Қазақтың «Тerra incognita» мекені... (1-бөлім)

Қазақтың «Тerra incognita» мекені... (1-бөлім)Сыр елі – құпия тұнған ел дегенге келетіндей. Иә, Қызылорда – қазақтың «terra incognita» мекені. Неліктен мұндай қорытындыға келгенімді төмендегі ойларымды оқығанда түсінерсіз. Сонымен, кеттік.
Тарихты шоу форматта түсіндірсек?!
Қызылорда басшылығының арнайы шақыртуымен бір топ журналист Сыр өңіріне бардық. Әкімдіктегі жігіттер біз жеткенше арнайы бағдарлама түзіп қойыпты. Жоспар бойынша жүріп отырдық. Әуелі ежелгі Сығанаққа ат басын тіредік. Бұл шаһар заманында дүниені дүркіреткен 4 империяға астана болыпты. Əуелі бұ кентті қыпшақтар орда еткен. Кейін Ақ Орда хандары да, осы қаланы астана етіпті. Əбілхайыр да, ұлан-ғайыр мемлекетін осы шаһарда отырып басқарыпты. Сəл кейін қазақ сұлтандары Сығанақты Əбілхайырдың ұрпақтарынан тартып алып, Қазақияның кіндігі еткен.
Сол қаланың үйіндісін аралап жүрміз. Археологтар біраз жерді топырақтан аршып, белуарға дейін бірер ғимараттың іргесін көтерген болыпты. «Бұл не?» дедік. «Мынау жерде медресе, анау жерде мешіт болған», - деп түсіндіріп жатыр...
Жартылай ғана көтерілген қабырғаларға қарап, ойға кеттім. Көне қалаларды зерттегенде ғалымдар көбінде осылай бетін ғана аршиды. Ары кетсе кейбір үйлердің, мешіт-медресенің іргесін жартылай көтеріп қояды. Болғаны. Туристерді осындай «үйіндіге» әкеледі де, мақтанып тұрып лекция оқиды. Білмеймін, тарихшы үшін қызық шығар? Бірақ қарапайым жұрт іргетасқа қарап, әсем ғимаратты қиялмен 3D форматта көз алдына елестете алмайды. Тарихты таныстырудың бұл үлгісі – археологтарға, зерттеушілерге келетін болар, бірақ бұқараға арналмағаны анық.
Енді ұсыныс. Туристерді тарту үшін ежелгі қалалардың біраз бөлігін сол заманға сай қайта тұрғызса. Бай-дәулеттілердің салтанатты сарайлары соғылса. Ортаңқол шаруалардың үйі де орта ғасырлық стильде көтерілсе. Ақшасын уайым етпеңіз. Қабырғаны саз-балшықтан қаласа, қымбатқа түспейді. Сосын жақын маңдағы ауыл жұртын, ақы төлеп «шаһар тұрғыны» етсек. Осының барлығы біткен соң жерде шетелдік қонақтарды алып келіп, әлгі қалаларда 1 аптадай өмір сүргізсек. Джон, Терезалар тезекпен от жағып, базарда сауда жасап көрсе. Қысқасы, орта ғасырда жұртымыз қалай ғұмыр сүрді, соның барлығын бастан кешсе... Керек болса "Отырар қорғанысына" қатысса!
Қазақтың «Тerra incognita» мекені... (1-бөлім)«Қалалық емес, көшпендінің өмірін сүргім келеді», - десе қонақтарды Сырдың құмына апарсақ, шіркін. Сол жердегі әртіс көшпенділермен дала кезсе, көшті көрсе. Қалаға шабуыл жасап, барымтаға қатысса. Қысқасы, тарихты өзімізге де, шетелдіктерге де осылай шоу форматпен таныстыруға бола ма екен? Болатын секілді.
Еуропалықтарға біздің әдемі ресторан, шыны ғимараттар қызық емес. Олар экзотика іздеп келеді. Меніңше, осы жобаны қолға алсақ, ұтылмайтын секілдіміз. Бұл ойымды ұсыныс ретінде облыс әкімінің орынбасарына айттым. «Қызық жоба екен. Міндетті түрде айналысамыз»,-деп уәде берді.
3-ке оқитын баланың оқиғасы немесе
«Абзал и К»
Келесі келген орнымыз Нағи Ілияс ауылы болды. Бұл кентті «Абзал и К» дейтін күріш алпауыты қамқорлыққа алған. Білем, қазір біраз кісі қабақ шытады: «Өй, сол ауылды жарнамалаудан шаршамадыңдар ма? Телеарнаң да, газетің де сол ауылды көрсетеді. Әр қуысын жаттап алатын болдық қой», - деп ашуланар. Жөн-ақ. Бірақ ауыл туралы айтпас бұрын, мынау бір оқиғаға назар салыңызшы.
Қазақтың «Тerra incognita» мекені... (1-бөлім)...Ол кезде 5-ші сыныпта оқимыз. Апайымыз: «Мағжанның «Мен жастарға сенемін» деген өлеңін жаттап алыңдар, 1 апта уақыттарың бар», - деді. Үздігі бар, ортаңқол оқушысы бар, ешкім жаттамады. Тек Т. деген 3-ке оқитын бала жаттап алыпты. Дүйсенбі қол көтерді. Айтты. 5 алды. Сейсенбі тағы да тақтаға шықты. Сәрсенбі... Қысқасы күніге жаттауын айтады да 5-ін алады. Ішіміз күйіп: "Бір жаттауды жаттап алыпты. Не болды сонша, оны əлдеқандай етіп шығара бересіз», - деп апайымызға ренжігенбіз. Сонда мұғалім: «Жаттауға 1 апта бердім. Ешбірің жаттамадыңдар. Ал ол жаттады. Сендер өлеңді жатқа айтпайынша, одан сұрай беремін", - деген еді...
Жə, бұл оқиғадағы мораль не дейсіз ғой? Осындай ауылдар бірнешеу болмайынша, Нағи Ілияс кенті туралы жаза береміз, жарнамалай береміз.
P/S. Күрішті ары кетсе ОҚО, Тараз, Алматы жұрты пайдаланады. Бірақ нарығы аядай-ақ болса да мынау "Абзал и К" басшысы пайдасының бір бөлігін ауылын гүлдендіруге жұмсауда. Ал ағамыз бидай магнаты болғанда Нағи ауылы қандай болар еді? Бидайшылар өнімін әлемнің жүздеген еліне экспорттап отыр емес пе?! Ал мұнай магнаты болғанда ше? Тағы да мораль. Президентіміз 5-ші класстың мұғалімі сияқты. Тапсырма берді. Әр кәсіпкер, әр миллионер туған өлкесін көркейтсін, деп. Небір бидайшы, мұнайшылар немқұрайлық танытқан дүниені байлығы шамалы күрішші істеп жатыр. Бар-жоғы жылына 30 мың тонна күріш жинап алады екен. Бірақ ауылға көмегі қандай, ә? Миллион тонналап жинап алып, онысын қайда сақтарын білмей жүрген бидайшылар осы істі қолға алса, Қазақстанның ауылдары гүлденіп кетер ме еді?!
 
Жалғасы бар...
Нұрбек БЕКБАУ,
"Жақсы.кз".
ТАНЫМ 07 қараша 2016 г. 1 225 0