Бір эшелон сыралғы Арал халқының имандылық ықыласы еді

Бір эшелон сыралғы  Арал халқының имандылық ықыласы едіҚазан төңкерісі, сосынғы азамат соғысы шабыспа ұрып, қазақ даласы алаңжарлы күй кешкен сонау уақытта Арал жағасына алыс Мәскеуден бір хат келді. Бұл ұшбу хат пролетариат көсемі В.Лениннен еді. Ол жолдауда «осылай да осылай, Еділ бойын аштық жайлады, миллион жұрт, әсіресе, аштықтан ісінген 700000 бала қырылып кету алдында» деген ереуіл жайт тізбелене келе, «...сіздерде жағдай жаман емес, Арал балықшылары мен жұмысшылары, жомарт көмектеріңізді аямаңыздар» деген үлкен өтініш болған. Уақыт – 1921 жыл, жаңа күнтізбемен, қазан айының 7-ші жұлдызы екен. Бейнелі тілге салғанда, Арал жұрты сол жанайқайлы өтінішті «жан-жүрегімен қабыл алған» сияқты. Бұл жақтағы елдің өзі де сол тұста, бірді-бірге жалғап, ұшқасып отырған қоңторғай ахуалда еді.
Бас-аяғы 3 айға жетпес уақыт ішінде ашыққан Ресей жұртына бір эшелон балық жөнелтілді. Бұл хақында сол тұстағы Арал Совдепі председателі Т.Медетбеков «Қымбатты Владимир Ильич Ленин! Арал бассейнінің балықшылары 14 вагон шикі балық жөнелтті. Бұған Бөген балықшылары ерекше белсенді¬лікпен қатысты» деген мазмұнды жеделхат жолдады. Біз білетін сараң тарихтың бір қысқа да нұсқа жолдары осындай.
Тарихи дерегі тым аз осы оқиға сорабын кейінірек зерделеу ба¬рысында, мен үшін ең бірінші жанды дереккөз – өз әкем айтқан естеліктер болды. Қандай да бір айтулы оқиға болмасын, нақты дәйек-дерегі аз болса, жансыз-қансыз, қасаң көрінері рас. Ал сонау оқиғаны ұрпақ жадында тірілту қажеттілігі бүгін аса ділгір шаруа.
«Тауық жылы еді, – дейтін ол кісі. – Абыржы алдындағы күздің қатуқабақ күндері... Бір аяғын сылтып басатын Кришка Добовек (сол кездегі Арал Совдепінің өкілі Григорий Дубовик) теңіз бойындағы елді аралап, Ле¬нин хатын оқып, аса жігерлі рево¬люциялық үгіт сөзін айтып жүрді. Дегдарлы халық алыстағы аштық жайлаған жұрттың жағдайын былай да түсініп еді. Ол кезде ау-құрал тапшы, бай-промысловиктен вексельмен алатын азбырай ел тірлігіне жарап тұрған. Дария бойында жабайы сарыкенеп өседі. Соны жіп етіп иіріп, кенеп ау, көбіне, жылым тоқылады. Со шамада «пеньковй (кендір) жіп» көбейіп, сол жіптен он құлаштан жылым құрастырып, 10-15-тен қауымдасқан ел адамдары ауға талап қылды. Қиналыста жатқан сол халыққа бұйырған несібе ғой, сол күздің қара қатқағында Қарашалаң көлінде ау майлап, көп балық шықты. Күздің салқыны да бұған қарасты. Әдепкіде, жер қара болып, балық түйеге артылып, кейін, қырбық қарға шана түсіп, Қарашалаңнан 55 шақырымдағы Кәрі¬бөгет өзегіне кіре жүрді. Өзек¬тен ыспа қайықпен өткізілген балық тағы да көлікке тиеліп, 35 шақырымдағы Қамбаштың бек¬аузы¬на (пакгауз) жеткізілді.
Аралдағы басқа ағайын да бұл талапқа бет бұра бастады.
Бейнет дегенің шаш етектен болды. Бұл тірлік және абыржының қолайсыз күндеріне тұспал кел¬ді... Вагон дегеніңнің қанша тартатынын қайдам, әйтеуір, бас-аяғы екі жарым ай дегенде, он төрт вагон эшелон балық Ресей кетті деген хабар болды... Ол біз үшін ырғын балық еді...»
