ТІЛ ТАБИҒАТЫН ТАРАЗЫЛАҒАН ҒАЛЫМ

ТІЛ ТАБИҒАТЫН ТАРАЗЫЛАҒАН ҒАЛЫМАрал топырағындағы Бөген жерінде туып, теңіз жағалап, көк толқынмен жарыса ойнап өскен қара домалақ  бала, бүгінде елге белгілі ғалым, азамат, ұстаз. Жерлесіміздің ғылымдағы, қоғамдық өмірдегі жеткен табыстары мақтанышпен айтып, көңіл марқайтуға жарап жатса, бұл бір ғанибет емес пе! 
Өткен ғасыр деп бөле атасақ та, сонау 70-ші жылдардың орта шенінде ол кездегі қазақ халқының маңдайындағы жалғыз университет – КазГУ-дың филология факультетінде білім алып жатқан кезі күні кешегідей есте. Маңдайына шаң тимейтіндей көрінетін талантты деген бақытты жас жігіттер мен қыздар елдің түкпір-түкпірінен осында бас қосатын. Солардың қатарында Манасбай Қожанұлы да сол кезден-ақ өзінің тиянақты ізденгіштігімен көзге түсті. Міне, содан бері әр салада, әр тарапта еңбек етіп жүрсек те, табысты қадамдарын тілектес көңілмен қадағалап, жетістіктеріне риза болып жүретін едік. Жерлесіміздің Астана қаласынан жарық көрген қомақты бір ғылыми еңбегі қолымызға тиіп отыр. Бұл кітап «Қазақ этнонимдер жүйесі» деп аталады. Қызыға қарадық, құныға оқыдық. 
Ғалым: «...этноним немесе этногенез мәселесі – өте күрделі де қиын, жан-жақты ғылымдармен байланыстыра отырып зерттеуді қажет ететін, тарихи-этнографиялық, әрі философиялық, әрі тілдік проблема және қызығы мен қиындығы мол, ешкімді жайбарақат қалдырмайтын ономастиканың бір саласы»  – дейді. Туған тіліміздің осындай сүбелі бір пұшпағын өзінің ғылыми бағытына тақырып етіп алып, осы салада ерінбей тер төгіп келе жатқан М.Қожанұлының көп жылғы ізденістерінің жиынтығы іспетті бұл еңбегі елеулі дүние екені, ә дегеннен аңғарылады. Ел тарихы тіл тарихымен егіз десек, «жер-судың аты – тарихтың хаты» деп таныған халқымыздың ұлттық тілінің ғасырлар қойнауынан келе жатқан мол қазынасының бір шиыр саласы этнонимдерді тарата зерттеудің арғы бастаулары ертедегі рулық қоғаммен, онан да арғы жалпыадамзаттық мәдениетпен байланысты қаралуы заңды құбылыс. Автор осы үдеден шығуды мақсат ете отырып, тақырыпты кең ауқымда алып, практикалық мақсаттарды шешу бағытында бірқатар теориялық жайларға да дендеп баруға талап жасағанын көреміз. Автордың аталған еңбегі негізінен, Қазақстанның Батыс өңірінің этнолингвистикалық материалдарын қарастыруға арналғанымен, жалпы қазақ халқының өзекті тарихи, тілдік, мәдени-рухани өміріне дендеп барып, мәселеге қатысты қазіргі ғылым дамуының жаңаша көзқарастары тұрғысынан келуді мақсат еткені аңғарылады. Еңбекте тарихи тілдік материалдар ауыз әдебиетінің деректерімен, шежірелік, тарихи жәдігерлердің сан қилы нұсқаларымен, алуан түрлі ғылыми көзқарастармен байланысты саралана отырып, этнонимдердің еліміздің бүгінгі  саяси, рухани өміріндегі орнымен, яки елдің елдік рухын көтерудегі қызметімен  тікелей  байланыста қарастырылады.  
Толымды-толымды төрт тараудан тұратын үлкен кітаптың өне бойына қазақтың рулық қоғамы мен әдеби-тілдік, тарихи-мифологиялық, шежірелік деректерінен өре отырып, автор бүгінгі ұрпаққа жеткен рулық, шежірелік атаулардың арғы астарында бабалар өмірінің қалың құпиясы жатқандығын, соны танып түсіну елдігімізді танудың бір берік тұғыры екендігін таразылауды мұрат тұтады. Айталық, ғылымда көп айтылса да, әлі күнге жүйесін таба алмай келе жатқан мәселелердің бірі – таңба жайы. Қазақтың осынау бір ауыз сөзінің түпкі табиғаты мен тұңғиық сырын түсіну қазіргі әлемдік ойдың тамыр-тамырына қозғау салып отырғаны жасырын емес. Бір ғалымдар оны білместікпен «белгі» деп алып, орыс тіліндегі «знак» сөзімен шатыстырып, сонымен қосыла өзі де адасып жүрсе,  қазірде «таңба» терминсөзінің тарихи тілдік, мәдени-танымдық, генетикалық негіздерін өзгеше жүйелеу бағытын ұстанған жаңа көзқарастар да ұсынылу үстінде. 
М.Қожанұлы қазақ ру таңбаларының арғы төркінін тарата келіп: «Сонымен, тіліміздегі  таңба (термин) сөзінің  тарихи атауы туралы деректерге хроникалық талдау жасағанымызда, төмендегідей кезеңдерді байқауға болады, – дейді. 
1. белгү – атау ретінде б.з. VІІ-VІІІ ғасырлардан бастап қолданыста болған.
2. туғрағ – туғра – атау ретінде б.з. VІІ-ҮІІІ ғасырлардан
3. тамға – таңба атау ретінде б.з. Ү-ҮІІ ғасырлардан бері
4. мүһүр – мөөр – мөр атауы ХІV ғасырдан бері тарихи деректерге белгіленіп, бізге жетіп отыр» - деген уәждер келтіреді де, таңбалық белгілердің қазақтың елдік болмысындағы қызметін бүгінгі егемендік рәміздерімен байланыстыра қарайды. Бірқатар тұстарда автор сөздердің этимологиялық негіздерін саралау бағытында да өзінің ойларын батыл ұсынып отырғанын аңғарамыз. Айталық, таңба (тамға) сөзінің түп-төркінін күйдіру, өртеу, жағу ұғымындағы там (тамыздық) сөзінен таратқан А.Дж. Эмре мен А.Н.Кононов тәрізді ғалымдар пікіріне қосыла отырып, н/б дыбыстарының алмасуын тілдік метатеза құбылысына жатқызады. Қырғыз тілінде «там» - тұтану, от алу деген ойларды білдіретінін, ел арасында «Сексеуіл оты тамғанша, сексендегі шал өлер. Тамуына таз өлер, қызуына қыз өлер» деген сөз бар екендігін уәж етеді.  Біз таңба / танба сөздерінің түп негізін тан (тану, білу) + ба (жазу, әріп) түрінде таратып жүрміз. Ғылым жолы әр алуан қисындарға жол беретіні белгілі.  
Әр алуан жол демекші, Манасбай Қожанұлының  еңбек жолдары да сан қилы. Ол ҚР ҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінде, Қ.А.Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Астана медицина университетінде доцент болып, ұстаздық етті.  Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде, ҚР Білім және ғылым министрлігінде, ҚР Қорғаныс министрлігінде әр салада қызмет етіп, қай тарапта жүрсе де, туған тілдің өзекті мәселелерін талқылауға  бір адамдай атсалысып келе жатқан жанашыр азамат.
Шанжархан БЕКМАҒАНБЕТОВ,
ҚМУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

ТАНЫМ 30 қараша 2013 г. 2 117 0