ТАРИХТА МӘҢГІ ҚАЛАР ОҚИҒА

Теледидардан, радиодан «Қара бауыр қасқалдақ» әнін естісем, сонау 86-шы жылғы Алматы қаласындағы қанды қырғын қаз қалпында есіме түседі. Көз алдымда болған соң ба жүрегім ауырады. Ол кезде Еңбек Қызыл ту орденді Ауыл шаруашылығы институтында оқитынмын. Біздің жатақхана алаңға тым жақын орналасқан-ды. Қасымдағы Алмас, Абдулла атты жігіттермен алаңға шықтық. Алғашқы күн тыныш өтті. Екінші, яғни 16 желтоқсан күні онсыз да әскерилермен қоршалған алаңға Балтық жағалауы республикалары мен Ресейден келген арнайы жасақтар топ-тобымен түсіп жатты. Кейін мәлім болғанындай, бұл КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде арнайы дайындалған «Құйын-86» операциясын жүзеге асырушылар екен. Олар қарсы кездескендерді қолдарындағы қысқа темірлермен жайпап, құлағандарды ұл-қызына қарамай, тепкілей бастады. Қыздарды шашынан сүйреп, арнайы машинаға тиеді. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр, естісең денең түршігеді. Қазақ жастары олар үшін нағыз жауыз, нашақор, маскүнем секілді. Құр қол жастардың мұздай қаруланған әскерге қылар қайраны шамалы, алысып, жұлысып жүріп бас сауғалағандар, қыздарды қауіпсіз жаққа жетектеп бара жатқандар... Алаң үсті қым-қиғаш, біреуді біреу біліп болмайды. Бір қызды шашынан сүйреп бара жатқанын көріп шыдап тұра алмадық, арашаға түстік. Жан-жақтан соққы жауып кетті. Есімді жисам, Алатау аудандық ішкі істер бөлімінің түрмесінде жатыр екенмін. Екі жігіт те қасымда. Топ жетекшісі өзі келіп, шығарып алды. Бір жылдан кейін Желтоқсанға қатысушыларды тазалау кезінде оқудан шығарылдық. Кейін бәрі де қалпына келтірілді.
Менің айтайын дегенім, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастардың бойындағы ұлттық, азаматтық рухтың мықтылығы еді. Шашынан сүйреп бара жатса да бір қыздың «Қазақ еліне қазақ басшы болуы керек» деген сөзі әлі құлағымда жаңғырады. Сосын жастардың бір-біріне деген  жанашырлығы, бауырмалдылығы еді. Алаңнан салынып жатқан құрылыс арасымен бас сауғалаған жастардың терең қазылып, үшкір темірлермен қоршалған орларға алдымен өздері түсіп, жоғарыдан  қыздарды абайлап түсіріп алғаны, оларды ор ішімен жетектеп жүруі жүрек толқытарлық көрініс-ті. Ол кезде мән бермедік, солай болуы тиіс секілді. Енді ойлап отырсам, осының бәрі адам бойында қиын сәтте бой көтеретін ұлттық рух, биік адамгершілік қасиет екен. Желтоқсан қаһармандарының бұл көтерілісі бабалар аңсаған азаттыққа бастаған алғашқы қадам болып тарихта мәңгі қалатыны хақ. 
Бақыт КЕНБАЕВ,
Қызылорда политехникалық колледж директоры.

ТАНЫМ 16 желтоксан 2013 г. 1 256 0