Теңізбен тамырлас тарих

Теңізбен тамырлас тарих«Сыр – Алаштың анасы» экспедициялық тобы қарт Аралға келіп тоқтады. Әсем таби¬ғатымызбен қатар тарихымызды танытуда 4000 шақырымнан аса жол жүріп келген түсірілім тобы Арал қаласының күндері аясында өз жұмысына кірісті. Алдымен байырғы «Барсакелмес» қорығына барып, ондағы «Қызыл кітапқа» енген құландарды түсіруді мақсат еткен топ, сәл секемденсе сағым ұшындағы сұлбаға айналатын тарпаңдарды қолсозым жерден көруге мүмкіндік алды. Қарасының өзінен-ақ көбейгенін көңілге медет тұттық. Қорық инепекторларының айтуынша, биылғы сәуір айындағы жүргізілген есеп бойынша 513 бас тіркелген көрінеді. Бірақ, бұл тек ресми санаққа ілінгені ғана. Үйірден саяқ жүргендерінің өзі біршама екен. Сонау 1954 жылы Түркіменстанның Батқыз қорығынан жерсіндіруге әкелінген 7 бас Пржевальск жылқысы аман-есен өсіп-өніп, жер аумай қалды. Бүгінде тарпаңдар «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының инспекторларының қырағы назарында. 160800 гектарға созылып жатқан қорықта құландармен қатар қарақұйрық, ақбөкендер, шөл және шөлейтті жердің құстары мен балпақ, батпандар тіршілік етеді. 
Арал өңіріндегі тұрғындар арасында Барсакелмес жайлы аңыздар да жетіп-артылады. Солардың бірі былайша желі тарқатады. Баяғыда осы маңайда тұратын тайпалар арасында жаугершілікке тыйым болмай бара жатқасын Ләтпай деген кісі руластарымен құлақ естіп, көз көрмеген алыс жаққа кетіп қалуға қам жасайды. Теңіздің қақ ортасындағы суы тұщы, шалғыны шүйгін, балығы мол, алуан түрлі аң-құсы бар, сексеуілі қалың ғажайып аралға жетіп алмаққа қам жасалды. Бұлар мұз қатқанда күзер жасап, соның үстімен аралдың төріне жетіп алмақ болады. Сол мақсатта Изенді Арал тұсындағы ақ жартас түбін паналап, шолпанның тууын күтіп отырғанда, олар жаққан оттың маңайына жыртық шапанды, тесік тымақты бір ақсақал келіп, Ләтпайға қарап: «Ол аралдан қорықпаңдар, онда зұлымдық жоқ, қасқыр жоқ, адамдар жоқ. Аралда табиғатты сақтасаңдар, бақытты да ұзақ өмір сүресіңдер. Ұрпақтарың ештеңеден зәрулік көрмейді. Мыңғырған мал болады. Аң-құсты өлтірмеңдер. Аққуларға тимеңдер», – деген екен. Осыны айтқан қария заматында қараңғылық қойнауына сүңгіп жоқ болып кетіпті. 
Ләтпай оның Қыдыр екенін іштей сезеді. Ал төбеден Шолпан көрінген сәтте тайпа түгел орнынан қозғалып, мұзды көпір – күзердің үстімен тізбектеліп жүріп өтіп, аралдың қойнауына барып түседі. Қысты осы аралда жақсы өткізген Ләтпай жұрты көктемге қарай тойына бастайды. Қыдыр атаның айтқандары айдай келіп, көп ұзамай олар шектен тыс байи түседі. Осы ұзақ аңыздың ақыры аралдағы ағайынның, баяғы қарияның өсиетін естерінен тарс шығарып сексеуілді отап, аң-құсты қырып, аққуға ауыз сала бастағандықтан бір түнде маңайды түгел жайлаған ордалы жыланның құрдымына айналыпты.  
Теңізбен тамырлас тарихҚорық аумағында республикалық маңызы бар Бегім ана мұнарасы тұр. Үш бөліктен тұратын мұнара алты қырлы пирамида жобасында. ІХ-ХІ ғасырлардағы сәулет құрылысы күні бүгінге дейін әрін жоғалтпай, келушілердің көзайымына айналып тұр.
Кең-байтақ Қазақстанның Тұран ойпатынан ойып тұрып орын алған Аралдың еліміз үшін, экологиялық тепе-теңдікті сақтауда әлем үшін де маңызы ерекше екені баршаға мәлім. Талай сындарлы кезеңдерді бастан өткерген Аралды бүгінде бүкіл әлем танып, ерекше назар аударуы да соның айғағы. 
Қазақстан мен Өзбекстан аумағында орналасқан Арал теңізі бір кездері көлемі бойынша жер бетіндегі 4-ші теңіз саналған. Теңізге дариядан құйылатын суды суармалы егістікке пайдалана бастағандықтан, 1960 жылдан 2004 жылға дейінгі кезеңде теңіз суының беткі деңгейі 70 пайызға дейін азайып, тереңдігі шамамен 20 метрге дейін қысқарды. Теңіздің құрғауы халыққа ауыртпалық алып келді. Алайда, Дүниежүзілік банк пен ел Үкіметі 15 жылдан бері күш біріктіріп, теңіздің оңтүстік бөлігінен солтүстік Аралды бөліп тастайтын 13 шақырымдық бөгетті тұрғызып, балық шаруашылығын жандандырғалы Арал теңізінің келешегіне деген сенім ояна бастады. САРАТС жобасының бірінші кезеңі жүзеге асқаннан бері теңіз қайта толып, қалпына келуде. Енді ғасыр жобасының екінші кезеңі жүзеге асса теңіздегі тірлікті түрлендіре түсеріне аралдықтар бек сенімді. 
