ТОҒЫСҚАН ТҰҢҒЫШТАР ТАҒДЫРЫ

азақтан шыққан тұңғыш ұшқыш Жолдасбек Нұрымов пен
тұңғыш биші Шара Жиенқұлова жайында)
ТОҒЫСҚАН ТҰҢҒЫШТАР ТАҒДЫРЫБұл мақаланы жазуыма «Кызылордин¬ские вести» газетінде жақында жарық көрген Жәнібек Исаевтың «Вместо сердца – пламенный мотор» деген мақаласы түрткі болды. Қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш Жолдасбек Нұрымов кім? Ол 1912 жылы Сырдария ауданына қарасты №3 (қазіргі Аманкелді) ауылда өмірге келген. Жастайынан жетім қалып, әкесінің ағасы Қалмұхаммедтің қолында тәрбиеленеді. Ғылым мен білімге құштар ол алты жасында ұшып бара жатқан аэропланды көріп, аспан әлеміне құштарлығы арта түседі. Арманы Балашов қаласындағы ұшқыштар даярлайтын авиациялық училищеден (1931 ж.) бір-ақ шығарады. Училищені үздік дипломмен бітіріп, екінші дәрежелі ұшқыш мамандығын алып, сол оқу орнында ұшқыш инструктор ретінде жұмысқа қалады.
Авиация (латын тілінде құс деген мағына береді) адамзат қоғамына ХХ ғасырдың басында қызмет ете бастады. 1903 жылдың 17 желтоқсанында амери-калық ағайындылар Райт әлемде бірінші рет өздері құпия жағдайда жасаған ұшу аппаратымен аспанға көтерілді. 30 жылдан соң аспан әлеміне қазақтың алғашқы ұшқышы Жолдасбек Нұрымов самғады. 1934 жылдың соңында Нұрымов өз өтінішімен Солтүстік Сібір Азаматтық әуе флотына ауысып, оған жастарға білім беру мен ұшқыштар жұмысын басқару міндеті жүктеледі. Қыстың қақаған аязында, күндіз-түні, қалың тұманда ешқан¬дай байланыс құралынсыз ұшып үйренген Жолдасбек ағаның тәжірибесі ұштала түседі. 1935 жылы шілде айында ол Петропавл қаласының таулы аймағында №270 ұшқыштар отрядын құру үшін сонда ауыстырылып, П-5, ПР-5, АНТ-9 ұшақтарымен ұшуды үйренеді. Осы жерде 24 жастағы келбетті әрі сұңғақ бойлы Жолдасбек аға алғашқы жары, сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметовтің әйелінің әпкесі Гүлсім апаны кездестіріп, үйленеді. Кейін Рита (Риорита), Зарема және Лаура дүниеге келеді. Рита өмірден ерте озды. Зарема әкесінің жолын қуды. Д.Қонаевтың ұшағында 21 жыл стюардесса болды. Лаура Алматы дене тәрбиесі және спорт мектебін тәмамдаған.
