АЛТЫН АСАР ҚҰПИЯСЫ

«Болған талай, қалалар да, халық та,
Көмді уақыт бәрін жердей табытқа.
Болды талай елді мекен, тайпаңыз,
Енді соның ізін тауып байқаңыз».
Ж.Баласағұни.
Алтын асар қорғанына алғаш рет табаным тиген сәтте данагөй ақынның осы бір шумақ өлеңі еріксіз еске түскен еді. Иә, асарлар да сан ғасырлар бойына өз құпиясын іште сақтап келе жатқан көне тарихи ескерткіштердің бірі. Қармақшының оңтүстігіндегі ұшы-қиырсыз құмды алқаптар мен жазық далаларда сондай ескі қорған-қалалардың іздерін көптеп кездестіруге болады. Алтын асар – сол ежелгі қорған-қалалардың бірі.
1972 жылы жарық көрген «Қазақ Совет энциклопедиясының» І-ші томында былай деп жазылған: «Алтын асар – көне замандағы қаланың жұрты. Қуаңдарияның құрғаған ескі арнасы жағасында, Жосалы стансасының оңтүстік батысында».
Алтын асар-көп жылдардан бері кеңестік археология мамандарының ерекше назарында болған ескі қорған-қала. Біздің заманымыздың І-VІІ ғасырларына жататын бұл қала-қорғанды 1946 жылы Хорезм археология экспедициясы (жетекшісі С.П.Толстов) егжей-тегжейлі зерттеген. Ол жұмыс 1950 жылға дейін жалғасып, онда кең ауқымды қазба жұмыстары жүргізілген. Қорған-қаланың жалпы көлемі 16 гектар. Зерттеу нәтижесінде үй құрылыстарының көптеген жұрнақтары табылып, одан құнды тұрмыстық жәдігерлер (көзе, құмыра, құман, шәугім, тостаған, тағара, қазан, шырағдан, сондай-ақ ақық тастар, алтын, күміс, қоладан жасалған әшекейлі заттар) жинақталып алынған.
Қорған-қаладағы құрылыстардың негізгісі екеу: біріншісі – үлкен үй, көлемі 150х150 метр. Биіктігі 12-15 метр шамасында болған. Екіншісі – кіші үй. Ол өліктерді жерлеуге арналған. Бұлардан басқа үшінші, төртінші құрылыстардың бірі дөңгелек, енді бірі тікбұрышты дуал қоршаулар. Бұл құрылыстардың неге арналғаны белгісіз. Ол жайлы экспедиция құрамындағылар нақты сипаттама жазып қалдырмаған.
Сол жылдары жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде Алтын асардың І-ІV ғасырларға жататын төменгі, ІV-VІІ ғасырларға жататын жоғарғы мәдени қабаттарға бөлінетіндігі нақтыланған. Демек, қала-қорғанның жеті ғасырдай уақыт сол жазық дала төсінде өркен жайып көркейген белгілі елді мекен болғандығы анықталып отыр. Ондағы халық негізінен мал, егін шаруашылығымен айналысқан. Археологтар қалада патриархтық-құл иеленушілік қатынас болған деп есептейді.
Қорған-қаланың айналасында аумағы атшаптырым келетін айдын тақыр созылып жатыр. Оған сырттай қараған кісіге ештеңенің де ізі байқала қоймасы анық. Бұл арадан құм суырып, жел қуған қаңбақтан басқа ешқандай да тіршіліктің тынысы сезілмейді. Бірақ осында қауырт қазба жұмыстарын жүргізген тәжірибелі археологтардың қырағы, ой-пайымдары жетік болғандығына шүбәсіз сенесіз. Олар сол бір айнадай жалтыраған теп-тегіс тақырлардың астынан көптеген қорым іздерін тауып, одан талай көне тарихи деректерді ашқан екен. Оны мен де өз көзіммен көріп, археологтар еңбегінің куәгері болдым. Бір барғанымда археолог қыз сол тақыр астынан белуардан келетін қорымды ашып, мәйіт қаңқасын қыл шөткімен ақырындап тазалап жатты. «Бұл бойжеткеннің қаңқасы» – деді қыз. Адамның сүйегі неткен асыл еді десеңізші! Ол мұнтаздай тап-таза күйінде сақталған. Ал мойнындағы алқасы көгіс тартып, даттана бастаған. Мен сол мезетте терең ойға беріліп кеткен екенмін. Шығыс поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі Омар Хаямның бір шумақ рубайын іштей қайталай беріппін. Ол рубай мынау еді:
– Біздерге дейін де таңдар атқан,
Біздерге дейін де жұлдыздар аққан.
