"Алтын бесік – туған жер" ҚОҒАЛЫКӨЛ АУЫЛЫ

"Алтын бесік – туған жер" ҚОҒАЛЫКӨЛ АУЫЛЫ Біздің "Қоғалы" ауылы қыпшақ Тұрсынбай датқа тұрғызған "Құлболды" ишан кесенесі тұрған жер. Батысында ең биік "Жетімасар" құмы тұр. Әріректе яғни соғыс жылдарында колхоздың бидай еккен жері – "Қырық жігіт" алқабы. Бұл жер үлкен күрежол еді, бала кезімізде "Шымбай жолы" аталып, Қарақалпаққа қарай жол тартқан керуендерді көзіміз көрді. Соларды тамашаладық. Қазір осының бәрі аңыз секілді.
Шіркін, туған жер! Неткен ыстық едің! Туған жер жайында жырламаған ақын-жырау кемде-кем болар. Алаштың азаматы, ақын, жазушы Сәкен Көкшетаудың салқын самалын, қарағайлы өңірін, сексен көлін алтын кесеге теңей келіп:
Көкпеңбек құз басынан мұнар кетпес,
Басыңа атсаңдағы оғың жетпес.
Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан,
Өлгенше көкірегіңнен құмар кетпес! – деп әнге қосты. Қазақ поэзиясының пайғамбары атанған Әбділда Тәжібаев кіндік қаны тамған Қызылорда алғаш Астана болғанда 15 жасар ақын қуанғаннан құттықтау өлең оқығанда талайды тамсантты. Ал 1935 жылы "Сырдария" атты өлеңінде Әбділда ақын Гейне Рейнесін жырласа, мен Сырдариямды неге жырламасқа!" деп жар сала келіп:
Сырда туған Сырдың ұлы,
Жаңа Гейне мен болам! – деп жыр шумағын нөсерлетті. Бірде ақын Әбділда ағамен сұхбаттасу мақсатында Алматыға барғаным бар. Ақын саяжайында екен. Ақын көзі көруден қалыпты, тым жүдеу көрінді. 
– Енді алдағы жылы сексенге шығамын, туған жерім Қараөзекті бір серуендеп қайтсам, – деп көзіне жас алды. 
Ақын Сырбайға Жазушылар одағы: – Сізге шетелге демалуға бір жолдама бергелі тұрмыз! – дегенде: – Жоқ, маған шетелдің жолдамасы керегі жоқ, мен туған жерімді – Қазақстанымды әлі түгел аралап болғаным жоқ! – деуі үлкен азаматтық ғой. Дағыстанның қаһарман ақыны Расул Гамзатовқа "Огонек" журналының редакторы: – Расул Ғамзатович, журналдың келесі санында сізбен бір беттік интервью беруді жоспарлап отырмыз, қалай қарайсыз?
– Келіспеймін. Менің Дағыстаным бір беттік интервьюге сыймайды. Бүкіл журналдың келесі санын Дағыстанға арнасаңыздар келісемін дегені бар. Сөзге тұрған редактор ақыры "Огонектің" бір санын Дағыстанға арнауға мәжбүр болды. Алаштың бір туар перзенті Мұстафа Шоқай Парижде әнші Әмірені құшақ жая қарсы алып, ұзақ әңгімелескені ойға оралады.
– Сіз Париждегі мына тамаша зәулім үйде, бар мүмкіндік жасалған ғимаратта тұрғанда нені армандайсыз, – десе керек. Сонда Мұстафа Шоқай:
– Әміре-ай, бүкіл байлық, арман Сұлутөбенің тұсындағы Сырдарияның қайырына бір шомылып, содан соң "Наршоқының" басына бір шыққанға жетпейді ғой, – деп көзінен жас алған көрінеді. Ал, жазушы Шерхан: – Мен бұл ғұмырымда дүниенің талай жерін көрдім. Солардың біреуі түсіме кірмейді, тек туған жерім – Мыңбұлақты көзім ілінсе болды көремін дейді.
Әр азаматқа туған жер мысыр шаһары ғой. Ақын Әскербектің "Қоғалыкөл" атты арнау өзегінде туған жердің ыстық оты адамды тебірентпей қоймайтыны содан туған болар.
