СТАЛИННІҢ СІБІРДЕГІ ҰЛЫ

Соңғы ширек ғасыр ішінде Ресей баспасөзінде Сталиннің некесіз туған ұлы туралы бірқатар материалдар жарық көрген болатын. Бірақ  олар негізінен үстірт алынған фактілерге негізделгендіктен тарихшылар тарапынан соншалықты қызығушылық туғыза алмаған еді. Жуырда біздің қолымызға ресейлік «Совершенно секретно» газетінің 2016 жылғы ақпан айындағы №1 саны тиді. Газетте журналист Алексей Богомолов «Настоящая история внебрачного сына Сталина» атты мақала жариялапты. Мақаланың ерекшелігі – автор мұрағаттардан алынған деректерді негізге ала отырып, сонау ХХ ғасырдың басы мен орта шенінде болған оқиғаларды көз алдыңызға әкеледі. Сонымен автор не дейді?
...2007 жылы Ұлыбританияда ағылшын тарихшысы әрі журналист Себага Монтефиоренің «Молодой Сталин» атты кітабы жарық көрді. Кітапта келтірілген деректе Кеңес халқының ұлы көсемі Иосиф Сталиннің Сібірдегі Курейка деп аталатын шағын елді мекенде 13 жасар Лидия Перепрыгина есімді көңілдес қыздан некесіз ұлды болғаны баяндалады. Сталин патша өкіметіне қарсы революциялық астыртын іс-әрекеті үшін 1914 жылы осында жер аударылған еді. Бұл қолайсыз жағдай Лидияның жақындары тарапынан наразылық туғызып, оларды жергілікті жан¬дармдарға Сталиннің үстінен шағымдануға мәжбүрлейді. Шындығына келгенде, бұл қылмыстық іс қозғалатындай жағдай еді. Себебі Лидия кәмелетке толмағандықтан оны  34 жастағы Сталиннің зорлықпен жыныстық қатынасқа итермелегені туралы қорытынды жасауға әбден болатын еді. Бірақ жанжал біршама оңай шешімін тапты. Сталин Лидия кәмелеттік жасқа толысымен оған үйленуге уәде беріп, екіжақты мәміле жасалып, қылмыстық іс қозғалмайтын болып шешілді.
Сталиннің Лидиядан туған Александр есімді ұлы 1917 жылы дүниеге келеді. Бірақ  Сталин 1916 жылы Сібірдің меңіреу түкпіріндегі елді мекеннен қашып шыққан еді. Лидия Сталиннен  ұзақ уақыт хабарсыз қалған соң Игаркада жергілікті балықшы Яков Давыдовқа күйеуге шығады, оның фамилиясын Александрдың атына жаздырып алады. Таңданарлығы сол, бұл оқиға Сталин өлгеннен кейін СОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевтің тарапынан барынша қызығушылық туғызған еді. КГБ генералы Иван Серовтың бұл орайда Хрущевке дайындаған құпия баяндамасында былай делінген еді: «...Сталин Лидияға ешқашан көмектескен емес. Александр хат тасушы болды. 1935 жылы оны Красноярскіге шақыртып, өзінің шыққан тегі туралы ешқашан айтпауды талап етіп, қолхатқа қол қойдырып алған. Александр Давыдов соғысқа қатысып, екі рет жарақаттанған, майор шенімен соғысты аяқтаған. Соғыстан кейін Новокузнецкіде асхана директоры қызметін атқарған. Оның үш баласы (Сталиннің немерелері) бар».
Ұлыбританияда жарық көрген кітаптан кейін, яғни сол  2007 жылы «Огонек» журналында, «Комсомольская правда» және басқа да басылымдарда Сталиннің некесіз туған ұлы туралы материалдар жарық көре бастады. Бұл туралы біршама деректі фильмдер жарық көрді. Біз сүйеніп отырған Алексей Богомолов өзінің «Совершенно секретно» газетіндегі мақаласында белгілі тарихшы ретінде мұрағаттардан кейде күтпеген, тіпті кісі таңданарлық құжаттардың табылатынын тілге тиек ете отырып, бұл оқиғаның болғанын растайтын дәйектемелерді барынша сүзгіден өткізгенін баяндайды.
Автордың пайымдауынша, кейбір құжаттардағы жазбалардан анықталғандай, Сталин өзінің некесіз туған ұлы және көңілдесі Лидия төңірегіндегі оқиғаларды сырттай бақылап отырған сыңайлы. Тіпті Сталин өзінің тірі кезінде, яғни 1946 жылы олар туралы арнайы зерттеу жүргізген. Аталған проблемаға байланысты жүргізілген зерттеуден кейін мұрағаттан СОКП Орталық Комитетінің хатшысы Аверкий Аристовтың Хрущевке жолдаған құпия хаты табылған еді. Мұрағат құжаты болғандықтан оның мазмұнын сол күйінде жариялауды жөн көрдік (Ж.А)
Товарищу Хрущеву Н.С.