Әлдебір сұлудың жәудір көзі ме екен,
Бір түйір тас боп табаныңда жатқан.
Осындай ойдан соң әлгі айнадай тақырдың үстімен аяғымды аңдап басатын болдым. 
Осындағы жұмыстардың басы-қасында жүрген мәскеулік экспедицияның жетекшісі Л.М.Левина мені сөзге тартып:
– Сіздер мұсылмансыздар. Өлікті жерлегенде басын қай жаққа қаратып қоясыңдар? – деп сауал қойды.
– Әрине, батысқа қарай. Оны «құбыла» дейді.
– Осында жерленгендердің бастары да батысқа қарата қойылған екен. Бірақ, бір түсініксіздеу жай, бірінің басы тура батысқа қаратылса, екінші бірінікі солтүстік батысқа қарай бағышталған.
Мен үнсіз қалдым. Ал Левина болса өз сөзін байыпты түрде жалғастыра түсті. «Ай, күнге, отқа, пұтқа табыну дегендер бар емес пе? Негізінде мұндағылар күнге табынған болса керек. Күн жазда солтүстік батыста, қыста тура оңтүстік батыста батады ғой. Олар о дүниелік болғандарды тотемдік табынумен күннің батар бағытына қарай жерлеп отырған. Әрине менікі болжам, пайым ғана. Археология ісінде тура жол жоқ. Барлығын да ой таразысына салып, екшеп, саралап отыру қажет. Мұнда жеті ғасыр бойына өмір сүрген ұлт пен ұлыстарды бөліп-жарып, оларды ғұн, оғыз, болмаса түркі тектес халықтар екен деп кесімді тұжырым жасау көңілге қонымсыз. Ақиқат шымылдығы терең ғылыми талдаулардан соң ғана ашыла түседі емес пе?»
Ескі қорымдардың көбісінде өліктерді қос-қостап жерлеу үрдісі орын алған. Мәселен, Қос асардағы бір қорымда бір жарым-екі жас аралығындағы екі бала әйелмен бірге жерленген. Ал Алтын асардағы қорымда қарт кісімен қатар жас қыз жатыр. Өліктерді жерлеудегі тағы бір ерекшелік, марқұмның көзі тірісінде тұтынған заттары да (сырға, сақина, білезік, алқа дегендей...) қорым ішіне бірге қойылыпты. Сол заттардың бірқатарын қолмен ұстап көрдім. Мені жас қыздың құлағына таққан асыл тастармен әшекейлеген ауыр алтын сырға таңғалдырды. «Мынаны қыздың құлағы ауырсынбай қалай көтеріп жүрген?» – деппін. Левина бұл сөзіме күлді де: «Қыздар көрікті болып көріну үшін не істемеген? Мынандай қоладан жасалған балтаны да мойнына тағып жүрген ғой. Сірә, бойжеткендердің сертке беріктігін аңғартса керек»-деді. Қорымнан табылған заттар ішінде қытайдың қоладан жасаған қол айнасы, британ түйреуіші, т.б. көптеген қымбат дүниелер бар.
«Қолөнерінің осындай керемет туындылары мұнда қайдан келген?» деген сауал еріксіз ойға оралады. Алтын асар тарихын тереңірек зерделеу мақсатында Ә.Марғұлан, В.В. Радлов, В.В.Бартольд еңбектеріне ерекше ынта қойған едім. Олар мұнда ғұн тайпаларының ұзақ жылдар бойына өмір сүргенін сенімді, қонымды дәйек сөздермен, тарихи деректермен жан-жақты дәлелдеп жазған. Арал теңізінің бойында көп жыл археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген С.Н.Толстовтың пайымына қарағанда, мұндағы қорған-қалаларды мекен еткендер Жетісудан қоныс аударып келген ғұндардың ұрпағы көрінеді. Тарихтан мәлім болып отырғандай, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар Қазақстанның көптеген жерлерін мекендеп, біраз қала-қорғандарды тұрғызған. Солардың көбісі «асарлар» деген атпен ел-жұртқа мәлім болған ескі қалалар еді.
