РУХАНИ МҰРАМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАЙ БІЛЕЙІК

РУХАНИ МҰРАМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАЙ БІЛЕЙІК«Біз неге аңыз-әңгімелерімізге, эпостарымызға, ән-күйімізге, салт-дәстүрімізге, тілімізге жүгінбей тұрып, оған ғылыми зердемен ой жібермей тұрып, тілімізді, дінімізді, ділімізді білмейтін сырт жолаушының ортағасырлық, одан да арғы жазбаларымен шектелеміз? Қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт сияқты елдердің арасында отызға тарта эпостың ортақтығына қай тұрғыда назар аударып жүрміз? Рухани мұраларымыздың тарихи тегін ғылыми диалектикалық негізде сараласақ, осы түйіндер тарқатылып сала береді». 
Ақселеу Сейдімбек.
«Қорқыт жырлары», «Алпамыс (Алып-Мамыш, Бәміш-Байрақ) батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Ер Сайын», «Орақ-Мамай», «Шора батыр», т.б. эпостық жыр-дастандар тарихымызда ноғайлы (оғыз-қыпшақ) дәуірінің мұралары ретінде белгілі. Бұл аталған батырлар жырында туған жерін, ұрпағын басқыншы жаулардан жан аямай қорғаған тұлғалардың ерлік істері, тапқырлықтары мен табандылықтары, олардың сүйген жарлары, тұлпарлары мадақталады. 
 Белгілі тарихшылар қазіргі Қазақстан жерін жайлаған қыпшақ, қаңлы, оғыз (ғұз), қарлұқ, т.б. тайпалық бірлестіктері қазақ ұғымы пайда болам дегенше біртұтас ноғайлы  деп аталғандығын алға тартады. Академик Әлкей Марғұлан қаңлы-қыпшақ дәуірі VІІ-Х ғ.ғ. болғандығын, ал оғыздардың (ғұз, гуз) қаңлы ұлысынан таралып, Сыр аймағынан Каспийге дейінгі аралықта зор мемлекет (саяси-мәдени орталығы Жанкент болған) құрғандығын айтады. «Қаң» сөзі «арба», яғни «арбалы» дегенді білдіреді.  Бұл ұлыс атауының арба үстіне орнатылған каркасты (қаңқа) тұрғын жайы бар ерте-көшпелі мәдениетке байланысты  туғанын аңғаруға болады. 
Ноғайлы заманының көрнекті туындысы «Алпамыс батыр» эпосын қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, Алтай халықтары өзінің әдеби мұрасы ретінде бағалайды. Түркі қағанатынан мағлұмат беретін алтайлық «Алып-Манаш» жырларын В.М.Жирмунский Алпамыс батырдың бір варианты, көне нұсқасы деп есептейді. Қазақ елі талай рухани таптаулар мен аласапырандарды басынан кешкендіктен түптөркіні өз жерінде болса да «Алпамыс батыр» эпосын тек ертегі-аңыз деңгейінде және шашыраңқы нұсқада сақтап қалды. Бұл дегеніміз қарапайым тілмен айтсақ: өз туындысының түпнұсқасын жоғалтып алып, біреудің қолындағы көшірмеге телміру болып саналады. Әйгілі ғұзән (ұзан) Мұрат жырау алты ай бойы жырлайтын ноғайлының «Қырық батыр» жырлары Азия мен славян, кавказ жұртшылығында кездеседі. «Көрұғлы» (Хуорұғлы), «Бозұғлан» (Оғызұлан) жыр-дастаны түркімен, өзбек, тәжік, қырғыз халықтары арасында да кеңінен таралған.
Кіндік қаны тамған, ғибратты ғұмырын өткізген және ақтық демі бітіп жерленген жері де Сырдария бойында орналасып, даңқты қайраткерлік жырлары осында өрбитін Алып-Мамыш (Алпамыс, Алып-Бәміш, Бәмсі-Байрақ, т.б.) батыр жайлы эпосты қырғыздар «Манас жыры» қылып ЮНЕСКО арқылы өздеріне меншіктеп алғаны қашан. Белгілі ғалым, профессор Ә.Қоңыратбаев: «...В.Радлов «Манас» жырының қазақ эпосынан бір айырмасы – ол қырғыздың барлық миф, аңыз, салт жырларын түгелдей жұтып кеткен. Қырғыздарда эпопея бар, қазақтарда жоқ деген. Соның есесіне бізде 300 жыр бар»., «Қобыланды» жырын қазақ айтушылары ертеде 30 күн бойы айтып тауыса алмаған деседі, ал «Манас» 400 мың жол. Біз әрбір жырдың айтушыларын бөлек-бөлек алып, қолжаулық етіп жүрміз»., «бүгінгі қазақ эпосынан көшпелі тайпалардың ертедегі мифологиясы түсіп қалған» дейді «Қазақ эпосы және түркология» атты еңбегінде. Тілі, дәстүр-салты етене, ауылы аралас, қойы қоралас қырғыз елінің, қазақпен шыққан түбі бір туысқан екендігіне ешкімнің шүбәсі жоқ. Қырғыздар қаңлы-қыпшақ дәуірінің ерте бір кезеңдерінде, негізгі славяндардан жырақтап, шетке кеткен украин (крайный) халқы тәрізді ғұз (оғыз) тайпасының бір бөлігі болуы мүмкін. Соған сәйкес «ҚЫРҒЫЗ» атауы «ҚЫРҒҰЗ» сөзінен шығуы ықтимал, яғни қырдағы оғыз елі.  