ТАРИХТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ

Президент Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор» деп айрықша атап көрсеткен еді. Сондықтан да жоғары оқу орындары алдында педагогтар дайындауда басты мақсат – кәсіби тарихшыларды дайындау талаптары тұр. Себебі соңғы жылдары тарих ғылымының барысында әр түрлі методологиялық тәсілдер қалыптасқан және жасалып та келеді. Сондай-ақ, тарих оқулығының мазмұнына байланысты және тарихшылар алдында күрделі ғылыми теориялық мәселелердің шығуы, ғалымдарға жаңа мазмұнды әдістерді іздеу мен тарихты оқыту технологиясын үйренуде үлкен еңбек ету қажеттігі тұр.
Кеңес дәуірінде бүкіл дүниежүзілік процесті түсіндіруді үстем болған маркстік-лениндік методология бойынша дәйектілікпен алмасып тұратын қоғамдық-экономикалық формация процесі деп саналатын теорияны қабылдауды талап етіп келгендігі белгілі. Бірақ маркстік-лениндік теория бірыңғай методология болғандықтан көп ұзамай кеңестік кездің өзінде ғылыми  зерттеуде, тарих ғылымының дамуына мүлде дұрыс ықпалын тигізбеді және елдегі тарих білім жүйесіне де кедергі бола бастағандығы жұртшылыққа белгілі. Маркстік-лениндік методология антогонистік таптарға барынша көңіл аударған еді, революцияны абсолюттендірді, эволюциялық дамудың маңызын төмендетті және инволюциялық мүмкіншілікті жоққа шығарды. Демек, маркстік формациялық тәсіл социализмнің теориясы мен практикасы төңірегінен аса алмады және білім мен тәрбие теориясында осылайша қаралды. Сондықтан 90 жылдардан бастап маркстік-лениндік методологиядан бас тарту жаңа методологияны іздеуге әкеліп соқтырады. Дегенмен де тез арада басқа методология табылды. Осы кезден бастап өркениеттік методология тәсілі ел ішінде кеңінен таралып насихаттала басталған еді. Алғашқы кезде ғалымдар арасында бұл теорияны маркстік ілімнің орнына механикалық түрде алмыстыра салу керектігі де кеңінен айтылған еді. Аталмыш теорияда адамзат баласының қоғамы, өркениеттің кейбір әлеуметтік жүйе циклінің жиынтығы болып табылатындығын атап келеді. Бірақ қазіргі кезде ғалымдар циклдік даму іс жүзінде мүмкін еместігін түсініп отыр, себебі ол ішкі тұрғыдан алғанда тұйықтылықты қажет етеді және бірде-бір өркениет басқа әлемнен оқшаулана өмір сүре алмайтындығы айтылып отыр. Сонымен бірге, өркениеттің ыдырауының өзі жаңа өркениеттің қалыптасу процесіне әсерін тигізетіндігін тарихтың өзі дәлелдеп берді. Өйткені ежелгі Грек өркениеті ежелгі Рим өркениетіне зор мәдени әсерін тигізді, өз кезеңінде ежелгі Рим Батыс Европа өркениетінің қалыптасуына ықпал жасаған, византиялық – орыс өркениетіне, советтік – қазіргі Ресейге және т.б. Яғни, тарихи цикл тұйық еместігі және ол адамзаттың тұтас үдемелі дамуын да жоққа шығармайды. Бұл теорияны әр кезеңде жете зерттегендер – Джамбатиста Вико, О.Шпенглер, кейбір жақтарын Дж.Тойнби, Ф.Бредель және Н.Я.Данилевский, А.Н.Гумилев және басқалар. Дегенмен де, өркениеттік методология әлі де болса толық жете зерттелмеген.
О.Шпенглер өздеріне бөлінген әрбір өркениеттің ерекшелігіне қарады. Ал, Дж. Тойнби жете түсінген, тарихты бір ізге салу фактілердің өрескел бұрмалауына және тарихи ой өрісінің тарылуына әкелетіндігі, адамзат баласының ерекше қайталанбас жеке өркениеттегі жалпы қозғалыстың сырын ашқан еді. Ф.Бредельдің пікірінше, әрбір өркениет өзіне көршілес және онда арғы өркениеттің белгілі бір құндылығын қабылдайды және өзінің құндылығын өз шекарасынан әрі қарай кеңінен таратады деп көрсеткен. Өркениет теориясы ХІХ-ХХ ғасыр аралығында белсенді түрде формациялық тәсілді толық ысырап ауыстырды деп есептей бастаған. Себебі бұл теория да бұрынғы сияқты, негізінен, ағарту және тәрбие бағыттарын сақтай отырып, ұлттық идеяларды нығайтты. Бұл теорияның көмегімен отандық және жалпы тарихты түсіндіру мүмкін деп есептеді. Өркениеттік тәсілдің үлкен артықшылығы бар екендігі талас тудырмайды. Себебі бұл да әлеуметтік-мәдени тарихпен үйлесімді келеді. Қазіргі таңда анықталғандай, бұл теориялық тәсіл де универсалды емес, бұл да шектеулі және жеткілікті түрде жете зерттелмеген. «Өркениет» ұғымын талдау негізінде жиырмадан астам анықтамасы белгілі болып отыр. Бұл өркениет теориясының мәнін толық түсінуде қиындықтар туғызатыны анық.
