КҮШ АТАСЫ

КҮШ АТАСЫКеңестік кезеңде «райкомда» жауапты қызмет атқарған Өмірзақ Ахметов тоқсанның төріне табан тіреген тұста Қазалыға арнайы іздеп барған едім. Ақсақалмен емен-жарқын әңгіме өрбітіп, азды-көпті тақырыптарға ой жібердік. «Ерніңді жібіткен жарың, қойныңды жылытқан жарың» дейтін қосағым ертерек кетті, әйтсе де жағдайды жасаған келін, жұмсағанда тіл¬алғыш немерелер бар. Соған шүкіршілік етіп отырмын» деп қойды қария.  Іле: – Қазір адамның тілі мен құдайдың тілі тең емес. Тәңір әрдайым төре тұруы тиіс. Ал, Құранның қасиеті – қоспасы жоқ, тәңір тілі еш өзгеріссіз келеді. Әдет-ғұрып, дәстүр, насихат, тәрбие – ұлттық идеологияның жемісі, бірақ ол мемлекеттік маңыздан мөлшері төмен түспеу керек. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда бір ауыз орысша білмейміз. Сонда да болса, қатардағы солдаттан дивизия командиріне дейін көтерілдім. Адамға бір-ақ өлім бар, ол жау оғынан ба, әлде Алланың әмірінен бе, ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ адам өлім үшін емес, намыс үшін тырысып алға ұмтылады.
Біз үш империяны құрған халықпыз. 130 жыл империяны ұстаған атақты Модэ, Римге дейін барған Еділ патша, сонан соң Тоныкөк. Одан бергі әлемдік батырларға жататын Алпамыс, Қобыланды, Ерсайын, тағы басқалар бар. Ел батырлары Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Райымбек, Жанқожа секілді көптеген жүрек жұтқан жауһарлардың биігі жоғары. Осылардың қанынан жаралған қазақтар  кешегі соғыста қандай ерлік көрсетті. Өзін ұлы халық санағандар түркі тұқымын мойындағысы келмейді. Бұратана санап жүрген халықты төбеге қою оларға өліммен тең. Тарихты көлегелейтін осындай жәйттер жанымды жегідей жейді.               
КҮШ АТАСЫМенің Шымкент облысы Арыс ауданының бірінші хатшысы Шәріп Қосмамбетов деген ағам болды. Соған 1946 жылы қыдырып бардым. Ағаның үйінде қазақтың қайталанбас балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов бар екен. Астан кейін кеңінен әңгімелесу болды. Оған арқау болған Қажымұқан мен Поддубный айқасы еді. Негізінен жеңіс Мұқан жағында болғанға ұқсайды. Өйткені ол «сол кезгі саясат солай еді» деп қалды. «Неге?» дейміз ғой біз. Қажекеңнің жанын қоймаған соң ол ептеп шындықты шығарды.
– Кілемге Поддубныймен шығуым керек болды. Ә дегеннен қара күшті қосып, белінен қапсыра құшақтап, жамбасқа икемдеп қалып едім, ол жай ғана құлағыма сыбырлап «потише» деді. Мен түсіне қойдым да босатып жібердім. Себебі әлемдік додаға Ресей атынан барған 15 балуанның ішінде жалғыз мен ғана өзге ұлт өкілімін. Он төрті тұрып, мен жеңіп кетсем, олар кешірмейтін еді. Қара теңіздің үстінде келе жатып суға лақтырып кетуі әбден мүмкін-тұғын. Осыны ойлап, амалсыз берілуге тура келді, – деп Қажекем терең тыныстап алды. Міне, осындай жағдайлар қазақ тарихында аз болды деймісіз, – деді ақсақал.
Қазір Өмірзақ ақсақал өмірден өтсе де, көңілден кетпеген осы әңгімесі менде естелік болып қалды.
Қаныбек ӘБДУОВ.
ТАНЫМ 14 қаңтар 2017 г. 2 842 0