ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҚПАЙ МА АҢҒА...

ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҚПАЙ МА АҢҒА...Атадан аманатқа айналған өнер қайсыбір жылдары ұмыт қала бастады. Өкінішке қарай, осындай кенжелеп қалған аймақтар қатарында Сыр өңірі де бар. Қазақылық қаймағы бұзылмаған өлке болғанмен, қазіргі күні Қызылорда облысында құс салудың қыр-сырын білетін адамдар саны санаулы-ақ. 
Республикалық «Жеті қазына» құсбегілер клубының мүшесі Балтабай Ибраев «Кезінде Сыр бойында да құсбегілікпен атағы алысқа кеткен кісілер бар еді. Менің кіндік қаным осы өңірде тамып, киелі жерде ержеттім. Қазір Алматы қаласында тұрамын. Бала кезімізден ұлттық өнерді ұлық еткен сол бір азаматтардың атына қанық болып өстік. Мәселен, Қазалы ауданында Бегалы, Балғынбай, Сейтім сынды саятшылықты жанына серік еткен кісілер болды. Бегалы атамыз жасы 100-ден асып, жақында ғана өмірден өтті. Бәлкім, саятшылық адамдардың ұзақ жасауына да әсер ететін шығар. Қаншама ғасырдан бері бізбен бірге жасап келе жатқан ұлттық өнердің Сыр бойында ұмытыла бастағаны көңілге кірбің салады. Сондықтан біз осыдан бір-екі жыл бұрын арнайы сайысты Қызылорда қаласында өткіздік. Тартысты бәсекені тамашалауға келген жергілікті жұрт алдағы уақытта саятшылық өнерге бет бұрады деген ойдамыз» дейді. 
Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде Қазақстанда саятшылыққа қайта бет бұра бастады. Осы мақсатта арнайы федерация құрылған. Соның нәтижесінде елдің арасында құсбегілік өнер қанатын кеңге жайып келеді. Алматы облысында «Жалайыр Шора» құсбегілік мектебі тұсауын кесті. Дегенмен, бүгінгі күні қазекем саятшылыққа өз деңгейінде мән бере қойды деуге болмайды. Осындай түрлі сайыстар арқылы құсбегілікті кеңінен насихаттауға мүмкіндік бар.
Елімізде құсбегілік өнерді дәріптеп, оның жүйелі жұмыс жасауына «Бүркітші» және «Қыран» федерациялары ұйтқы болып отыр. Жанашыр жандардың қолдауымен ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрылды. Осының арқасында құсбегілік спорт түрінің біріне айналып, арнайы ережесі түзілді. Бұл түрлі жарыстар өткізуге өз септігін тигізуде. Қазіргі таңда ересектер және жастар арасында түрлі сайыстарда бақ сынап жүр. Сондай-ақ республикалық жарыстардың жоғары деңгейде өтуіне ерекше мән беріліп келеді. Құсбегілер сайыстарға ұлттық киіммен шығады. Біздің құстың бабын білетін азаматтардың есімі алыс-жақын шетелдерге танымал бола бастады. Төрт жыл бұрын біздің бүркітшілер Англияда өткен Әлемдік құсбегілер одағының дүниежүзілік фестиваліне барып қайтты. Бүгінгі күні аталмыш одаққа жер-жаһанның 80-нен астам мемлекеті мүшелікке енген. 
Құсбегілік кім көрінгеннің қолынан келе бермейді. Рухы мықты адам қыран құстың тілін түсіне алады. Мәселен, зеңгір көкте самғайтын бүркіт рухы жоғары адамға бағынады. Бұл жайында тарихшы-этнограф Данияр Жексенбіұлы «Әлемде құсбегілік өнерге бет бұрған жұрт баршылық. Бір қызығы, олардың ешқайсысы біздей бүркіттің бабын біле бермейтініне көзім жетті. Қазекем аңшы құстарды үш топқа бөліп қарайды. Алғашқысына бүркіттің Алатау ақиығы, Алтай мұзбалағы, Дала және құм бүркіттері жатады. Екіншісі, сұңқар тобына ителгі, лашын, күйкентай, тұрымтай жатқызылса, үшіншісінде қаршыға мен тұйғын бар» дейді бізбен әңгімесінде. 
Саятшылық өнер біздің өңірде мүлдем құрып кете қойған жоқ. Бар болғанның өзінде, олардың саны өте аз. Солардың бірі – Жаңақорған ауданы «Келінтөбе» ауылында тұратын Ерболат Әлиев бұл кәсіппен соңғы 20 жылдан астам уақыттан бері құсбегілік өнерге ден қойып жүр екен. Алғашқыда бүркітті қолға үйреткен. Қазір қаршыға баптауға көңіл бөлген. Ол кісінің айтуынша,  бүркітті балапан кезінен баптау керек екен. Өкініштісі, бұл құс қазір біздің жерде ұя салмайтын көрінеді. 
Бүгінгі күндері Қызылорда ақ көрпесін жамылып жатыр. Бұл кезге ертеде ерекше дайындалатын еді. Оны қансонар дейтін. Қазір олардың қатары мүлдем азайып қалған секілді... 
Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ. 

ТАНЫМ 24 желтоксан 2013 г. 2 677 0