КЕҢ ДАЛАНЫ КЕУДЕСІНЕ СЫЙДЫРҒАН СЕРІ

КЕҢ ДАЛАНЫ КЕУДЕСІНЕ СЫЙДЫРҒАН СЕРІИманжүсіп Құтпанұлы 1863 жылы қазіргі Павлодар облысы, Ақсу ауданы, Құркөл ауылдық округінің, Алтыбай ауылында дүниеге келген. Ол үш ағайынды болған, ағалары Ақшабай мен Шоңай төңірегіндегі елге белгілі, беделді, дәулетті кісілер. Осы ағаларының арқасында Иманжүсіп бала кезінен ерке, шолжың, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей телі-еркіндеу болып өседі. Олардың анасы Үміш (Ұрқия), – тегі арғын руының Бәсентин тармағынан.
Құдай өзіне жұрттан асқан ерекше қайрат береді, басынан сөз асырмайтын намысқой, өжет жігіт болып өседі. Батырлық, балуандығына қоса әншілік, композиторлық, ақындық қабілетімен Сарыарқа өңіріне аты кеңінен тарайды. Замандастары Қажымұқанмен, Балуан Шолақпен тығыз байланыста болып, сыйлас дос болған. Кедей, кемтар, жоқ-жітік кісілердің сөзін сөйлеп, әділдік үшін күресіп отырған. Иманжүсіптің осы жүріс-тұрысы қаладағы орыс ұлықтарына, даладағы бишікештерге әсте ұнамайды. Оның сыртынан "ұры, басбұзар, бұзық” деген ғайбатқа толы арыздар үздіксіз толастамайды, әсіресе оның әйгілі аға сұлтанның баласы Рақымжан Жайықбаевпен болыс сайлауына түсемін дегені, жағдайды тіптен ушықтырып жібереді. Байдың баласы жоғарыға шығындап, аяғында 32 жастағы Иманжүсіпті жасы толмаған деген желеумен сайлауға жібертпей қояды. Сайлауға түссе халық Иманжүсіпті сайлайтынына жоғарыдағылардың да көзі жеткен. Сол Жайықбай әулетінің жаласымен Өскемен уезіне 5 жылға жер аударылады. Оған дейін де бірнеше рет қамалып, ағаларының арқасында бостандыққа шығып отырған. Басынан өткен қиыншылықтарын бабамыз өзінің әндерінде кеңінен жеткізеді. Иманжүсіптің табылып, елге, Шиеліге келуінің өзі бір тарих. Бабамыз Сарыарқадан Шиеліге бабаларының туған жеріне, еліне 1913 жылы күзде көшіп келіп орналасқан. Міне, арада тура 100 жыл өтіп тұр, бұл да бір тарихи сәйкестік шығар. Кеше ғана Шиеліде бабамыздың 150 жылдық мерейтойын дүркіретіп тойладық.
Иманжүсіптің табылып, елге оралу тарихы бұрынғы өткен қария, ақсақалдардың айтуы бойынша мына төмендегідей. 
Ислам діні кеңінен тарап, бүкіл Қазақстанның өңірінде мұсылмандық дін орнағаннан бастап, барлық елді мекендерде халыққа дінді оқыту, насихаттау үшін қожа ағайындар өз өкілдерін отырғызған. Олардың имам, ишан, муфти, т.б. діни атақтары болған. Ол кісілер елде мұсылман дінін нақты орнықтыру үшін, сол өкілдері арқылы жағдайды толық біліп, басшылықты қамтамасыз етіп келген. Сондай қызметті атқарып жүрген біздің елдің бір сауатты, тарихтан хабары бар қожа ағайын сол Сарыарқаға, Иманжүсіп ауылына жолы түсіп барған көрінеді. Кешке көп кісі жиналып отырған дастарқанда, жергілікті кісілер Иманжүсіп жөнінде әңгіме қозғап, оның батыр, балуан, әнші, сері екенін айтып, арасында ешкімге басын имейтінін, өз дегенін істейтінін, би-болыстармен көп шатасатынын айтып кінәлап, оның үстіне оның жергілікті азамат еместігін айтып, ол елде оны  «кірме» деп атап айтатындарын нақтылайды. 
Осы әңгімені естіген әлгі қонақ кісі негізі зерек, құйма құлақ адам болуы керек, "кірме” деген сөздің қайдан шыққанын, нақтылап сұрай бастайды. Жергілікті кісілер Иманжүсіптің әкесі Құтпанның кішкентай 3 жасар кезінде, осы жақтан Түркістанның базарына барып қайтқан керуеннің жолда егесіз қалған баланы тауып алып, елге әкелгенін, оны осындағы баласы жоқ Дайрабай деген дәулетті, абыройлы кісіге әкеліп бергенін айтады. Руы қыпшақ, күрлеуіт тармағынан. Сондықтан Құтпанның күрлеуіт емес екенін, ұлдары Ақшабай, Шоңай, Аманжүсіптердің басқа рудағы адамдар екенін, негізінің қайдан екенін білмейтіндерін айтып береді. 