Сол оқиғаға қатысты ол кісі Са¬ты¬балдының Шүкірі, Жай¬саң¬¬¬байдың Сыдығы, Бітімбай¬дың Әбіші, Қалимағамбет, Бар¬ма¬ғанбеттің Нұралысы, Әлидің Шүкірі, Жолайдың Құлжаны, Шү¬кірдің Әнәпиясы, өзінің туған ағалары Әліш ұлы Жұбаныш, Тәжімағамбет сияқты көп адамдар атын айтып отырар еді...
14 вагон балық! Сонау мың¬дардың өмір үміті, өзек жалғары болды ол! 
Аралда өріс алған осынау қа¬йырлы үрдіс қатал ғасырдың 20-жылдар зобалаңында, 30-жылдар сүргінінде, 40-жылдар зұлматында, 50-жылдар қиындықтарында, 60-¬жыл¬дардың ұраншыл науқан¬дарында бір үзілген емес. Әсіресе, 30-40-жылдар сұмдығында осы теңіз бен дария бойы талай жанға сақтау болды. Осында жеткен көп ағайын өзек жалғап, аман қалған. Кешегі көші-қонда бұл маңдардан үдере көшкен бір топ құба қалмақ, кейінірек сол тобымен қайта келіп,  Арал топырағын жер тізерлей сүйіп, «Қазақ деген ұлы халық, бізді ажалдан құтқарған әуелі Құдай, сосын, қазақ!» деп, көз жастарын көл еткені есте. Арал сұрапыл тарихтың қандай бір белестерінде өзінің сол қайырлы дәстүрін өлтірген емес; өз басына күн туып ақырет күнін кешкенде де, адамдарға адалдық мехрабында қала алды ол.
Бір эшелон сыралғы  Арал халқының имандылық ықыласы едіСонау имандылық оқиғасына биыл – 95 жыл!
Тақ-тұқ тарих жолдарында қал¬са да, әке¬лердің сондайлық ер¬лігі жырға қосылып, ұр¬пағының мақ¬тан сөзіне айналды. Ұрпақ жады – Жаратқан берген рухани аманат. Тек... Осыдан 5 жыл бұрын, елде қалыптасқан аруақ сыйлау үрдісінде, осы тарихи оқиғаның 90 жылдығын атап өту туралы ұсыныс Арал ауданы бас¬шылығына айтылып еді. Бірақ сол бастықтар тарапынан «Соның қажеті бар ма?» деген салғырт-сырғақ жауап болды сонда. Басшы ыңғайына қарап бас шұлғып қалған қоғамдық жағдайда, мәселе сонымен тұсауланып қала берген.
Мұншама салғырттыққа негіз бар ма еді? Сонау оқиғаның тарихи-моральдық мәні не жосақты?
Сол жанкештілік әкелеріміздің аңғалдау бол¬мысынан болған ба? Өзі жалаңиін, ашқұрсақ оты¬рып, «тамыр, жолдас!» деп арқаға қаққан жылансырғақ саясаттың алдауына аңқылдап түскен далаңқы көңілі ме? Жоқ! Олай десек, қазақтың уызына жарыған ежелгі мәрттік қа¬сиетінің тамырына балта шапқан боламыз. Дұшпандыққа қату қазақ, имандылық сұрауын¬да сонша кең болған. Асылы, мың¬даған жыл¬дардың әлемдік хикмети ілім¬де¬ріндегі қайырлы сөздің негіз-бас¬таулары осы даладан да¬ры¬ған ба деп қаласың. Себебі, имандылықтың көркем сөзі бар да, имандылықтың тайға таңба басқандай табиғи болмысы бар. 21-жыл оқиғасы – соның бір алғаусыз мысалы еді.
Әлде, қылышынан қаны тама бастаған сол кездегі кеңестер ал¬дындағы қорқыныш па? Жоқ! Қазекемнің ол кездегі айылы әлі жиюсыз еді. Тіпті десе, Кеңеске бас имеу мақсатты Қарақұм көтерілісі, Қызылқұм, Асан көтерілістері, Шөмекей қырғыны әлі алда болатын.
