
Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды. Жақсысын асырып, жаманын жасырып өктемдеу – тарихқа жасалған қиянат. Халық өзінің өткен тарихын бар қайғы-қасіретімен, қуаныш-сүйінішімен, жеңіс-жеңілісімен бірдей қабылдауы шарт. Себебі, ол – тұтас құбылыс. Қазақ халқы өзінің қалыптасу жолында талай тар жол, тайғақ кешулерден өтті. «Біз – қазақ, ежелден еркіндік аңсаған...» дегендейін, халыққа бірде қайғылы, шерлі мұң сыйлаған, бірде айбынды, азат, рух берген тарихтағы әрбір оқиға, әрбір шайқас азаттыққа жасалған бір қадам болып келді. Үш ғасыр бойы орыс империясының құрсауында болған қазаққа, әсіресе, соңың соңғы Кеңестер одағы кезіндегі жетпіс жылы ауыр тиді. Қазақ халқы өзінің тілі мен дінінен, ділі мен ұлттық болмысынан, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан алшақтап, мәңгүрттене бастады. Ел зиялылары мен жанашырларының жанайқайы қызыл империя саясатының құрсауында тұншықты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ғасырлар бойы қазақ халқының басынан өткен соқтықпалы соқпақтың ең соңғы және ірі адымы болды. Жылдар бойы сыздаған жараның аузы жарылды. Оған Қазақстан Республикасының басшылығына Г.В.Колбиннің бар-жоғы 18 минутта жасырын әрі халықтың намысына тиетіндей жағдайда тағайындалуы түрткі болды.
Кеңестік дәуірдің тоталитарлық-әміршілдік өктемдігіне қарсы бейбіт жағдайда наразылық білдірген қазақ жастары М.С.Горбачевтің «қоғамды демократиялық бағытта қайта құру» саясатына сенгендіктен осындай қадамға барған еді. Онда мемлекеттік құрылысты құлатуға, ұлт араздығын қоздыруға байланысты ұрандар айтылған жоқ. Жиналған жастар заңды да, қоғамдық тәртіпті де бұзбады. Олар тек Орталық партия комитеті пленумының асығыс қабылдаған шешімімен келіспейтінін білдірген. Орталық cаяси-бейбіт шеруді өздеріне төнген қауіп санап, оларға қарсы күш қолданумен жауап берді. Алматыға орталықтың ішкі әскери бөлімдері келтіріліп, олар сойыл, саперлік күректермен, қызмет иттерімен қаруланып, наразылықты қуып таратуға бел шеше кірісті. Наразылық білдірушілер мен қарулы күш арасында қақтығыстар туындап, түрлі оқиғалар орын алды. Жастар шеруін басып-шаншуға байланысты құқық қорғау бөлімдері заңдылықты өрескел бұзып, ұсталғандарды ұрып-соқты, тепкіледі, жиналғандарды автокөлікке тиеп, қала сыртына апарып тастады, су шашты, уақытша ұстау орындарындағыларды бірнеше күн аш ұстады. Орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан Желтоқсан оқиғасы экстремистік пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланып, оған «қазақ ұлтшылдығы» деген айып тақты.
Іс бұнымен де шектелмеді. Орталық Комитеттің нұсқауларына сәйкес Қазақстан аумағында Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды жазалау, қудалау үрдістері жаппай жүзеге асырылды. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды, тергеу қысқа мерзімде үстірт әрі айқын айыптау бағытында жүзеге асырылды. Сол кезеңде республикада 707 адам әкімшілік қамауға алынып, 99 адам сотталған, 57 адам партия қатарынан шығарылып, 210 адам партиялық жазалауға іліккен, 758 жас комсомол қатарынан, 266 студент жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан шығарылып, 1164 жас комсомолдық жазаға тартылған. Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ жастарын жоғары оқу орындарына қабылдау да қиындай түсті. Мәселен, 1985 жылы Қарағанды жоғары милиция мектебі абитуриенттерінің 61 пайызы қазақ болса, келесі жылы оның саны 27,5 пайызға дейін кеміген. 1987 жылы 90 мыңнан астам қазақ жастары өзге республикаларда жұмыс істеуге мәжбүр болған.
Өткенге салауат айтып, болашақтан көп үміт күтетін қазақ халқы ақиық ақын Мұхтар Шаханов төрағалық еткен комиссия жұмысына үлкен сенім артты, көптің үміті ақталды. 1990 жылғы қыркүйекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы қаулы қабылдап, онда қазақ жастарының 1986 жылғы 16-18 желтоқсандағы бой көрсетуі ұлтшылдық сипат алмағанын және бастапқы сатысында заңға қайшы болмағанын атап өтті. Осыдан кейін сол кездегі республика партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен, ұсынысымен СОКП Орталық Комитетінің қаулысындағы «қазақ ұлтшылдығы» деген айыптау алынып тасталды.
Ақын М.Шаханов «Желтоқсан көтерілісі– ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза жарылысы. Яғни, біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі – осының бәрінің қосындысы ашу-ыза тудырғаны шындық. Қазақ халқы орыстардың қол астында бола отырып, азаттық пен тәуелсіздікті аңсау кезінде әр түрлі деңгейдегі үш жүзден астам ұлт-азаттық көтерілісін өткізді. Соның қорытындылаушысы, егемендікке бастағаны – Желтоқсан көтерілісі» деп атап көрсеткен болатын-ды. Демек, Желтоқсан оқиғасы – елді, бүкіл Кеңестер одағын елең еткізген айтулы оқиға, Қазақ тарихында мәңгі қалатын, өзіндік орны бар көтеріліс. Сондықтан елдің әрбір азаматы 16 желтоқсанның қасіретті күн екенін жадында ұстап, әрі Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуі шарт. Ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткен күн ретінде атап өтіп, әрі Желтоқсан құрбандарына тағзым ете жүру де керек. Өйткені, қазақ халқының ары да, мақтанышы да – Желтоқсан. Ол қазақта Қайрат, Ләззат, Ербол секілді жігерлі, қайсар рухты талай жастың бар екенін дәлелдеді. Ызғарлы желтоқсан желі тоңдырса да, суық күнде өздеріне автомашинамен су атқыланса да Қазақ жастары өздерінің ұлттық, азаматтық рухына дақ түсірмеді. Олардың аңсаған арманы араға бес жыл салып жүзеге асты. Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ұлттық рухының биіктігіне бас ие отырып, олардың қанымен, көз жасымен келген Тәуелсіздікті құрметтей білейік, ағайын!
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.