Орхон-Енесай көне түркі жазбаларында: «...оғыздардан елші келді»., «күн демей, түн демей желіп бардық, қырғыздарды ұйқыда бастық» дейтін Тоныкөк жазбалары  қырғыздарды қазақтар сияқты тарихы терең халық екендігін меңзеп тұрғандай. Тарихи деректерде оғыз ұлысын жалпы «он оқ оғыз халқы» деп атайды. Араб тарихшылары ежелгі түркілердің соғыс өнерін жетік меңгергендігін, түркі жауынгері әр бағытқа он оқ атқан кезде, араб жауынгері бір ғана оқ ататынын жазып қалдырған. Бұл дегеніңіз сақ бабаларынан дарыған дара қасиет болса керек. Көне түркілерде шапқыншылық-қырғыннан аман қалған жалғыз баланы қасқыр (көк бөрі) асырап, одан Ашина сияқты он ұрпақ тарайтыны туралы аңыз-әфсана да бар. Бүгінгі таңда кавказ (қапғұз), бұлғар (смешанный народ), мажар, татар, башқұрт, ұйғыр, Орта Азия  халықтары өздерін «жан-жаққа өркенін жайған оғыз-қыпшақ ұлысының» ұрпақтарымыз деп есептейді. Ал, оғыз-қыпшақ ұлысының негізгі ядросы – қазіргі Қазақстан аумағында, яғни, өз ата-қонысында қалып, ҚАЗАҚ яки ҒҰЗОҚ (он оқ оғыз) халқы деп аталып, ел ретінде мемлекет қалыптастыруына тікелей негіз болуы мүмкін. Мұны нақты айғақтайтын жазба деректер кездеспейді, әйтсе де жоғарыдағыдай болжамды тұжырым жасауға Сыр өңірінде орналасқан Жанкент, Хуор, Женд, Баршынкент (Қызқала, Ғұзқала), Сығанақ, Үзгент (Ғұзкент), Қырүзгент (Қырғұзкент), Сауран, т.б. даңғайыр дала мәдениеттері мен әдеби мұралар ықпал болып отыр.
Қазақ (ғұзоқ), қырғыз (қырғұз), өзбек (ғұзбек), қарақалпақ, башқұрт, ұйғыр, түркімен, маңғол халықтарының ежелгі түркілердің сан-салалы ұрпақтары екендігі анық жайт.
Әйгілі Алпамыс (Алып-Мамыш) батыр, Бәну сұлу (Гүлбаршын), «Ер Қосай» жырындағы Көкшеұлы Қосай батыр, Орақ батыр, Қарақыпшақ Қобыланды (Қабыланды) батыр сияқты кейіпкерлер қазақ тарихының түпқазығы Сыр бойында туылған, немесе өмір сүрген деген тұжырым ақиқатқа жақынырақ. Олай дейтініміз: тайпалық-ноғайлы эпостарының өрбу желісі, Сыр бойындағы ежелгі шаһарлар, бастауын Жетікөлден алатын Баршындария арнасы, Жаңақорған ауданы Төменарық бекетіндегі Көккесене (Гүлбаршын) кесенесінің қалдығы, Сырлытам (Бәмсі-Байрақ), Бәбіш-Мола (Бәміш-Мола), Бұланды (Қабыланды), Қабыл қорған қалашықтары, Қазалы ауданындағы Сараман-Қоса (Сары мен Қосай), Орақ батыр мұнаралары сонымен қатар, көптеген ғалымдардың еңбек-зерттеулері осыны меңзеп, ерекше ізденістерге жетелейді. Алпамыс батыр эпосын «қырғыздардыкі не өзбектердікі» деп көрсету жансақ пікір. Олар бар болғаны ортақ тарихи мұраның қолдағы барын көз қарашығындай сақтап, әспеттей білді. Ұрпақтан ұрпаққа насихаттап, мәртебесін көтерді және өзгелерге таныта білді.
Осылайша жоғарыда аталған жыр-дастандар мен аңыз-әфсаналардың негізгі желісі қазіргі таңдағы Қазақстан аумағынан, көші-қон арқылы шартарапқа таралғандығы еш күмән келтірмейді. Тек жан-жақты талқылау мен терең ізденіс керек.
Арғы-бергі тарихымыздағы дүрбелең-дағдарыстар: парсы-грек, маңғол, жоңғар, қоқан-хиуа шапқыншылықтары, патшалық Ресей отаршылдарының езгісі,  кеңес үкіметінің рухани-әлеуметтік таптаурын пиғылдары теңдессіз тарихи-мәдени құндылықтарымыздан, жазба байлықтарымыздан көз жазып қалуымызға әкеп соқтырды.  Өшкенді жаңғырту ұрпақ еншісі. Халқымыздың мәдениеті мен әдебиетін (жыр-дастандар, аңыз-ертегілерін т.б.), археологиялық-сәулет ескерткіштерін, жазу-таңбаларын зерттеу-зерделеу ісі шымшыма тоңмойындықты емес шынайы табандылықты, ізгі ниеттегі ізденімпаздықты талап етеді. «Жас келсе іске», демекші, өз ісіне атүсті қарамайтын тарих, археология, өлкетану, өнертану мамандарына қолдау көрсетіліп, барлық тараптан баса мән берілсе,  күл астынан шыққан саф алтындай ақиқат сырлардың айқарыла ашылатынына кәміл сенеміз. 
Олжас-Бек ӘНЕСҰЛЫ,
археолог-этнолог.
Қызылорда қаласы.

ТАНЫМ 21 желтоксан 2013 г. 2 698 0