Соңғы жылдары жоғары оқу орнында және орта мектептерде тарихтан саналы білім беруде теория мен әдістеме  мәселелерін жетік білуге үлкен мән беруде. Ғалымдардың пікірінше, тарихтан сапалы білім беруді орта мектептен бастап, тарихтың іргелі пәндеріне үлкен көңіл аударуды талап етіп отыр. Атап айтқанда, «Дүние жүзі тарихы», «Адам және қоғам», «Құқықтану негіздері» мен «Алғашқы қоғам тарихын» оқытудың кейбір кемшілік тұстары аталып, оларды жою жолдары белгіленеді. Әсіресе, орта мектептің төменгі сыныптарында тарих пәнінен сабақ беруді, тәжірибесі аз оқытушыларға емес, керісінше тәжірибесі мол, білікті оқытушыларға тапсыруды және 5-7 сыныптарда тарих пәнін жүргізетін оқытушыларды арнайы курстан өткізуді мектеп директорынан талап етуді ұсынып отыр. Себебі орта мектептен бастап жоғары оқу орнында тарихтың іргелі пәндерін оқытатын оқытушылар теориялық мәселелердің негізін терең білетін тәжірибелі әдіскерлер болуы тиіс. Бұл ретте, орта мектептерге арналған іргелі пәндердің оқулықтары мен бағдарлама мазмұнын жақсартуға үлкен мән беріліп келеді. Соған байланысты «Ежелге дүние тарихы» пәніне арналған бағдарламаның мазмұны талапқа сай жасалып, оның бірінші бөлімінде алғашқы қоғам тарихын оқытудың теория және әдістеме мәселелеріне ерекше мән берілген. Себебі «Ежелгі дүние тарихының» кіріспесінде алғашқы қоғам құрылысының жіктелу процессі оқылатыны ескерілген. Әрине, орта мектеп тарихында іргелі пәндермен қатар, Отан тарихы оқылатыны белгілі және оның қажеттілігі түсінікті, себебі егеменді елдің жас ұрпақтары өз Отанының тарихын мақтан етуге міндетті. Сондықтан да орта мектеп тарихының басты міндетті ісі ағартушылық және тәрбиелік мәселелерді іске асыру болып табылады. Ал, жоғары оқу орнында тарихтан білім беру өзгеше. Онда мектеп курсында оқылып кеткен тарихи оқиғаларды қайталап оқыту өзекті мәселе емес. Басты мақсат студенттерге іргелік пәндердің теориясын білумен қатар қабілеттілікті, дағдылықты үйретумен бірге, өзін қоршаған ортадан емін-еркін хабардар болуды үйретеді және оларға тарих тұрғысынан ойлауды қалыптастырады. Тарих тұрғысынан ойлау (историзм мышления) – қазіргі таңда білімді адамның маңызды бір мәдениеттілігі, оның шексіз тізбектелген тарихи фактілерге баға бере алатын қабілеттілігін сипаттайтын бірден-бір көрсеткіші. Тарихты оқыту процесінде тарих тұрғысынан ойлауды қалыптастыру үшін бұл ғылымның методологиялық негізін қалыптастыруға ерекше көңіл аудару өте қажет, себебі оның қоғам дамуын түсінуге маңызды және шынайы білімге барынша жақындап жетуге әсері бар.