Ол кісі біздің елдегі тарихтан Тұрғанбай датқаның баласының ертеде жоғалғанын, нақты дерегінен хабарлары жоқ екенін білетін еді. Мына әңгімеден соң жыл санасып есебін шығарғанда арада 80 жыл өткенін, бүгінде Дайрабайдың, Құтпанның дүниеден өтіп кеткенін анықтап, елге қайта келген соң Тұрғанбай датқаның ұрпақтарын тапқанын айтып Шиелідегі Қыпшақ ағайындардан сүйінші сұраған. 
Бұл әңгімені мен әкем Смайылдан естігенмін, бірақ сол хабарды айтқан қожа кісінің атын айтпады. 
Қыпшақтың игі жақсылары Шиеліде бас қосып, Досбол шешеннің бел баласы Әуезге: "Иманжүсіпке адам жіберу керек” деген тапсырма береді. Әуез қасына Мәнсүр ақынды (Нартай Бекежановтың туған ағасы) алып, "Иманжүсіпке хат” деген тарихи құжат болып қалған хатты жаздырады. Хатта бүкіл Сыр бойы қыпшақтарының тарихы түгел қамтылып, Иманжүсіптің өзінің қайдан шыққанын тарихи дәлелдермен нақтылап көрсетеді. 
Бұл хатты 1912 жылы Қабланды, Жүсіп, т.б. аталас 7-8 кісі Арқаға арнайы барып Ақшабай, Шоңай және Иманжүсіпке табыстаған. Осыдан соң, арада 80 жыл өткенде ағайын-туыстар құшақтасып-көрісіп шаттыққа кенелген. 
Сонымен, бабамыз 1913-1928 жылдар аралығында Шиеліде ағайынның ортасында болады. Жасы ұлғайған соң бұрынғы шәлкем-шалыс мінездерден арылып, сол кездегі аса діндар Ақишанға қол беріп, таза мұсылмандықты ұстап, ораза, намазды қате етпеген. Дегенмен, аңшылық, саятшылығынан қол үзбеген, жүйрік ат, қыран тазы, алғыр құс ұстаған. Сейіл торы деп аталатын жүйрік аты елдегі бәйгенің алдын бермеген. 
1927  жылы Қызылорданың астана болып тұрған кезінде Сәкен Сейфуллин Иманжүсіпті елден алдырып, Октябрьдың 10 жылдық мерекесіне қатыстырған. Өз кезегінде ол кісі С.Сейфуллинді Телікөлге қонаққа шақырып, аң аулатып демалдырған. Олар бұрыннан Арқадан сыйлас болған екен. 
Біз көп уақыт Иманжүсіптің фотосуреті табылмай қатты қиналдық. НКВД суретін құртқан. Жобалап айтумен салынған суретін басып, күнтізбе жасалынған еді. Құдай сәтін салып Раушан қарындасымыз Иманжүсіптің немересі Нұрхан қызы кішкентай құжатқа түскен суретін 2001 жылы тауып әкеліп берді. 
Ол суретті әнші Қайрат Байбосынов өзінің ұстазы Жүсіпбек Елебековтің үйінен, оның жеке альбомының соңында тығулы тұрған жерінен сұрап алып Раушанға әкеліп беріпті. Сол суретті негізге алып Мұратбай Үмбетов пен Аманкелді Кененбаев баба бейнесін жасап шықты. Мен бір күріштен жасалған  портретті Раушанға, екінші майлы бояумен салынған портретті Астанадағы  Сәкен Сейфуллин атындағы музейге табыстадым. Суреттің табылғанына қатты қуандық. Қазіргі  салынып жүрген барлық суреттер сол кісінің нақты өзі, ал үстіндегі киімді кигізгендер елдің өнер иелері.
Иманжүсіптің әншілік, серілік, композиторлық өнері жөнінде ерекше айтуға тура келеді. 
Заманында Ақан серінің, Балуан шолақтың, т.б. өнер саңлақтарының қатарында өскен Иманжүсіп халықтың үлкен құрметіне бөленген. Ол кісінің шығармашылық, әншілік, сазгерлік өнерінің барлығы өзі дүниеге келіп, ер жеткен Кереку, Ақмола өңірінде болған кезеңге сәйкес келеді. 
А.Затаевич  "Қазақ халқының 1000 әні” жинағына Иманжүсіптің 4 әнін нотаға түсіріп енгізген. Олар – "Сейфіл-Мәлік”,  "Әкем Құтпан”, "Бұғылы-тағылы”  және "Сарыбел” әндері. Онан басқа елге көп тараған "Сармойын”, "Сарыарқа”, "Ерейментау”, "Болған жастан”,  "Батыр-ау” әндерінің бірнеше нұсқасы бар. Осылардың біразын біздің елден басқа Моңғол, Қытай, Өзбекстан, Түркия қазақтары да осы уақытқа дейін айтады. 