Ғұндар кімдер? Ғұндардың ескі ұясы – Алтай таулары. Олар сол жақтан Арал теңізіне қарай қоныс аударып, одан әрі біртіндеп Қара теңізге ойысады. В.В.Радлов түркі ұлысының ғұндардан тарағанын өте сирек ұшырасатын фактілермен дәлелдеп көрсеткен. Ондай дәлелді дәйектемелер (детальдар) қытайлардың ескі жазбаларында да кездеседі екен. Қытайлар ғұндарды «тағы, варвар (басқыншы)» деп кемсітіп атап, оларды ұдайы қуғын-сүргінге ұшыратып отырған.
Ғұндар отырықшылдық тұрмыс салтын құрған соң, шағын кәсіп түрлерімен айналысқан. Олардың ең керемет өнері зергерлік бұйымдар жасау болған. Алтын, күміс, қоладан, сондай-ақ бағалы асыл тастардан сәулет өнерін жасаудың хас шеберлері. Алтын асардан табылған құны баға жетпес олжалар сол жоғары кәсіби шеберліктің туындысы. Ә. Марғұлан былай деп жазады: «Қымбат алтын алқамен қатар аса өзгеше етіп шығарған көркемөнердің бір түрі тәті (диадема). Оны ғұн шеберлері аса биік сатыға жеткізе, ескі дәуірдегі өнердің бір ұлы шығармасы етіп суреттеген.» Ғұндардың биік мәдениетке жеткендігі сондай, қытайлар оларды жек көре тұра, әсем талғаммен тігілген киімдерін киюді сәнге айналдырған.
Ғұндар жойылғаннан кейін орнына жаңа түркі ұлысы орнаған. Демек, ғұндар түркі халықтарының арғы атасы. Кейінірек олардың бір бөлігі моңғол бола бастаған. Мұндай тарихи деректер Ә.Марғұлан еңбектерінде де келтірілген.
Дүние өзгермелі. Оның дүрмегімен ұлт пен ұлыстар да өзгеріске ұшырап, жаңа сипатқа ие болып жатады. Бұл – өмірдің бұлтартпас заңы. Одан ешкім де, ештеңе де жырақтап кете алмақ емес. Мені терең толғандырған ой сондай кең де кемел мәдениетке жеткен қорған-қалалардағы халықтың гүлденген мекен-жайларын тастап, басқа бір аймақтағы жерге қоныс аударып кеткендігі еді. Осы ойымды Левинаға айтқанымда, ол маған өз пайымын былайша білдірді: «Мұнда соғыс, не болмаса басқадай бір табиғи апаттардың ізі байқалмайды. 
Сірә, дария арналарының күрт өзгеруіне байланысты мұнда қуаңшылық жайлап, қала тұрғындарының үдере көшіп кетулеріне себеп болған тәрізді». 
Мені Алтын асардың тарихы соншалықты қызықтырған соң, онда үш рет болдым. Соңғы барғанымда экспедициядағылар еліне қайтуға қамданып жатыр екен. Левина тым көңілді көрінді маған. Ол: «Шірік-Рабат, Томпақ асар, Қос асар кешендерін зерттеген көп жылғы еңбегімнің өтеуі қайтты. Әсіресе, Алтын асардан тапқан олжаларым ерекше құнды. Осыдан мөр таптық. Енді осы арқылы мұнда қандай мемлекеттік құрылымдардың болғанын, оның тарихын толық зерделей алатын боламыз» деді ерекше мақтаныш сезіммен.
Мөрді қолыма ұстап көрдім. Мөрдің қақ ортасына құбыжықтың суреті бедерленіп, жиегі сызба жазулармен өрнектелген екен. Руникалық жазу болар деп ой түйдім. «Енді ол жұмбақ жазулардың құпиясын ленинградтық ғалымдар ашатын болады» – деп өз сөзіне нүкте қойды Левина.
...Мінекей, Алтын асардағы сол бір кездесулердің өзіне ширек ғасырдан астам уақыт желдей зулап өте шығыпты. Асардың айналасы айдақ-жайдақ болып, қараусыз қалған. Ондағы тарихи қазыналар енді кімдердің оңай олжасына айналар екен деген сауал мені еріксіз мазалай түсті.
Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,
ардагер журналист.

Қармақшы ауданы.


ТАНЫМ 21 қыркүйек 2013 г. 3 612 0