В бытность мою секретарем Красноярского крайкома КПСС в один из приездов в Москву в конце 1946 года мне позвонил тов.Поскребышев и спросил меня, что я знаю об Ивановых и Перепрыгиных, проживающих в Курейке, где был в ссылке т.Сталин. Тов.Поскребышев попросил меня навести справки об этих людях по возвращении в Красноярск, так как ими интересуется тов.Сталин.
Вернувшись в Красноярск, я направил инструктора крайкома КПСС т.Сиротенко в Курейку и в Дудинку по этому вопросу. Возвратившись из командировки т.Сиротенко доложил мне, что он нашел Ивановых и Перепрыгиных и рассказал мне о том, что т.Сталин жил с 14-летней Лидией Перепрыгиной и что она имеет от него сына. Лидия Перепрыгина тогда же передала фотокарточку сына Александра.
В то время, получив такие сведения, я, конечно, не мог передать т.Поскребышеву об Иванове Петре, который знал Сталина в возмущался его сожительством с несовершеннолетней Лидией Перепрыгиной, и о Перепрыгине Ионе – старшем брате Лидии, жаловавшемся на Сталина жандарму. Перепрыгины Ион и Лидия были сиротами.
Сейчас я все это восстановил и решил Вас об этом информировать.
Прилагаю письмо т.Сиротенко и фотографию Александра – сына Лидии Перепрыгиной, которого она считает сыном Сталина.
А.Аристов.
28.V.56 г.
Бұл хаттан мәлім болып отырғанындай, Сталиннің секретариат басшысы Поскре¬бышев 1946 жылы Красноярск өлкелік партия комитетінің хатшысы А.Аристовқа Сібірдің шалғайдағы Курейка елді мекенінде тұруы мүмкін деген Ивановтар мен Перепрыгиналар туралы мәлімет жинауға тапсырма береді. Поскребышев тіпті бұл мәселенің Сталин үшін маңызды екенін және ескертеді. Тапсырманы орындау үшін өлкелік партия комитетінің хатшысы шалғайдағы елді мекенге өзінің нұсқаушысы  Сиротенконы аттандырған. Сиротенко арып-ашып Курейкаға жетеді. Поскребышевтің атаған Петр Ивановпен және Лидия Перепрыгинамен кездеседі. Иванов Сталинді білетінін, осында жер аударылғанда бірге болғанын растайды. Ол Сталиннің кәмелетке толмаған Лидиямен көңілдес болғанына наразылық білдіріп, қыздың үлкен ағасы Ион Перепрыгинмен бірге жергілікті жандармға шағым түсіргенін айғақтап береді. Лидия Сталиннен ұлды болып, оның шетінегенін, бірақ Сталин Курейкадан кеткенде одан жүкті болып, Александр есімді тағы бір ұл туғанын айтып, оның фотосуретін береді.
Хат ресми бланкіге басылмаған. Бірақ хаттың шекесіне басылған «О.П.» (особая папка) деген белгі оның құпиялығын айғақтайды. Өз нұсқаушысынан осындай мәліметтерге қаныққан Аристов Поскребышевке тапсырманың орындалғанын баяндайды да, бірақ Ивановтың Сталинді айыптаған моральдық қылығы туралы мән-жайларды және Лидияның берген суретін жасырып қалады. Себебі өлкелік партия комитетінің хатшысы сол замандағы саясаттың небір сұмдық оқиғаларының тірі куәсі болғандықтан қырағылық танытып, Сталиннің хатшысына «артық» ешнәрсе айтпайды. Аристов кейбір мән-жайларды Сталин өлгеннен кейін, оның өзінде Хрущевтің КГБ генералы Иван Серов арқылы сұрауы бойынша айтуға мәжбүр болған еді.
Бұл оқиғалардың шынайылығына көз жеткізу үшін мұрағаттан алынған мына хатты оқырмандар назарына ұсына кетуді жөн көрдік. Хат 1956 жылдың мамыр айында СОКП Орталық комитетінің хатшысы А.Аристовқа 1947 жылы Сібірдегі Курейкаға аттанған Красноярск өлкелік партия комитетінің бұрынғы нұсқаушысы Сиротенконың атынан жолданған еді.
Секретарю Центрального 
Комитета КПСС
Товарищу Аристову 
Аверкию Борисовичу
От бывшего инструктора отдела 
пропаганды и агитаций Красноярского 
Крайкома КПСС – Сиротенко П.
