ЕЛ ҚОРҒАНЫ АЛПАМЫС

ЕЛ ҚОРҒАНЫ АЛПАМЫСҒұлама ғалым Әбу-Насыр Әл Фараби: «Халық өткен өмір тарихын білмесе, өзінің өмір сүріп жатқан дәуірінің  қадірін бағалай алмайды» десе, ал Баласағұн  бабамыз: «Болашақ-өткен тарихты  білуден басталады» деген екен. 
Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан  Әбішұлының  тікелей тапсырмасымен жасалған  «Тарих толқынындағы  халық» бағдарламасының  негізгі мақсаты – Қазақстанның  тарих ғылымы  алдыңғы қатарлы  әдіснама  және  әдістеме  арқылы  саналы  жүзеге асыруға  жағдай жасау, ұлттық тарихымыздың көкжиегін кеңейту, ұлттық жаңа  тарихи  дүниетанымды қалыптастыру арқылы өскелең ұрпақтың санасына туған жерге деген сүйіспеншілікті, ата-бабаларымыздың, хан, батыр, билеріміздің  парасатты  істеріне  баулу екендігі ақиқат. 
Еліміз  тәуелсіздік  алған жылдардан бері есімдері ұмтылып,  естен шыға бастаған аяулы тұлғаларымызды бүгінгі ұрпаққа танытатын игі істер кеңінен қолға алынуда. Алты Алаштың анасы атанған Сыр өңірінің өзінде Жалаңтөс баhадүр, Қобыланды, Бұқарбай, Келтетонды Келменбет батырларымен, қазақ зиялылары М.Шоқай, С.Қожанов, Т.Жүргенов, ғұлама-ақын жазушыларымыз  М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров, Қ.Мұхаммеджанов, А.Тоқмағанбетов, тағы басқа  аяулы  азаматтарға қойылған ескерткіштер  бүгінгі жас буынның  олардың түп тарихын тануына көмектесетін игі қадамдар болып табылады. 
Десек те, қазақ, өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, алтай халықтары есімін иеленіп жүрген,  жастайымыздан санамызға қазақ батыры деп сіңіп қалған Алпамыс батырды  әлі күнге дейін назардан тыс қалдырып келе жатқандығымыз өкінішті. 
Алпамыс батыр ойдан шығарылған  кейіпкер емес.
Алпамыс батыр жыры ежелден сақталып келе жатқан күрделі де көркем үлгілердің бірі, қазақтың қаhармандық эпосы деп қарау керек. Алпамыс батыр жырының мазмұны мен көркемдігі жағынан зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша Гомердің «Одиссиясымен» деңгейлес деп есептеледі. Ол туралы белгілі қайраткер М.Тынышбаевтың   1925 жылы Ташкент қаласында басып шығарған: «Материалы  истории Киргиз-казахского народа», зерттеуші, ғалым: В.Жирмунский  әдебиет зерттеушісі Ә.Диваев, қазақ ғалымдары Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, т.б. Алпамыс батырдың қазақ  екендігін нақтылы дәлелдермен келтірсе, Алпамыс жырында қазақтың көне дәуіріндегі салт-сана, әдет-ғұрып, елдің шаруашылық кәсіптері айқын бейнеленіп, жер-су, ел-мекен атауларының қазақ халқына тән, екендігі дәлелденіп тұр.
Алпамыс батырдың дүниеге келген жері Жиделі Байсынның 1924 жылғы әкімшілік-территориялық қайта бөлу кезінде Өзбекстанға беріліп кеткені болмаса, әлі күнге дейін ол аймақта қазақтың белгілі тайпаларының (Қоңырат тайпасы) ұрпақтары тұрады және ата-бабаларының Алпамыстың тарихын жақсы білетінін ақпарат құралдарынан, ол жақта туыстары бар кісілерден естіп, біліп те жүрміз. 
Алпамыс батыр эпосы  сан рет қазақ баспаларында қайта басылып шықты. Ол туралы белгілі жазушылар М.Әуезов, С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, тағы басқа  алыптарымыз еңбектер де жазды. 