Арал тағдырына адам тағдыры деп қараған Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бес мемлекет басшыларының басын қосып, Арал проблемасын алғаш рет халықаралық деңгейде талқылаған болатын. Нәтижесінде, Кіші Аралды сақтап қалуға арналған  САРАТС жобасы дүниеге келді. Жобаның алғашқы кезеңінде Көкарал бөгеті тұрғызылып, Ақлақ су тоспасы салынды. Сырдария өзенінің арнасы реттеліп, Қараөзек, Әйтек тоспалары қайта жаңғыртылды. Кіші Аралдың суы бұрынғы жағалауына жетіп, теңіз көлемі бес есе ұлғайды.  Қаладан 75 шақырымға қашықтап кеткен теңіз қазір 17 шақырымға жақындады.
Жалпы Арал ауданының географиясы қызық. Оңтүстік бөлігін түгелдей Арал теңізі алып жатыр. Батысы мен солтүстігінде Ақтөбе облысының Шалқар және Ырғыз аудан¬дарымен, солтүстік-шығысында Қарағанды облысының Ұлытау ауданымен, оңтүстік-шығысында Қазалы ауданымен, оңтүстігінде Қарақалпақстанмен шектеседі. Тұран ой¬патында орналасқан ауданның батысында Үлкен және Кіші Борсық құмдары, солтүстік-шығысын Баршақұм, шығысын Арал Қарақұмы алып жатыр. Теңіз жағалауында Көкарал, Көктырнақ, Барсакелмес, Шұбартарауыз, Құланды түбектері, Чернышев, Тұщыбас, Шевченко, Бутаков шығанақтары және Берг мойнағы орналасқан. Сондай-ақ, Қарашоқы, Алтыншоқы жота-таулары кездеседі. Осын¬шама табиғат пен сұлулықты теңіздің тартылған табандарына қарамастан үйлесімді сұлулығы менмұндалайды. 
Арал – негізінен өндірісті аудан. Атап айтар ең үлкен өндіріс орны, 1900 жылдан бері қарай халық кәдесіне жараған Аралтұз комбинаты – ауданның мақтанышы. Кеңес Одағы кезінде жылына 600-650 мың тоннаға дейін тұз өндіріп, одақтың 50 қаласына өз өнімін жөнелткен екен. 1200-ден астам жұмысшы-қызметкер еңбек ететін өндіріс орнының аудан экономикасында алар орны ерекше. Топ мүшелері алып кәсіп¬орынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
«Аралтұз» АҚ тұз қазу және оны өңдеу бойынша ТМД-дағы ең ірі кәсіпорын. Мекеме сапалы тауар шығару бойынша көптеген халықаралық және республикалық көрмелер дипломының иегері. 2001-2003 жылдары «Аралтұз» АҚ зауыт тарихында бірінші рет қайта құру жұмыстары атқарылып, өндіріске «тұзды екінші байыту» технологиясы енгізілді. Яғни, тұзды жуу, йодтау, кептіру жұмыстары осы заманғы жаңа технологиялармен, стан¬дарттармен сәйкестендерілген. Ал қазіргі күні тұз қаптамаларды шығаратын цех жұмыс істеп тұр. 1 келілік целлофан қаптамадан 1 тонналық тұз салатын қапшыққа дейін зауытта өндіріледі. Аралтұздың тұзы Ресей нарығын әлдеқашан жаулап алған. Күніне 50-60 вагон шикі тұзды өңдеп, алыс-жақын шетелдерге 15-20 вагон өнімді экспортқа шығаратын зауытта қызу еңбек қайнап жатыр. Екі және төрт ауысымда жұмыс істейтін жұмысшылардың айлық-жалақылары да қомақты. Аудан бюджетіне қомақты үлес қосып отырған өндіріс ошағы қайырымдылық шараларынан да қалыс қалған емес.
Осыдан бес жыл бұрын Арал қаласында 30 мыңнан астам тұрғын болса, қазіргі күні халық саны қырық мыңға жуықтаған. Демографиялық дүмпудің арқасында аудан орталығында жаңадан төрт шағын аудан ашылып, он бес көше қосылды. «Ғашықтар» алаңы, «Жалаңтөс Баһадүр», «Алаш», «Ақ кеме», «Соңғы парыз» романының сюжеті бойынша символикалық мүсін, түрлі ескерткіштер мен монументтер, саябақтар мен демалыс орындары салынып, Аралдың ажары айшықтала түскен.  
«Сыр – Алаштың анасы» экспедициялық танымдық тобы сапарын Арал ауданында тұйықтады. Айға жуық созылған жоба аясында экспедиция мүшелері талай тарихи жәдігерлермен танысып, көне мұралар жайлы танымын байыта түсті. Тағдырын теңізбен байланыстырған өңір талай сырды бүгіп тұр
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Арал ауданы. 
ТАНЫМ 13 қазан 2016 г. 1 140 0