ҚОШ КЕЛДІҢ, ҚҰТТЫ ЖЫЛ!

Міне, тағы да бір жыл – Жылқы жылын артқа тастап, Қой жылына аяқ бастық. Жалпы қой жылын қазақ жақсы жыл санайды. Соның айғағы болар, ата-бабаларымыздан:

Ұлу жылы ұлытамын,

Жылан жылы жылатамын.

Жылқы жылы жылыс,

Қой жылы тыныс, – деген мәні де, мағынасы да терең сөз қалған.

Негізі қазақша жыл санауда он екі жыл бар. Осы он екі жыл бір айналғанда мүшел жасты құрайды. Алайда, адамның алғашқы мүшел жасы 13 жас деп есептеледі.

Жалпы қой жаймашуақ, қоңыр мінезді жануар. Осы қой жылы туғандар өзгелермен тез тіл табысатын көрінеді. Әрі олар сәнді киінуді ұнатады. Сонымен қатар олардың бір ерекшелігі өнертапқыш, қиялға бай болады екен. Сондықтан да болар, бұл жылы туғандар суретші, әртіс, бағбан сынды мамандықтарды көп таңдайтын көрінеді.

Қазақтың қой жылын жақсы жыл санайтынын айттық. Та­рих­қа көз салсақ, өткен қой жылдары халыққа жайлы бол­ған. Ел молшылыққа кенелген. Соның бір айғағы болса керек, 1966-1967 қой жылында Қазақстан миллиард пұттан астам астық жинады. Осы қой жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың әкесі Құнанбай қажы дүниеге келген. Шоң би осы қой жылы қайтыс болған. Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов та 1873 қой жылы дүниеге келген. Ал, ең бастысы, Қазақстан 1991 қой жылында өзінің тәуелсіздігін алды. Міне, сол тәуелсіздігіміздің арқасында бүгінде еліміз өзіндік өсіп-өркендеу жолына түсіп, әлем таныған мемлекетке айналды. Бүгінде біз осындай жетістіктерімізді зор мақтанышпен айта аламыз.

Сөз жоқ, Қой жылы да халықты өзінің ерекше сәттілігімен қуантары да анық. Соның бастысы, Қазақстан осы қой жылында Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын және Қазақ­стан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың қабыл­дан­ғанының 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеді. Мұнан басқа ұлттық тарихымызды ұлықтау мен бүгінгі бағындырған биіктерімізді мере­келейтін шаралар да жетерлік.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.


ТАНЫМ 06 қаңтар 2015 г. 1 422 0