Біздің бала кезіміз сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. "Көкжиде" атты жердегі "Қосыман" терегінің түбіндегі бастауыш мектептің есігін аштық. Хамитбек, Ақторта, Ақбазар, Гүлсім сынды аға-апаларымыз оқытты. Кейін орталықтағы жеті жылдық мектепті "Бәлтік" мешітінде бітірдік. Мешіттің ішін мектепке бейімдеп, парталар қойылды. Дария сол жылы тасып, ауылдағы көл-табанды, қонысты су алумен болды. Содан жоғарыдағы мешітте оқу пешенемізге жазылды. Мектеп бітіргендерден қазір "Қоғалы" атты ауылда Қуаныш Омаров пен Жылқыбай Жүсіпов ғана қалды.
Біздің ауыл талай өзгерістерді бастан өткізді. Сонау отыз жетінші жылы бір күнде "жапон тыңшысы" деген айыппен Әбіш, Икрам мақсұмдар "халық жауы" атанып, 13 адам бірден атылып кетті. "Боздақтар" атты кітапты құрастыру кезінде архивтерді ақтарып, алты ай бойы тер төккен зейнеткер Хамит Ембергенов асыра сілтеу жылдарындағы оқиғаны әңгімелегені естен кетпейді.
"Алтын бесік – туған жер" ҚОҒАЛЫКӨЛ АУЫЛЫ Әуелінде осы күнгі "Қоғалы" ауылы тоғыз колхоздан тұрды. Орталықтағы мектеп пен колхоз Сталин есімімен аталды. "Ортақшыл" Молотов, "Октябрь" колхоздары шағын елді мекендердің басын қосып, сонау елуінші жылдарға дейін өмір сүрді.
Ауыл ірілене бастады. Содан бар колхоз бірігіп "Октябрь" колхозы, кейін Жамбыл атындағы кеңшар деген жаңа атауға ие болды, 3000 гектарға жуық күріш егіп, отыз мыңға жуық ірі қара, қой-ешкі өсірді. Ауыл даңқын жоғарғы кеңеске депутат, мемлекеттік сыйлықтың иегері болған Жаңбырбай Қожауов, егіс, мал фермаларын басқарған Сражаддин Әбибуллаев, бұлардың ізін қуа Рабиға Іздіқұлова, механизатор күрішші Гүлжауһар Әдікенова, Гүлнар Әлекеевалар ел мақтанышына айналды. Ауылдан тұңғыш Ленин орденін алған механизатор Жақсылық Алдамұратовты еске аламын.
Ауыл тарихындағы есте қалар оқиғалар осы күні ойға жиі оралады.
Бұл ауыл алаштың азаматтары Серәлі, Сейдәлі Лапин, Мұңайтпасовтар, сонан соң сахна жұлдызы, шебер актриса Сәбира Майқановалардың кіндік қаны тамған жер. Өнер жұлдызы өмірінің соңына дейін туған жерге атбасын жиі бұрумен кетті. Ауылдың батыс беткейінде "Қожықтың қыстауы" деген жер әлі бар. Бұл әйгілі "Қыз Жібек" фильмін әлемге танытқан режиссер Сұлтан Қожықовтар әулетінің ата қонысы еді.
Иә, қазіргі "Қоғалы" атты ауыл талай жайсаңдарды ұшырған. Алматыдағы ботаника институтының негізін қалаған, директоры болған үлкен ғалым, биология ғылымдарының докторы Бердіқұл Қалымбетов, сонан соң философия ғылымдарының кандидаты Жәлдеш Әбіласанов, Тоқшылық Омаров, экономика ғылымдарының докторы Ж.Сарбалақов,  тарих ғылымдарының кандидаты Қозыбек Асқаров, математика ғылымдарының кандидаты Зұлқарнай Икрамов, ғылым докторы, филолог Әбжаппар Әбілақов, география ғылымдарының кандидаты Рәш Ерназарова, тағы басқа ондаған танымал тұлғалар топырақтың құнарынан сусындағандар еді. 
