СЫР МӘДЕНИЕТІНІҢ ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЙРАТКЕРІ

Сыр мәдениетінің қабырғалы қайраткері – Тынышбек Дайрабайды еліміздің еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін біледі. Әсіресе, бұл есім – сырбойылықтар үшін қымбат, құрметті. Осы айтқанымызды дәлелдеу үшін арқалы азаматтың, елін, жерін сүйетін патриот ағамыздың ғылыми қызметін саралап көрейік. 
Т.Дайрабайдың «Сырдария кітапханасының» құрамында жарық көрген «Тұғырлы тұлғалар» деп аталатын кітабының І бөлімі «Пірлер мен ахундар» деп аталады. Бұл бөлімде 9 әулие мен ахун жайындағы ғылыми мағлұматтар берілген. Бұлардың бәрін талдап, саралап жату бір мақала көлемінде мүмкін емес. Осы бөлімдегі «Марал баба діндар ғана болған жоқ» делінген ғылыми мақалада автор маралбабатануға тың деректер қоса алған. Марал бабаның Керей болысының старшинасы Байсалмен бірге Орынбор әскери генерал-губернаторы Эссеннің және Сібірдегі әскери бөлімнің бастығы – генерал-лейтенант Катцевичтің атына хат жазғаны, онда Ресеймен достық қарым-қатынастың бұзылып, орыстардың қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алғанын, осыған байланысты өзінің Ресей императорына кіруіне рұқсат беруін сұрағаны жайында айтылады. Осы хаттың қозғауымен сол кездегі вице-канцлер, граф Нессельрод 1821 жылдың 30 желтоқсанында Сібірдің генерал-губернаторы М.Сперанскийге хат жазады. Кейіннен губернатор М.Сперанский мен граф Нессельрод ақылдаса келіп, Марал бабаның Петербургке баруына рұқсат беріп, 1822 жылы 12 ақпанда жарлық шығарғаны туралы да осы мақалада айтылған. Шағын мақалада Т.Дайрабайдың дәлелдеп бергеніндей, Марал баба – діндар ғана емес, ұлтжанды, елі үшін отқа түсуге бар отаншыл адам. «Дала уәляты» газетінің  1899 жылғы санында «Сәуегей қазақ Марал Құрманұлы» деген атпен жарияланған көлемді мақаладан алынған «Россияға қарамаңдар, өздерің бірігіп, орыстан басқаланып, егін салумен айналысыңдар, сендерді егін байлыққа жеткізеді», – деген Марал бабаның сөздері жоғарыда айтқанымыздың дәлелі.
Облыс әкімдігінің бастамасымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында 2010 жылы Марал ишан Құрманұлының 230 жылдық мерейтойына арналған «Сыр еліндегі діни ағартушылық ой-сана» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өткіздік. Осы конференцияда Марал баба өмірбаяны жайындағы жаңа деректер, оның қазақ халқының тарихынан алар өзіндік орны, діни ғұлама, емші болғаны, ең бастысы, ұлт бостандығы жолында басқа дінге қарсы ғадауат соғысын ашқаны, ел-халқын өзінің діни сенімі жолында күреске шақырған қайраткерлігі туралы ғалымдардың ойлары, пікірлері ортаға салынды.
Осы конференцияның атын «Сыр еліндегі діни ағартушылық ой-сана» деп атауымыз бекер болған жоқ. Конференцияда жасалған баяндамаларда Марал ишан Құрманұлын негізге ала отырып, Сыр еліне Орта Азия, Шығыс елдеріндегі ислами бағыттағы оқу орындарын бітіріп келіп, мектеп  ашқан, шәкірттерге білім берген басқа да ахундар мен ишандар жайында, олардың елге жасаған қызметі діни-ағартушылық бағытта болғаны, осындай мектептерде дін сабақтарымен қатар, жаратылыстану, гуманитарлық салалар бойынша да дәрістер берілгені туралы жан-жақты айтылды.Сыр еліндегі діни ағартушылық ой-сана тақырыбын университет ғалымдары бүгінге дейін зерттеп келеді. Осы ізбен 2012 жылдың қазанында Қалжан ахун Бөлекбайұлының 150 жылдық мерейтойына орай Тереңөзек кентінде облыстық ғылыми-танымдық конференция өткізіп, оған еліміздің бірнеше теолог-философ, тарихшы, әдебиетші, педагог ғалымдарын шақырдық. Конференцияда жасалған баяндамалар Қалжан ахунның өзі жазған хаттардың, діни сипатты мақалалардың, өлеңдердің араб, парсы тілінен ана тілімізге тарихта бірінші рет аударылған мәтіндеріне, ғылыми деректерге сүйенілді. 
