СЫР МҰРАБЫ ЫСҚАҚ АТА

СЫР МҰРАБЫ ЫСҚАҚ АТА Су – тіршілік көзі. Өйткені онсыз өмір жоқ. Күн сайын тұрмысты сусыз елестету мүмкін емес. Күнделікті ауылшаруашылық жұмыстарында көп мөлшерлі су қажет. Бау-бақша дақылдары да сусыз өспейді. Айналып келгенде, өзегіңді жалғайтын, таңдайыңды жібітіп, шөліңді басып, тұла бойыңа қан жүгіртетін судың сол үшін де алатын орны маңызды.

«Өмірдің денесі – жер, қаны – су, жаны – еңбек” деген халық даналығы тектен-тек айтылмаса керек. Ал, «Су жүрген жер молшылық, абат емей немене?!» демекші, су ырыстың көзі, берекенің өзі болғандықтан, қай уақытта да жерге еңкейіп, жемісін тергісі келетін шаруа адамдары алдымен судың тілін жетік білетін мұраптарға қарайтыны анық. Әсіресе, тыныс-тіршілігі тікелей суармалы егіншілікке байланысты Сыр елі өзінің тағдырын «су патшасы» – мұраптарға сеніп тапсырған. Су шаруашылығының жай-күйін терең түйсінген мұндай мұраптар Сыр бойында көп болған. Қазақстанға еңбек сіңірген гидротехник Мәделхан Нәлібаевтың айтуынша, алмағайып заманның кесірінен олар жайлы деректердің көбісі бүгінгі күнге жетпеді. Өкінішті-ақ! Тек қолда бар дәйектерге қанағат тұтамыз.

Айталық, 19 ғасырдың 60 жылдары ескі Шиелі өзегін қаздырып, сол аймақты жасыл желекке айналдырған, Ақарық су арнасын қаздырып, Ай­дарлы елді мекенін құтты қоныс қылған Нұртаза Қосымбет ахун­ұлы­ның халыққа жасаған риясыз қызметін ұрпақ ұмытпайды. Ал ерен еңбегін елеген Ресей патшасы Николай ІІ оған «Мираб» медалін беріп, иығына шапан жапқан. Міне, Сыр мұрабы Нұртазаның ізін лайықты жалғаған, елдің несібесін молайтуға бар күш-жігерін жұмсаған ата кәсіп иелері өңірімізде жетерлік. Солардың ішінде Ысқақ Жолдыбайұлының орны бө­лек. Ол қазақтың ғана емес, тұтас түр­кі жұртының біртуар қайраткері Мұстафа Шоқай мен Сыр елінің сүйікті ақыны Нартай Бекежановпен бір жылда өмірге келген екен.

Екі қолын ысқылап, кетпен мен күрекке қараған Жолдыбайдың Ысқағы қиын-қыстау кезеңде – кеңес дәуірінде су мұрабы бола жүріп, Жаңақорған жұртының қамқоршысына айналды. Солақай саясаттың салқынынан ұжымдастыру науқаны жүріп, мал-мүлікті кәмпескелеп жатқанда, бо­ла­шақты бағдарлай білген Ыс­қақ Жолдыбайұлы елге енді егін шаруа­шы­лығымен айналысу қажеттігін баса айтты. Әйтпесе, қалың бұқара нәпақа таппай, дүрлігеді. Осылайша, су мұрабы жерлестерін жерді игеруге шақырып қана қоймай, өзінің іскер­лігін танытқан. Яғни, егін егетін жер­лерді және оның суландыру жолдарын айқындап берген.

Арық қазбасаң, су келмейтіні белгілі. 1927-1933 жылдары Өзгент көлінен бастау алатын «Кеңесарық», «Қарашаарық», «Жаңаарықтар» арық­тарын қаздырады. «Арық бар жер­де су бар, су бар жерде ну бар» демек­ші, бау-бақша еге алмай, бір қасық суға зарығып отырғандар сол жылдары көл-көсір суға қарық болды. Жеріне ағыл-тегіл су өзінен-өзі келмегенін білген жұрт Ысқақты аузынан тастамайтын болған деседі көнекөздер. Бұл кезде Ысқақтың өзі жастау болатын. Шаршап-шалдығуды білмейтін ол «бала мұрап» атанып кетті. Осылайша, Ысқақ жастайынан көптің тілегін орындау үшін тер төгіп, еңбекпен ерте есейген.