Анығы – мәрттік пен иман¬дылық ісі еді ол. Қазақтың дар¬хан болмысы. Кейінгі ұлыс қайрат¬керлерін де, зұлмат соғыста өзгеден үлес салмағы артық тұрған қазақ батырларын да өмірге көптеп кел¬тірген керемет сол. Кешегі тарих¬тарды жасаған әкелеріміз ұлы ең¬бек майдандарында, сұрапыл со¬ғыс өтінде аңғалдықтан немесе қорыққанынан ерлік істеген емес. «Ол не қажет?» деген салғырт сұрақ бұл ретте, ең кемі, орынсыз.  
Сонау оқиғаның да терең мәні сол табиғаттан болатын. 
Аралға – аудан, қала, Бөгенге – қыстақ, Аралдағы балық өңдеу ісіне – озық комбинат мәртебесін әперген де сол оқиға. 
Бүгін де Аралдағы бір-жар жігіттер өз ынтасымен, осы оқиғаны ұлықтау жолында, қоғам¬дық бастама әлетінде қимылдап жатыр. Қарт журналист, ел ақса¬қалы Ш.Дәрмағамбетов ашқан «Құрылтай» газетіндегі «Әйгілі хатқа – 95 жыл» айдарлы жарияла¬нымдар көп жүрекке қозғау салды. Межелі бір мерзім – 25 желтоқсанға шейін уақыт тым аз қалды... Тарихи құжатта аты аталған Арал ауданы бас¬шы¬лығы да үнсіз. Ал енді бұл бір ынталы топтың ғана міндет не көңіл ісі ме? Әкелердің маңдай терімен иленген, айтулы ел тарихы емес пе?! Аудан, облыс көлемінде лайықты атап өтілуі тиіс өнеге ісі емес пе?! «Ең болмаса, осы ке¬зеңде сол тарихтың бір жолын ашып алсақ, ертең келер жүз жылдығына жүзіміз жарқын барар едік-ау!» дейді Аралдағы жігіттер. 
Біз бүгін өз тарихымызды тү¬ген¬деп, шаңы¬рақ түтінін түзу¬леп жатқан елміз. Аруақтар риза¬шылығы үшін. Бүгініміздің бере¬кеті үшін. Ер¬теңіміздің бекем болмысы үшін. Тарих де¬ген тек қана үркіншілік, соғыс, сүргіндерден тұрмайды. Ха¬лық жанының анық табиғатын ашатын – алуан ауанды уақыт. Өт¬кенді айтқанда, ақ білекке ақ найза артқан батырлар, аузы дуалы шешен, көреген көсем көңілде тұрары рас. Бәрі шындық. Бәрі болған. Әр көңіл өз қымбаттарына әртүрлі реңк бере әрлеп жатады. Стереотип демейік, қалыптасқан осы үрдістерден биі¬гірек көтеріліп қарасақ, бейбіт күндер айшықтары, қазақтың мәрттік, кеңдік, имандылық өнегесі – тарихтың әлі де ашылмай жатқан мән-мазмұнды парақтары екенін аңғару қиын емес. 
Соның бір ұлық мысалы біздің көз ал¬дымызда тұр. Жаңғырған жадымызда сол оқиғаны үнемі көңіл тасасына қалдыра бе¬ретіндей, ол бір, әлдекімдердің аз ғана, еріккен ермек ісі емес. Сондықтан, тарихи оқиғаны тірілтіп, ұрпақ жадында жаңғырту бүгінгі парызымыз.

* * *
Айтылмаса, сөз атасы өледі. Ол «қарияға» қиянат – біздің арға лайық болмас. Осы орайда, реті келген тағы бір жайтты айтпақ лазым.
1981-дің қысында КСРО елі үлкен жиынға дайындалып жатты. Соның алдында ұлы елдің 7 жылдық даму жоспары жарияланды. Онда мемлекет қамқорлығына алынар барлық су аттары аталған. Тек ішін¬де «жазған» Арал, Әму, Сыр жоқ еді. «Ұлы ел бұл өлкелерді неге бүйтіп шеттете береді?!» деген ой маза бермеді. Оның үстіне, сол кезден 60 жыл бұрын өткен сол қайырымдылық мысалы да ойда тұр еді.