Орыс-қазақ тіліндегі газеттерде Ж.Нұ¬рымов жайлы мақалалар әр кезде жарық көрді. Алғашқыларының бірі «Про¬пеллер» газетінің 1936 жылғы 8 тамыз-дағы №22 санында «Нурымов – первый пилот национал в нашем управлений» деген тақырыпта суретімен жарияланды. Ұлы Отан соғысының алдында 300 мың шақырым қашықтықты артқа тас¬таған ол соғыста да сансыз ерлік жасады. 1941 жылы Солтүстік Батыс майда¬нында бомбалаушы әуе полкінің коман¬дирі ретінде Киев, Харьков, Воро¬ши¬л¬овград бағытында әскери тапсыр¬маларды орындады. 1942 жылы Жолдас¬бек Нұ¬рымов Волгоград шебіне ауысты¬ры¬лады. Білікті ұшқышты №102 әуе полкінің командирі етіп тағайындайды. Кезекті әскери тапсырмасын орындау барысында жаудың МЕ-109 истребителі Нұрымовтың ұшағын атып түсіреді. Тәжірибелі ұшқыш ауыр жараланғанына қарамастан, ұшақты кеңес әскерінің алдыңғы шебіне қондырып үлгереді. Әскери ауруханадан емделіп шығып, ол қайтадан майдан шебіне аттанады. 1943 жылы әскери тапсырмадан келе жатқанда жаудың төрт бірдей истребителінің шабуы¬лына тап болады. Олардың бірін атып түсіріп, өзі қарсыластың снаря¬дынан ауыр жараланады. Соған қарамас¬тан ұшағын кеңес жеріне қондырып, өзі есінен танып қалады. Бес айдай әскери ауруханада емделіп, 1944 жылдың шіл¬десінде денсаулығының жарамсыз¬дығына байланысты майданнан қайтарылады. Майдан шебінде көрсеткен ерлігі үшын Жолдасбек Нұрымов «Қызыл Ту», І дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орден-медальдарымен марапатталады. Ұшуға құштарлығы мен мықты организмі оның шынығып, сүйікті қызметіне оралуына септігін тигізеді. 1945 жылы медициналық комиссия Нұрымовтың денсаулығын тексеріп, ұшуға рұқсат береді. 1946 жылдың ақпанынан бастап Алматы қалалық №7 ұшатын көлік тобына ұшқыш болған Нұрымовты біршама уақыттан кейін ұшқыштар тобының командирі етіп тағайындайды.
1952 жылы Шымкент қаласына көшіп барып, әуежайда диспетчер қызметін атқарады. Қан майданда екі рет ауыр жара¬ланып, елге аман-есен оралған қайран Жолдасбек әуежайдағы кавказдық бұзақылар қолынан қаза табады. Қазақтың алғашқы ұшқышының өмір жолы осындай. Ж.Нұры¬мовтың соғыстағы ерліктері әлі зерттеуге тұрарлық.
Енді қазақтың тұңғыш ұшқышы Жол¬дасбек Нұрымов пен тұңғыш бишісі Шара Жиенқұлова апамыздың тоғыс¬қан тағдырына ойысайық. Елу жылдан астам өмірінде Жолдасбек аға үш некелі болған. Оның біріншісі – жоғарыда айтқан – Гүлсім, екіншісі – Шара, үшіншісі – Ғалима апамыз. Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шара Жиенқұловамен Жолдасбек аға түйдей құрдас. Екеуі де 1912 жылы туған. Демек, екеуі де жастайынан қазақтың басынан өткен небір тауқыметті (аштық, кәмпеске, репрессия) көрген. Шараның арғы бабалары өте ауқатты, ал, Жолдасбектің атасы мен әкесі діндар, қарахандық Қожа әулетінен болғандықтан Кеңес өкіметінің талай зобалаңын бастан кешкен. Шараның анасы Тынымбала Бегалықызы осы жәйтті білгесін әрі Құрманбек ағаның жасы үлкен болғасын қызының оған тұрмысқа шығуына келіспеген.
Қазақтың ұлттық өнерінің негізін қалаған Құрманбек Жандарбеков (1905-1975 ж.ж.) – Шара апамыздың алғашқы күйеуі. Шара ападан үлкен және бұрын некелі (Зура Атабаева) болған. Оның үс¬тіне, анасы 16 жастағы Шараны Қытай кон-су¬лының баласымен жарастырмақ болған. Қазақ өнерінің майталмандары Құр¬ман-бек пен Шараның қосылуына атақты Күләш пен Қанабек Байсейітовтер ықпал еткен. Қ.Жандарбеков: «Біздің елеу¬лі оқиғаларымыздың бірде-бірі Күләш, Қа-нышсыз өткен емес. Шараға үйленгенде де, Шолпанға үйленгенде де ақылын тыңдадым. Бір ақылдаспағаным, алғашқы зайыбым Зура Атабаевамен қосылып, ажырасуым еді», – деп жазады естелігінде.