Марал ишан мен Қалжан ахун аралығындағы Сыр елінде өмір сүрген басқа да ахундар мен ишандар діни-ағартушылық бағытта қызмет істеді, олар халқын сауаттандыра отырып, өркениетке жетектеді. Революцияға дейінгі қазақ халқының кем дегенде 30 пайызы сауатты болса, бұл осы ахундар мен ишандардың арқасы. Бұлардың әрқайсысы Қанафи мазхабын ұстанған, қазақ халқының дәстүрлі дінін мойынсұнған нағыз мұсылмандар болып қана қойған жоқ, өз заманының зиялысы, идеологы (санаткер) де болды. Адамзаттық прогресс тұрғысынан келсек, бұлардың ел-халқына жасаған қызметін дұрыс бағыттағы игілікті жұмыс деп бағалауға болады. Белгілі шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлі өзінің көлемді зерттеу еңбегінде Қазақстанда Қазан революциясына дейін бала оқып, шәкірт тәрбиеленген 2000-ға жуық мешіт-медресенің болғанын жазады. Бұл мектептерде ұстаздық еткен Орта Азия мен Шығыстың Бұхара, Хиуа, Каир, Стамбул, Самарқан, Кабул сияқты қалаларындағы  жоғары діни оқу орындарының түлектері еді. 
Демек, Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында қоғамның үлкен қозғаушы күшіне айналған жағдайда болған. Кәпірлердің дініне қарсы ғадауат соғысын ашып жүрген Марал ишанды айтпағанда, большевиктердің саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілістердің басына осы дінбасы, діни-ағартушылардың келгенін қайда қоямыз. Кеңес үкіметінің, әсіресе, дін бағытындағы саясатына қарсы ХХ ғ. басындағы бас көтерушіліктердің қазақ елін түгел қамтыған ұлт-азаттық көтеріліске ұласқанын бұрын айта алмасақ, бүгін неге айтпауымыз керек?! Созақ, Жетісу, Орталық, Солтүстік Қазақстан жерінде болған көтерілістер кеңес үкіметі тарапынан басып, жаншылды, ұлт тәуелсіздігін мұрат еткен небір боздақтар қыршынынан қиылды. Басқаларды айтпағанда, Сыр еліндегі Ақмырза ахун бастаған ұлт-азаттық көтерілісте қаншама қандастарымыз шейіт болды. Қазір Қазалы ауданының территориясына қарасты Қарақұмда «Шөмекей қырылған» деген жер бар. Осы жерде Ақмырза ахунның ізіне ерген 500-ге жуық тілеулестерін, руластарын большевиктер қырып тастаған. 
Міне, мәселе қайда?! Елінің мәдениеті үшін жел өтінде жүріп, қолынан қалам-қағазы түспей, мұрағат пен мұражай құжаттарын ақтарып жүрген Тынышбек ағамыздың тынымсыз еңбегі талайлы тарихы, тауқыметті тағдыры бар халқының өткеніне өкіне отырып, кемел келешегі үшін жұмсалып жатқан қасиетті қызмет емес пе?! Ел болашағы жастарға анық тарихты, ақиқат тарихты үйрету үшін де Тынышбек ағамыздың жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр емес пе?! Т.Дайрабайдың ғылыми қызметінің бір парасы ахундар мен ишандардың, пірлердің, әулиелердің өмірін, діни-ағартушылық қызметін зерттеп-зерделеу болса, бұл еңбектің мазмұны мағыналы, салмақты екенін айтуымыз керек. Оның «Марал баба діндар ғана болған жоқ» деп аталатын мақаласынан басқа да мақалалары деректілігімен және архив құжаттарын, сирек кездесетін қолжазбалар қорларындағы материалдарға сүйеніліп жазылған дәйектілігімен ерекшеленеді. Ағамыздың қысқа жазылған деректі әрі дәйектілігімен ерекшеленетін бірегей мақалалары ойға от тастайтындай, кейінгі зерттеулерге бастама боларлықтай күйде келеді. Қысқасы Т.Дайрабай – өзінің әулие әмбиелер, ишан-ахундар туралы жазылған мақалаларымен Сыр елі руханиятын түгендеуге атсалысып келе жатқан зерделі зерттеуші.  
Сыр елінде дүниеге келген, елдің қамын ойлап, қолына қару алған батырлар туралы үзбей жазып, осы тақырыпты тыңғылықты зерттеп-зерделеп келе жатқан да – Тынышбек Дайрабай. «Тұғырлы тұлғалар» кітабының екінші бөлімі «Батырлар мен билер жайлы» деп аталады. Бұл бөлімде Жалаңтөс баһадүр, Арыстанбай, Тайлақ, Манақ, Қыстаубай, Алмат, Тоғанас, Байқадам, Сарман, Жанғабыл, Жалбыр, Бабас, Қожеке, т.б батырлар, сондай-ақ Пірәлі, Қалан, Мәмбет, Тәтімбет, Жәрімбет, Төребай, Қалдан, Таңатар, Сәдір, Қазанбас, Қаналы, т.б сияқты билер жөнінде мол мағлұматтар беріледі. 