Жоғары оқу орнында тарихтан сапалы білім беруді арттыруда теория мен практиканы үйлестіру әдістерін қолдану өте маңызды. Оны бірінші курста өтетін алғашқы қоғам тарихы пәнінен бастаған жөн. Себебі пәннің зерттейтін объектісі – адамзаттың пайда болуынан бастап, алғашқы қоғамның жіктелуімен таптық қоғамның қалыптасуы және мемлекеттің пайда болуына дейінгі кезеңді теория тұрғысынан зерттейтін іргелі ғылым. Кеңес дәуірінде алғашқы қоғам тарих пәні ежелгі дүние тарихының кіріспесіндегі Энгельстің «Семья, меншік және мемлекеттің пайда  болуы» атты еңбегінің негізінде оқылғандығы белгілі. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бастап өркениеттік методология тәсіліне ауысуға байланысты алғашқы қоғам тарихы «История первобытного общества» деп аталатын жаңа оқулық негізінде оқылып келеді. Біріншіден, оқулықтың ерекшелігі – егерде бұрын алғашқы қоғам тарихы Энгельстің еңбегімен шектеліп оқылса, енді б.з.д. антик ойшылдары еңбегінен бастап, ХІХ ғасырдағы атақты ғалымдардың алғашқы қоғам тарихын зерттеудегі өзектілігі мен оны қалпына келтірудегі жасаған ұсыныстарының маңыздылығы көрсетілген. ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында жаңа ғылыми жетістіктерге сүйеніп, адам және қоғамның қалыптасуы, кемелденген алғашқы қауым құрылысының коллективтік табиғатын және жеке меншіктің пайда болу барысында оның ыдырау процесі, қоғамдық таптар мен мемлекеттің шығуы көрсетіліп, қорытынды бөлімінде алғашқы қоғам мен өркениеттің ара қатынастары және олардың нәтижелері баяндалған. Екіншіден, мақалада теория немесе әдістемеге байланысты мәселелердің бәрін қамтымай, тек танымал теориялық қағидаларды практикамен үйлестіру жақтарын студенттерге түсіндіру мақсаты қойылып отыр. Жоғары оқу орнында тарих факультеті студенттері «Ерте таптық қоғам және мемлекеттік қалыптасуы» атты тақырып бойынша алғашқы сабақтары өтетіндігі мәлім. Бұл тақырыптың Шығыс елдері мемлекеттерінің тарихынан басталатындығы да түсінікті. Өйткені б.з.д. мыңдаған жылдар бұрын пайда болған мемлекеттердің тарихы күрделі де қызықты. Сондықтан, оқу процесінде оларды түсіндіру барысында тарихи фактілерді тізбектелген факталогияға айналдырмас үшін, Ежелгі Египет мемлекетінің пайда болу қарсаңында оның алғышарттарының жасалуына әсер ететін негізгі факторды анықтау арқылы алғашқы қоғамның ыдырауы мен қоғамдық таптардың қалыптасуын қысқаша теориялық тұрғысынан түсіндірген дұрыс. Мысалы, кеңес кезіндегі теорияда көп уақытқа дейін қоғамдық таптардың қалыптасуына өндірістік фактор ең басты деп қаралған, ал кейде қазірдің өзінде металдың шығуы немесе оның пайдалы қасиетін игеруді, тастан металға ауысуын айтып келді. Бірақ қазір белгілі болғандай, қоғамдық таптардың қалыптасуы дәуірінде, металл түгелдей бар жерлерде бірдей игерілмеген, бар жерде бірдей әсер еткен шаруашылықтың одан әрі дамуы, бірінші кезекте өндіруші, сондай-ақ соған ұқсас жоғары дәрежеде мамандалған тұтыну шаруашылығы деп көрсетілуде. Өндіруші шаруашылықтың алғашқы қауым сатысында қалыптасуы оның таптар пайда болу дәуірінде прогрессивтік дамуына мүмкіншілік жасады. Әр түрлі жүйедегі егін шаруашылығы қалыптасып, кешенді егінші мал өсіруші шаруашылық және мал шаруашылығы қалыптаса бастаған. Дегенмен де, алғашқы қоғамдағы егіншіліктің эволюциясы қалай дамығандығы белгісіз. Бірақ бұл туралы үстем етуші пікірлерде, жер жыртатын құралдардың шығу тегі тырмалау құралдардан басталатыны айтылуда, онымен жол-жол (борозда) салуға және егіншілікті тырмалау үшін пайдаланғандығы туралы археология және этнография ғалымдары растап отыр. Алғашқы кезде бұтақты таяқ арқылы жерді бірнеше адамның күшімен тартып өңдеп отырса, көп ұзамай қолмен жер өңдеудің орнына мал жегіп жерді өңдеуге көшкен. Қол еңбек құралымен жер өңдеуге қарағанда, мал жегіп айдалған жердегі еңбек өнімділігі бірнеше есеге арттырылады. Мал күшін жегіп айдаудың қажеттігі жегетін малды өсіруге ынталандырып, мал шаруашылығының түрлері одан әрі тереңдеп және тармақтанып бөлініп шыға бастады. Ақырында егіншіліктен мал шаруашылығының бөлінуі бірінші ірі қоғамдық еңбек бөлісін шығарды. «Бірінші ірі қоғамдық еңбек бөлісінен қоғамда бірнеше ірі екі тап пайда болды: мырзалар және құлдар, қанаушылар және қаналушылар». Демек, егіншіліктегі эволюциялық даму негізінде өндіруші шаруашылықтар бар саласындағы еңбек құрал-жабдықтардың жетілуі қоғамдағы жіктелу процесін жеделдетіп отырды.