Сол қыс, КОКП ХХVІ съезі¬не Арал жайында хат дайындадым. Әдепкіде орысша, сосын ой жетімді болсын деп қазақша жаздым. Сол кездегі «Қазақфильмдегі» әріптес-ағалар О.Сүлейменов, Т.Әбдіков, Ш.Әлімбаев, С.Елубаевқа көр¬сет¬тім. Марқұм Шоқан Әлімбаев (фан¬таст-жазушы) сол жолдауды орысшалауда көп көмек берді... Хатқа қол жинауды Қапашағай көшкен 30 үй балықшыдан бас¬тадым. Қорқасоқтаған жұрт ішінде бірінші батылы жетіп, бала-шағасына шейін хатқа қол қойдырған Қарашалаңнан барған Құлжан-балықшы болды. Ал Аралға қарай шыққан жолда «арнайы қызмет адамдары» ізі¬ме түсті. Бірақ, мені құтқарып қалған – сол съезге бара жатқан Ж.Мол¬дағалиев, М.Әлімбаев ағалар еді... 
Қызылордадан Ә.Төлеуов, Қ.Қали¬мағамбетов деген азаматтар қол қойыл¬ған тізім алып шықты. Аралда Ә.Сариев, С.Ибрагимов, Ж.Әбентаев, О.Нұралиев, С.Ілиясов белсенді түрде хатқа қол жинау жұ¬мыстарын жүргізді. Қыстың көзі қырауда, әрі қаржы да жоқ, алыстағы ауылдарға бара алмадық. 
Съезге миллиондаған хат бар¬ған. Қазақ¬станнан жеткен мың¬даған хат ішінде елеулі екі жолдау болған. Бірі – Павлодар трактор зауытынан, бірі – сол Арал халқының хаты. Қазақстан басшысы «бұл хатты қорытып, менің сөйлер сөзіме енгізіңдер!» деп, референттеріне тапсырма бер¬ген. Генсек Л.Брежнев соңын ала сөйлеген политбюро мүшесі Д.Қонаев Арал хақында өткір-өткір сөз айтты сонда. Сол сөздер ол кісінің Арал туралы тарихи лебізі болып қалды кейін. Ол кісіге қарап, өзбек басшысы Ш.Рашидов та Арал жайын айтыңқырап қалды.
Сонан соң қабылданған 7 жылдық жоспарда Сыр мен Әму мем¬лекет қамқорлығына алынды.  (Осы¬ның өзі біз үшін үлкен жеңіс еді!) Ал қайран Арал туралы бір ауыз сөз жоспарға түскен жоқ.
Бұған да бүгін 35 жыл өтіпті!
Осы бір оқиғаны алдыңғы әкелер мысалына қоса айтып отыр¬ған себеп, араға тура 60 жыл түскен сәйкестігінде ғана емес. Сонау көсем алға сала өті¬ніш айтқан «пролетарлық аға¬йындық, коммунистік саналылық» аспандағы күндей анық адамгершілік нысаны еді біз үшін. Соншалық адалдық пен ақиқат¬қа сенген көңіл үні еді ол хат. Сол ретпен, бұғанасы бекіп, бек тойынған КСРО-дан енді қиналыста қалған Арал көмек сұраған. Үміт ақталмады.
Аралдағы ағайында «балықтан – сыралғы» деген ізгі ұғым бар. Сонау ашыққан елге бір эшелон сыралғы балық – біздің әкелер өнегесінде, біздің ел мен жерде - өркен жайған имандылық көрінісі болды... Сонан 60 жыл өткен соң, съезге жазылған сол хат та әділдік пен ақиқатқа деген сенім сөзі болатын... Солардың біріне – 95, екіншісіне 35 жыл өтіп отыр.
Осынау тарихи-имандылық оқиғаларын ендігі азат ұрпақ көзінде саралап ұғыну қажеттігі тұр бүгін. 
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, 
жазушы.

ТАНЫМ 26 қараша 2016 г. 1 288 0