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бабамыздың әнін рахаттанып, үлкен шабытпен айтқанын барша қазақ халқы теледидардан көріп жүр. 
Ерекше атап өтуге тұрарлық нәрсе Иманжүсіптің  "Сармойын” әнін 1936 жылы Москвада өткен Қазақстанның онкүндігінде Одақта бірінші рет "Қыз Жібек” операсында Қ.Жандарбековтің орындауындағы Бекежанның ариясы етіп композитор Е.Г.Брусиловский пайдаланған. Бабаның "халық жауы” деп атылуына байланысты ол әнді сол кезде  халық әні  деп атаған. Шындық енді орнына келді. 
Үлкен кісілерден бұрын естіген әңгімелерге қарағанда, Иманжүсіпті Тараз түрмесіндегі жер асты арнайы бөлмесінде қазақ милиционері 1931 жылдың 2 наурызында атып өлтірген. Ататын бөлмеге алып келгенде бабамыз әлгі жігітке: «Мұсылманның баласы екенсің, маған екі бас намаз оқуға мұрсат бер» – деп, екі бас намазын оқып болып, атылатын орынға барып тұрыпты. Күнде адамды бір атқанда құлатып өлтіретін жендет бірінші атқанда бабамыз тіп-тіке қарап тұра беріпті, қолы қалтыраған әлгі милиция екінші рет оқ атқанда да Имекең сәл теңселіп, қарап тұра береді.  Адамды бір атқанда өлтіріп жүрген жендет қатты қорқып кетіп үшінші рет атқанда барып жарықтық бабамыз жәй бүгіліп барып құлаған екен. 
Үкімді орындаған жендет содан кейін жынданып кетіп, қызметінен қуылыпты. Оның көшеде "мені құртқан Иманжүсіп” деп ыңылдап өлеңдетіп жүргенін көрген кісілер де бар деп менің әкем айтып отыратын. 
Соған қарағанда бабамыз қасиетті-аруақты кісі болған-ау дейміз. Денесінің қайда көмілгені белгісіз. Тараз қаласындағы 5-ші шағын аудан тұрған жерде жатыр деген болжам бар. 
Иманжүсіптің 150 жылдық мерейтойы республика бойынша кеңінен аталып өтті. Өткен шілде айында Павлодар облысы тойлады. Елден 25 адам барып қатыстық. Ақсу ауданының орталығындағы үлкен Спорт кешеніне Иманжүсіп Құтпанұлының атын беріп, алдына жақсылап дайындалған бюстін қойды. Бабаның туған жері Құркөлде үлкен шара ұйымдастырылды, ғылыми-практикалық конференция өткізіп, ақындар айтысы, Иманжүсіп әндері айтылды, ат бәйгесі болды. Жергілікті халық бабаны өте қатты қадірлейді екен, көп әндерін біледі. Өмірінің елу жылы өткен жер болғандықтан бізге қарағанда олар көп біледі. Дегенмен, әкесі  Құтпан жөнінде және бабасы Тұрғанбай датқа жөнінде ешнәрсе білмейді. Себебі, датқа дегенді естімеген, себебі олар орыстың қарамағында болған. Және осы уақытқа дейін ол бабалар жөнінде еш жерде айтылмаған, жазылмаған. Бұған өткен ғасырдағы қисық саясаттың әсері деп білуіміз керек, себебі бабамыз "халық жауы” есебінде  атылған ғой. Халыққа енді ғана кеңінен айтылатын, жазылатын болады. 
Дәл осындай үлкен шара Шымкент облысында да өткізілді. Қалада ғылыми конференция да болдық. Ертеңіне Отырар ауданындағы Жаңа шілік елді мекенінде бабаларға арнайы орнатылған мемориал кешеннің ашылу салтанатына қатыстық. 
Бұл кешеннің салынуына менің тікелей ұсынысым, ықпалым болды. Осыдан екі жыл бұрын Шымкенттегі және Қызылордадағы "Саутс Ойл ” мұнай  компаниясының басшысы Серікжан Сейітжанов ініміз Шымкенттен арнайы «АН-24» ұшағын Ақтөбе қаласына дейін жалдап, ағайындарды мінгізіп, Қарақыпшақ Қобыланды бабаның басына барып зиярат жасап, құран бағыштап қайтқан едік. Сол сапарда Қобда ауданы Жирен Қопа елді мекенінде де болдық. Кешке Ақтөбеге келіп қондық. Кешкі тамақтың үстінде Шымкенттік ағайындардың бірі Иманжүсіпті әңгіме қылып, баяғыда нағашысының бір үйір жылқысын айдап кетіп, иесіне сәлем айтыңдар, жылқысын іздеп әуре болмасын, Иманжүсіп әкетті деп айтыңдар депті, дегенді айтып мысқылдап күлді. Маған бұл әңгіме намысыма тиіп, мен бір ауыз әңгіме айтайын деп орнымнан түрегелдім. 
