ЕЖЕЛГІ САҚТАР ҚАЛАСЫ ТАБЫЛДЫ

Біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтың орта кезеңінде сақтар мекендеген Шірік Рабат қаласын зерттеген ғалымдар сақтардың мегаполисін тапты. Бұған көне шаһар маңынан көзешілер ауылының табылуы түрткі болған.
Қыш ыдыстар өндірген шеберлер ауылы Шірік Рабат қалашығынан 40 шақырым жерде жатыр. Аумағы 3 гектар. Археологиялық зерттеу барысында 11 пештің және тұрғын үйлер мен шеберханалардың орны табылды. Сонымен қатар астық сақтайтын ірі көлемдегі ыдыстар қазып алынды. Оған қоса көп мөлшерде тарының дәндері шыққан.
Жанболат Утубаев, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері: – Төрт бұрышты және домалақ пештер бар. Олар екі бөліктен тұрады, ішіне оттық салғанда үстіне қыш ыдыстарын қойып, күйдірген. Қазір археологтар Шірік Рабат қалашығы аумағынан табылған бекініс орнын да зерттеуде. Бұл жерде көне шаһарды мекендеушілердің тұрмысы мен ғұрпын танытатын жәдігерлер жеткілікті.
Мақпал Сүйіндікова, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының кіші ғылыми қызметкері: – Соның ішінде көптеп табылған бұл жерде жапсырма әдісімен дайындалған қыш ыдыстар және олардың өрнектері Оғыз дәуіріне сәйкес келетін ернеулері бүршіктеліп дайындалған ыдыстар және қабырғаларында бітпес белгілері бар, үлкенді-кішілі шеңбер тәрізді ыдыстар көптеп табылды. Арал маңындағы бірқатар тарихи ескерткіштерді 1946 жылдан бастап Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеген. Алайда 90 жылдары тұралап қалған бұл жұмыс 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта жанданды.
Еркебұлан Елеуов, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері: – Қазіргі таңда Қызылорда облысында 532 ескерткіш мемлекеттің қорғауына алынған. Сыр бойының және Ферғана аңғарлары бойынша 16 ескерткіш ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне алуға ұсыныстар берілді. Оның ішінде Қызылорда облысында 8 ескерткішіміз қамтылып отыр.
«Рухани құндылықтарға арқау болған тарихи ескерткіштерді қорғап, зерттеуде мемлекеттің қолдауы ерекше. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржы жыл сайын ұлғайып, кешенді қазба жұмыстарының ауқымы кеңейе түсті», – дейді ғалымдар.
24.кз
Тарих 25 шілде 2017 г. 1 595 0