ҚАДЫМНАН ҚАЛҒАН ҚОЛТАҢБА

ҚАДЫМНАН ҚАЛҒАН ҚОЛТАҢБА«Тарихты білмей, өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» деген екен Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз. «Сыр – Алаштың анасы» экспедициясының мүшелері ақпараттық-бейне, көркем сурет альбомына мәлімет жинау барысында Шиелі ауданында Қаратау тау сілемдеріндегі «Сауысқандық» шатқалындағы петроглифтерге арнайы түсіру жұмыстарын жасады. 
Еңбекші ауылынан 50-60 шақырым солтүстік-шығысқа қарай жоталарды жағалай Сауысқандық өзенінің оң жағында, Сүлеймен жайлауының іргесіндегі Үлкеншоқы, Кішішоқы аталатын тау жоталарының жартастарындағы суреттер қола дәуірінен қалған құнды дүниелер. Жартастағы суреттер сол дәуірдің әдет-ғұрпындағы наным-сенімдерінен көрініс береді. Осы құнды мұраны ЮНЕСКО-ның ескерт¬кіштер тізіміне ұсынуға құжаттар әзірленуде. Сауысқандық шатқалы Бала сауысқандық және Үлкен Сауысқандқ болып бөлініп, 5 таулы аймақты құрайды. Мұнда тауешкі, арқар, қасқыр, түйе, жылқы сияқты жануарлар мен аңдар жайлы сюжеттік көрініспен қатар, қару асынған адамдар ерекше бейнеленген. 2004 жылы Тұран экспедициясының барлау жұмыстарында табылған Сауысқандықтағы суреттер ежелгі дәуірден дерек беретін құнды мәдениетіміздің жалғасы. 9 шақырымға созылатын жартастағы суреттер экспедиция қоржынын толтыратын мол ақпараттар берді. 
ҚАДЫМНАН ҚАЛҒАН ҚОЛТАҢБАҚазақтың даласы әулие-әмбиелерге, батырларға, би-шешендерге, сахабаларға бай өлке. Оқшы ата кешенінде Асан қайғы атамыздан бастап Есабыз, Бала би, Ғайып ата, Қыш ата, Мұстафа Шоқайдың атасы Торғай датқа жатыр. Экспедиция мүшелері киелі жерде болып, абыз-әулилердің басына құран бағыштады. Оқшы ата мазараты Түркістаннан бұрын қаланған ертеректегі үлкен пантеон болған. Қасиетті орын Шиелі ауданы Бәйгеқұм елді мекенінің жанында орналасқан. Өз заманында Оқшы ата қару-жарақ дайындайтын ұста әрі ерекше дарынға ие қасиетті адам болған екен. Азан шақырған есімі Ибрахим, кей деректерде Көгентүп делінеді. Х ғасырға жататын бұл ескерткіш облысымызда ерекше маңызға ие. Топ мүшелері қасиетті топырақтың қалың тарихына көз жүгіртіп қайтты. 
Бәйгеқұм ауылындағы Қанқожа көлі – туристік аймаққа сұранып тұрған демалыс орны. Ұзындығы 35 шақырым, ені 1,5 шақы¬рымды құрайтын Қанқожа көліне демалыс маусымында 30 мың адамға дейін жиналады. Экспедиция мақсаттарының бірі Сыр туризмін арттыру болса, Қамбаш көлінен кейін үлкен аумаққа ие Қанқожа көлі болашақта аймақ туризміне жаңаша серпін беретін жобаға айналатынына көз жеткіздік.
Сыр өңірінде металлургия кластері қарқынды дамып келеді. Оған «Шалқия-Цинк» АҚ кен орнына барғанда көз жеткіздік.  Табиғи байлықты ел игілігіне жарату үшін өткен жылы кен орны толықтай «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының еншісіне берілген болатын. Бүгінде кен орнын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Яғни, кеншілер пайдалы қазбаға апаратын жолды жөндеп жатыр. Шахта оқпанында бұрынғыдай теміржол тасымалы емес, заманауи алып техникалардың еркін қозғалуына жағдай жасалуда. Шахтаның тереңдігі 620 метрге дейін жетеді. Келесі жылдың соңына дейін бұл маңнан заманауи кен байыту фабрикасын іске қосу көзделуде.
Кен орнынан соң экспедиция мүшелері Сырдария ауданына бет түзеді. Қашанда гүл-желегі жайқалған Нағи Ілиясов ауылы бар жасауымен жайнап тұр. Топ мүшелерін жарқын көңілмен қарсы алған ауыл тұрғындары ізгі тілектерін айтып, ақжарма батасын берсе, «Ақ әжелер» ансамблі жырдан шашу шашты. Одан сон «Мағжан и К» серіктестігінің қырмандағы қызу тірліктерімен танысқан топ күріш алқабында Сыр салысын жинау, бастыру жұмыстарын тас¬паға түсірді.