Т.Дайрабайдың қазақ қоғамындағы үлкен беделге ие, ел басқару мен қорғауда, халықаралық қарым-қатынастарда ықпалды күш – батырлар мен билер институтына арнайы зерттеу жүргізуі де – ел тарихынан тағылым алуға шақырған ұлтшыл, қаншыл азаматтың іс-әрекеті. Алтай мен Атыраудың арасын, жүгірсе, құланның тұяғы мүжілетін, ұшса, құстың қанаты талатын сайын даламызды найзаның ұшымен, білектің күшімен ұстап тұрып, кейінгі ұрпаққа аманаттаған батырлар туралы, әсіресе, бүгінгі ұрпақтың білгенінің маңызы зор. Ата тарихты әділетті, ақиқаттық тұрғыдан танудың бір ұштығы осы батырлар институтын танып таразылауда, зерттеп-зерделеуде жатқаны анық қой.
Т.Дайрабайдың батырлар мен билер туралы зерттеуі де «дейді, дейдіге» емес, мүмкін болғанынша құжаттарға, қағазға түскен деректер мен жәдігерліктерге сүйеніледі және олар жалаң, жадағай түрде емес, батырлар мен билердің өмір сүрген уақытымен, өз заманындағы түрлі саяси-әлеуметтік, тарихи жағдайлармен бірлікте алып қарастырылады. 
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ұжымы Сыр елінде ХVІІ-ХІХ ғасырлар арасында өмір сүрген 500-ден аса батырлардың өмір деректер мен ерлік істерін жүйелі түрде зерттеп келеді. Осы бағытта түрлі деректер топтастырылып, картотекалар жасалды, кітаптар баспаға дайындалып жатыр. Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының ұйымдастыруымен 2011 жылы Алматыда өткен республикалық «Қазақтың ұлы қолбасшылары» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Сыр еліндегі батырлық пен ерлік дәстүрі» тақырыбында бүкіл қазақ генералдарының алдында баяндама жасап, батырлық дәстүрдің, батырлардың қазақ қоғамының, қазақ елінің өмірінен алатын орнын анықтап, мынадай қорытынды жасағанбыз: «Батырлық пен ерлік Сыр еліне ғана емес, бүкіл қазақ еліне тән. Өйткені, бұл – тарих сабағы, халқымыздың, еліміздің тағдырынан туған мазмұнды әрі мағыналы тарихи сабақ. Тарихымызды түгендеуге осы батырларды, олардың өмірі мен ерліктерін зерттеу арқылы үлес қоса алатынымызды айтқымыз келеді. Қазіргі және келер ұрпақты ұлтшылдық рухта тәрбиелеу үшін де батыр бабаларымызды тану мен танытудың маңызы зор болмақ». 
Міне, осындай тұжырымға келуге Сыр еліндегі батырлар өмірі мен батырлық дәстүрді үзбей зерттеп жүрген Тынышбек Дайрабай сынды ағаларымыздың еңбегінің әсері мол екенін айту әділеттілік болар еді. 
Т.Дайрабайдың Сыр бойының билері жайындағы ізденістері мен зерттеулерінен де тағылым алар тұстар жетерлік. Жалпы қазақтың шешендік өнері, оның тегі мен түрлері, сөз өнерінің ел билеу саясатындағы орны мен мән-маңызы, сондай-ақ, шешендер сөзін оқып-үйренудің тәрбиелік-тағылымдық сипаты деген мәселелердің басын ашуда Т.Дайрабай тауып, зерттеп-зерделеп, жарыққа шығарған билердің өмірі мен қызметі туралы деректердің орны бөлек, маңызы үлкен. Зерттеушінің билер жайлы зерттеулері де дәйектілігімен, ғылыми сипаттылығымен  ерекшеленеді.