Мақаланы жазарда Алматыда болып, жасы сексенге таяған қызылордалық ақын ағаммен ақылдастым. «Жазуыңа болады. Себебі тұлғалардың өмір шындығын жастар білуі керек», - дей келе, ол бір жәйтті жеткізді. Шара апаның ұшқышпен көңіл қосып жүргенін Құрманбек аға сезген. Ал Шолпанмен үйленуінің сәті Шараның майданға концертпен кеткен соң түскен. Сондықтан Шараның майданнан Алматыға келерінен бұрын Шолпанға үйленіп те қойған. Бұл – дәм-тұздарының жараспайтынын білгендіктен туған шешім. Екінші жағынан, Шараға көрсеткен еркектік назы болса керек. Ақын ағамның айтқанының дұрыстығын кейіпкерлеріміздің сөзі дәлелдей түседі. «Шарамен соғыс жылдары дастарханымыз бөлінді. Араға шайтан түскен шығар. Шараны да, басқаны да жамандамаймын. ...Киімшең Қанаштың үйіне келіп тұрақтадым... Бір күні Күләш пен Қанашқа ойымды айттым. Ол: «Қой, ойлан, әлі-ақ жарасып кетерсіңдер» дегенді айтты. ...Ақылдаса келе Шолпанды Қанаштың үйіне түсірдік», – деп жазыпты Құрманбек аға. «Майданнан Алматыға жеткенше қу жаным қуыршақ болып күйзелумен болдым» деген Шара апа үйінде жиналған әріптестері – өнер қайраткерлері бір жамандықты естіртетіндей үнсіз қабылда¬ғанын тебірене суреттейді. «Болаттың «наша папа женился» дегені. Құрманбек жас тоқал алып кетті. Бір кезде қызулау Құрманбек кіріп келді. Үнсіз қалдым. Құрекең маған біртүрлі жат адам болып көрінді», – деп еске алады ол.
Сонау отызыншы жылдардан бастап Шара апамен Құрманбек аға қазақ өнерінің негізін қалаушы әрі оны дамытушы тұлға ретінде қол ұстасып еңбек етіп, екі қыз, бір ұлды өмірге әкелді. Қыздары ертерек өмірден өтіп кеткенмен, ұлы Болат Жандарбеков (1932-1991 ж.ж.) ата-ана жолын қуған режиссер, жазушы-драматург, танымал тұлға ретінде өмірден озды. Құрманбек аға мен Шара апа естелік кітаптарында Жолдасбек аға жайлы көп көрсете қоймаған. Бұл енді түсінікті. Екеуінің Болаттай ұлы болды. Сөзіміздің дәлелі ретінде Шара апамыздың «Өмірім менің – өнерім» атты мемуарлық кітабының (Алматы, «Жазушы», 1992 ж.) әдеби жазбасын жасаған жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәрбану Құмарованың естелігіне назар аударсақ: «Шәкеннің кейінгі күйеуі ұшқыш болған. Онымен біраз тұрып, кейін ажырасып кеткен. Сол кісі жайлы «Қанатты батыр» деген тарау жазылған. Бірақ апай кейінірек: «Соны кітапқа енгізбей-ақ қоялықшы» депті. Шара апа ұшқыш Жолдасбек Нұрымов жайлы тарих беттерін кейінгілердің ризашылық сезіммен парақтайтынына сенімді болған».
Соғыс жылдарында Шара апаның жеңісті жақындату жолындағы еңбегі жеткілікті. «Қазақ әдебиеті» газетінде (1975 ж., 9 мамыр ) жарық көрген «Алғы шепте» атты мақаласында: «Мен майданға екі рет бардым. Алғашқысы 1941 жылдың аяғында Қызыл Армияның 24 жылдығына орай. Бұдан кейін 1942 жылы СССР Халық артисі Людмила Русланова екеуміз екінші Украина майданында болып, үш айдан аса алдыңғы шепте концерт қойдық. Кейін 1943 жылы мен өз қаражатыма танк сатып алып, екінші Украина майданының жауынгерлеріне тарту еттім. Сол танкімен украин жігіті 17 жау танкісін қиратты», - деп жазыпты. Майданнан оралғаннан кейін Шара апа Орал, Сібір, Кузбасс, Қиыр шығыс өлкелерінде еңбекшілер алдында жүзден аса концерт беріп, Қостанай облысына келгенде И.В.Сталиннен арнайы телеграмма алады. Онда былай деп жазылыпты: «Кустанай, Каз СССР. Народной артистке товарищу Шара. Благодарю Вас товарищ Шара и Ваш ансамбль за заботу о Бронетанковых силах Красной Армий. Примите мой привет и благодарность Красной Армий. И.Сталин. (П.Р.Москва 135353105310).