Сырдария ауданындағы ірі шаруашылық құрылымының бірі – «Мағжан и К» серіктестігі аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде зор үлес қосып келеді. Серіктестік басшысы Дархан Ералиевтің айтуынша, биыл 4433 гектарға күріш егілген. Егін шығымы бітік. Былтыр гектарына 70 центнерден өнім алған шаруашылық биыл бұл межеден асыруға күш салады. Техника паркі 85 пайызға жаңарған. Тұқым шаруашылығымен де ¬айналысатын серіктестік «Лидер», «Янтарь», «Фаворит» сұрыптарын егіп, бүгінде бастыру, тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тағы бір, жағымды жаңалық, түрік күріші «Османджи» сорты 50 га жерге егіліп, гектарына 60 центнерден өнім берген. Келер жылы аймақ диқандары жаңа күрішті жаппай егуге ден қоймақшы.
«Сыр – Алаштың анасы» экспедициясы Сырдария сапарында аудандағы көрікті орындар мен тарихи маңызы бар Сырлытам, Мүлкәлан әулие, Қалжан ахун мешіт-медресесіне атбасын бұрды. 
Алдымен Іңкәрдария ауылында орналасқан Молқалан (Молла-Қалан) кесенесіне кіріп, құран бағышталды. Ежелгі озық ойлы әуле-әмбиелердің өткен күндері аңыз боп қайта жаңғыртылды. Аңыздарды сөйлетсек, бұрынғы Молқалан – қазіргі Мехереғланның лақап есімі екен. Ауыл адамдары Мүлкілән деп айта¬ды. Мехереғлан осы жерлердегі белгілі әулие, қазіргі кезде де халық арасында үлкен танымалдыққа ие. Жер-жерден келетін кісілер қарасы көп. Аңыздар бойынша, суармалы жер шаруашылығымен айналысқан диқан әрі жеті жерде бір мезгілде үй салған әулие екен. 
Қызылқұм жеріндегі Сырлытам кесенесі көне тарихтың куәсін қойнына жасырған ескеркіштің үлкені. Қарахан кесенесінен кейінгі Сыр еліндегі ортағасырлық сәулет ескерткішіне жатады. 
Тарихқа шегінсек, Хазар (Арал) теңізінің жағалауын Қаңлы, Кердері, Дай ұрпақтары, кейінірек түркімендер мен қарақалпақтар мекендеген. Кейбір дерек көздерінде Қамбар батыр мен Алпамыс батыр да (Бәміш) Сыр бойында туған делінеді. Қорқыт ата жырларындағы Қазан Салар, Бәміш, т.б. кейіпкерлер тарихта болған, Сыр бойында өмір сүрген адамдар. Баршын қыздың атымен аталған Баршындария Жетікөлден басталған көрінеді. Қазіргі Сырлытам ескерткіші осы Баршын қыздың құрметіне салынған-мыс. Сыр елінде екі Сырлытам бар. Бірі Қармақшы ауданында, екіншісі Сырдария ауданының Іңкәрдария ауылынан 29 шақырым жерде орналасқан. Көрнектірегі де осы. Сырлытам аталып кеткен Баршын қыз мазарының тарихы сонау ХІІІ ғасырдан басталады. Ескерткіш портал күмбезді, шаршы үлгімен, қызыл кірпіштен тұрғызылған. Биіктігі 10 метр шама¬сында. Құмтөбе басына орнатылған Сырлытамның беті шығысқа қарап тұр. 
Сырлытам ағашсыз салынған. Күмбездің бағаналары мен олардың арасына салынған бейнелер қазақтың ою-өрнегіне ұқсайды. Кірпіштері өте жұқа, шертсең, сыңғырлап тұр. Мазардың іші мен сыртындағы бейнелер мен белгілер бұл бейіттің қызға арналған ескерткіш екенін дәлелдей түседі. Ескерткіштің маңдайшасында «Ғамал Жай лахат» деген жазу болған. Бүгінде ол жазудан жұрнақ қана қалған. Бұл мазардың құнды сәулет ескерткіші екенін жете түсінбеген кейбіреулер түрлі нақыштарды бұзып әкеткен. 
Күмбез жанында төртқұлақты бейіт бар. Сырлытам мазарының ішінде сегіз қабыр бар. Олар жайында: «Бәмсінің 7 қарындасы болған, сегізіншісі – әйелі Баршын (Бәну-шешек) болуға тиіс», - деп жазған түркітанушы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев.
19 ғасырдың ғұламасы, ағартушы Қалжан ахун Бөлекбайұлы ғалым әрі діни ағартушы болған. Ол араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп, Хиуа мен Бұхарада (Көкілташ медресесі) жоғары білім алып, ағартушылық қызметтермен айналысқан. Ислам дінін насихаттаумен шектелмей, өз шәкірттерін Шығыстың ғылыми және рухани бай мұрасымен де таныстырған.
Ол халық арасында ақын және қоғам қайратері ретінде белгілі. Оның бастамасы бойынша 1916 жылы медресе тұрғызылды. Бұл жерде медреседен өзге ішкі кірпіштен тұрғызылған Қалжан ахунның өзі тұрған үйінің орны бар. 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.  
ТАНЫМ 29 қыркүйек 2016 г. 1 513 0