ҚАЛИ КӨПІРІ

ҚАЛИ КӨПІРІБіздің ауылдың сыртында үлкен канал бар. Ол канал баяғыда Сталин каналы аталатын. Ал сол каналда "Қали көпірі” атты өткел бар. Сол көпірден әрі-бері өткенде осы өткелге атын қалдырған Қали шал есіме түседі.

Жарықтық қызық кісі еді. Ол ерте көктемде Шаңқай базарына шығып, жетім лақтар мен қозыларды арзан бағаға сатып алып, Комсомолдағы қалың шеңгелге жіберетін. Ол кезде жер от, айнала қалың тоғай. Қалада қамауда тұрған малдар еркіндікке шығып, аяғымен жайылған соң лезде қоң жинайтын, олардың саны да тез өсіп, уақыт өте келе бір отар малға айналатын. Сол жетім лақтар мен қозылардың қайдан табыла беретініне таңғалатынмын. Ол кезде қалада шешендер көп, сірә, төлін айырып солар сататын болса керек. Жаздай өз бетімен жайылып, әбден семірген малдар қоңыр күзде Қалидың қалтасына қаржы болып құйылатын. Сол кісілер қазіргі заманда өмір сүрсе нағыз кәсіпкер болып шыға келер еді. Ол кісі жалғыз мал өсірумен айналыспайды. Бау-бақша егу де сүйікті кәсібі еді. Бір жерге пияз ексе, басқа жерде қауыны мен қарбызы, картобы мен сәбізі өсіп жататын. Ол кезде каналда көпір жоқ. Әрі-бері мал айдап өткен ауыл тұрғындары судан әбден зәрезап болатын. Бір күні Қали әкеміз жағалай еккен тал-теректерінің ең түзулерін балтамен кесіп құлата бастады. Оны әбден кептіріп, атпен канал жағасына тасыды. Жағалай жатқан теректер үстінде балалар ойнап, мәз болысып қалдық. Оны тасып болған соң канал үстіне қаз-қатар төсеп, көпір салуға кірісті. Оның үстіне көлденең айыр-айыр шеңгелдерді тастады. Ол кездегі шеңгелдер де ұзын, жуандығы баланың білегіндей. Шеңгел үстіне қалың етіп топырақ төседі. Жетпегенін алыстан арбамен тасыды. Ол кезде қазіргідегідей мыңдаған түтінді ауыл жоқ. Әр жерде бес-алты үй отыратын. Істегісі келген адам кімге сауын айтып жүрсін? Әлгі жұмыстарды Қали әкеміз бір апта жүріп бітірді. Біз Ибрагим атты баласымен қой-ешкілерін қайырысып, бірге ойнаймыз. Әлгі өткел бірден "Қали көпірі” аталып кетті. Кейін, бертін келе канал кеңейтіліп, тереңдетіліп техникалармен қайта қазылды. Үстіне темір бетоннан талапқа сай үлкен көпір салынды. Сонда да, Қали әкеміздің есімі сол көпірде қалып қойды. "Халық үшін көпір сал, сауабы тиеді” деген құран сөзінің ақиқаттылығы да осында. Өз есімін өшпестей етіп артында қалдырған қарапайым шалдың өнегелі тірлігі осы кезде еске түседі.

Биылғы жылы сол көпірдің екі жағын қоршаған жақтаудағы темір шарбағын әлдекімдер әдейі, автоген апарып кесіп алып кетіпті. Әрине, болмашы тиын-тебенге өткізу үшін. Салыстырып қараңыз. Оқымаған кәрі шалдың тірлігі анандай. Жаһандану кезіндегі оқыды, тоқыды, білімді деген жастарымыздың тірлігі мынандай.

Бұл не өзі? Әлде, нарық заңы осы ма?

...Кезінде Қали ақсақал ешкі-лағын қайырысып жүрген бізді түскі шайға шақыратын.

Далада, әлсін-әлсін суға түсіп келіп ішкен шай мен қолдан пісіп алған сары майды нанға жағып жегенді айтсаңшы. Осы кезге дейін таңдайыңнан дәмі кетпейді. Талай дәмдес болып, артында із қалдырған сары шалдың аруағы риза болсын деп осы мақаланы жазып отырмын. "Халқың үшін қызмет ет, атың өшпейді”, – деген нақылдың мәнісі осы болса керек.

Жақан ИСАБЕКОВ,

зейнеткер.

ТАНЫМ 15 қаңтар 2016 г. 1 155 0