Дархан дала тұлғалары

Дархан дала тұлғаларыЕлбасы «Жалпақ жұртыңды, иісі Алашыңды құрметтеу, алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, тұлғаларын ардақтаудан басталады» – деген болатын.  Осыны негізге алған "Сыр – Алаштың анасы” экспедициясы бұл жолы қазыналы Қазалы топырағына аялдады. Әрбір өлкенің өзіндік тарихи-мәдени ерекшелігі, сара жолы болады. Ұлы Жібек жолының бойындағы Жанкент, Мыңтөбе, Күйік-Қала, Кескен-Күйік секілді ертедегі қалалар саф алтынға бергісіз тарихи сырларды бүгіп тұр. Сараман-Қоса, Орақ, Бегім-Ана, Ұзынтам, Сарыбайқазған, Қазанғап сияқты жаугершілік заманда белгі беру мақсатында тұрғызылған тари¬хи мұнаралар мен Құттыбай, Сырлытам, Бақа би, Кәрібай, Найзағұл, Жанқожа кесенелері,  Дөңқазған, Үшназар, Қосым әулие, Жабағылы,  Әулиетөбе және Манас мазараттары сынды әр заманғы тарихи-сәулет ескерткіштері бүгінгі күнге терең ұрпақтар сабақтастығын сездіреді.
Халықты қан қақсатқан басқыншы қоқан, хиуалықтармен, жасы сексеннен асса да отаршыл орыс басқыншыларымен жан аямай күрескен әулие Жанқожа батыр осы өңірден бастап аттан түспей, Ақмешіт бекінісіне дейінгі жерлерді озбыр жаудан азат еткен. Батыр кесенесі аудан аумағында, биік-ауқымды төбе басында орналасқан. 2011 жылы баба кесенесіне жөндеу жүргізіліп, тұғырлы тас-белгі орнатылды.
Қазалы қаласындағы біртуар жарық жұлдыз Ғани Мұратбаев оқыған мектеп үйі, Ноғай, Ғанибай бай, Қожаназар, Әзілхан ишан мешіттері, теміржол мәдениет үйі мен ерекше сәулет үлгісіндегі вокзал, ескі қаладағы ғасырмен құрдас тұрғын үйлер мен Қазалы локомотив зауыты кез келген адамды еріксіз тарих тұңғиығына бойлатып әкетеді. 
«Сыр – Алаштың анасы» экспедициясы қазыналы Қазалының әлеуметтік, тарихи-мәдени құндылықтарымен және ескерткіштерімен танысты. Сондай-ақ, екі күндік сапар аясында топ мү¬шелері ауданның белсенді жастарымен жүздесіп, туған жердің тылсым құпияларымен бөлісті. 
Ежелгі Жанкент, Мыңтөбе қалашықтары, Құттыбай, Келімбет, Сырлыбай мавзолейлері мен Сараман-Қоса және Ұзынтам мұнаралары – Қазалы ауданының бүгінгі күнге жеткен мақтаныштары.  
Қазақ халқының төбе билерінің бірі – Әйтеке биге арналған ескерткіш кент қақпасы теміржол маңында орналасса, қазақ жас¬тарының көшбасшысы Ғани Мұратбаев ескерткіші өзі атындағы ауылда қоныс тепкен.
Топ мүшелері тарихи орындардың қыр-сырымен бөлісіп, аудан тұрғындарына сапар ба¬ры¬сының мән-жайын айтты. Әң¬гіме-дүкен барысында көне¬көз қариялар Сараман-Қоса мұнарасына қатысты тарихтан сыр шертті. 
Сараман-Қоса мұнарасы ХVІІІ ғасырдағы сәулет өнерінің қайталанбас туындысы. Сараман есімді жігіт пен Қоса деген қызға қойылған белгі. Бiр деректе, Жент қаласын билеген ханның баласы Сараман мен жарлы жiгiт Қосай дос болыпты дейді. Екi дос жер көрiп, ел тану үшiн ханнан рұқсат алып, Қуаң мен Сырдариядан өтiп, Арқаға қарай жылжиды. Бiр күнi Тасбұлақ деген шағын таудан ағатын Талдысай өзенiнiң жағасындағы ауылда үлкен қыз ұзату тойына тап болады.
Бесiкте айттырған байдың баласына ұзатылғалы жатқан қыз Сараманға көз қиығын тастап, бiр-бiрiмен үнсiз ұғысып, оңашада тiлдесiп, қашуға бел буады...
Сараман мен Қоса аттары болдырғанша шауып, түн жүрiп, күндiз демалып, алты күн дегенде Сырдан құлайды. Сағырдан аттарын жалдап өтiп, Қуаңға жетiп қонады. Ертеңiне қуғыншыларды қазiргi ескерткiш тұрған төбеге жете бергенде көредi. Тұрақтарын бiлсе, әскер әкеліп, оның соңы қырғынға ұласарын сезген Сараман: "Бұлардың қанын басқа¬ларға жүктегенше, өзiмiз болайық. Мен алдын бөгейiн, Қосай қызды алып Қызылқұмды бетке алыңдар. Мен тiрi қалсам, сендердi табармын”, – дейдi. Сонда Қосай, "Екеуiңнең садағаң кетпесем, менiң достығым қайда?! Жол менiкi, кiдiрмеңдер”, – дейдi. Бiрақ Сараман көнбейдi.
Қыздың алты ағасы жиырма жiгiтiмен күшi басым болды. Жетi адам жастығын алып, ақыры Сараман қолға түседi. Қыз бен Қосай ұзай алмай жүредi. Төбенiң басына шығып қараған Қосай шайқастың бiтпесiн бiлiп, қызға "Осы бетiңмен қаша бер. Тiрi болсаң ұмытпағайсың. Жаңағы шайқас болған төбенiң басында Жент деген қала бар. Сараманның елi сол” – дейдi. Қыз: "Өзiм қара жамылдым, елiңе не бетiммен барамын?” – деп ойлайды.
Қуғыншыларға Қосай қарсы шабады. Күшi басым қуғыншылар оның да, қыздың да басын қанжығаға байлайды. 
…Хан жарлығымен әрқайсысын өзiнiң өлген жерiне жерлейдi. Кiрпiш бастырып, күйдiрiп, мұнара салады. 
Сараман жігіт пен Қоса қыз туралы аңыздың тағы бір нұсқасы бар. Ол бойынша да бір-біріне ынтық екі жас зұлымдардың құрбаны болады.
Бүгінде мұнараға республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесі берілген. Мұнараның төбе жағын¬да үш қарауыл тесігі бар, аузы оңтүстік-шығысқа қараған, өзі екі бөлмелі. Ішіне көз салсаңыз, жоғарыға айналып көтерілетін баспалдағы бар. 
Сырдың төменгі ағысы небір аңыз-әпсанаға тұнып тұр.
«Сыр – Алаштың анасы» экспедициясы осы қазынаға қаныға түсу үшін Арал ауданына қарай жол тартты.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Қазалы ауданы. 

ТАНЫМ 11 қазан 2016 г. 1 323 0