Иманжүсіп ешуақытта қарақшы-ұры, барымташы болған емес, сіздер бұл әңгіменің қайдан шыққанына мән бермегенсіздер. Оның мәнісі 1927 жылы елде саяси науқан кәмпеске, ұжымдастыру басталып, халық қиналып, ашығуға айналған кезде, елді аштықтан аман алып қалу үшін Шиелі, Түркістан, Шіліктен қыпшақ ағайындардан 1000 түйе керуен жасақтап, Атбасар, Қараөткелден бидай алып келіп елге таратқан. Сол кездегі болған жағдайды осы отырған ағайындардың аталары, бабалары толық біледі. Бірнеше ай бойы тоқтамай керуенді алып жүрудің қандай қиын екенін барлығы біледі. Бабамыз сондай қиын шаруаны орындап келгенде, еңбегіне лайықты құрмет көрсетілмеген болуы керек. Сондықтан ренжіп жылқыны айдап кеткен шығар. Осы отырған кісілердің ата-аналары, олардың бала-шағасы аштықтан аман қалған болуы керек. Сондықтан осы отырған ағайындар бабаның сол қызметіне рахмет айтуымыз керек дедім. 
Сөзімнің аяғын Серікжан, Әлімжан інілеріме арнап, мына жасаған қызметіне, құрметіне рахметімді айта отырып, бақытты болуларына, бала-шағаларының рахатын көрулеріне, абыройларының арта беруіне шын жүректен тілектестік білдірдім. 
Сонымен қатар оларға өздерің туып-өскен білім алған, азамат болып жетілген жерлері Шілік деген жердің қасиетті жер екенін, сол жердің топырағы да, суы да, ауасы да қасиетті екенін айта келіп ол жерде үлкен соғыс болғанын, көп қан төгілгенін негізгі қырылған қыпшақ ағайындар болғанын, сондықтан ол жерді қастерлеп Иманжүсіптің атасы Тұрғанбай датқаның ордасы болған жер екенін ескеріп бабаларға арнап бір ескерткіш белгі қойылса, аруақтарға құрметіміз болар еді деп сөзімді аяқтадым. 
Осы сөзден кейін ешкім әңгіме айтқан жоқ, біразға дейін үнсіздік орнады. Таңертең самолетке шығарда Серікжан інім «аға кешегі айтқан әңгімеңіз өте орынды, елге барғасын кездесіп, ақылдасайық» деді. Мен келістім. 
Арада екі жылдай уақыт өтті. Ол інілеріммен түрлі ағайындардың шараларында кездесіп жүрдік. Дегенмен, бабаларға қойылатын белгі жөнінде әңгіме қозғаудың реті келмей жүрді. Бір сәті келген кезде айтармын деп жүре бердім. Ол сәттің реті  2011 жылы жазда келді. Серікжан әкесі Сейітжанның 100 жылдығы, анасының 90 жылдығына Шымкент қаласында үлкен ас берді. Сол асқа мен де шақырылып, қатысатын болдым. Осы реті келген сәтті пайдалану мақсатында Облыстық "Сыр ардагері” газетіне бабалар жөнінде "Тәуелсіздік құрбандары” – деген мақала дайындап, және арнайы Мұратбай Үмбетов – архитектор ініме белгінің эскизін дайындатып, сол асқа ала барып Әлімжан інімнің қолына табыстадым. Ұзамай бізді осы мәселе жөнінде ақылдасуға Жаңа шілікке шақырды. Мен өзіммен бірге Дәулетов Абдолла, Сәулебай ағаларыммен, Рахымберді інімді, Ғарифулла, Асқар балаларымды алып әңгімеге қатыстық. Әңгімеге сол ауылдың әкімі Айдархан Рүстемов, Әлімхан Құртаев, ауыл имамы, ақсақалдары қатысты.  Олар бірауыздан белгіні соғуды қуаттады. Сосын олар біздің елден гөрі Тұрғанбай датқаны, Иманжүсіпті көп білетінін аңғартты. Ауыл ақсақалдары осыдан 5-6 жыл бұрын орталық көшесіне бұрынғы Лениннің орнына Тұрғанбай датқа көшесі деп және ауылдың тағы бір көшесіне Иманжүсіптің атын беріпті. Бұл жаңалыққа біз қатты қуандық. 
Мұхитдин СМАЙЫЛҰЛЫ.

ТАНЫМ 21 желтоксан 2013 г. 1 950 0