«Алтын бесік» – туған жер СҮТТІҚҰДЫҚ АУЫЛЫ

«Алтын бесік – туған жер» СҮТТІҚҰДЫҚ АУЫЛЫАуыл – бізге дейінгі сан толқын ұрпақтардың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекен. Дүниеде ең құдіретті Ана болса, ауыл да барлық халықтың анасы. Ауыл – адамдардың бойына нәр құятын алтын бесігі. Ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі – туған жер. Ауыл көркейсе халық өмірі жақсарады. Әлеуметтік жағдайы көтеріледі. Ауыл төсінде жайқалып егін өссе, жайылып мал өрсе – ауылдың сәні кірмей ме? Ауыл – қазақ халқының алтын ордасы, салт-дәстүрі, өлең-жыры, өнерімен мәдениеті. Сөз өнерін өрнектеген ақындар, ән өнерін әуелеткен сазгерлер мен күйшілер, аты аңызға айналған даналар да қарашаңырақтан қуат алған. Әр адам үшін туған жер ыстық болады. 
«Алтын бесік – туған жер» СҮТТІҚҰДЫҚ АУЫЛЫМенің кіндік қаным Жаңақорған ауданына қарасты Сүттіқұдық ауылында тамған. Қарт Қаратау мен Сырдария өзенін бойлай орналасқан «Тақыркөл» ауылы (Сүттіқұдық ауылының бұрынғы атауы) өткен ғасырдың 30-шы жылдарында құрылған. Орналасқан аумағы – Мамыт өзегінің батыс бетіндегі Балапан төбенің маңында. Оның маңайы тақыр даланың ортасында үлкен көл болған екен. «Тақыркөл» атауы содан қалған көрінеді. 1941 жылы бұл жерде Жайылма ауылдық кеңесі құрылды. Оның құрамына "Жайылма”, "Ленин” елді мекендері енді. Ол кездері ауылды Шоманбай Сарымбетов, Аманбай Қалтаев сынды ағаларымыз басқарған. Орталығы – "Ленин” елді мекені, қазіргі "Құттықожа” ауылы болды. 1962 жылы Жайылма ауылдық кеңесінің орталығы "Красная звезда” совхозына көшірілген. Оның құрамында "Қожамберді”, "Екпінді”, "Қандықұдық”, 1 май, "Жайылма”, "Ленин” бөлімшелері болған. Ол жылдары ауылдық кеңесті Ұлбөбек Барқынбаева, Ахметжан Байниязов басқарған. Одан кейінгі жылдарда Қаракөз Әбуова,  Аманкүл Болтаева, Бегалы Бектасов, Төленбай Аманбаев, Алтынбай Мұстапаев, Бахтияр Махмұдов, Найрахман Фазылов, Әзиз Әбуов, Жолан Тұрысбаев басқарды. Соңғы екі жылдан бері бұл қызметті Асқар Ахметов атқарып келеді. 
Сүттіқұдық ауылы кезінде қаракөл қой шаруашылығымен айналысқан іргелі шаруашылықтардың бірі болған. 1997 жылы шаруашылық жекешелендіріп, мал-мүлкі, жері түгел ұжым мүшелеріне таратылып берілді. Қазір ауыл 20 шаруа қожалығына бөлінген. Бүгінгі күні ауылда 327 отбасы,  2180 адам тұрады. Ауылдық округте мәдениет үйі, кітапхана, байланыс бөлімшесі, дәрігерлік емхана, жаңа үлгідегі балабақша халық игілігіне берілген. Сонымен қатар, 2 қабатты жаңа үлгідегі мектеп салынуда. Көшелерге толық жарық тартылып, жолдар жөнделіп жатыр. Барлық отбасы дренажды құдық қаздырып, бау-бақшамен жеміс-жидектерін егуде. 