«Тұғырлы тұлғалар» кітабының ІІІ бөлімі «Сөз зергерлері» деп аталады. Бұл бөлімде Сыр сүлейлері Базар жырау, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Жорықбай жырау, Сейітжан сал, Қуаныш Баймағамбетов, Сейіл ақын, Әлішер Тоқмағамбетов, т.б. туралы ғылыми жазбалар берілген. Сыр бойында дүниеге келген сөз зергерлерінің шығармаларын жинау, зерттеу –  Т.Дайрабай шығармашылығының ерекше қыры. Бұл ретте зерттеуші өзінің алдындағы ағалары Әлқуат Қайнарбаев, Мардан Байділдаевтардың жолын жалғастырып, әдебиет мұралары мен нұсқаларын жинаушы, сақтаушы болып келе жатыр. Қазақ әдебиеттану ғылымы бәрінен бұрын осы әдебиет жанашырлары мен жинаушыларына қарыздар. Сыр елі әдебиетінің жиналуы мен зерттелуі деген мәселелерде Т.Дайрабай еңбегінің ұшан-теңіз екенін осы тұста айтуымыз керек. 200 томдық «Сырдария» кітапханасын Т.Дайрабай ағамызбен бірге жасадық. Оның жинаған материалдары тіл көмегі, ой бөлісуі үлкен азаматтық жүрекпен осы кітапхананың абыройлы аяқталуына жанашырлық танытуы бізге үлкен демеу болды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Сыр сүлейлері шығармашылығына 200 томдық «Сырдария» кітапханасының 22 томы арналса, осының 4 томының материалдары тікелей Т.Дайрабайдан алынып еді. Ешқандай ақысыз, пұлсыз қолындағы барын ел үшін, сол елдің мәдениеті мен руханиятының бүтінделуіне беру, жұмсау кез келген адамның қолынан келе беретін шаруа  емес. Сөз өнері – ұлтымыздың рухы. Ал осы өнердің бастау бұлағы Сыр елінде, қазақ әдебиеті, қазақ тілі дегенде Сыр елінің әдебиеті мен өнерінен, тілінен еш уақытта айналып  кете алмасақ керек. Қазіргі қолданыстағы қазақ әдеби тілінің негізгі Сырдария өзенінің төменгі ағысын мекендеген қазақтардың тілінің  негізінде жасалғанын профессор  Сәрсен Аманжолов әлдеқашан дәлелдеп кеткен. Демек, Т.Дайрабайдың сырбойылық ақын-жыраулардың, сүлейлердің мұрасын көздің қарашығындай сақтауға үлес қосып келе жатқанының астарында осындай терең мағына, ұлттық мүдде бар. 
«Тұғырлы тұлғалар» кітабының «Қайраткерлік  хақында» деп аталатын бөлімінде Сыр елінің тарихында өзіндік орындары бар мемлекет және қоғам қайраткерлері – Темірбек Жүргенов, Иса Тоқтыбаев, Елеу Көшербаев, Қонысбек Қазантаев, Жаңабай Азаматов, Алдаберген Бисенов, т.б.  еңбек адамдары мен мұғалімдер Лапиндер, Алшынбаев Рахым, Құлманұлы Сауранбай, Қайнарбаев Әлқуат, т.б туралы тағылымды естеліктер, ой-тұжырымдар берілген. Бұлардың кейбіреулерінің көркемділігінің жоғарылығы сондай, эссе дәрежесіне дейін көтерілген. Автор еңбек ерлерінің өмірі мен қызметін жастарға үлгі-өнеге етіп ұсынады, ел үшін, жер үшін адал қызмет еткен абыройлы адамдардың ел есінен кетпеуін көздейді, оларға өзінің құрметін, адам ретіндегі інілік парызын ақ қағаз бетіне түсіреді. Сыр еліндегі тарихи тұлғаларды тірілту, олардың өмір деректерін жинау мен зерттеу, жазу, кітап қылып жарыққа шығару мәселелерінде күні бүгінде Сыр елінде Т.Дайрабайдың алдына түсетін ешкім жоқ.
«Тұғырлы тұлғалар» кітабының соңғы бөлімі «Сырды айтсам, желдей есем» деп аталады. Атынан-ақ байқалып тұрғандай, бұл бөлімде автордың туған жерге, елге деген үлкен перзенттік махаббаты көркем публицистика мен эссе, естелік пен мақала күйінде жазылып, жарыққа шыққан. Бұндай шығармалардың да өлкетануға, елтану мен жертануға, сондай-ақ тұлғатануға  салмақты үлес болып қосылатынына ешқандай күмән жоқ. Күні бүгінгі қазақ ғылымында тұлғатану ілімі, біздіңше, жақсы қалыптасып келе жатыр. Бұның өзі кездейсоқтық емес. Өйткені қазақ тарихын осы тұлғатану арқылы толықтыра, салмақтандыра алатынымыз қандай ақиқат болса, Сыр елінде дүниеге келген батырлар мен билердің, сөз зергерлерінің, түрлі мамандық иелерінің елге жасаған қызметін, еңбегін, ерлігін саралап, белгілі бір жүйеде жасап, жазып, олардың тұлғасын тұлғалау, ұлықтау мақсатында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп келе жатқан Т.Дайрабай ағамыз екені де сондай шындық. 
Б.КӘРІБОЗҰЛЫ,
 филология ғылымдарының докторы, профессор.

ТАНЫМ 07 желтоксан 2013 г. 2 020 0