Солай бола тұрса да көршіміз өзбек халқы 1999 жылы  ЮНЕСКО-ның  «Алпамыс батыр дастаны – өзбек халқының ұлттық  эпосы» деген шешімін шығартып, әлемдік деңгейде сол жылдарда тойлап та жіберді. Ал біз болсақ, Алпамыс батыр эпосының  мыңжылдық мерейтойын Оңтүстік  өңірдегі Өзбекстанмен шекаралас жатқан  Мақтарал ауданында  ғана өткізумен шектелдік. Бұл туралы  «Оңтүстік Қазақстан» газетінің №168 2013 жылдың 7-қарашасындағы нөмірінде жазылған. Алпамыс батырды өзбек ағайындардың өздерінікі етіп алғандығын, сол сияқты басқа да түркі тілдес ұлттардың Алпамыс батыр эпосын меншіктеніп жүргендігі туралы ғалым Раманқұл Бердібаев бірнеше рет газет  беттерінде жазған еді.
Тағы бір мысал: қырғыздың эпикалық, эпостық «Манас» жыры 2009 жылы Қытайдың батысында тұратын қырғыздардың 160 мың өтінімі негізінде Қытай мемлекетінің атынан ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне ілінсе, ал жақында ғана (04.11.2013ж) Қырғызстан үкіметі келіссөздер арқылы «Манастың» қырғыз халқына тиесілі екенін дәлелдей отырып, Пекин ұсынысын кері қайтарып, Бішкек өтініміне сәйкес қырғыздың ұлттық әдет-ғұрпы мен дәстүрін сақтап келе жатқан эпостық жыр есебінде және ЮНЕСКО-ның барлық талаптарына сай келетіндігіне байланысты бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне қайта енгізілгендігі туралы Қырғызстан ақпарат құралдары бүкіл әлемге жайды. Ал біздің қаншама эпостық жырларымыз Қырғызстан сияқтанып бүкіл әлемдік мәдени мұра тізбесіне қашан ілінер екен деп ойлайсың?!
Алдағы 2014 жылы бұл эпосқа 1015 жыл толмақшы. Ал біз осы мерекеге дайынбыз ба? Атап өтер тағы бір жайт: Қазақстан Республикасының көлемінде бүгінге дейін Алпамыс батыр атындағы  бірде-бір көше, мәдени-спорттық  кешен  атауы  (Жетісай ауданындағы спорт алаңынан басқа) берілмеген. Сол сияқты батырға арнап ескерткіш қою мәселесі де қаншама рет сөз болғанына қарамастан әлі күнге дейін  нәтижесіз  келе жатқан еді. Соңғы бір-екі жылдың көлемінде Алпамысқа ескерткіш қою мәселесі зиялы қауым арасында қайта көтерілді. Оған айғақ облыс жұртшылығының Алпамысқа ескерткіш қою туралы ұсыныс-пікірлері облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тарапынан  қолдау тапты.
Сол сияқты биылдың өзінде ғана облыстағы тарихи-мәдени мұраларды қорғауға және насихаттауға бағытталған облыс әкімі жанындағы ғылыми-әдістемелік кеңес құрылып, оның құрамына белгілі ғалымдар, археологтар енгендігі туралы 2013 жылғы 23 қарашадағы «Сыр бойы» газетіндегі хабарламаны оқып, қуанып та қалдық.
Қазіргі кезде Алпамыс батыр ескерткіші орнатылатын жер телімі анықталып, оған қажетті қаржы мөлшері нақтыланып жатқанын естіген жанның бәрі риза.
Ел, халықтың ой-арманында  жүрген,  аңыздан ақиқатқа айналған қазақтың қас батырының  ескерткішін  Алпамыс батыр эпосына 1015 жыл толу қарсаңында (2014 жыл) Қызылорда қаласының төрінде бой көтеретініне сеніммен  қарағымыз келеді. Бұл – қуанарлық іс. Олай болса,  іске сәт! 
Сексенәлі РАХАНОВ,
Қызылорда  облысының  құрметті қайраткері, ардагер ұстаз. 

ТАНЫМ 26 желтоксан 2013 г. 3 897 0