Мемлекеттің пайда болуы мен таптардың қалыптасу дәуірінде бірінші қоғамдық еңбек бөлісінің тереңдеуі және екінші ірі қоғамдық еңбек бөлісінің қалыптасуымен қатар, алғашқы қауым құрылысында алмасу ере жүріп дамыды. Ерте алғашқы қауым дәуіріндегі коллективтер ерекше табиғи орта берген байлықпен алмасты, ал кешеуіл алғашқы қауымда анағұрлым кең тараған алмасудың басқа түрі, сый алмасу болды. Енді  мәдени-шаруашылық түрлерінің жіктелуі және осы алмасуларға негізделген экономиканың одан әрі дамуы, бұл алмасудың екі түрі одан да бетер үлкен маңызы болды. Бірақ, олардан да маңызды болған – шынайы экономикалық алмасудың пайда болуы. Бұның ерекшелігі – сый алмасуға қарағанда байланысты соншалықты қадірлеу емес, алмасу жолымен алынған заттарды бағалау болды. Беделді, әсіресе, шынайы экономикалық алмасу қоғамында заттарды айырбастау кезінде баламасы туралы түсініктің қалыптасуына мүмкіндік туды. Олар әр түрлі заттардан құралды айырбастаушылар өздерінде сирек кездесетіндіктен алмасатын заттары құнды болып саналады, экзотикалығымен немесе оларға сіңірген еңбегімен бағаланады. Айырбастау операциялардың артуы көп уақытқа дейін осы салада арнайы мамандарды – саудагерлерді қажет етпеді. Бұл операцияларды қоғамда өнім өндірушілердің өздері айналысқан, әсіресе, көсемдер мен бигмендер, олар үшін айырбастаудағы делдалдық және айырбастағы баламалықтан қор жинап, өздерінің мәртебесін көтеруде ең маңызды тәсіл болды. Бірақ, кәсіби немесе жартылай кәсіби саудагерлердің шығуы үшінші ірі қоғамдық еңбек бөлісінің пайда болуын көрсетті. Энгельс енді мұны ерте таптық қоғамға жатқызды. Алғашқы қауым құрылысында мамандалған саудагерлердің пайда болуы бірден емес, кем-кемнен қоғамдық таптар қалыптасу дәуірінде пісіп-жетіліп отырды.
Қорыта келе, алғашқы қоғамның ыдырауына және қоғамдық таптардың қалыптасуына әсер еткен негізгі фактор – өндіруші шаруашылықтағы кешенді дамыған, егіншілік пен мал шаруашылығы және металлургияның негізінде пайда болған қолөнер мен сауда. Оқу процесінде студенттерге осы қысқаша жасалған теориялық тұжырымды практикамен үйлестіру әдісін қолдану негізінде түсіндірген дұрыс. Бұл іргелі ғалымдардың жалғасы жоғарғы курста оқытылатын іргелі пәндерде жалғасын табады.
Әрине, егемендікті алғаннан кейінгі кезде халқымыздың өткен тарихы және тәуелсіз үшін күрескен тарихы тұлғалар мен әр ру тайпалардың өз батырлары, ақындары мен жыраулары және молдалары туралы тарихы зерттеулердің құндылығы мен қажеттілігі белгілі. Дегенмен де, жоғары оқу орнының басты мақсаты орта мектептер оқушыларына адамзат тарихының даму процесінде бастан кешкен бес қоғам тарихынан теориялық білім беру кәсіби тарихшының қасиетті міндеті. Сондықтан тарих кафедрасының міндеті студенттерге, магистранттарға іргелі ғылымдар теориясы мен әдістеме мәселелеріне үлкен мән беру көзделіп отыр. Ғылыми методикалық семинарларда іргелі ғалымдардың өзекті мәселелері мен жаңа методологиялық тұжырымдар туралы зерттеулерді талқылау қарастырылуда. Әсіресе, студенттер мен магистранттардың диплом жұмыстарын іргелі ғалымдарға байланысты ізденістердің аясын кеңейтуді ойластырып келеді. Сондай-ақ курстық, бақылау жұмыстарының тақырыптарын іргелі ғылымдарға сәйкестендіруді қарастыруда. Іргелі пәндердің сапасын арттыру барысында тәжірибелі оқытушылардың жастарға үйрету жақтарын үнемі тұрақты бақылауға алуды ескеру керек.
Икрам ЖҰБАНИЯЗОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты.

ТАНЫМ 09 қараша 2013 г. 2 763 0