В январе месяце 1947 года, когда Вы были Секретарем Крайкома КПСС, Вы поручили мне вылететь на север – Дудинка-Курейка и найти носителей двух фамилей: Иванов и Перетокин.
Перепрыгина Лидия Платоновна, 1900 года рождения, начала жить со Сталиным 14 лет, при Сталине родила мальчика, но он прожил недолго и умер. Сталин дал слово жандармам, что когда она достигнет совершеннолетия, он оформит брак с ней. Перед его побегом она осталась беременной и родила мальчика уже без него, которого назвала Александром. Утверждает, что первое время получала от него письма и даже одну карточку, которую по её указанию директор музея Юрин нашел спрятанную на крыше домика в Курейке. А когда прошел слух, что Сталин убит на фронте её посватал Давыдов Яков Семенович и она вышла за него замуж. И только через 4 года, когда ей показали один из портретов Сталина в газете, она узнала в нем отца своего сына, но так как она была замужем теперь за другим то несочла нужным напоминать ему о себе и о своем и его сыне. По моей просьбе Лидия Платоновна передала мне карточку своего сына Александра, которую я и передаю Вас с этим письмом.
Директор Березовского
Карьероуправления
4 мая 1956 года. /Сиротенко/
Красноярск өлкелік партия комитетінің бұрынғы нұсқаушысы Сиротенконың бұл баяндауы біршама жаңа мән-жайлардың ашылуына түрткі болады. Сталин Лидия Платоновна Перепрыгинамен Сібірдегі жер аударылған қонысынан қашып кеткеннен кейін бірнеше рет хат алмасып тұрған, тіпті болашақ халықтар көсемі көңілдес әйеліне суретін жіберген. Сталин майданда өлді деген қауесеттен (азамат соғысы) кейін Лидия Сталиннен туған ұлы Александрмен Яков Давыдов дейтінге күйеуге шығады. Александрдың өгей әкесінің атына жазылуы осы жағдайдан туындаса керек-ті.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдарға қарамастан Сібірге, Красноярскіден 1500 шақырым жердегі ит тұмсығы батпайтын ормандағы меңіреу елді мекенге барып, тиісті адамдармен кездесу, қажетті деректер жинау үшін Сиротенкоға бірнеше ай уақыт кетті. Оған арнайы ұшақ бөлінді. Ұшақ бара алмайтын жерге ол жолсеріктермен бірге ит жеккен көлікпен арып-ашып жеткен еді.
Бірақ осы жерде бір сауал туындайды. Сталин арада 30 жылдан астам уақыт өткенде сонау Сібірдегі меңіреу елді мекендегі айдауда жүрген кезіндегі көңілдес әйелін, одан туған баласын неліктен іздеді? Шын жанашырлық ниетпен бе, әлде басқалай себеппен бе? Мақала авторы бұл туралы нақты ештеңе айта алмайды.
Ал 1956 жылы Хрущевтің Сталин тағдырына қатысты аса қызығушылық білдіруінің өзіндік себебі болды. Осы кезеңде Кеңес Одағында жеке басқа табынушылық деген айыппен халықтар көсемін жаппай қаралау науқаны жүріп жатқан еді. Хрущевке о дүниелік болған Сталиннің үстінен компромат жинап, «міне, көрдіңіздер ме, бізді кім басқарғанын, кәмелетке толмаған қызбен әдепсіз моральға жат әрекетке барған...» деген сияқты айыптауларға кезек беру үшін қажет болған сыңайлы. Себебі жоғарыда келтірілген Орталық Комитет хатшысы Аристовтың Хрущевке жолдаған хатында кеңес басшысының «Разослать членам Президиума ЦК, кандидатам в члены Президиума ЦК и секретариям ЦК КПСС» деген, танысқаннан кейін Орталық аппарат қызметкерлерінің (бұл жоғарының нұсқауымен істеледі) «В архив» деген сілтемелері жазылған еді. Сонымен Хрущев дегеніне жетті. Кеңес басшыларын Сталиннің моральға жат қылығымен таныстырды, енді мұрағатқа өткізуге болады.
«Совершенно секретно» газетінде осы мақаланы жариялаған журналист Алексей Богомолов Сталиннің Сібірде дүниеге келген ұлы Александрдың 1987 жылы қайтыс болғанын, одан тараған көсемнің немерелері туралы бірқатар мақалалардың жарияланғанын тілге тиек ете отырып, мұрағаттарда біздің тарихымызға қатысты көптеген құжаттардың өзінің ашылу сәтін күтіп жатқанын айтады. Бұл енді тарихшылардың міндеті.
Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.
ТАНЫМ 12 қараша 2016 г. 1 278 0