Мінекей, Ысқақ Жолдыбайұлы – қазақ халқының басына келген зобалаң жылдарда жергілікті тұрғындарды ұйымдастырып, аштықтан ауыл-аймақты аман алып қалудың қамын жасаған іскер азамат. Оның қажырлы қарекетін ерлікке балауға болады.

Бұдан бөлек, аудандағы Тайпақкөл каналын қазуды ұйымдастырып, өзі басы-қасында жүрген. «Көп тепкен жерден көл шығады» дегендей, көп­шілікті жұмылдырған Ысқақ «Бо­рық­ты», «Жашы», «Бозкөл», «Алакөл», «Қайқы», «Нарсоққан» және «Қан­дыарал» көлдер жүйесін бірік­тіріп, су қоймасын жасайды. Мұны ірі суландыру жүйеге айналдырып, Тө­менарық аймағын егістік сумен қам­тамасыз етуге үлес қосады. Ал халық болса, алтыннан да бағалы арпа-бидайын егіп, бау-бақшаның же­місін жеп, рахатын көрді. Ысқақ Жол­дыбайұлы ауданда суармалы егіншілік мәдениетін дамытумен қатар, қазған арықтары арқылы өсімдік әлеміне жан бітіріп, жайылымды суландыруға септігін тигізгені анық. «Су бар жерде ырыс бар: ауласаң балық жейсің, ақ бидай егіп, нанын жейсің» деген осы.

Ал Ұлы Отан соғысы жылдары Сунақата каналының құрылысына белсене араласты. Жаңақорған аудан­дық су шаруашылығы мекемесінде ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарып, ауданның су шаруашылығының өр­кендеуіне өлшеусіз үлес қосқан. Қан­шама шәкірттер тәрбиелеп, «ауданның ата мұрабы» атанып, халықтың құрметіне бөленген.

Жалпы, су мұрабы болу оңай шаруа емес. Суландыру жүйесін сызу, егістік суды есептеу, өлшеу, бөліп беру қашанда машақаты мол жұмыс. Бұған қоса, егістік жердің мелиоративтік жағдайын нашарлатпау да, суды өзеннен жетектеп атызға жеткізу де өте күрделі іс. Осының бәрін елмен етене еңбек еткенінің арқасында Ысқақ Жолдыбайұлы өзінің ақыл-парасатымен, тәжірибесімен үйлес­тіріп, атқара білді. Тіпті, кеңестік кезеңде оның қаздырған кейбір каналдары қанша уақыт өтсе де, халқына қалтқысыз еңбек етті.

«Әке көрген оқ жонар» деген, Ысқақтың ұлы Ойшы – Сыр өңірінің су шаруашылығы саласында аянбай қызмет еткен маман. Саналы ғұмы­рын Жалағаш ауданының шаруа­шы­лықтарын егістік сумен қамта­масыз етуге арнаған ол ҚР еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, Жа­лағаш ауданының құрметті азаматы атанған. Қазақстанға еңбек сіңірген гидротехник Мәделхан Нәлібаев өзі­нің естелігінде замандасы жайлы: «Ойшы Ысқақұлы – жылы жүзді, кең пейілді, жомарт жүректі, сырбаз, еңбекқор жан. Тағдырдың салған ісіне үнжырғасы түспейтін қайсар азамат. Маған сонысымен ұнайтын», – деп еске алды.

Қорыта айтсақ, халыққа қызметі­мен жаққан, еңбегімен елін асыраған адамның есімі әрдайым құрметпен айтылуы тиіс. Сондықтан, су мұрабы Ысқақ Жолдыбайұлының өнегелі өмі­рі кейінгі ұрпаққа үлгі болары анық.

 

Дәурен ОМАРОВ.

 

ТАНЫМ 20 тамыз 2016 г. 1 046 0