«Алтын бесік – туған жер» СҮТТІҚҰДЫҚ АУЫЛЫАуылдағы мектеп  ең алғаш 1926 жылы сауат ашу  мектебі  болып ашылған екен. Қоныстағы 10-15 үйдің  баласына алғаш рет Қалымбет Мұсылманқұлов дәріс  берді. 1927-1928  жылдары «Билібай» тамында (ол  кезде бұл  ауыл  Қандыарал ауылына қарасты қазіргі «Қожамберді» ауылы) сауат ашу  мектебі ашылып, 10-15 балаға Әнішбек Төтеев, Тоқсанбай Мелдебеков сынды азаматтар сабақ берді. 1928 жылы кәмпескелеудің салдарынан ел үдере көшіп, мектеп жабылып қалады. Сондықтан ауыл балалары «Қандыарал», осы күнгі №162 «Қожамберді» мектебіне барып оқиды.  1934-1936  жылдары  «Аралбай» тамында, осы күнгі Майтөбе  жерінде, орны  бар бастауыш  мектеп  ашылады. Бірақ бала санының өте аз болуына байланысты  жабылып қалады да, «Қандыарал» мектебіне  қосылады. 1928-29 жылдары ашылған мектепті Тоқсанбай Мелдебеков басқарды. 1930 жылы «Билібай», «Қандықұдық», «Тақыркөл»  ауылдары  бірігіп,  «Тақыркөл» колхозы  болып  құрылады. Осы жердегі қараша  үйде алғаш рет бастауыш мектеп ұйымдастырылады. Оны кімнің басқарғаны жайлы біздің қолымызда мәлімет жоқ. 1936 жылы «Тақыркөл» колхозы Бөрітескен (№24 теміржол бекеті) жеріне қоныс  аударып, 1946-49 жылдары жетіжылдық «Тақыркөл» мектебі болып құрылады. Мектепті Ж.Жайпанов, Ә.Қансейітов, М.Досжанов сынды азаматтар басқарады. 1950 жылы «Тақыркөл»   колхозының тұрғындары 1937  жылдары  Қиыр  Шығыстан қоныс аударып келіп, Төменарықтан 2 шақырым күнбатыс жағынан қоныстан кәріс ағайындарға қосылады да, «Красная  звезда» совхозы болып құрылады. 1950-1953 жылдары колхоз орталығындағы мектеп  жетіжылдық  орыс-қазақ мектебі  болады. Оны  В.Пак  деген  ұстаз  басқарады. 1953 жылы Сырдария өзені тасып, колхоз осы күнгі «Сүттіқұдық» жеріне келіп орналасады. Колхоз  төрағасы Цой  Петрдің басшылығымен 12 бөлмелі екі үй бой көтеріп, ол мектепке беріледі. 1959 жылы мектеп №52 «Красная звезда» қазақ-орыс мектебіне айналады. 1954-1965 жылдары  аралығында мектепті А.А.Нам басқарады. Басқа ұлт өкілдерінің қоныс  аударып  кетуіне  байланысты кейіннен орыс  сыныптары жабылып, қайтадан қазақ  мектебі  болып қалады. Содан кейінгі  жылдары мектепке А.Әйтілеуов, Ү.Сержанов, С.Құдияров, Я.Төлепбергенов, Ж.Райымбеков, Е.Махашев, Х.Тұрсынов, Т.Аманбаев, О.Абдуллаев, Қ.Тұңғышбаев, Д.Жармаханова, С.Дүйсебаев басшы болды. 2011 жылдан бастап О.Абдуллаев басқарып келеді. 
«Алтын бесік – туған жер» СҮТТІҚҰДЫҚ АУЫЛЫБұл ауылдан түлеп ұшқан Қазақстанға танымал зиялы азаматтар баршылық. Олардың қатарында Есберген Алауханов – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, қылмыстық құқық саласының ірі маманы, заң ғылымдарының докторы, ғылым кандидаты, профессор. Қазіретәлі Тұрсынов – қазақ түрік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы, Арыстанбай Мырзабаев – «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Қазақ ССР жоғары кеңесінің депутаты – Әріпова Баян, Социалистік Еңбек Ері – Шорманбай Абжалов, медицина ғылымдарының кандидаты Марат Ысқақов, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Айткүл Әбдіғаппарова бар.                                   
Тұрсынбек ЖҰПАРБАЕВ, 
№52 Б.Аралбаев атындағы орта мектебінің биология пәні мұғалімі.
Сүттіқұдық ауылы, 
Жаңақорған ауданы.

ТАНЫМ 21 қараша 2013 г. 4 920 0