Екінші рет 2-ші Украина майданында Шара апаның болғанын, оның Жолдасбек ағамен кездескенін жерлесіміз, профессор, соғыс ардагері Ибраһим Шәмшатұлы мемуарлық «Соқпақтық өмір» кітабында жазады: «Эскадрилия құрамы оны жақсы көргендіктен еркелетіп тек «Бек» дейтін (Ж.Нұрымовты айтып отыр. – авт.): Қыркүйектің соңғы күндерінің бірінде түс қайта ұйқыдан тұрсам, офицерлер тұратын үлкен корпуста қазақ әртістері концерт беріп жатыр дегенді есіттім. Тұра жүгіріп корпусқа жақындағанымда жұрт концерттен қайтып келе жатыр екен. Өйткені кешке жау тылына ұшу керек. Өз экипажымның пилотын кездестіріп едім. Ол: «Концерт бітті. Бектің Шарасы келді» деп жымыңдады. «Шара бір ұшқыш капитанымен айналысып жүр» дегенді ауылда да естігенмін. Енді сол Шара Жолдасбектің әскери бөліміне концертпен келіп кетіпті...»
Шара апа мен Жолдасбек ағаның отба¬сылық, жұбайлық қатынасы жайлы ағаның жиен қарындасы Зарима Төребекқызы, бірінші әйелінен туған Лаураның және Шара апаның сіңлісі Клара Диярованың естеліктері қос тұңғыштың өмір жолынан біраз дерек береді. Мысалы Зарима: «Шешемнің інісі Жолдасбек аға өте сымбатты, сұңғақ бойлы, нағыз жігіттің төресі дейтін ажарлы азамат еді. Небір сұлу сылқым бикештердің ағамыз дегенде емешесі езіліп тұратын», – деп еске алса, қызы Лаура: «Ол сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт еді. Әрине, нәзікжандыларға көбірек ұнайтын», – деп жазыпты. Клара Диярова апасы Шара жайлы: «Сұлу әйелдің бақытты болуы қиын» деген қорытынды жасайды.
Қазақ өнерінің жарқын жұлдызы, би падишасы Шара апаның ұшудың бар қыр-сырын меңгерген батыр, жігіттің сұлтаны, ұшқыш Жолдасбек ағамен отбасылық өмірі сегіз жылдан аспады. Қос тұңғыш перзент көрмей ажырасып тынады.
Мақаланы жазғандағы мақсат – жан мен тән сұлулығы үнемі тоғыса бермейтінін, пенденің ғұмыры қалай аяқталатыны тек Жаратушының қолында екенін жастардың жадына салу. Әйтпесе, қазақтың би өнерін әлемге танытқан Шара апа өмірінің соңғы жылдарын жалғыздықпен, жапа шегумен өткізеді, ал 15 ұшақтың тілін меңгерген, көптеген марапат иегері, Кеңес Одағының батыры атағына дейін ұсынылған Жолдасбек аға 54 жасында кавказдық бұзақылардың қолынан ажал құшады деп кім ойлаған?! Бір жағынан, қазақтан шыққан алғаш ұшқыш жерлесіміздің есімін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мәселесін халық пен биліктің есіне салғымыз келді.
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессоры.

P.S  Газет баспаға дайындалып жатқанда Италияда тұратын Жолдасбек ағаның қызы Иринадан хабар алдық. Ол жайлы  материалдарды толығырақ газетіміздің алдағы сандарынан оқисыздар.
ТАНЫМ 24 желтоксан 2016 г. 2 419 0