына тиесілі еді. Большевиктер 175 қана дауыс алған, билікке қанды жолмен келген оларға бұндай мәжілістің түкке керегі жоқ болатын. 
«Құрылтай Жиналысы таратылған соң, «Алаш» партиясының ісін жалғастырудың да мәні қалмаған. Бұл кезде қазақтың мүддесін қорғау үшін саяси сахнаға Алашорда үкіметі шыққан еді», - дейді алаштанушы Болат Мүрсәлім. Автор: Аян Бекенұлы


Дереккөз inform.kz 

Тарих 28 шілде 2017 г. 1 297 0