Бір кездері бұл ауылдың егін, мал шаруашылығымен аты дүркіреп шықты. Әсіресе, колхоз төрағасы Нұрыш Жұдабаев, Жұмабай Сүлейменов, сонан соң кеңшар директоры болған Ибрагим Әбибуллаевтар ауыл бағын жандырды, жұлдызы жарқыратты. Баршаға мәлім, кешегі қайта құру, жекешелендіру тұсында ауылдың кескін-келбеті күрт шөккендей болды. Қазір шүкір бойын тіктеп, "Қоғалы" атты ауыл жаңарып, жасарып келеді. Туған жердің ортақ қуаныштарына барған сәтте бір серпіліп қалатынымыз бар.
Иә, менің кіндік қаным тамған "Қоғалы" атты ауыл халқы қазір бес мыңға жуықтап қалды. Орталықтағы "Қоғалы" атты көлді жағалай орналасқан ауылға кірген бойда алыстан зәулім клуб, мектеп, пошта бөлімшесі, емхана көрінеді. Қаз-қатар тізілген тұрғын үйлер жасыл желекке оранып, жылма-жыл сәндене түсуде. Елдің көнекөз ағалары Камар, Жылқыбай, Қуаныш, Тоқтарбай, Мұрат, Өмірбек, Демжановтар әулеті дуалы сөздерімен ел бірлігін сақтауға ұйтқы болып жүргеніне әркез қуанамын. Жаңадан сайланған ауыл әкімі Сәнуар Сарманов сынды азаматтың жаңашыл бастамаларды қолға алып, жандырудағы алғашқы қадамдары сүйсінтеді.
"Алтын бесік – туған жер" ҚОҒАЛЫКӨЛ АУЫЛЫ Армысың, туған жер! Бүгінде сенің жұпар исіңнен қуат алып, "Қоғалы" атты ауылдың ортасын тіліп өтетін көгілдір асфальт жиегіне тоқтаған автобусқа отырып қалаға қарай жол тартып келемін. Дәм-татқан үйлер, құшақтасқан ағайындар, кездескенше күн жақсы болғай деп тілеген менің түп нағашым Ислам Қаюпов, мектептес досым Жылқыбай, оның ұлдары Айғали, Айтуғандар немерелерімен қоса әлі қол бұлғап тұрғанын қараңызшы, замандас!
Автобус терезесінен кең далаға көз тастап келемін. Иә, бір кездері осы даламен қалаға жаяулатып оқу іздеп барғаным, педучилищеге түскенім көз алдыма елестейді. Қазіргідей құрдай қатынайтын көлік жоқ. О кезде қала мен ауыл арасы қырық шақырым. Шілденің ыстық күнінде жолда "Бәйтен" көпіріне келгенде бір дамылдап, жата қалып семіре су ішетініміз, содан бой жазып, осы күнгі Махамбетов ауылынан асып, дариядағы паромға жететініміз мені әлі таңырқатады. Тағы да ой жіберемін. Қазір күн сайын ауылға құрдай қатынаған автобус, екі үйдің бірінде жеңіл көліктің сан алуан түр-түрі. Жарық, телефон үздіксіз жұмыс істейді, шал-шауқан, ұл-қыз, немере қолында бір-бір ұялы телефон. Бірі – Астанамен, бірі алыстағы Ақтау-Маңғыстаумен, қаламен сөйлесіп жатыр, осының бәрі – бүгінгі егемен елге тәуелсіздік берген құт-береке, қуаныш Алла осыны ұзағынан бергей, баянды болғай.
Мен осы ауылдың іргесін қалаған, қазығын қаққан Ермаш Күдербаев, Әсем Есмахов, Қаржаубай, Тапал сынды аталарымды еске алмасам, әруақ аттаған болармын. Сонан соң Бәлке, Оразбек, Шахап, Жүніс, Назар сынды майданнан оралған ағаларым бүгінгі ұрпақ көрген қызықты көрмей кеткені жүрек сыздатады.
Тағы да армысың, туған жер! Өмір есігін тұңғыш ашқан құтты мекенім – "Қоғалы" атты ауылым өркендей бер, өсе бер. Саған деген сағыныш басылар емес. Аз-кем өткен тарих, елден шыққан азаматтар, бүгінгі тыныс-тіршілікті қозғағандай болдым. Сенің тарихың ғұмыр болса әлі жалғаса берер. Бүгінгі өскен елдің келер ұрпағы жалғастыра түсері күмәнсіз.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.

ТАНЫМ 26 қараша 2013 г. 4 909 0