“Алтын бесік – туған жер” ТҰРМАҒАНБЕТ АУЫЛЫ

 “Алтын бесік – туған жер”  ТҰРМАҒАНБЕТ АУЫЛЫДүниеге шыр етіп келгеннен адам баласы туған үйін, туған ауылын тани бастайды. Өсе келе оның топырағынан нәр алып, қырдағы әсем гүлдерін теріп, құмары қанғанша бал-шырынды суын ішіп, мейірі қанғанша таза ауасын жұтады. Иә, ауылдың таза ауасы мен бұлақтың мөлдір, балдай тәтті суына ештеңе жетпейді-ау. Міне, осындай жанға жылы, жүрекке жақын тұрған жерді әр адам баласы өзінің туған жері, атамекені, алтын бесігі деп біледі. Менің де өз алтын бесігім – туған жерім өзіме ыстық.
Туған жер топырағыңнан айналайын,
Өзіңмен өле-өлгенше бір болайын.
Егер де елді сүйсең менше сүйгін,
Ал, тыңда мекенімнен сөз қозғайын, – деп атамекенін, кіндік қаны тамған жерін сүйген әр елдің ұл-қыздары туған жер, өсірген ел туралы сөз қозғап жатады. Ендеше талай заман, талай ұрпаққа жайлы мекен, құтты қоныс болған ауылым жайында сыр шертуді дұрыс көрдім. 
 “Алтын бесік – туған жер”  ТҰРМАҒАНБЕТ АУЫЛЫМенің алтын бесігім – Қармақшы топырағындағы Тұрмағамбет ауылы. Ауылда мақтанарлық әсем де көркем жерлер саны артып, жылдан-жылға көркейіп келеді. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, оған ауылдан шыққан түлектер белсене атсалысып келеді. Атап айтсақ, мектептің 1964 жылғы түлектері ауылдың кіре берісіне арка орнатса,  2005 жылы бітірген түлектер мешіттің алдына жарық шамдар қондырды. Мешіт те жаңадан бой көтерді. Оған да ауылдан шыққан қалталы азаматтар қол ұшын берді. Биылғы үлкен қуаныш – 150 орындық мәдениет үйі елдің игілігіне айналды. 
 “Алтын бесік – туған жер”  ТҰРМАҒАНБЕТ АУЫЛЫАуылдың жаңадан сайланған жас әкімі Нұрбол Тоғызбаев пен «Тұрмағамбет» ЖШС-нің төрағасы Нұржан Пірмантаев ауылдың көркейіп, өсіп-өнуіне үлес қосып жүрген азаматтар. Олардың бастамасымен ауылдың кіре берісіндегі жолдың екі жағына тал егілді, демалыс саябағы салынды. Саябақ төріне Тұрмағамбет атамыздың ескерткіші орнатылды. Ауыл көшелері асфальтталып, тротуарлар салынды. Түрлі-түсті шамдар да ауылға көрік беріп тұр. Ауылдың түнгі бейнесі құдды қала сияқты, жарқырап тұр. 
Ауылда жаңалықтар көбейіп келеді. Жақында Алматы қаласынан археологтар келіп, біздің жеріміздегі асарларды зерттеп,  құнды жәдігерлерді іздестірді.  Шағын бизнеске де жақсы көңіл бөлінген. Жақында ғана Жадыра Махамбетова 1 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз несие ұтып алды. Ол кісі ұннан түрлі тәтті тағамдар, мерекелік торттар жасайды. 
«Салауатты өмір – саулық негізі» дегендей, жергілікті тұрғындардың спортқа көзқарасы ерекше. Ауыл ардагері Айдарбек Пірмантаев атында қазақша күрестен жыл сайын жасөспірімдер арасында облыстық жарыс болып тұрады. Турнирге еліміздің түпкір түпкірінен спортшылар келіп қатысады. Ол күні ауылға «Майлыөзек», «Қуаңдария», «Жаңақала», «Ақжар» сияқты көрші ауылдардың тұрғындары да келіп тамашалайды. 
 “Алтын бесік – туған жер”  ТҰРМАҒАНБЕТ АУЫЛЫАуыл орталығына жастарға арнап жаздық шағын спорт алаңы салынды. Онда күн сайын ауыл балалары, жасөспірімдер, жастар жиналып, футболдан  жарыс ұйымдастырады. Ауылдан шыққан қалталы  азаматтардың көмегімен жабық спорт кешенін салу да қолға алынуда. Міне, осындай игі істер, жақсы жаңалықтар күннен күнге көбейіп келеді. 
Құт қонған қоныстан ақын да, батыр да шыққан. Атап айтсақ, назым сөздің шебері, Сыр сүлейлерінің бірі атақты ақын Тұрмағанбет Ізтілеуов, Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев, Базар жырау, Жиембай жырау, Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова сынды ел ардақтаған кісілер бар. 
Гүлназ Ыбраева, 
№29 Т.Ізтілеуов атындағы орта мектеп оқушысы. 
Тұрмағамбет ауылы,
Қармақшы ауданы. 

ТАНЫМ 22 қараша 2013 г. 9 092 0